Жаңалықтар

СТУДЕНТТЕР CӨЙЛЕСЕ...

ашық дереккөзі

СТУДЕНТТЕР CӨЙЛЕСЕ...

Түркiстан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-түрiк университетiнен

ТӘУЕЛСIЗДIКТЕН КЕЙIНГI АЙҚЫН БЕЛЕСТЕР

Тәуелсiздiк күнi – қазақ халқының қасиеттi әрi қастерлi күнi. Өйткенi осы күннен бастап ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшы, ақ бiлектiң күшiмен қорғап келген ұлан-ғайыр қазақ жерi тәуелсiздiк демiмен тыныс алды.

Тәуелсiздiктiң ақ таңы атқанына биыл 17 жыл. Осы жылдар арасында елiмiздiң Әнұраны, Елтаңбасы, Жалауы бекiтiлiп, Ата заңымыз қабылданды. Елдiң БҰҰ-ға мүшелiкке өтуi, ТМД-ның құрамына кiруi жаңа мемлекеттiң қалыптасуы және өркендеуi кезеңдерiндегi алғашқы қадамдарының бiрi. Елiмiзде тәуелсiздiктiң берiк негiзi қаланып, саяси және әлеуметтiк жағдайлар жақсарып, экономикамыз өрлей түстi. Сонымен қатар Елбасымыздың игi iстерi мен ұсынған саяси бағыттары iшкi және сыртқы қарым-қатынастарды тұрақтандырып, ұлтаралық келiсiмдi түсiнiстiкпен орнықтырды. Өркениеттi 50 елдiң қатарына қосылуды басты мақсат етiп отырмыз. Қазақ елiнiң 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететiндiгi туралы шешiм басшымыздың тұрлаулы саясатының жемiсi екендiгiнiң айқын дәлелi.

Ендiгi мақсат, бiздер жастар, санамызға сiңiп қалған бодандық зардаптарынан, таным-түсiнiгiмiзге берiк орныққан жалған ұғымдар мен нанымдардан арылып, ұлттық тiлiмiз бен дiлiмiздi жоғалтпай, қазақ халқының ар-намысын биiк ұстап, рухани мұқтаждығына жауап беретiн өрелi қоғам қалыптастыру үшiн күресуiмiз керек.

Жұлдызай НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ,

3-курс студентi

ЖIГIТТЕР, ОЙЫН АРЗАН, КҮЛКI ҚЫМБАТ…

Қазақ халқы ежелден қайын мен жеңге, балдыз бен жезде болып әзiл жарастырған. Айтарын астарлы қалжыңмен жеткiзген. Бұл қалжыңдарда бiреудi кемсiту, намысына тию деген жоқтың қасы. Осы бiр әдемi әзiлдi бүгiнмен салыстыруға әсте келмейдi.

Қазiргi таңда адамзат баласын жеңiл, әрi арзан күлкiмен “қарық қылып” жүрген көңiлдi де тапқырлар клубы жайлы сөз қозғасақ.

КТК-нi өнердiң бiр саласы дегенге өз басым келiспеймiн. Қазан-ошақ басындағы, базардағы әңгiмеден әрi аспайтын әзiлдердi өнер деп айту қиын. КТК өнердiң бiр саласы болып қалыптасуы үшiн халықтың мұң-мұқтажын, саяси, әлеуметтiк мәселелердi, жалпы қоғамдағы барлық өзгерiстердi астарлап, шындықты әзiлмен ұштастыра отырып көрсету қажет. Ал бiзде олай емес. Екi сөздiң басын құрап, сахнада тұрып қолын шошайтса да, ауызын қимылдатса да күлетiн халге жеттiк. Күлудiң де жөнi бар емес пе?

Жастарымыз әншiлердi қойып, ендi “көңiлдi жiгiттерден” қолтаңба алып, суретке түсетiн болған. Елiмiзге белгiлi, еңбегi сiңген ақын, жазушылардың атын атап, түсiн түстейтiн жастар некен-саяқ. Ал КТК өнерпаздарын жатқа бiледi. Олардың өз арасында қолданылатын сөздерi де осы сайқымазақтардың әзiлдерi. Ал осы өнерпазсымақтардың айтатындары әзiл емес, сөзi ұйқаспайтын, мәнi жоқ бос сөздер. Қарапайым ғана мысал:

– Теледидардың үстiнде сырты қара, iшi қызыл бiр зат тұр, ол не?

– Бiлмеймiн (бiраз ойланып).

– Оның жауабы – галош.

– Ол неге теледидардың үстiнде тұрады?

– Өйткенi ол әжемнiң галошы, қайда тұрса да өзi бiледi

Осы да әзiл ме? Мәнi де, мағынасы да жоқ. Қазақ халқы аяқ киiмдi теледидардың үстiне қоймақ түгiлi, босағадан жоғары шығармаған.

