Бауыржан-шоу: 15 ЖЫЛ КҮЛДIРIП КЕЛЕДI
Бауыржан-шоу: 15 ЖЫЛ КҮЛДIРIП КЕЛЕДI
Биыл “Бауыржан-шоудың” — 15 жылдығы. Желтоқсанның 20-21 күндерi 15 жылдық мерейтойымызды атап өтемiз деп, шапқылап жүрген театрдың директоры Бауыржан Ибрагимовпен мерейтой алдында кездесудiң сәтi түскен едi.
— Театрдың тарихы — менiң тарихым десем артық болмас, — деп бастады Бауыржан аға әңгiмесiн. —Өйткенi өмiрiмдi өнерге арнаған адаммын, өнердi жоғары бағалаймын, өнердiң патриотымын. Театр менiң тарихымдағы болған орны ерекше дүние. 1992 жылы 17-қарашада “Бауыржан Ибрагимов әзiл-сықақ театры” болып заң жүзiнде тiркелгенмен, театр шығармашылық жолын 1993 жылдан бастады. Бiрiншi дайындығымыз жастар одағының акт залында қойылып, кейiн жолымыз түсiп бiрiншi концерттiк бағдарламамызды үлкен сарайда көрермендерiмiзге ұсындық. Содан берi мiне 15 жыл да зулап өте шықты. — Театр әртiстерiнiң құрамын өзiңiз жеке қадағалап отыратын шығарсыз? — Театр деген қаңқасы ғана болды да, келесi кезекте құрамына әртiстер жинау мiндетi тұрды. Сол себеппен халықаралық фестиваль өткiздiк. Мәскеуден, Өзбекстаннан әртiстер келдi. “Вокруг смеха” бағдарламасының жүргiзушiсi Александр Иванов, жастар одағының бiрiншi хатшысы болған Нұрлан Омаров, әдiл-қазылар алқасының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың қатысуымен лауреаттарды iрiктеп алдық. Одан берiге дейiн әртiстердi көп ауыстыра да қойған жоқпыз. Бiр үйдiң балаларындай татумыз. Жаңадан әртiстер керек бола қалған жағдайда мен жалғыз емеспiн, әрiптестерiмнiң пiкiрiмен санасып, шешiмдi бiрге қабылдаймыз. Өнерлi балалар кездесiп, көңiлiмiзден шығып жатса бауырымызға тартып, өнерлерiн шыңдап, үлкен сахнаға шығуларына ықпал жасап, ұстаздық етiп жүрмiз. — Бауырыңызға басқан балаларыңыздың барлығы болмаса да бiразы жеке шығармашылықтарымен танылып жатыр… — Рас, менi олардың жетiстiктерi қуантпаса, өнердегi жобалары тiптi де жабырқатқан емес. “Бiрге тумақ бар да бiрге жүрмек жоқ емес пе?”, өз алдына бөлiнiп, жеке отау болып жұмыс жасасақ деген ниеттерiн қолдап, батамды берiп шығарып салып отырамын. Атап айтар болсақ, Нұр-Мұқасан, “Тақия мен мафия”, Мақсат Базарбаев, “Орда” тобы, “Терiсқақпай” театры, “Нысана” театрын ашып кеткен Әбекең де бар. — Бұл мерейтойда театрдың жаңалығы қандай болмақ? — Бiраз жаңалықтарымыз бар, оны қазiр ашып айта алмаймын, көрермендер өздерi келiп көргенi дұрыс болар. Осы 15 жылдың iшiнде жеткен жетiстiктерiмiз бен жаңа жобаларымызды, жаңа қойылымдар ұсынамыз. Кезектi концерттерден көп ерекшелiгi болады. Жоғарыда айтылған, қазiр бөлек отау болып шығармашылық жасап жүргендердiң басы бiрiгiп өнерлерiн ортаға салады деп жоспарлап отырмыз. Көбiне сахнада қоғамда етек жайған келеңсiз көрiнiстердi көп көрсетiп, сатираны көп айтатынбыз. Ащы шындықты қалжыңнан бiр елi жоғары қоятынбыз. Әзiл-ысқақ сатира театры болған соң күнделiктi болып жатқан кемшiлiктердi басып айтамыз деп жүрiп, юмордан сәл алыстап кеткендей болдық. Бұл жолы онсызда проблемадан бастары шарадай боп жүрген көрермендер жеңiл қалжыңмен, әдемi әзiл-күлкiмен бiр демалып қайтсын дегендi жөн көрiп отырмыз. — Бүгiнгi сатираның жағдайы мәз емес дегендi жиi естiп жүрмiз. Сiздiң бұған пiкiрiңiз қандай? — Сатираның сапасы сын көтермейдi. Кеуделерiн қағып “сатирикпiз, драматургпiз” деп жүрген азаматтар да мардымды дүние мүлде жоқ. Жазып әкелгендерi сахнада сомдауға сай келмейдi. Ұсынған дүниелерiнiң өткiрлiгiнен бұрын өтiмдiлiгiн, яғни, қаламақыларын сұрап дал болады. Сол себептi де көп қойылымдарды өзiмiздiң әртiстердiң жазғандарымен толықтырып