Жаңалықтар

Нұрсан ӘЛIМБАЙ: БАРЛЫҚ МУЗЕЙЛЕРДIҢ ДIТТЕГЕНI — БIР МАҚСАТ

ашық дереккөзі

Нұрсан ӘЛIМБАЙ: БАРЛЫҚ МУЗЕЙЛЕРДIҢ ДIТТЕГЕНI — БIР МАҚСАТ

ҚР Орталық Мемлекеттiк музейiнiң басшысы Нұрсан Әлiмбай мырзамен өткiзiлген бүгiнгi сұхбатқа ұлттық құндылықтарды ұлттың мүддесiне қызмет еткiзу мақсатындағы игiлiктер мен “Мәдени мұра” мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру мәселелерi арқау болды.

— Нұрсан аға, ҚР Орталық Мемлекеттiк музейi — отандық музей кеңiстiгiндегi ең iргелi әрi ұлттың ұлылығын ұлықтайтын қасиеттi мекеме. Қара шаңырақтың бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi қалай?

— Басқа музейлер сияқты бiздiң музейдiң де дiттегенi бiр мақсат — қордағысы бар, экспозициядағысы бар, сан алуан археологиялық, тарихи және этнографиялық материалдарды халықтың рухани кәдесiне жарату. Осыдан туындайтын тағы бiр iргелi мәселе, әрине, күн сайын легi бiр үзiлмейтiн шетелдiктерге ұлтымыздың тарихи-мәдени мұрасын қазiргi уақыт талабына сай тәсiлдермен ұқсатып көрсете бiлуге саяды. Көпшiлiкке осы айтылғандар көптен естiп жүрген үйреншiктi сөздер болып естiлуi ғажап емес. Өйткенi, келiп-кетiп жатқан қонақтарымыздың басым көпшiлiгi бұл тұжырымның астарында аса қомақты да, ауқымды ғылыми-зерттеу, мәдени-бiлiми, қаржылық, ұйымдастыру сияқты iс-шаралардың жатқандығын бiле бермейдi ғой. Ол тұрмақ, бiздiң шенеунiктердiң бiразы да музей жұмысының осындай көзiлiктi емес қыр-сырынан бейхабар десем шындыққа кереғар келе қоймаспын. Ал, музей iсiндегi тың үдерiс, қарымды қадам ретiнде ғылыми-зерттеу жұмысымыздың өркендеу жолына түскендiгiн алдымен ерекше екшеп айтар едiм. Әсiлi, музей құрылымдық жағынан, ең алдымен, ғылыми-зерттеу мекемесi, ал функциялық, яғни, қоғамдық харекет тұрғысынан — бiлiми-мәдени институт. Мұның мәнiсi ғылыми-зерттеу пәрменi қуатты музейдiң ғана қалың көпшiлiкке көрсете де, айта да алатын қауқары бар дегенге саяды.

— Бiлуiмiзше, мемлекеттiк “Мәдени мұра” бағдарламасының шеңберiнде атқарылған шараларда да белсендiлiк танытып жатқан көрiнесiздер?

— Иә, шүкiр, ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың тiкелей бастамасымен қазiр жүзеге асырып жатқан аталмыш бағдарлама отандық қоғамдық ғылым салаларына айрықша серпiн бердi. Әсiресе, сөз жүзiнде ғылыми мекеме ретiнде саналса да, iс жүзiнде музейлiк мәндi құндылықтарды сақтайтын қойма һәм көрмелер ұйымдастыратын ғимарат функциясын ғана атқарып жүрген елiмiздiң музейлерi үшiн ұлы сабақ болып отыр. Рас, бағдарламаға ұмытпасам, Орталық музей ғана қатысады. Бiрақ, елiмiздегi көптеген музейлердiң (олардың арасында, тiптi, кейбiр аудандық музейлер де бар) “Мәдени мұраға” байланысты өздерiнiң жұмысын ғылыми негiзде қайта қарастырып жатқандығын ескерсек, мұның өзi қоғамдық қатынас атаулының ең iргелi ғылыми-мәдени институттарының бiрi — музей сынды пәрмендi организмдi iске қосу емес пе? Менiңше, “Мәдени мұра” бола ма, басқасы бола ма, мұндай шараларға ең болмағанда, облыстық музейлердiң бәрi тiкелей қатысуы тиiс. Бұған қол жеткiзер күн де алыс емес қой деп ойлаймын. Ең бастысы, аталмыш мәселеге байланысты билiкте отырғандардың түсiнiгi оңала бастағандай. Яғни, бұған дейiн сiрескен сең бұзыла бастады деген сөз. Мұны айтып отырған себебiм, “қоғамдық тәртiп” деп аталатын социумның барлық саласын қамтитын әлеуметтiк механизмнiң заңға ғана арқа сүйер қатынастар саласы емес, белгiлi ұғымдарға ғана негiзделген жеке қатынастар жүйесi әлi де болса үстемдiк еткен жағдайда мұны әжептеуiр жетiстiк деуге болады.