Мұндай мысалдардың неше атасын келтiруге болады. Сонда күлкiнiң соншалық арзан болғаны ма? Әрбiр әзiлдiң астында удай ащы шындық жатуы керек. Көрермендердi күлдiре отырып, ақиқатты ұғындыру қажет. Қазiргi таңда әзiл-қалжың тек ақша табудың ғана құралы болып тұр. Бiздiң қоғамымызға астарында шындықтың анық бейнесi жататын әзiл мен күлкiнiң қадiрiн түсiнетiн көрермен жетiспейдi ме деп қаласың. Егер бұл жағынан төрт құбыламыз түгел болса, арзан әзiл осынша қымбат бағаланбас едi деп ойлаймын.

Мөлдiр ШАХМАДАНҚЫЗЫ,

1-курс студентi

БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ ҚЫЗЫҒЫ КОМПЬЮТЕРЛIК ОЙЫНДА МА?

Қазiргi таңда қаланың кез-келген бұрышында компьютерлiк ойындар клубы тұр. Тiптi өздерi тұратын үйлерiнiң бiр бөлмесiн арнайы компьютерлiк ойындарға арнап қойғандары да бар. Осындай ошақтарға қай кезде барсаң да адам үзiлмейдi. Сағатына 60 теңге алатын клубтар күн демей, түн демей, үзiлiссiз жұмыс iстейдi. Кейбiр балалар әке-шешелерiн туыстың, досымның үйiндемiн деп алдап, түнi бойы компьютерлiк ойында отырады. Бiр сағатқа 60 теңге төлейтiн ойыншылардың құмарлығы сондай, тiптi 500 теңгелерiн қиып, түнге қалатындары тағы бар. Бұл жерге баратын балалардың жас мөлшерi 6-17 жас аралығында. Түнi бойы компьютердiң алдында отырған баланың көзiне зиян, миы да шаршайды. Осы балалардың келешектегi денсаулығы, жалпы өмiрi не болмақ?

Компьютерлiк ойындар негiзiнен атыс-шабыс, төбелес. Осыларды көрiп, ойнап өскен жас ұрпақтан келешекте нендей мейiрiм күтемiз? Ол балаларымыз өсе келе қатiгез, ашушаң, мейiрiмсiз болмауына кiм кепiл? Бұл жағдайдың бәрiне кiм кiнәлi? Заман ба, әлде ата-ана ма?

Халқымыз ықылымнан ұрпақ тәрбиесiне үлкен көңiл бөлген. Кейiнгi кезде сананы тұрмыс билеген тұста тәрбие тiзгiнiн босаңсытып алғанымыз өкiнiштi-ақ. Күйбең тiрлiкпен бала тәлiмiне уақыт бөле алмаған ата-ана жасөспiрiмдер арасындағы осы бiр компьютер ойынына тәуелдiлiктi санадан қалай сызып тастамақ? Тәрбие құралы – сөз десек, балаларын кiшкентайынан тәрбиеге баулып, ғибратты сөздер мен бесiк жырын құлағына сiңiрiп, қызықты ертiгелер мен өнегелi әңгiмелер айтып отыратын ата-аналар ұрпағының болашағы үшiн алаңдайды-ақ, бiрақ…

Бiз айтып отырған компьютерлiк ойындар сананың өсуiне керi әсерiн тигiзедi. Балалардың ойлау қабiлеттерiн, сана-сезiмдерiн мүлдем басқа арнаға бұрады. Жалпы, баланың психикасына зақым келтiредi. Сол компьютерқұмар балаларымыздың бойындағы жылулық, мейiрiмдiлiк, адамшылық қасиеттер жоғалып кеткендей ме, қалай?

Осыдан 20 жыл бұрынғы ата-әжелерiмiз ағыл-тегiл болып жылап көретiн үндi фильмiн, немесе “Қарлығаштың құйрығы неге айыр?” деген мультфильмдi қазiргi жас жеткiншектерге қызықтата алмайсың. Балалардың жанашырлық сезiмдерi жоғалып, тiптi роботқа айналып кеткен тәрiздi.

Бала деген өсiп келе жатқан шыбық сияқты, қалай исең, солай майысады демекшi, ата-ана баланы жастайынан жаманнан жирендiрiп, жақсылыққа жетелеп, жерiн, елiн, тiлiн қастерлеп, тарихын танитын парасатты азамат болуына бағыттауы парыз. Осыны бiр сәт ойланайықшы!

Айнұр НАЗАРОВА,

4-курс студентi.

ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН СӨЗ ЖҮРЕККЕ ЖЕТЕДI

Үлкендер қазiргi жастардың сөйлеу мәнерiн түсiнуден қалып барады. Қаптаған жаргон, бiрiн-бiрi мұқату. “Өсер елдiң баласы бiрiн-бiрi батыр дер” болар. Бiреуi әжептеуiр өзiнiң жағдайын, проблемасын достарына айтып отырса, оны бiр қылжақбас мазаққа айналдырып жiбередi. Небiр мәнсiз, мағынасыз сөздердi айтып, өздерiнше оны “прикол ғой” дейтiндерiн қайтерсiң. Ауыздарынан ақ ит кiрiп, көк ит шығып, небiр былапыт сөздерден жан-дүниесiнiң ластанып жатқанын сезбейдi-ау. Сөйлеу мәдениетiнен жұрдай құрбыларыма кейде жаным ашиды.

