Жаңалықтар

БIЗ КIМ БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК?

ашық дереккөзі

БIЗ КIМ БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК?

Бүгiнгi қазақ болмысы туралы ой

Жаңа әлемдегi жаңа Қазақстан деген идея бүгiнгi философтар мен ойшылдардың, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың, т.б. қоғамдық ғылымдардың алдына ерекше мiндет қойып отырғаны белгiлi. Менiңше, бұл осыдан 14 жыл бұрын, яғни 1994 жылғы 29 наурызда Елбасымыз Мәскеудiң мемлекеттiк университетiнiң биiк мiнберiнен айтқан мемлекеттердiң Еуразиялық одағын құру туралы идеямен үндес, бағыттас, соның заңды жалғасы, жаңаша көрiнiсi.

Шындығына келгенде, Азия мен Еуропаны мекендеген халықтардың қарым-қатынасы, ынтымақтастығы, жалпы адамзаттық құндылықтар өрiсiнде тiл табысуы сияқты мәселелердi түйiндеп отырған еуразиялық идеяның қазiргi заманның өткiр әрi аса қажеттi мәселелерi екенiне қазiр ешкiм дау айта алмайды.

Еуразиялық идеядан бiздер не ұтамыз? Бұл идея қандай жағдайда елiмiздiң егемендiгi пен тәуелсiздiгiне қызмет ете алады? Жаһанданудың оң ықпалының молырақ, керi әсерiнiң неғұрлым азырақ болуы үшiн қандай әлеуметтiк факторлар қажет?

Ежелгi қазақ болмысы қандай болған едi деген сұраққа қазақтың көсемдiк әрi шешендiк өнерiнде өшпес iз қалдырған, данышпан бабаларымыздың бiрi, тұстастары тамаша үнiн қастерлеп, “қаз дауысты” деп атаған Қазыбек бидiң қалмақтың хонтайшысына айтқан мына сөзi нақты жауап. Ұлы би: “Бiз, қазақ, мал баққан елмiз, ешкiмге соқтықпай жай жатқан елмiз. Елiмiзден құт-береке қашпасын деп, жерiмiздiң шетiн жау баспасын деп найзаға үкi таққан елмiз. Ешбiр дұшпан ала жiбiмiздi аттап басынбаған елмiз. Басымыздан сөз асырмаған елмiз”, – деген. Бұл – осыдан екi ғасыр бұрынғы қазақтың шынайы болмысы болатын. Мұнда парасаттылық та, батырлық та, көсемдiк те, шешендiк те жеткiлiктi. Алайда мен мұны идеалдап отырғаным жоқ. Қанша айтсақ та, Батыспен салыстырғанда бiлiмсiздiк пен сауатсыздық қазақ сахарасын қалың көрпедей тұмшалап тастаған едi. Оның үстiне Ресейдiң отарына айналдық та бұрынғы Шығыс пен Батыстың байланысы да, Жiбек жолы да ұмыт болған-ды. Ал патшалық Ресей үшiн қазақтың оқығанынан надандау болғаны, бiлгенiнен бiлмегенi әлдеқайда тиiмдi, басқаруға оңай, езуге жеңiл едi.

Отарлық кезеңде қазақ не көрмедi? Ата қонысы, оты-суы мол, ең шұрайлы, шөбi шүйгiн жерлерiнен айрылды. Сөйтiп байырғы тұрғын халық шөл және шөлейт, т.б. құнарсыз жерлерге ерiксiз ығыстырылды. Ал Л.Н.Гумилев өзiнiң “От руси до России” атты тамаша кiтабында орыс қоныстанушылары Шығыстағы халықтарға жайсыз болған жоқ деген пiкiр айтады. Дәтi орыс қой. Қалай бiз басқа халықты қырдық-жойдық дей алсын. Онысын отандастары кешiрмес едi. Шындығына келсек бұл нанымсыз. Оған Алаш ардақтыларының еңбектерi куә. Мұхтар Әуезовтiң “Қилы заман” романындағы 1916 жылғы көтерiлiске қатысқан албандықтарды қыруға қатысқандар да патша әмiршiлерiнiң жергiлiктi қолшоқпарлары қоныстанушылар болатын.

