ҚАЛТАЙМЕН БIРГЕ...
ҚАЛТАЙМЕН БIРГЕ...
Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанның туған күнi 24 желтоқсан. Жер басып жүргенде биыл 80-ге толар едi. Өмiрден ертерек озды. Дегенмен артында мол мұра қалдырды. Қазақтың ұлттық драматургиясын дамытып, әлемдiк деңгейге көтерiп кеттi.
Бiз осы газеттiң қызметкерлерi Дидахмет Әшiмханұлы, Айнаш Сатаева, Көлбай Адырбекұлы “Түркiстанның” 47-48 сандарында Қалтай аға туралы естелiктер жариялағанбыз. Ағаның адами қасиеттерi әңгiмемiзге арқау болды. Ал бүгiнгi әңгiменi Қалекеңнiң ұзақ жылдары бойы бiрге жүрген, тұз-дәмдес болған қаламгер досы Әбiлмәжiн Жұмабай мен өмiрлiк жары Фарида Бекжанқызы және мен жалғастырып отырмыз. Әңгiме желiсiне Қалекеңнiң тағдыр-талайы, шығармашылығының қызығы мен қиыншылығы, өзiндiк болмысы, өмiрiнiң соңғы сәттерi қамтылды.
Көлбай Адырбекұлы:
— Қалтай аға көп қырлы, бiр сырлы жан едi. Сiздер бiрiңiз жан-жары, бiрiңiз етене жақын досы болдыңыздар. Сондықтан да басқаларға қарағанда сырын жақсы бiлесiздер. Қалтай ағамен қашан және қандай жағдайда таныстыңыздар? Әңгiменi осыдан бастасақ.
Әбiлмәжiн Жұмабай:
— 1946 жылдың қысы болатын. Марқұм Әбiраш Жәмiшев екеуiмiз ҚазМУ-дiң Журналистика факультетiнде оқимыз. Туған жерiмiз Қызылорда облысының Тереңөзек ауданы. Қызыл ту және Қызыл жалау деп аталатын колхоздар бар едi. Бұл колхоздардың басқалардан ерекшелiгi тек қожалар қоныстанған. Әбiраш Қызыл жалаудан. Қысқы демалыста сол үйiне шақырды. Қалтаймен сонда таныстым. Мұрынды келген көрiктi жiгiт екен. Қызылордадағы пединституттың студентi. Кешкi тамақтан соң екеуiмiз сыртқа шықтық. Әлi есiмде. Май тоңғысыз жылы түн. Бетiн берi бұрған толған Ай толысып тұр. Кiлегей бұлттан өткен сәулесi жым-жырт төңiректi аппақ нұрға бөлеген. Екеуiмiз әдебиет жайында ұзақ сөйлестiк. Лев Толстойдың “Соғыс және бейбiтшiлiк” романын талдадық. Қалтайдың зеректiгiн сонда байқадым. Демалыстан соң ол Қызылордаға, бiз Алматыға аттандық.
Фарида Бекжанқызы:
— 1955 жылдың жазы едi. Ақын Жұмағали Сайн туған нағашым. Үйi Мәдениет министрлiгiнiң төменгi жағында. Мен сол кiсiнiң қолында өстiм, Мединститутта оқимын.
Министрдiң көмекшiсi Асылғазы деген кiсiнiң туған атасы тұрған үймен ауламыз бiр. Сол кiсi “Ауру тiстер” деген спектакльге екi билет әкеп бердi. Драма театр күрделi жөндеуде тұрғандықтан спектакль Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратыда қойылатын болыпты. Жеңгем Катяны ертiп бардым. Орынымыз алдыңғы қатардан екен. Жанымызға екi жiгiт жайғасты. Бiзге ауық-ауық қарап, өзара сөйлесiп қояды. Шашымның ұшы тобығыма жететiн. Жұрт жалғама шаш екен деп сене бермеушi едi. Әлгi жiгiттердiң бiрi дауыстаңқырап: “Мына шашқа оралып өлген жiгiттiң арманы жоқ шығар”, — дедi. Катяның да құлағы шалып қалса керек маған жалт қарады. “Что он сказал?”. Мен аса мән бермедiм. “Ой ладно, потом тебе переведу”. — Қолымды жәй сiлтей салдым. Асылғазы да жұбайымен бiзден алыстау отырған. Үзiлiсте қасымызға келiп, жаңағы сөздi айтқан жiгiттi таныстырды. “Ауру тiстi” аударған Қалтай Мұхамеджанов. Мәскеудегi Театр тану институтын бiтiрген. Қазiр бiздiң министрлiк коллегиясының репертуарлар бөлiмiн басқарады”. Институтқа алып баратын автобусқа 8-Март пен Гоголь көшелерiнiң қиылысындағы аялдамадан мiнетiнмiн. Қалтай сол жерде маған кездейсоқ кездесетiн болып алды. Демалыс күндерi саябақта қыдырдық. Ол бiрте-бiрге маған ұнады. Көп кешiкпей үйлендiк. 1956 жылдың мамырында ұлымыз Алтай өмiрге келдi.
Әбiлмәжiн Жұмабай:
— Қалтайдың әкесi Мұхамеджан деген кiсi. Оны бүкiл Сыр бойы Қарамолда деп атайтын. Бұл түр-басына қарап қойылған жанама ат емес. Халық ұғымында үлкен молда, бас молда дегеннен шыққан. Дiни сауаты өте күштi болса керек. Араб, парсы тiлдерiн жетiк меңгерген. Өткен, ғасырдың басында Қызылордадан Айтбай мешiтi ашылады. Соған имам болу үшiн 74 молда конкурсқа түсiптi. Араларынан Қарамолда үздiк шығады. Сол мешiттiң имамы атанған. Кезiнде Ыстамбұл мен Тәшкеннiң дiни семинарияларында дәрiс берiптi дегендi де еститiнбiз. Бiздiң әкелерiмiз ол кiсi үйге келгенде орнынан ұшып тұрып, қос қолдарын кеуделерiне ұстап иiлiп тұратын. Имам төрге озып, жайғасқан соң қос қолдарын созып сәлем беретiн едi.