Әбден жауыр болған нәрсенi езуiн тiлiп езе берсең, ол да абырой емес. Ал, айтпайын десең, ақың кетiп, намыс “өлтiрiп” барады. Десек те бұл мәселе құрбы-құрдастарға тұщымды ой салар…

Қазына АҚЫЛБЕКҚЫЗЫ,

4-курс студентi

МЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ…

“Ұлың ұлағатты, қызың инабатты болсын” деп бата бередi үлкендер. Жастың аты жас, бойындағы бұла күш кей кемшiлiкке ұрындыруы да мүмкiн. Алайда ағаттықтарына кешiрiммен қарап, әбестiгiн ақыл таразысына салып екшесек, естi жас өзi-ақ жөнге келедi. Сонда да кейбiр қыздарымыздың қылығына қарның ашады. Кейде қыздардың әбес қылықтары, оғаш iс-әрекеттерi өзге құрбыларының жақсылықтарын жуып кетедi-ақ. Яғни “бiр құмалақ бiр қарын майды шiрiтедi” демекшi, жалпы қыз атаулыны кiнәләп жүргендер қаншама.

“Қыз өссе елдiң көркi” екендiгiн әркiм де бiледi. Десек те бар мәселе сол гүлдей нәзiк, айдай арулардың атына заты сай болып, саф алтындай таза қалыптарымен бойжетуiнде болып тұр.

Әрбiр ата-ананың арманы – қызын қияға, ұлын ұяға қондыру. Қазақ қашаннан қызды қонақ деп, оны алақанында аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсiрген. Мәселе, бүгiнгi ата-ана мен кешегi ата-ананың айырмашылығы, ой-түйсiктерiнiң әртүрлi болуында. Себебi кешегi ата-ана қыз баланы төбелерiне көтере отырып, оны он саусағынан өнерi тамған шеберлiкке, еңбекқорлыққа баулып, болашақ ана болуға тәрбиелеген. Ал бүгiнгi ата-ана ұлдан бұрын қыз баланы оқытып, қалауынша киiндiредi. Перзентiнiң айтқанын iстеймiн деп уысынан қалай шығарып алғанын да аңғармайды.

Бүгiнгi бойжеткен еркiн: ойындағысын орындап, қалағанын iске асыра алады. Әрине, ол жақсы нәтижеге ұмтылса қуанасың. Алайда, бүгiнгi кей арулар еркiндiктi, турашылдықты өзгеше түсiнiп, басқаша өмiр сүргiсi келсе қайтерсiң. Абайша айтқанда қаныңды қайнатып, жаныңды шошытады. Көзбен көрген кей келеңсiздiкке тоқтала кетсем деймiн. Кiм бiледi, кей жандарға ой салар.

Менiңше бiрқатар аруларымыз қазақ қызына тән сыпайылық пен ар-ұятты жоғалтып алғаны анық. Сұлуларымыздың ер азаматтан бұрын өз сезiмдерiн бiлдiрiп, сүйдiм-күйдiм деп ұрандатып жатқанын жиi естимiз. Оны алыстан iздемей-ақ, радионы қосып немесе теледидардағы жүгiртпе жолдағы СМС-тен көруге болады. Бұл бiздiң ұлттық болмысымызға жат қылық. Үлкенге iзет, кiшiге құрмет, ең бастысы қыздың өз-өзiне құрметi жойылған. Осылай болмағанда қайтедi? Бұрын ер жiгiттiң өзi жүрегiндегi сезiмiн жеткiзу үшiн қызды аспандағы айға, көлдегi аққуға теңеп жыр жазған. Оның өзiнде үлкендерден таса жастар отырыстарында, болмаса қыз жеңгесi арқылы бiлдiрген.

Бүгiнгi қыздың киiм киiсi жайлы айтыла-айтыла жақ талды. Сонда да ашық-шашық жүргендер көбеймесе азаймай отыр. Әрине, соңғы үлгiмен киiну, әдемi, сәндi болып жүру заман талабы. Бiрақ, әсiресе, қазақ қызы үшiн ар-ұят биiгiрек тұрса болмас па екен? Қазiргi кезде қыз балалар ұлдардың орнымен ауысып кеткен секiлдi. Қыздардың өзi жiгiттерге тиiсiп дөрекi сөзiмен дарақы күлкiсiмен айналасына керi әсер қалдырары анық. Бүгiнгi қыз ертеңгi ана екенiн ескерсек, өз халықымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрiн сақтағаны жөн. Мұндайда ата-анаға да артылатын жүк жеңiл емес.

Қазына ӘЛЖIГIТОВА,

4-курс студентi