жүрмiз. Актердiң ролi оның жан-дүниесiне жақын болуы керек. Жазылғандарды актер жанына жақын қабылдамаса, бар ықыласымен орындамаса қойылымның қадiрi де, мәнi де, сәнi де болмайды. Актер оған жан бiтiредi, жүрегiмен қабылдайды. Тағы да айтам, актердiң iшкi жан дүниесiне сай келмесе мардымсыз дүние миды шаршатқаннан басқа пайда әкелмейдi. Сахнада ойнап жүрген әртiспен жазылған әзiлдiң арасында сезiм болу керек. Осындай талғамдарды толығымен ақтайтын сатира жанрында жазылған материалдар аз. Жақсы болса өзiмiз үшiн жалынып жүрiп алар едiк қой. Марат Сахатовтың бұрын жазып кеткендерiн қайта өңдеп шығармақпыз. Негiзi әр саланың өз маманы болуы керек. Ал, бiздiң қазiргi сатираның бұған шамасы келмей тұрған сияқты. Мұсылманға шошқаның етiн жеуге болмайды. Ал, егер ашаршылықта қиналып, өлiп бара жатсаң тойып жеуге емес, өлмес үшiн нәр алуға ғана рұқсат бередi. Мен жеке өзiм осыған қарсы едiм. Бiрақ, басқа амалымыз болмай тұр. — “Бауыржан-Шоудан” әзiлi бiр елi биiкте тұр деп, қай әзiл-оспақ театрын айтар едiңiз? — Шығармашылық деген нәзiк мәселе дейтiн болсақ, сол шығармашылықтың отауы театрдың да нәзiктiгi өз алдына бiр мәселе. Көпшiлiктiң алдында жүрген соң көз тиедi, сөз тиедi. Әрбiр өнердiң не ұйымның шарықтайтын шегi болады. Кейде төменге қарай құлдырау болады. Кейде материалдар көңiлге қонып, кейде сол дүниелерден тапшылық көретiн кездер болады. Кейде бәрiнiң алдына шығамыз, кейде ортаға түсiп қаламыз. Анау артық, мынау кем деуге болмайды. “Тамашаны” жасы үлкен аға деп мойындаймыз, “Нысана”, “Тақия мен мафия”, “Терiсқақпай” өз ұлдарымыз десек, “Шаншар” және т.б. театрларды өнердегi достарымыз деп бiлемiз. Бiзде бәсекелестiк деген жоқ. Әр театрдың өз көрерменi, өз қызығы, өз шыжығы бар емес пе? Әңгiме соңында Бауыржан аға өзiнiң көңiлiнде жүрген мұңы барын да жасырмады. …Театр деген атқа тең деңгейде болу үшiн сол өнер ошағының дайындық жасайтын сахнасы, костюмерi, гримерi, режисер, драматург-жазушысы болу керек. “Өнер адамдары той-томалаққа араласып кеттi” деген керi пiкiрлердi аз естiп жүрген жоқпыз. Оған негiз де бар. Себебi әзiл-сықақ жанрына үкiмет тарапынан мүлдем көңiл бөлiнбейдi. Кенже баладай кейiн қап кеткен жанр болды ғой. Драма театрдың, ТЮЗ-дың, Әуезов театрының, опера және балет театрының баспаналары бар. Оларға мемлекет қаражат бөледi. Олар сол ақшаға киiм тiккiзедi, актерлерге айлық жазады, т.б. Негiзi бiздiң актерлер халыққа олардан кем қызмет жасап жатқан жоқ. Спектакльден гөрi бiздiң қойылымдарға көрерменнiң көп келетiнi жасырын да емес. Демек бұл халыққа керек дүние. Соларды қуанышқа бөлеу үшiн әрбiр мереке күндерiн атаусыз қалдырмай, жатпай-тұрмай қызмет жасап жүрмiз. Жекеменшiк болған соң ақшаны қырып-жойып тауып жатыр дейтiн шығар. Мүлдем олай емес. Республика сарайын бiр күнге жалдау үшiн қыруар қаржыны қалтамыздан төлеймiз. Сапасы жақсы кеш өткiзу үшiн дыбысқа, жарыққа т.б. жарнаманың ақшасының өзi шарықтап тұр. Ал, бiздiң билеттiң құны теңге көлемiнде. Бұл жағдай айтып жалыну емес. Дегенмен, мемлекеттiк деңгейде мемлекеттiк статусы бар әзiл-сықақ театры құрылса, өзiнiң сахнасы болса, әртiстердiң қызметiне сай ақы төленсе нұр үстiне нұр болар едi. Сонда отардан бөлiнген тоқты құсап жеке-жеке жүрмес едiк, — дейдi Бауыржан аға. Театрдың дүниеге келгенiне 15 жыл. Аз да, көп те уақыт емес. Қазақ сатирасында өзiндiк қолтаңбасын қалдырып келе жатқан театрдың жаңалығына, жақсылығына да жаршы болатын көрерменнiң өзi. Ендеше, желтоқсанның 20-21 күндерi кең сарайға асығыңыздар, ағайын! Әңгiмелескен Манар ӘЛИЕВА