Патшалық Ресейдiң ең сорақы саясатының бiрi қазақтың баласын өз тiлiнде оқуын аса қиын проблемаға айналдырып, қазақтың ана тiлiн, дiнiн, дiлiн жойып, орыстандыруға ұмтылуы. “Алаштың Әлиханы” аталған Бөкейхан сөзiмен айтқанда, “найзаның ұшымен, айбалтаның жүзiмен болған”, бергенiнен алғаны әлдеқайда көп Кеңес өкiметi кезiнде де қазақ халқына “социалистiк демократияның” тәттi дәмi жетпедi.

Қазақстан 70 жыл кеңестiк Ресейдiң құрамында, шынына келгенде, боданында, өз алдына тәуелсiздiгi, құқығы жоқ ұлттық республикалардың бiрi болып, мемлекет есебiнде де, ұлт есебiнде де толыққанды қалыптаса алған жоқ. Өзiмiздi өзiмiз билей алмадық, адамзат қоғамының тең құқықты мүшесi ретiнде рухани еркiндiгiмiз болмады.

Кеңестiк саясат ұлттық құндылықтарға шабуыл жасады. Патшалық Ресейдiң орыстандыру саясаты кеңестiк кезеңде басқа нысанда жүргiзiлдi. Орыс тiлiн бiлу қатаң мiндеттiлiкке айналды, онсыз күнелту қиын болды. Қазақ тiлi қоғамдық ортадан бiрте-бiрте ығыстырылды. 700-дей қазақ мектебi жабылып, олардың денi орыс-қазақ аралас мектептерге ауысты. Рухани мәдениетiмiздiң құрамдас әрi ажырамас бөлiгi болып келе жатқан халқымыздың ежелгi дiнiмен күрес жаңаша өрiс алды. Отызыншы жылдары “құдайсыздар қозғалысы” пайда болып, ол кейiн атеистiк саясатқа ұласты. Сөйтiп қазақ дiнсiздiкке бет алған едi.

Отансыз пролетариат, ұлттық құндылықтарды мойындай қоймайтын социалистiк интернационализм, түрi ұлттық, мазмұны социалистiк мәдениет кеңiнен насихатталды. Жұрт күндiз-түнi жүргiзiлген үгiт-насихатқа сендi. Сенбесе, есепке алынды, бақылауға түстi. Соның нәтижесiнде халқымыздың белгiлi бөлiгiнде ұлтсыздық қасиет, ұлтсыздану санасы орнықты.

Кеңестiк кезеңнiң рухани әлемiмiзге жасаған аса озбыр iс-әрекетi – ұлтымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған маңдай алды зиялыларымызбен аяусыз күресiнде болды. Қуғын-сүргiнге ұшырағандардың, қамауға алынғандар мен жер аударылғандардың, өлiм жазасына кесiлгендер мен атылғандардың бар кiнәсi өз ұлтын шексiз сүйе бiлгендерi, сол үшiн жеке билеп-төстеген кеңестiк билiкке қарсы бетпе-бет келгендiгi болатын.

Сонымен тәуелсiздiкке дейiнгi екi жарым ғасырда бiздiң ұтқанымыздан ұтылғанымыз да аз болған жоқ. Дәстүрлi ұлттық тiлiмiзден жеруге дейiн бардық, таза дiлiмiздi лайлап, ұлттық рухымыз әлсiреп, қазақи шынайы болмысымыз күрделi өзгерiстерге ұшырады. Үлкендi сыйлау, әдептiлiк, имандылық пен инабаттылық сияқты қасиеттер бiрте-бiрте бiзден қол үзiп, алыстап барады. Әсiресе, жастарымыздың көзқарастары күндiз-түнi теледидардан берiлетiн атыс-шабыспен, кез келген жерде сатылатын кассеталардағы бiздiң ұлттық санамызға қайшы дүниелермен қалыптасып отыр. Олар бүгiн қазақ тiлiндегi кiтаптарды оқымайды. Бұл өзгерiстер күрделене түспесе, әсте азаятын емес.

Бұрын қоғамдағы ең қымбат капитал адам деушi едiк, бүгiн батыстың үлгiсiмен ол капитал-ақшаға айналды. Қазiр бәрi сатылады, бәрi сатып алынады. Ақша кадр мәселесiне де етене кiрдi. Әдiлеттiлiк те ақшаға сатылатын болды. Банктен несие алып, адам аттыратын болдық. Және ондайды жүгенсiздер емес, жүйелi қызметте жүргендер жасайтыны жаныңа батады.