Ел iшiнде мынандай бiр әңгiме бар. Қарамолданың дiни оқуды бiтiрiп, елге келген кезi екен. Оның бiлiм-бiлiктiлiгiне жұрт тәнтi болып жүрiптi. Бiр жолы қатарластары мен құрдастары қажаса керек. “Қарамолда, сенi жұрт кез келген нәрсенi оқып басқа кейiпке айналдырып жiбередi деп естимiз. Сондай қасиетiңдi бiзге де көрсетшi”. Қарамолда құлақ аспайды. “Әй, сендер оны қайтесiңдер?” Тағы бiр отырыста әлгiлер қолқа салып қоймайды. Ол амал жоқ көнедi. “Ендеше қорықпай отырыңдар”. — Көзiн жұмып күбiрлеп, дастарханға қарай “сүф” дейдi. Сонда дастархандағы құрт, қант, iрiмшiк бiрден құрбақаларға айналып, аналардың үстiне секiрген. Құрдастары шошып кетiп, тұра қашқан. Қарамолда күбiрлеп қайта “сүф” дегенде бәрi ас мәзiрлерiне айналады. Содан кейiн достары ондай қолқа салмайтын болыпты.
Қарамолда өлең де жазыпты. Төрт аяғы тең жорға шумақтары жұрт көңiлiнен шыққан. Зейнетхан деген жақын iнiсi колхоз басқармасының төрағасы екен. Сол қалың дәптерге жазылған өлеңдерiн Қарамолда “халық жауы” атанып, ұсталып кеткенше сақтаған көрiнедi. Қалтай айтатын: “Тоғыз жасар бола кезiм. Бiрде бiздiң үйдiң алдына ат жеккен арба келiп тоқтады. Үстiнде бiр татар мен екi орыс бар. Үшеуi де қарулы. Әкеммен сөйлестi. Әкемнiң өңi қашып кеттi. “Әй, қарақтарым, алыс жолдан шаршап келдiңдер ғой. Үйге кiрiп, шәй iшiп, аздап болса да демдерiңдi алыңдар. Мен бала-шағаммен қоштасайын”. Бөгде адамдар үйге кiрдi. Шешем самаурынға су құйып, iшiне қолында бар тауықтың азын-аулақ жұмыртқасын салып қайнатты. Ашаршылықтан кейiнгi уақыт қой. Халықта мал жоқ. Тек тауық қана бар. Жұрт соның жұмыртқасын ғана талғажау етедi. Әкем шәй үстiнде сол азғантай жұмыртқаның қабығын аршып, жетеуiмiзге бөлiп бердi. “Ал балаларым, жеңдер. Мен қазiр мына кiсiлермен қалаға кетемiн. Сонда жұмысым бар”. Әкем сол кеткеннен мол кеттi. Бiз оны әне келедi, мiне келедi деп көп күттiк. Шыдамымыз таусылған кезде шешем Қызылордаға iздеп барды. Сырдың суы арнасына толып ағатын кез. Паром деген атымен жоқ. Шешем Сырдың Қубас деген жерiнен бiр қайықшыға ұшырасады. Қайықшы оның жүнжiген түрiн көрiп аяпты. “Сен байғұс күйеуiңдi iздеп жүрсiң ғой шамасы. Ендi оны iздемей-ақ қой. НКВД-ның жаналғыштары үш адамды мына менiң қайығыммен дарияның арғы бетiне шығарып, Қоқан қашқан құмында атып тастаған. Мұны мен айтты деп тiрi жанға айтпа”. — Қайықшы жөнiне кете барады. Кейiндеу жанашыр бiреу шешеме әкемдi әлгiлердiң Қызылордаға алып барғанын, түрмеде бос орын болмай үш “халық жауы” дегендердiң сыймай қалғанын, үштiктiң бастығы аналарға үшеуiн атып тастаңдар деген бұйрық бергенiн жеткiздi. Әкемiз өмiрден өткен соң жағдайымыз тым төмендеп кеттi. Күн көрiстiң қамымен еңбекке ерте араластық. Төрт бауырым аурудан бақилық болып, шешiмнiң жанында үшеумiз қалдық”. — Қалтай осылай деген едi.
Ол тағы бiрде мынаны айтты. “Қыркүйек келiп, мектепке бардым. Алғашқы сабақта-ақ қасымда отырған бала қолын көтерiп: “Ағай, мен “халық жауының” баласымен отырғым келмейдi. Менi басқа баламен бiрге отырғызыңыз”, — дедi. Сабақтан соң еңiреп жылап үйге келдiм. Шешем бiздi киiндiрiп, дарияның арғы бетiндегi Көкжиде ауылындағы табындардың iшiндегi төркiнiне қоныс аударды. Бiз сол жерде ер жеттiк”.
Ағасының есiмi Әбиболла, өзiнiкi Қалиолла, iнiсi Ибрагим. Ата-анасының әу баста азан шақырып қойған аттары. “Олла” сөзi дiнге жақындықты бiлдiредi деген қорқынышпен шешесi үлкенiн Әби, кiшiсiн Қалтай атапты. Әйелдердiң аузы дуалы ғой. Оларды жұрт солай атап кеттi.