— Қазiргi таңда “Мәдени мұраға” байланысты өзiңiз басшылық ететiн мекемеде қандай iс-шаралар атқарылып жатыр, нақты нәтижелер бар ма?

— Әрине. Республикадағы ғылыми мекемелер, яғни, жоғарғы оқу орындары мен бұрынғы академиялық ғылыми-зерттеу институттары “Мәдени мұра” мемлекеттiк бағдарламасына 2004 жылдан бастап кiрiссе, Орталық музей осы бағдарлама бойынша тек 2005 жылы ғана жұмыс iстей бастады. Бұл жерде, ешқандай және ешкiмге өкпе, уәж айтудан аулақпын. Бiздiң жағдайда осы лекке кешiгiп болса да iлесiп кеткендiгiмiздiң өзi отандық музей тарихында болмаған айтулы оқиға емес пе? Осыған шүкiр! Бiрақ бұған қол жеткiзу қиынның қиыны болды. Осы шараға дейiн Орталық музейге ғылыми мекеме мәртебесiн алу үшiн үш жыл бойы нелер бiр жасанды кедергiлерден өтуге тура келдi: бiрiншiден, музей жөнiндегi сонау советтiк-партиялық идеологиядан бастау алатын, өкiнiшке қарай, әлi де болса “iшiн бермей” отырған қасаң түсiнiк; екiншiден, қазiргi Қазақстан социумында “өзiмiздiң адам”, “бәке-сәке” сияқты ұғымдарға негiзделген қоғамдық қатынастардың айырықша ықпалды принциптерi және т.с.с. Ежелгi түрiк руникасында айтылғандай “қызыл қанды төкпесек те”, “қара тердi” бiраз төгуге тура келдi. Соған тым көп уақытым кеттi, әрине. Шүкiр әйтеуiр, еңбек еш болмаған сияқты. Нәтижесiнде, дәл қазiрге дейiн барлығы 15-ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл шараны жүзеге асыруға 60 маман тартылып отыр. Оның 22-сi — ғылым кандидаттары, 9-ы — ғылым докторлары. Осы жерде мамандардың ғылыми жұмыстарына тиiстi жағдайлар жасалғандығын ерекше екшеп айтқым келедi. Ұйымдастыру техникасы өз алдына, биыл музей жанынан қоры 51 мыңнан астам бiрлiктi қамтитын ғылыми кiтапхана ашып отырмыз. Кiтапханада жөндеуден өткен арнайы оқу залы бар. Қорда күнi бүгiнге дейiн көпшiлiкке бейтаныс, сирек кездесетiн қолжазбалар, кiтаптар, зерттеушiлер көңiл аудара бермейтiн революцияға дейiн жасалған карталар сақталған. Қазiргi территориямыздан да ауқымды жердi қамтитын ежелгi қазақы тононимдер, эпонимдер, этнонимдер түскен орыс ғалымдарының өз қолымен жасаған карталарды айтып отырмын. Сонымен қатар өзiмiздiң табыс көзi есебiнен екi жарым миллионға жуық теңгеге Ресейден және басқа да алыс, жақын шетелдерден қоғамдық ғылымның негiзгi салаларын қамтитын әртүрлi теориялық, методологиялық, этнографиялық, тарихи, археологиялық, антропологиялық кiтаптар сатып алдық. Бұның басым көпшiлiгi Қазақстан кiтапханаларына әлi түсе қойған жоқ. Демек, жоғарыда айтылған ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға музейде тиiстi жағдай жасалды деуге болады.

— Осы жобалардың межесiне жеткiзiлгенi, баспаға дайындалғандары бар ма?

— Қазiр, 15 жобаның 8-шiсi толық аяқталып, баспаға дайындалды. Қалғаны жоспар бойынша 2011 жылы аяқталуға тиiс. Бұл жерде айырықша атап өтетiн жайт — жобалардың бәрi де бұрын ешқашан ғылыми айналымға түспеген немесе толық түспеген музейлiк материалдарды қамтиды. Бұлар осынысымен құнды. Өкiнiштiсi, осы материалдардың да ғылыми-зерттеулерде еш қолданылмағандығы. Тiптi менмiн дейтiн тарихшылар мен этнологтардың өздерi де музейлiк деректердiң орасан зор танымдық тағылымын дұрыс парықтай алмаған сыңайлы. Ал, шетелдiк антропология (әлеуметтiк және мәдени), этнология, тарих, мәдениеттану ғылымдарында тиiстi музейлiк материалдарды пайдалану орнықты игi дәстүрге айналғаны қашан!