Әлеуметтiк сана, iшкi тәртiп, ел алдындағы жауапкершiлiктi сезiнудiң төмендеуiнен қоғам мүшелерiнiң арасында жеке меншiкке ие болуды жеке баюмен шатастыру етек алуда. Қоғамымыздың барлық саласын сыбайлас жемқорлықтың жаулап алуы, ал онымен бел шешiп батыл күресетiн құқық қорғау органдарының өз iшiнде былықтардың жеткiлiктi болуы, елiмiзде жемқорлықпен күрес жөнiндегi ұран көтерiлген сайын бұл мерездiң азаймай, күшейе түсуi кiмдi болса да ойландыратын мәселелер. Қазiр бұл мәселеде әлемдегi екi жүзге тарта мемлекеттiң екiншi жүздiгiнiң iшiне кiруiмiз әрбiр қазақстандықты толғандырар да, намысын оятатын да фактор екенiне назар аударуымыз керек.

Мiне, бұл – таңдамай, талғамай Батысқа табынудың тiкелей әсерi едi. Алаш көсемдерi қай ел мәдениеттiрек болса, сол елдiң ықпалы көбiрек болады деген. Бiздiң сорымызға қарай оның керi әсерлерi, мол болып отыр. Ол өзiмiздiң мәдени деңгейiмiзге де байланысты. Сондықтан да Батысқа елiктеу бүгiн көбеймесе, азаймай, кешегi кеңестiк кезеңдегi ұлтсыздық сананың қайта белең алуына, шынына келгенде, күшейе түсуiне жол ашты. Демократияны әркiмнiң ойына келгендi iстеуi деп, азаматтық, ашық қоғамды әркiм қолынан келгендi iстеуi деп түсiнетiндер арамызда аз емес. Қазақша бiр ауыз сөз бiлмейтiн, бiлгiсi келмейтiн, өз ұлтының мәдениетiн, салт-дәстүрiн қастерлей қоймайтын, ал өзге ұлттың өресiне жете алмаған дүбәралар бүгiн кем кездеспейдi. Бұлардың алда арифметикалық немесе геометриялық прогрессиямен өсерi беймәлiм. Мұның барлығы белгiлi дәрежеде ұлттық санамыздың төмендеуiне, ұлттық болмысымыздың күңгiрт тартуына алып келдi. “Ұлттық идея”, “ұлттық мәдениет” пен “ұлттық идеология” сияқты ұғымдарды мойындай бермеушiлiк, қазақ ұлтының орнына кешегi кеңес адамы дегендей “қазақстандық ұлт” сияқты ұсыныстар тегiнен-тегiн туған жоқ. Болмаса жергiлiктi ұлттың мәселесi шешiлмей елдiң мәселесi еш уақытта шешiлмейтiнiн тарих талай рет дәлелдесе де, кейбiр саясатшыл ғалымдар “ұлт мәселесi” дегендi қойып, “ел мәселесi” дейiк деп жүр.

Тығырықтан шығар жол қайсы? Еуразиялық идея бiзге қандай жағдайда жұғысты болады? Бiрiншiден, халқымыздың рухани сапалығын алға шығару қажет. Ол үшiн әрбiр қазақ өзiнiң ана тiлiн құрметтей бiлуi тиiс. Ана тiлi иесiнiң күнделiктi жай қолданыс құралынан оның өмiрлiк мұқтажына айналуы қажет. Жай тiлдi ғана бiлмей, ұлтыңның өткенiн, оның тарихы еш халықтың тарихынан кем емес екенiн ұғыну, ата салтың мен озат дәстүрiңдi сыйлау, осы кезге дейiнгi ұлтыңның рухани құндылықтарынан жақсы хабардар болуың – парызың да, халқыңның алдыңдағы қарызың да екенiн ұғыну айрықша керек.

Екiншiден, жастарымыздың ұлттық рухы күштi, ұлттық иммунитетi берiк болуы қажет. Осы арада бүкiл түркi әлемiнiң ұлы перзенттерiнiң бiрi Мұстафа Шоқайдың “Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болмайды, тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi”, – деген сөзiн айта кетсек артық болмас.

