Жаңалықтар

ТАНЫМДЫ КIТАП

ашық дереккөзі

ТАНЫМДЫ КIТАП

Биыл 90 жылдығы кең аталып өткен Алаш қозғалысының маңызы айрықша зор екенi белгiлi. Алаш қозғалысы мен оның қайраткерлерiнен мұра боп қалған тәуелсiздiк идеясын 1991 жылы бiздiң ұрпақ жүзеге асырды. Елбасы айтқандай, бiздiң бүгiнгi тәуелсiз елiмiз сол арыстардың арманының орындалғанының нақты көрiнiсi. Осыған орай Нұрсұлтан Әбiшұлы “Ендi бiз осы мемлекеттi көздiң қарашығындай сақтауымыз керек” деп орынды ескертiп келедi. Тәуелсiздiктi қапысыз баянды ету шарт. “Алаштың асыл аманаты бiзге тарихи-мәдени бiрегейлiгiмiздi, қарапайым тiлмен айтсақ, қазақы қалпымызды сақтауға мiндеттейдi, — дедi Президент. — Алаштың асыл аманаты бiздi ауызбiрлiгiмiздi күшейтуге шақырады. Қазақстан халқының бiрлiгi бәрiнен бұрын қазақтардың бiрлiгiне байланысты”.

Тамаша тұжырым. Осы шарттар үдесiнен шығу үшiн, болашақта тәуелсiздiк туын ұстайтын жастардың идеялық сенiмiн бүгiннен ұштап отыру ләзiм. Ал бұған Алаш қозғалысының мән-мазмұнын ғана емес, оның бастау алған тамырларын да тартымды әм танымды түрде насихаттау жақсы жәрдемдесетiнi түсiнiктi. Осы орайда жазушы Бейбiт Қойшыбаевтың “ҚазАқпарат” баспасынан оқырмандарға жол тартқан “Рух-Сарай” атты танымды туындылар топтамасының екiншi кiтабы ұлттық саяси тарихтан көркем сыр шертуiмен назар аударады.

“Рух-Сарайдың” бұл томына “Тамыр” және “Айбат” деген екi хикаят енгiзiлiптi. “Тамыр” Ресей империясындағы түркi-мұсылман қозғалысы және оған қазақтардың қатысуы жайында әңгiмелейдi. Мұнда оқырмандар бiрiншi орыс революциясының алғашқы жылындағы тамызда Төменгi Новгородқа империяның әр түкпiрiнен тұңғыш құрылтайға жиналған азаматтар – әйгiлi ұстаз, Бақшасарайдан шығатын “Тәржiман” газетiнiң редакторы Ысмайыл Гапринский мен оның серiктерiн, солардың қатарында түркiстандық Серәлi Лапин мен көкшетаулық Шәймәрден Қосшығұловты, басқа да белгiлi күрескерлердi, саясатқа жаңа араласа бастаған жастарды көредi, жасырын жағдайда өткен бiрiншi мұсылман съезiнiң рухымен танысады. Ал “Айбат” атты екiншi хикаят қазақ жерiнде 1905 жылы орын алған республикалық режим, ұлттар одағы және қазақ саяси партиясы жайында сыр шертедi. Оқырмандар Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақпаевтардың, басқа да болашақ ұлт қайраткерлерiнiң саяси өмiрдегi алғашқы қадамдарын көредi. Тартымды тiлмен жазылған шығармалар қалың жұртқа көп мәлiм емес тарихи деректердi алға тартып, Алаш қозғалысының тамыр алған тұстарынан тағлымды мағлұматтар ұсынады.