Фарида Бекжанқызы:
— Қалтай бала кезiнде мал бағып жүрiп көп кiтап оқыған. Жеңгесiнiң айтуына қарағанда қарыны аш жүрсе де қолынан кiтап түспейдi екен. Қызылорда пединститутындағы оқытушылар оның оқыған кiтаптарынан бейхабар болып шығады. Ұстаздарына қөңiлi толмай бiр жылдан соң Тәшкендегi Орта Азия университетiнiң Шығыс тану факультетiне барған. Аяқ киiмнiң тапшы кезi ғой. Табаны салпылдаған бәтiңкенi сыммен байлап, iлдалап жүрсе керек. “Бiр күнi аяқтарыма қарасам бәшпәйларымның арасынан шөп шығып кетiптi”, — деп күлдiрушi едi жарықтық. Бiрақ студенттердiң қажеттi саны жиналып қалуына байланысты оны қабылдамайды. Сонда жаңадан ашылған Театр тану институтына түседi. Институтта Мәскеуден уақытшы келген атақты ғалымдар Михаил Михайлович Морозов пен Павел Санович Марков дәрiс оқиды. Қалтай сонда комсомол қатарына өтiп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан. Бiрiншi курсты бiтiрейiн деп жатқанда үстiнен арыз түседi. “Қалтай Мұхамеджановтың әкесi “халық жауы”. Қызылордада атылған. Оның Советтiк жоғары оқу орнында оқуға құқығы жоқ”. Комсомол комитетiндегi хатшы жiгiт: “Қалтай, iс насырға шаппай тұрғанда институттан құжаттарыңды алып кеткенiң жөн болар”, — дейдi. Ешкiмнен қолдау таппайтынын сезген ол бар жайды ұстазы Марковке айтқан. “Қалтай, бiз екi аптадан соң Мәскеуге ораламыз. Сондағы ГИТИС қайта шақырып жатыр. Сен де менiң артымнан жет. Сенен тамаша театр танушы не драматург шығады. Сол “ГИТИС”-ке оқуға қабылдатқызамын. Бiрақ Мәскеуге баратыныңды тiсiңнен шығарма”. — Марковтың сол жанашырлығы оның тағдырына үлкен себепшi болды.
Көлбай Адырбекұлы:
— Қалтай аға Мәскеуге қалай барғанын бiзге қызықты әңгiме етiп айтып берген едi. “Жолаушыларға арналған вагондардың билетi қымбат. Аз жүрiп, көп тоқтайтын жүк тасуға арналған поездың жайдақ вагонына мiндiм. Жалғыз емеспiн. Ана бекет, мына бекеттен түсiп қалатындар баршылық. Ол кезде бүгiнгiдей локомотив қайда. Үстi ашық вагондарды түтiнi шұбатыла будақтаған паровоздар тартады. Бiрнеше күн жол жүрiп Мәскеуге жеттiм-ау әйтеуiр. Вокзалда айна барын қайдан бiлейiн. Сол бойда Марковтың мiн деген автобусына мiндiм. Iшiндегiлер маған жирене қарап, ысырылып тұрды. Марковтың түс деген жерiнен түстiм. “Пәтерiм биiк үйдiң жетiншi қабатында” — деген. Үйдiң сыртқы есiгiнен iшiне кiрдiм. Менiмен бiрге енгендер маған шошына қарайды, да қашқақтап есiгi ашылған жәшiкке кiрiп кетедi. Жәшiктiң есiгi қайта жабылысымен жоғары қарай гулеп ала жөнеледi. Сәлден соң әлгi шәшiк гулеп қайта төмен түседi. Iшiнен бiрнеше адам шығады. “Бұл не өзi?” — Ойланып бiраз тұрдым. Қапталында айналма баспалдақ бар екен. Сонымен жетiншi қабатқа көтерiлгенiмше жаңағы жәшiк бiрнеше рет жоғары көтерiлiп, төмен түстi. Үш есiктiң оң жақтағысында “Профессор П.С.Марков” деген алақандай тақтайшасы бар екен. Есiктi қолыммен қақтым. Ешкiм аша қоймады. Iшiнен бiреу шығып, маған едiрейе бiр қарады да, қарсы беттегi есiкке барып, түймедей затты басты. Қоңыраудың сыңғыр еткен үнi естiлдi. Есiк ашылып анау iшке кiрiп кеттi. Алдымдағы есiктiң жақтауында дәл сондай түйме бар екен. Маған сонда ғана жәшiк пен түйменiң сыры түсiнiктi болды. Сол түйменi ұзағырақ басып қалсам керек, iштегi қоңыраудың үнi қаттырақ шықты. Арғы жағынан әйел дауысы естiлдi. Есiк ашылғанда ет-жеңдi әйелдi көрдiм. Екi көзi шарасынан шығып кете жаздады. “Павел…” — деп дауыстады да еденге сылқ ете қалды. Арғы жақтағы бөлмеден: “Галина,не болды?” — деп ұстазым жүгiре шықты. Есiк сыртында состиып тұрған маған бiр, құлап жатқан әйлiне бiр қарады да қапталдағы есiктен кiрiп кетiп, лезде қайта шықты. Қолындағы шыны құтыдан әйелiнiң бетiне су бүрiктi. Әйелi ыңырсып, есiн жидi. Әлсiз қолымен менi көрсетiп: “Павел, мынауың кiм едi?” — дедi зорға сөйлеп. “Галина, бұл менiң Қалтайым ғой, — деп қолтығынан демеп тұрғызды. Маған. — Қалтай iшке кiр”, — дедi. Әйелi жүрегiн ұстап, күбiрлей сөйлеп, бөлмелердiң бiрiне қарай беттедi. Ұстазым да iргедегi есiктi ашып, iшiне ендi. Судың сарылдағанын естiдiм. Әлден соң менi шақырды. Барсам ұзын кең астау сияқтыға су толтырып қойыпты. “Қалтай, мына ваннаға жуынып ал. Шыққан соң үстiңе мыналарды киерсiң”, — деп бiрсыпыра iшкi, сыртқы киiмдер бердi де кетiп қалды. Арт жағымда үлкендеу айна бар екен. Көзiм түсiп кетiп едi, өзiмдi өзiм танымай қалдым. Екi көзiм мен тiстерiм ғана жылтырап тұр. Бетiм көмiр қара. Паровоздың түтiнiнен әбден ысталыпты. Жуынып, өзiмнiң кiрден арылғанымды қайтейiн, әппақ астаудың iшiндегi су қап-қара болды. Соны не iстерiмдi бiлмей тұрғанымда ұстазым келдi. “Қалтай, ана шынжырды тарт”, — дедi. Тартып қалып едiм қара судың iшiнен сопаң етiп баланың жұдырығындай тығын шыға келдi. Сол-ақ екен астаудағы қара су да төмендей бердi. Адам кейпiне келген маған әйелi жымия қарап, шәйға шақырды.