— “Сегiз ұлым бiр төбе, Ертөстiгiм бiр төбе” демекшi…

— Түсiнiп отырмын. Жобалардың бәрi де ғылыми-танымдық жағынан болсын, ғылыми-практикалық тұрғыдан болсын құнды. Соның iшiнде, әсiресе, “Ежелгi көшпелiлер мәдениетi” деп аталатын жақында жарық көруге тиiстi жалпы көлемi 100 баспа табақты құрайтын, үш тiлде (қазақ, орыс, ағылшын) жазылған түрлi түстi ғылыми-академиялық каталогты атар едiм (каталог демеушiлердiң қаржылық көмегiмен келер жылдың қаңтар, ақпан айларында жарық көредi). Әсiресе, қазiр бiтуге жақын ұзын саны 9603 сөздi қамтитын “Қазақтың дәстүрлi этнографиялық категориялар, атаулар мен ұғымдар жүйесi” атты түрлi-түстi суреттермен, кескiндермен, схемалармен көмкерiлген әрқайсысы 100 баспа табақтан тұратын 3 томдық энциклопедиялық сөздiктi ерекше бөлiп айтар едiм. Айта кету керек, бұл зерттеу бiздiң ойлағанымыздан әлдеқайда күрделi шаруа болып шықты. Бұл жерде ұйымдастыру, қажеттi мамандарды тарту өз алдына бiр дүние. Шынын айту керек, әсiресе, дайындалып жатқан сөздiктiң жарық көрiп жатқан сөздiктерден, соның iшiнде лингвистикалық сөздiктерден айырмасын айғақтайтын және айқындайтын iлкiмдi принциптi табу өте-мөте қиналдырды. Сонымен, ғылыми жетекшi ретiнде көп ойланып тоқтағаным мынау болды. Яғни, аталмыш сөздiктiң этнографиялық парқын айқындайтын, пысықтауыш принциптiң мәнi төмендегiге саяды: “дәстүрлi қазақы ортадағы әлеуметттi қатынастардың субъектiлерiн, обьектiлерiн және осы қатынастардың құрамдас элементтерiн, әрi оны жүзеге асыратын “құралдарды”, “арналарды” бейнелейтiн дәстүрлi категориялар, ұғымдар мен атаулар жүйесi — аталмыш зерттеудiң нысаны. Бейнелеп айтқанда, осы айқындаудан кейiн шығармашылық тынысымыз да кеңiп сала бердi. Яғни, жұмыстың арнасы айқындалды дегендей. Кедергi де жоқ емес. Мысалы, осы салада “мен бiлемiн” деушiлердiң өтiрiктерi де шығып қалады. өкiнiшке қарай. Бәлкiм, “оригиналный” болсын дей ме екен, берiш болып қалған қазақы эгоизмнiң жанында “ұлы Қытай қорғаны” жай нәрсе ме дерсiң осындайда. Мысалы, өзiн этнограф-ғалыммын деп айдарлаған бiр аузы дуалы ағамыз “Ана тiлi” газетiнiң үстiмiздегi жылдың 11-желтоқсандағы санында “қорыс ми (батпаққа) көктемде көмiлген мүйiздер бес-алты айдан кейiн “қорғасындай балқып, қамырдай иленетiн күйге түседi” дейдi. Сосын, мынау бiз бiлмейтiн үлкен жаңалық қой деп бiраз мамандармен бiрiге отырып, кәдiмгiдей талқыладық. Тiптi, бiраз химиктерге — химия ғылымдарының кандидаты Әлiмғазы Садықовқа, химия ғылымдарының докторы Сапар Қонысбаевқа және осы саланың тiкелей маманы биохимик, химия ғылымдарының докторы Марат Бейсебековке жүгiндiк. Олар бiрауыздан мүйiз бен тұяқ атаулының қандай батпаққа көмсең де балқымайтындығын айтты. Тiптi, мұндай жағдайда мүйiз бен тұяқтың белок болғандықтан шiрiп кететiндiгi де мүмкiн екен. Негiзi, қолөнершiлер, ұсталар мүйiздi әдетте майға