Үшiншiден, қазiргi тәуелсiз Қазақстанымыздың әрбiр азаматы алдымен өз ұлтын шексiз сүйетiн ұлтшыл, өзге ұлттың өкiлiн де қастерлей бiлетiн шын мәнiндегi үлкен әрiптi Адам болғаны жөн. Мен кезiнде Алаштың арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатұлы, Шоқай Мұстафа т. б. өз ұлтын шексiз сүюдiң үлгiсi ретiнде пайдаланған “ұлтшыл” деген ұғымды әдейi сiздердiң назарларыңызға ұсынып отырмын. Қазақ зиялылары өз халқына соншалықты берiлсе де, ұлтының биiк адамгершiлiк қасиеттерiн тамаша көре бiлсе де, оны еш халықтан жоғары санап көрген емес, еш ұлтқа үлгi еткен жоқ. Олар ұлттық эгоизмге, менмендiкке бой алдырмады. Олардың денi Ресейдiң орталық қалаларында оқып, Еуропаның озық мәдениетiн, демократиялық үрдiстерiн бойларына сiңiре бiлдi. Алайда, олар халқына шексiз берiлгенi үшiн “ұлтшыл” аталды. Осы үшiн атылды.

Бұл таза мағынасындағы қастерлi ұғым коммунистiк идеямен да сиыса қоймады. Бұл қасиеттi ұғымды кеңес басшылары отар елдердiң халқына қимады. Сондықтан “ұлтшыл” ұғымын әуелi патшалық Ресей, кейiн кеңестiк жүйе қазақ халқының маңдай алды зиялыларымен күресте басты құрал еттi. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына СОКП Орталық Комитетi саяси бюросының қазақ халқына “ұлтшыл” деп баға беруге тырысқаны олардың қателескенi емес едi, бұл ұғым компартияның ұлттық аймақтарды бiр уыста ұстау үшiн пайдаланған идеологиялық айласы болатын.

Төртiншi, бүгiнгi қайта оянған Шығыспен санаспауға әсте болмайды. Шығыстың қазiргi қарқынды дамуы ұлттық серпiлiстердiң негiзiнде жүрiп жатқанын бiлген артық емес. Өйткенi, ұлттық рух – нағыз құдiреттi күш. Мен ұлтшылдықты насихаттап отырғаным жоқ. Мен өз ұлтыңды шынайы үй бiлудi ғана айтып отырмын.

Мұхтар Әуезов кезiнде ұлы Абайдың қалыптасуының үш құнарлы рухани бұлағын атаған-ды. Олар – қазақ халқының ауыз әдебиетi, шығыс поэзиясының ең озық үлгiлерi және орыстың демократиялық мәдениетi. Расында да, ұлы Абайдың әлемдiк дәрежедегi шыңға шығуы өз халқының сан ғасырлық ұлттық құндылықтарын терең игерудiң, Батыс пен Шығыстың озық мәдениетiн бойына сiңiре, үйлестiре бiлгендiктiң арқасында мүмкiн болғаны белгiлi.

Әсiлi, қазақ жалғыз Батыспен ұзаққа бара алмаса керек. Осы кезге дейiн тек Батыс деп келдiк. Демократия тек батыстан тарады, ондағы экономикалық нарықтық қатынас бәрiн шешедi деп ойлау бiржақты. Нарықтық қатынас кедейлiктен құтқаруға ықпал етедi, адамға игiлiк әкеледi деумен қатар жеке меншiк психологиясының өмiрде талай қиыншылықтарға соқтырып отырғанын мойындауымыз қажет. Адамзат тарихындағы соғыстардың негiзгi себептерiнiң бiрi осы жеке меншiктiк, тек “мендiк” психологияның туындылары екенiн ешкiм жоққа шығара алмас. АҚШ-тың Иракты қиратып салуы, Иран сияқты елдерге жұдырығын көрсетуi осы жеке меншiктiң ылаңы, тегiн мұнайға ие болуды көксеуден туған iс-әрекеттер емес пе?

Қоғамдағы iшкi қақтығыстар мен қайшылықтардың түп төркiнi де осыдан шығатыны шындық. Нарыққа көшкелi берi қылмыстың бұрын-соңды естiмеген түрлерiн көрiп, естiп жүрмiз. Оның төркiнiнде дүние-мүлiктiң, капиталдың жататыны өтiрiк емес. Сол себептi рухани дүниеге көбiрек көңiл бөлетiн өз болмысымызды жетiмсiретпеу, осыны ардақтайтын Шығысты да танып-бiлу бүгiнгi еуразиялық кеңiстiктегi бiздер үшiн аса қажет.

Қазiр мемлекетiмiздiң алдына асқаралы мiндеттер қойылып отыр. Әлемдiк өркениет қауымдастығына кiру қоғамның рухани саласына ерекше көңiл бөлудi қажет етедi. Мұнсыз егемендiгiмiздiң еңсесi биiктетiп, тәуелсiздiгiмiздi тұғырлы ете алмаймыз.

Әбдiжәлел БӘКIР, саяси ғылымдарының докторы, профессор