Фарида Бекжанқызы:
— Қалтай бала кезiнен еңбекпен өскен жан. Қайда жүрсе де, қайда оқыса да өзiн-өзi қамтамасыз еткен. Мәскеуде оқып жүргенде жатақханасына жақын маңда дүкен бар екен. Соған келген көмiрдi көлiктен Қалтай күрекпен түсiрiп жүрген. Тапқан еңбекақысын тамағына, оны-мұны киiмiне, “Букинистен” сирек кездесетiн кiтаптар сатып алады. Кейiндеу қорабындағы жүктi өзi-ақ төңкерiп төге салатын көлiктер шыққан ғой. Дүкенге көмiрдi солар әкелетiн болған. Қалтайдың қажетi болмай қалады. Басқа жерден жұмыс iздеуiне тура келедi. Содан бастап ол төңкермесi бар машиналарды жек көрiп кеткен.
Көлбай Адырбекұлы:
— Әдебиетiмiздiң алыптары — Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсiрепов, Сәбит Мұқанов драматургия жанрын қалыптастарды. Ал оны әрi қарай дамытқандардың бiрi Қалтай Мұхамеджан. Әңгiме арасында айтушы едi. “Менiң барлық драмаларым сахнаға күреспен шықты”. Қалекеңнiң осы бiр сөзiнiң арғы жағынан талай рет жүйкесiн тоздырған қиыншылықтарды сезетiнбiз. Сiздер “Жат елде”, “Бөлтiрiк бөрiк астында”, “Көктөбедегi кездесу” т.б. драмалық шығармаларының үлкен сахнаға қалай жолдама алғандарын жақсы бiлесiздер. Яғни куәсi болдыңыздар.
Әбiлмәжiн Жұмабай:
— Әңгiменi оның “Жат елде” драмасынан бастайық. Оқиға 1950 жылдардың аяқ шенiнде Мюнхенде өтедi. Басты рольдердiң бiрi Асан. Құдай оған туа бiттi ақындық талант берген. Драманы мәскеулiк режиссер сахналады. Спектакльдiң алғашқы қойылымына КГБ-ден төрт адам келiп қатысты. Зал толып отыр. Асанның ролiнде жас актер Асанәлi Әшiмов ойнады. Сол Асанның: “Сөздiң тазасы мынау. Сендер менен мықты емессiңдер. Халық, Отан деген ең алдымен ақын адамға керек. Халқысыз ақын — қанатсыз қыран. Түркiстан азат етiлгенше аттап баспаймын…”— деп бастап айтатын сөздерi бар. Тыңдағанда сай-сүйегiң сырқырайды, жаның түршiгедi. Асанның елге, жерге деген сағыныш зары ешкiмдi де бей-жай қалдырмайды. Ертеңiне-ақ әлгiлер жоғары басшылыққа мәселенi төтесiнен қояды. “Автор Отанын сатқан адамның аузына неге жақсы сөз салады? Бұл драманы сахнадан алып тастау керек! Авторға қатаң шара қолданылсын”. Спектакльдi жақтаушылар да болды. Айтыс-тартыс бiраз уақытқа созылды. Осы пьесаға байланысты олар Қалтайды қаматып жiберуi де мүмкiн едi. Никита Хрущевтiң жылымығы қорған болды. Соны арқаланған орыс басылымдары “Жат елдеге” театр сарапшыларының әдiл бағасын жариялап жiбердi. Ал Асанның образын жасаған Асанәлiнiң аты бiрден шарықтап кеттi. Сол драмасынан кейiн Қалтай ұдайы КГБ-ның бақылауында жүрдi. Олар Қалтайға еш сенбедi. Оның үстiне әкесiнiң “халық жауы” деген аты олардың тiркеуiнде тұрған.
Көлбай Адырбекұлы:
— “Бөлтiрiк бөрiк астынданы” көрермендер өте жылы қабылдады. Тiптi мен туып-өскен “Жүзiмдiк” бөлiмшесiнiң өнерпаздары сахналағаны да есiмде. Ал Алматыда билеттер бiр ай бұрын сатылып кеткеннен хабарымыз бар. Халықтың ыстық ықыласына бөленген комедиялық драма нелiктен жоғарыдағы кейбiр басшыларға ұнамады?
Әбiлмәжiн Жұмабай:
— Бұл комедиялық драма елуiншi жылдардың соңғы кездерiндегi студенттер өмiрiнен алынған. Қалтай таза шындықты көз алдыңа күлкiмен әкеледi. Драма оқиғасы Сапар мен Жәмила арасындағы махаббаттан өрбидi. Сол кезде стиляга дегендер шықты. Киiмдi тылтитып киiп, қисалаңдап билейдi. Көп бiлетiн адамдай маңғазданып, екi сөзiнiң бiрiн орысша айтып, аса бiр мәдениеттi жандай көрiнгiсi келедi. Қалтай сол кезде қоғамдық өмiрдегi жастардың арасын дендеп алған екiжүздiлiктi, алаяқтықты, қушыкештiктi, өз тiлiн өзi сыйламаушылықты, менсiнбеушiлiктi көрермендерге күлкiмен жеткiздi. Иә, бұл спектакльге ай бұрын билет табу мүмкiн емес едi. Алматының айналасындағы Ұзынағаштан, Талғардан, Қаскелеңнен жұрт автобус-автобуспен келiп көрiп жататын. Спектакльдi қоюшы режиссер Әзiрбайжан Мәмбетов пен рольдердi ойнағандардың бәрi де Мәскеудiң ГИТИС-iн бiтiрiп келген өрiмдей жастар. Музыкасын жазған Ғазиза Жұбанова да жас. Спектакльдi көрген жұрт күлкiге қарық болды да қалды. Сондай күндердiң бiрiнде атақты әртiс Шәкен Аймановтың спектакльдi қатты сынаған мақаласы “Қазақ әдебиетi” газетiне шыға келмесi бар ма. Мұны ешкiм де күтпеп едi. Төбемiзден жәй түскендей әсер еттi. Пендешiлiкке не дауа. Қалтаймен бiрге ГИТИС-те оқыған Қажығұмар Қуандықов деген театр сыншысы бар едi. Iшiне түскен қызғаныштың қызыл итi ұйқысын қашырған ғой. Сол Шәкен Аймановтың атынан әлгi сын мақаланы жазып, ебiн тауып қолын қойдырған. Артынша бiр қудың: “Драмадан iн қазған бөлтiрiктi, Айманов ұстап алып өлтiрiптi”, — деген ұйқас сөзi жұртқа тарап кеттi. Бiрақ бұл орынсыз сын едi. Қуандықов Аймановтың қолымен от көсегенмен “Бөлтiрiк бөрiк астындағының” көрермендерi ағынына тосқауыл бола алмады. Қайта келiп көрушiлер тасқыны бұрынғыдан гөрi арта түстi. Қуандықовтың қызғанышы Аймановты ыңғайсыз жағдайға қалдырды.
“Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң”. 1957 жылы Қазақстан Журналистер одағы құрылды. Одақтың алғашқы сьезiнде Қазақстан Компартиясы ОК идеология жөнiндегi хатшысы Нұрымбек Жандилдин сөз сөйледi. Аласа бойлы, кеспелтек келген кiсi едi. “Егер пьесаның авторы жас жiгiт болмаса, қоюшы режиссерi мен әртiстерi кiлең жастар болмаса, орыс тiлiн мазақ етiп, ұлы халықпен достығымызға қаяу салғаны үшiн, ұлтшылдық бағыттағы сарыны үшiн, бiздiң бұл қойылымды мүлдем жауып тастауымыз хақ едi. Бiрақ бәрi жастар болған соң әзiрге кеңшiлiк жасап отырмыз”. Мұның арты жақсылыққа апармайтыны ләзiм. Қалтайдың да маңдайынан сипай қоймасына анық көзiмiз жеттi. “Лениншил жас” газетiнiң сол кездегi редакторы Әбдiсаттар Бөлдекбаев менiң досым едi. Соған телефон шалдым. “Әбдiсаттар, кешегi Жандилдиннiң сөзiнен кейiн “Бөлтiрiк бөрiк астындағы” спектакльдiң ендiгi жағдайы қалай болатынын байқадың ғой. Қорғамасақ тамаша драмадан айырылып қалайын деп тұрмыз. Сен көрермендер конференциясын ұйымдастырып, газетке жарияласайшы”. Ол келiстi. Жексенбi күнi түсте пьеса театр сахнасына кезектен тыс қойылып, оған облыс көлемiндегi iрi елдi-мекендерден арнайы шақыртылды. Конференцияда сөйлеушiлер драманың халықтар достығына еш нұқсан келтiрмейтiнiн, қайта қоғамдағы жастардың оғаш iстерiн күлкiмен әшкерелейтiнiн ашып айтты. Газетке солай жарияланды.
Алматы қалалық Комитетiнiң төрағасы Әдiл Ахметов өнерге жанашыр жан екен. Сол кiсi академик-жазушы Мұхтар Әуезовке телефон соғады. “Мұха, жас драматург Қалтай Мұхамеджановтың “Бөлтiрiк бөрiк астында” комедиясы бiраздан берi театрда жүрiп жатыр едi. ОК-тегi Жандилдин оны басқаша түсiнiптi. Бүгiн кешке сол пьесаны сiз екеуiмiз бiрге барып көрсек. Сiздiң пiкiрiнiз қажет болып тұр”.
Мұқаңның Мәскеуден елге бiржолата оралған кезi. “Абай жолы” эпопеясына халықаралық Лениндiк сыйлық алып, атағы аспандап тұрған. “Қараш-қараш” повесi, “Социалистiк Қазақстан” газетiнiң алты санына қатар жарияланды. Мұқаңның сөзi сөз, айтқаны айтқан. Сол күнi олар театрда қалың көрермендердiң ортасында отырып, спектакльдi тамашалайды. Мұқаң қойылымнан көңiлдi шығады. Көп кешiкпей “Лениншiл жас” газетiне “Бұл күлкiге дән ризамыз” деген мақаласы жарық көрдi. Бұл драмаға берген батасы iспеттi болды. Ана Жандилдиннiң сөзi далада қалды.
Көлбай Адырбекұлы:
— Қалтай аға Әуезовпен Мәскеуде танысқан деген сөздi естушi едiк.
Әбiлмәжiн Жұмабай:
— Иә, олар сонда танысқан. Қалтай институттың соңғы курсында дипломдық жұмысты Мұхтар Әуезовтың драматургиясынан алады. Мұхаңның Мәскеуде екенiн есiтiп, МГУ-дiң Шығыс тану факультетiне iздеп барып, шаруасын айтқан. Сонда Мұқаң: “Шырағым Қалтай, диплом жұмысыңа менiң драматургиямды алғаныңа қуаныштымын. Бiрақ қазiр менiң басыма бұлт үйрiлiп тұр. Қазақстаннан осында бас сауғалап келдiм. Сен әзiр менiң қасымнан көрiнбей-ақ қой. Заман бұлай бiзге қырын қарап тұра бермес. Әлi-ақ өзгерер. Елге де оралармыз. Жаратқан сонда кездесуге жазсын”, — деген екен.
Қалтай ұлттық сахнаға күлкiнi алып келдi. Анау “Құдағи келiптi”, “Өзiме де сол керек”, “Қуырдақ дайын” драмаларындағы күлкiлер бiрiнен бiрi өтедi. Соғыстан соң езiлген елдiң еңсесiн Қалтай күлкiмен көтердi.