қайнатады. Және ол мiндеттi түрде құйрық май болуы тиiс. Кәнiгi шеберлер майдың қайнау мөлшерiн дәл анықтап отырған. Химиктердiң айтуынша, қажеттi температура 300 градус төңiрегiнде. Сондықтан, қайнату процедурасының мерзiмi өте дәлдiктi қажет етедi. Айтарым, әлгiдей қылықтың осындайда былыққа айналып, үлкен кедергi келтiретiндiгi. Бәлкiм, осы орайда айта кеткен де жөн шығар, әлгi ағамыз жөнi келсiн, келмесiн Ресей зерттеушiлерiнiң еңбектерiндегi ғылыми терминдердi қолдануға құмар-ақ. Мысалы, осы кiсiнiң мақалаларында көбiрек кездесетiн “тiршiлiкқамы жүйесi” немесе “тiршiлiкқамы мәдениетi” (система (культура) жизнеобепечения) терминi. Автор ойлағандай, этностың тiршiлiкқамы жүйесi үй-жай, қоныстану жүйесi, ыдыс-аяқ, ас әзiрлеу мен қабылдау үдерiсi және т.б. жай жиынтығы ғана емес. Олар — ең алдымен, дәстүрлi қазақы ортадағы қоғамдық қатынастар үдерiсiнiң “тетiктерi”, яғни, “құралдары” және “арналары” ретiнде қызмет еттi. Тiптi, осы қатынастардың “материалданған” саласы деуге болады. Бұдан шығатын қорытынды: аталмыш мәселенi дендеп зерттеп, зерделеу үшiн әлгi қоғамдық қатынастардың табиғатын бiлу қажеттiлiгi туындайды. Ал, бұл дегенiңiз философияға, социологияға, әлеуметтiк-мәдени антропологияға, теориялық экономикаға (“экономикс”), мәдениеттануға және т.с.с. жүгiну деген сөз. Сонда ғана, мысалы, қазақтың байырғы тiршiлiк қамы мәдениетiнiң қоршаған ортадағы бейiмделу және бейiмдегiш функциясын парықтауға мол мүмкiндiк туады. Осы ағамыз мақалаларында, әсiресе, “ақпараттық өрiс” (“информационное поле”) және “ақпараттық байланыс” (“инфосвязь”) терминдерiн жиi қолданады екен. Дұрыс қой, егер ұқсатып пайдаланылса. Өкiнiшке орай, бұл кiсi жоғарыда айтылған тiршiлiкқамы жүйесi терминiне байланысты жайт сияқты, осы ұғымдардың да оның авторы белгiлi ресей ғалымы С.А.Арутюнов дiттеген мағыналық-эвристикалық пәрменiн тым үстiрт түсiнген сияқты. Бiздiң ағамыз ойлағандай емес, орыс ғалымы бұл ұғымдарды белгiлi бiр әлеуметтiк байланыстың берiлiс механизмiн зерделеу үшiн пайдаланды ғой! Оның үстiне, соңғы кезде бұл ұғымдардың танымдық өрiсiнiң шектеулi екендiгiн бiраз ғалымдар айтқаннан кейiн бе екен, әлгi орыс ғалымының өзi аталмыш ұғымдарды соңғы еңбектерiнде мүлдем қолданбайды. Осы ретте, ол кiсiнiң өзiнiң қателесуi өз алдына, басқаларды, әсiресе, жас оқырмандарды шатыстыруы мүмкiн ғой. Сондықтан мұндайда ерекше ыждаһаттылық қажет дер едiм. Осының бәрiн тәпiштеудiң себебi, оның жоғарыда аталған сөздiкке тiкелей қатысы бар. Шынтуайтқа келгенде, бiздiң ұлттық ғылымымыз ендi ғана қалыптасып келе жатыр. Ал, ұлттық ғылым — ұлттық игiлiк, әрi этностың қорғаныс механизмiнiң ең пәрмендi тетiктерiнiң бiрi. Демек, онда “есебай-қоспақтыққа” еш орын болмауы тиiс деп ойлаймын.

— Сiз атап өткен сөздiкте көпшiлiкке таныс ұғымдардан басқа деректер қамтылды ма?