Көлбай Адырбекұлы:
— Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов “Көктөбедегi кездесудiң” оқиғасын 1972 жылы қаңтарда Қалтай ағаға айтып берген екен. “Мынауың дайын повест қой, қашан жазасың?” — дейдi Қалекең. Ол Мәскеудегi “Современник” театрының директоры Олег Табаков пен бас режиссерi Галина Волчектiң оны драма түрiнде жазып беруiн өтiнгенiн айта келiп: “Қалтай, мен драмаға жазуға жоқпын. Осыны сен қолыңа алсаң қайтедi”, — деп қолқа салған. Қалекең со драманы он бiр күнде жазып шығады да Фрунзедегi (қазiргi Бiшкек) Шыңғыстың қолына ұстатып, өзi Ыстық көлге демалуға кетедi. Екi күннен соң Тахауи Ахтанов та жетедi. “Сен, Шыңғыс екеуiң пьеса жазыпсыңдар ғой. Жолай соғып едiм мақтап отыр”. Сонда ғана Қалағамның күмәнi сейiлiп, жүрегi орнына түсiптi. Қайтарда Шыңғысқа соғады. “Қалтай, пьесаны мен ойлағаннан да асырып жазыпсың. Қазiр орысшаға аударып жатырмын”.
Олар “Көктөбедегi кездесудiң” орысша нұсқасын тамыз айында “Современникке” тапсырып, спектакль қашан СССР Мәдениет министрлiгi, Москва қалалық мәдениет басқармасының талап-талғамынан шыққанша үш ай жүрiп, бiрнеше түзетулер енгiзедi. Соңғы алты сағаттық талдаудан қажып шыққан Шыңғыс: “Ендi пьеса деген итiңдi желкемнiң шұқыры көрмесiн. Сен осы уақытқа дейiн қалай күн көрiп жүрсiң? Онан да повесiмдi жазғанымда мына көкпарыңа душар болмайтын едiм” — деп ренiш бiлдiрген. Сонда Қалекең: “Шықа, мұндайға менiң етiм өлiп кеткен. Көрген бiрiншi құқайым бұл емес” — дептi. Қысқасы сол жылдың 4 желтоқсанында “Современикте” премьерасы болады. Жазушылар Константин Симонов, Роман Кармен орталық басылымдардан мақтап пiкiрлер жариялайды. СССР Мәдениет министрлiгi тарапынан бұл пьеса “Современиктен” басқа театрларда қойылмасын деген астыртын нұсқау берiлген. Бiрақ Балтық жағалауындағы Рига, Вильнюс, Таллин театрлары iле қойып үлгiредi. Басқа театрларға рұхсат етiлмейдi. Бiр жылдан соң Вашингтонның “Арена стенш”, Лондонның “Ханстед” театрлары сахналаған. Америкада жеке кiтап болып шығады. Көп ұзамай сол кiтап немiс, испан, хиндi тiлдерiне аударылған. Спектакль Будапешт, Пловдив, Стокгольм, Ыстамбұл, Хельсинки, Токио, Бомбей жалпы әлемнiң 19 қаласындағы театрларда қойылған. Ал қазақ драма театры үш жылдан соң көрермендер назарына ұсынды. Демек Қалтай аға осы “Көктөбедегi кездесу” арқылы ұлттық драманы әлемдiк деңгейге көтерген. Иә, бұл үлкен қуаныш. Бiрақ осы драмасы үшiн Қалекеңе Мемлекеттiк сыйлық берiлмей қалды? Үкiмет тарапынан оның шығармасына қиянат болған жоқ па?
Фарида Бекжанқызы:
— Шыңғыстың көптеген повестерiн Қалтай драмалаған. Анау “Ана-Жер-Анасы” қандай болып шықты! “Көктөбедегi кездесу” драмасын жазарда екеуi геройлардың басын бiрiктiрiп, төрелiгiн айтатын жанды таппай бiраз қиналды. Солай жүргенде үйге Шыңғыстың үлкен ұлы Санжарды ертiп, қайын апасы Айша келдi. Ол кiсi көп жыл мұғалiм болған. Мен салған жерден Қалтайға: “Сендердiң iздеп таппай жүргендерiң осы Айша апай ғой”, — дедiм. Қалтай жерден жетi қоян ұстағандай қуанды. Шыңғысқа телефонмен айтып едi ол да төбесi көкке жеткендей қуанған.
Өзiнiң төл туындылары ше. Барлық облыс театрлары қойды ғой. Оның қай пьесасы да бiрден сахналанған жоқ. Үлкен айтыс-тартыспен барып көрермендерге ұсынылды. Оның спектаклiн қоюшы режисерлар мен басты рольдерде ойнаған актерлар үлкен сыйлықтар алып жатқанда, Қалтайды бәрiнен де құр қалдыратын. Қалтай iшкi жан дүние күйзелiсiн сырт көзге сездiре бермейтiн едi. Кездескен жандарға жайдары мiнез танытатын, күлкiсiне бөктiрiп кететiн. Үйге келiп, есiктен енгеннен-ақ, салыңқы қабағынан бiр жайсыз жағдайдың болғанын iшiм сезетiн. Оны тек Қонаев пен Назарбаев қана жоғары бағалай бiлдi. Қонаев оған “Қазақстанның халық жазушысы” атағын алып бердi, Назарбаев “Парасат” орденiмен марапаттады.
Әбiлмәжiн Жұмабай:
— Шыңғыс Айтматовтың менде өзi жазған қолтаңбасы бар. “Көктөбедегi кездесудi” жазған Қалтай. Мен оны орысшаға аудардым. Менiң еңбегiм сол ғана болды. Ал афишадағы фамилиямның Қалтайдан жоғары тұрғаны Лениндiк сыйлық алғаныма байланысты. Басқадай артықшылығым жоқ”. Екеуiнiң достығы керемет едi. Қалтай оның бiраз повестерiн де тамаша аударды. Қалтайдың сол пьесасын кезiнде бiздiң Мәдениет министрлiгi Мемлекеттiк сыйлыққа ұсынған. Тахауи Ахтанов, Әбдiжәмiл Нұрпейiсов, Әбiш Кекiлбаев қолдап, мерзiмдiк басылымдарға жақсы пiкiрлерiн жазды. Ал лауреат бола алмай қалғаны күдiкшiлiктен. КГБ қызметкерлерi астыртын ОК-пен байланыс жасап отырған ғой. Сол КГБ-ның күдiкшiлдiгi Қалтайға түбi сендiрген жоқ. “Слишком свободный, слишком демократ”. Алдымда өрiм бар, қырым бар демейдi. Еркiн әрi батыл жазды. Қалтай өзiнiң уақытындағы қалыпқа сыймай жүрдi. Сондықтан да Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты бола алмады. Қазақ оны депутат ете алмады. Қазақ оған Мемлекеттiк сыйлықты алып бере алмады. Алайда Қалтай ешкiмге сыр бермейтiн. Он жизнелюб. Мен бiлетiн Қалтайдың қажығанын көрген емеспiн.