— Әрине! Сөздiкте мамандардың көпшiлiгiне беймәлiм материалдар мол қамтылды. Айталық, “Туған жерге аунату” — бала 5-6 жасқа толған кезде алыста болса, туған жерiне алып келiп, ұзақ емес болса, дәл сол кiндiк қаны тамған жерге әкелiп жатқызып, жан-жағына тұрмыста пайдаланылатын әртүрлi бұйымдарды (көген, жүген, қамшы, қағаз, кiтап т.б.) қойып аунатқан кезде баланың қолына не тисе сол оның кәсiбi болады деп ырымдайды. Мал далаға түнесе “қасқырдың жағын байлау” ырымын жасайды: ол үшiн жас баланың ит жейдесi немесе шапанының екi жеңiн айқастыра байлап үйдiң төрiне қойып қояды. “Кетер аяқ” — жек көрген адамға берiлетiн, қайта айналып келмесiн деген ниетпен берiлетiн ең соңғы мәзiрет және т.с.с. “Қарғы” деп аталатын әйел мойынына салатын әшекей түрi, ағынды өзенге “қара бура салу” (су бөгеу), терi өңдеудегi құпиялар, сiркелiк, түртпек тәрiздi зергерлiк құрал, бақсылықтағы көшiру, ауру емдеудегi қуыршақтар, тасаттықтың атқарылу техникасы сияқты бiрқыдыру бұрын ғылыми айналысқа түспеген халықтың байырғы дүниетанымының iргелi категориялық мәнi бар ұғымдар жүйесi сөздiкке ендi. Тағы бiр маңызды жаңалық, қазақ этнографиясындағы басы ашылмаған көмескi мәселелер туралы да бiраз деректер жинақталды. Мысалы, қақпанды “басар”, мылтықты “жетiмқұндақ” деп тергеу, аңға бiр ғана мылтық алып шығудың мәнi (себебi көп мылтық көтерiп шықса соғысқа, ұрысқа шығу ырымына байланысты туындаған табу), бүркiт айнып аң алмағанда отқа тұз салып “сырықтау” рәсiмiн жасау, әлденеше рет атылмай қалған мылтықты “қырсық шалған” есебiнде табалдырық астына қойып, әйел адамды аттатып “түзеу” және мылтықтың құндақ пен ұңғы арасына үкi салу жолымен тiл мен сұқтан сақтау, сондай-ақ, бөрi атқан адамның салауаты арта түседi деген түсiнiктен туындайтын ырым т.с.с. сияқты. Сонымен бiрге, “кiтап ашу” (бал ашу), “күн жайлату”, тасаттық беруге байланысты, “қарбызсiрне”, “қауынiшек” атты тағам туралы,осыған орай, қауынға бата жасау және ауру, әлсiз адамды “терiге салу”, “құдайы тағам” мен “тiлеудiң” айырмасына, сондай-ақ, өлiкке арнап жыртыс жырту, балаға есiм берудегi көпварианттылықтың себебiне қатысты тың материалдар жүйеленiп, сөздiкке енгiзiлдi. Ал, жергiлiктi жердегi өлiктi атқару кезiндегi “телiм беру” және “төбе беру” ғұрыптары туралы соны деректердiң орны айрықша десем, асырып айтқандық болмайды. Жоғарыда айтылғандай, көп материалдар революцияға дейiнгi және ХХ ғасырдың 20-жылдары Қазақстанда әртүрлi себептермен қызмет еткен ғалымдардың еңбектерiнен жинақталды. Мысалы, “асыр” сөзiнiң мәнiн көпшiлiк былай тұрсын, маман ғалымдардың өзi бiле бiлмейдi. Бұл сөз кәдiмгi “ұршықтың” баламасы болып шықты. Ал, “күлдiреуiштiң” астын бекемдейтiн ағаштың атауы “бөкенай” екендiгiн көпшiлiктiң бiлмеуi ғажап емес. Мен осындай материалдарды орыс ғалымдарының еңбектерiнен көп ұшырастырдым. Айтылып отырғандардың бәрi атқарылған iстiң болмашы ғана қыры ғой. Осының бәрi үлкен еңбектiң арқасы. Осы ретте өзiмнiң оқушыларым, бүгiндерi бiлiктi этнографтар Досымбек Қатран мен Бабақұмар Хинаяттың және менiң бiлуiмде қазақ тiл бiлiмiнiң аса көрнектi маманы Нұргелдi Уәли мен “көшпелi энциклопедия”, ғажап еңбекқор, шын мәнiндегi қазақы “этнофор” Сейiт Кенжеахметов және Қалиолла Ахметжан, марқұм ұста Дәркембай Шоқпарұлы сынды мамандардың қажырлы еңбектерiнiң рөлi айрықша болды.

— Нұрсан аға, қазақтың ұлттық-рухани тұрғыда жаңғыруына ықпал ететiн игiлiктi iстерiңiз әрдайым жалғасын таба берсiн. Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