Көлбай Адырбекұлы:
— Қалтай ағаның алдына қойған мақсаты көп едi. Шығыстың жауһары “Мың бiр түндi” аударды. Ендi Шыңғыс хан туралы жазсам ба деп жүргенiн естiгенбiз.
Әбiлмәжiн Жұмабай:
— Ол көп уақытын Шыңғыс хан туралы жазуға жұмсады. Сол туралы жазылған қаншама кiтаптарды ақтарды. Жазуға дайындығы өте күштi едi. Екi нұсқасының сұлбасын түсiрдiм дегенiн естiгенмiн. “Жақсы ат аяғынан қалады” емес пе. Қалтайдың да аяғы мертiгiп, денсаулығы болмады. Ал Қожа Ахмет Яссауи туралы пьесаның либреттасын жазғанын өз көзiммен көрдiм. Бiрақ соны кейiн таппай қойды. Кiмге оқуға бергенi есiнде жоқ.
Көлбай Адырбекұлы:
— Әбеке, сiз айтпақшы Қалекең батыл жазатын. Бiр жолы: “Қалеке, сiз осыдан бiраз жыл бұрын атақты жазушылардың о дүниеге барғанын, сондағы қаракеттерiн жазған екенсiз. Басқа жазушылар қорқақтап бара бермейтiн тақырыпқа сiз қалай жүрексiнбей қалам тарттыңыз?” — деп сұрадым. Сонда ол: “Мен өлiмнен қорықпаймын. Өйткенi ақихаттан ешкiм де қашып құтыла алмайды”, — деп әрi қарай терең ойларын сабақтаған едi. Сонда айтқандарын жазып алатын диктафоным болмады. Бәлкiм Қалекеңнiң сол жазған дүниесiнен сiз хабардар шығарсыз.
Әбiлмәжiн Жұмабай:
— Өткен ғасырдың алпысыншы, жетпiсiншi жылдары Алматыда екi жазушының екi дүниесi жұрттың аузынан түспейтiн. Бiреуi Жақан Сыздықовтың Абайға елiктеп “Жаздың күнi шiлде болғанда” деген арнау өлеңi. Екiншiсi Қалтай Мұхамеджанның “Жазушылар одағының президиумы о дүниеде” деген күлдiргi әңгiмесi.
Жақан сол өлеңiнде атақты жазушыларға мiнездеме бере отырып қатты сынаған.
“Жаздыгүнi шiлде болғанда,
Тобылғы түстi торы сыраны.
Толғап бiр тартып тұрғанда
Тоңқалаң асты Тахауи
Мәңгi бастық кiм тұрмақ.
Сейфуллиннен мұрт ұрлап,
Қуандық жүр жыртыңдап,
Нығымет шықты Жамалға
Майға бөгiп шылқылдап, — деп кете бередi.
Ал Қалтайдың жазғанын оқығанда күлкiден езуiмiздi жия алмадық. Әңгiмесiнiң қалай басталып, қалай аяқталатыны қазiр есiмде жоқ. Сондағы айтқандары Ғабит Мүсiреповтiң құлағына да жетiптi. Қалтайдың өзi айтады. “Бiр күнi одаққа барсам есiк алдында Ғабит тұр екен. Сәлем бердiм. “Әй, Қалтай, мұнда жүр”,-деп қолымнан ұстап екiншi қабаттағы кабинетiне ертiп барды. Орындығына жайғасқан соң: “Әй, Қалтай, сен анау жұрт айтып жүрген әңгiмеңде мен туралы не деп жаздың? Басқаларда жұмысым жоқ. Қане айт!” —дейдi. Қалтай айтып бередi. Ғабеңнiң өңi лезде өзгерiп, оған шошына қарайды да: “Апырмай, сенi дарға тартқызу керек екен. Бiрақ қыл мойыныңнан емес, ащы тiлiңнен шәнекке iлiп қою керек”, — деген. Мен Қалтайға: “Ал сен оған қалай айтып едiң?” — деп сұрағанымда: “Сен оны қайтесiң?” —деп қоя салды. Қалтайдың сол әңгiмесi де iзiм-қайым жоғалып кеткен. Естуiмiзше Үш әрiптiң қолында секiлдi.
Жалпы Қалтайдың болмысы қызық. 1978 жылы ол елуге толды. Мен онда “Жазушы” баспасының директорымын. Қалтайдың қатары бiр жыл бұрын-ақ билiк орындарына шапқылап, таңдамалыларын шығартуға әрекеттенiп жатқан. Ал Қалтай үнсiз. Баспаның есiгiн ашпады. Бiр күнi таңертең үйiне телефон шалдым. “Қалтай, қызметке қашан барасың?”. Ол мырс етiп күлдi. “Не, сен менi тексерейiн дедiң бе?”. Мен күлдiм. “Жоқ, уақытың болса бүгiн бiзге келсейшi. Сөйлесетiн шаруа бар?”. Ол: “Қандай шаруа?” — дедi. Мен: “Келген соң бiлесiң”, — дедiм. “Жақсы, барамын”— Тұтқаны орнына қоя салды. Арада бiрер сағат өттi ме, өтпедi ме келдi. Амандық-саулықтан кейiн үлкен мұрнын қоңқ еткiзiп бiр тартып қойды. “Ал, данышпаным, маған не айтайын деп едiң. Сөйле”. Мен: “Қалтай, осы сен елуге қашан толасың?” — дедiм. Ол тесiле қарады. “Оны сен қайтесiң? Жоқ елуге толып жатқан жалғыз мен бе екен?”. Мен тәптiштеп түсiндiрдiм. “Сен менен олай деп сұрама. Сенен басқа да елуге толатын ақын-жазушылар жетiп жатыр. Олар былтырдан берi ОК-ке, Министрлер Кеңесiне, өзiмiздiң министрлiкке барып, шаруаларын реттеп жүр. Мiне, алдының жинақтары шығып жатыр. — Стол үстiндегi кiтаптарды көрсеттiм. — Ал сенiң ештеңемен iсiң жоқ”. Ол ойланып қалды. “Әй, Әбiлмәжiн, шынында да менiң ойымда ондай әрекет жасау болған жоқ. Елуге келгенiм кiмге керек деп жүре берiппiн”. Мен өтiнiш жасадым. “Сен тым болмаса маған бүкiл жазған-сызғаныңды әкеп бершi. Таңдамалыңды шығарып берейiн. Сен менi пайдалансайшы”. Ол екi иығын қушита көтердi. “Әбiлмәжiн, менiң дайындап қойған ештеңем жоқ. Қай пьесамның қолжазбасы қай жерде жатқанын да бiлмеймiн”.
Ертеңiне Мәскеуде өзiмен бiрге оқыған театр сыншысы Бағыбек Құндақбаевқа телефон соқтым. “Бағыбек, мына Қалтай елу жасқа толмақшы. Ол екеумiзге де бөтен емес. Өзiнiң қолында ештеңе жоқ. Сенде оның несi бар?”. Ол кеңк-кеңк күлдi. “Әбеке, менде Қалтайдың пьесалары және соларға жазылған рецензиялар түп-түгел бар. Екi папкiге салып қойғанмын”. Iстiң мұндай сәтi түсер ме. Құндақбаевпен кiтапты құрастырушы ретiнде келiсiм-шартқа тұрдық. Қалтайдың туған күнi қарсаңында екi томдық таңдамалары баспадан жарық көрдi. — Әбекең үйiндегi кiтап сөресiнен екi сырты қызыл таңдамаларды алып келдi. — Мұнда Қалтайдың маған арнаған қолтаңбасы бар.
Мен мұқабасын аштым. Көзге таныс айдақ әрiптермен жазылған сөздерi. “Әбiлмәжiн, менiң 50-ге жақындағанда есiмдi жиғызып, осы кiтаптың дүниеге келуiне жетекшi болғаныңа мың да бiр рахмет! Ол достығың ешқашан ұмытылмас. Шынтуайтқа келгенде сен болмасаң бұл да жоқ едi. Қалтай Мұхаметжанов”.
Әбекең: “Оның таңдамалы үш томдығын 1998 жылы жетпiс жасқа толғанда Мұхтар Құл Мұхаммед “Атамұра” баспасынан шығарып бердi.
Фарида Бекжанқызы:
— Мәскеуде Қалтайдың сынған аяғына жасалған операция сәттi шыққан. Алматыға бүгiн, ертең қайтамыз деп дайындалып жатқанымызда күтпеген жерден қан құрамы күрт өзгерiп iс насырға шапты. Сонда өзi де өмiрден өтетiнiн сездi. Оның соңғы қиналысын көрiп, ағыл-тегiл егiлдiм. Сонда Қалтай қолымнан ұстап отырып: “Фарида, сен жылама. Аллаға шүкiрлiк ет. Мен әкемнiң жетпеген жасына жеттiм. Жетпiстен астым. Екеумiз ұл өсiрiп, қыз ұзаттық. Немерелер сүйдiк. Қазақ деген халқыма ризамын. “Қазақтың Қалтайы” деп төбелерiне көтердi. Әкемнiң ақталғанын, ол көрмеген жақсылықтың бәрiн мен көрдiм. Елге осы ризашылығымды жеткiзерсiң”,-дедi. Ендi мiне кiтапханасын көзiндей көрiп күтiп, ұстап отырмын. Осыдан екi-үш жыл бұрын көп сериалды деректi фильм түсiртiп, теледидар арқылы халыққа көрсеттiм. Мен Қалтаймен бiрге болған жылдарыма еш өкiнбеймiн.
Көлбай Адырбекұлы:
— Сол жылдың желтоқсан айының басында Иран Ислам Республикасынан Мұхаммед Хасан Замани деген кiсi келдi. Тегерандағы Ислам ғылымдары университетiнiң профессоры екен. Ақ шашты, орта бойлы, алпыстың үстiндегi жан. Бiз алматыдағы Ислам мәдени орталығында кездестiк. “Кеше аэропортта Қалтайдың бақилық болып кеткенiн есiтiп, шын жүрегiммен қатты қайғырдым. Ол тек қазақ халқының жарық жұлдызы ғана емес, күллi Ислам әлемiнiң жарық жұлдызы едi. Сол жарық жұлдыздың сөнгенiне өкiндiм”, — Замани әңгiмесiн осылай бастап, Қалағаңмен осыдан алты жыл бұрын танысқанын, Ислам дiнi жөнiндегi бiлiм-бiлiктiлiгiне, қарапайымдылығына тәнтi болғанын, Тегаранда болған “Әлем мұсылмандарының ынтымағы” ғылыми конференцияда Қалекеңнiң жұртты тың ойларымен сүйсiндiргенiн, Мысырдағы “Мұсылмандарды жақындастыру” қоғамының басшысы ғұлама ғалым Вахиз Зооди Хоросанидың ықыласына бөленiп, тыңдарман қауымды ауық-ауық күлкiге қарық қылғанын тiлге тиек еттi. Қалтай бiр сөзiнде: “Менiң ойымша қазiргi дүнияда, Ислам әлемiнде ерекше көзге түсетiн ең iрi тұлға имам Хоменей. Өйтк