Жаңалықтар

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

ашық дереккөзі

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

Қаржылық дағдарыс экономикалық өсiмге ғана емес, жұмыссыздық деңгейiне де керi әсер ететiнi белгiлi. Жыл басынан берi екi қолға бiр жұмыс таба алмай, сенделгендер саны өсе түскен. Бұл көрсеткiш дағдарыстан шығар жол табылғанша, жалғаса бермек.

Әлемдегi ең iрi электроника өндiрушi кәсiпорын — Sony Corp. қызметкерлерiнiң 5 пайызын (дүниежүзi бойынша) қысқартуға бел буды. Бұл 160 мың адамның 8 мыңға жуығы. Сонымен қатар штаттан тыс жұмыс iстейтiн мыңдаған жұмысшы да қысқаратындардың қатарында. 2010 жылдың 31 наурызына дейiн жалғасатын қысқарту электроника өнiмiнiң көлемiне де керi әсер ететiнi белгiлi. 2009 жылы инвестиция көлемiн 30 пайызға — 100 млрд. иенге (1 млрд. доллар) азайтуды көздейдi. 2010 жылдың көктемiне дейiн өндiрiстiң кейбiр салаларына салынатын қаражатты азайтып, АҚШ пен Еуропаға арналған теледидар өндiрiсiн кеңейтудi тоқтата тұрмақ. Сонымен қатар компания әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi 57 өндiрiстiк бөлiмнiң 5-еуiн (10 пайызы) жапты. Бұған әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен жапондық теледидарлар мен электроника өнiмдерiне деген дүниежүзiлiк тұтынушылық сұраныстың көлемi күрт қысқаруы себеп болғаны анық. Sony Corp. кәсiпорны 2009 жылдың наурызына дейiн өнiм өндiруден түсетiн пайданың 60 пайызға дейiн азаятынын болжап отыр. Жұмыссыздық мәселесiмен кәрi құрлықтағы ең iрi кәсiпорын — шведтiк Electrolux компаниясының қызметкерлерi де бас қатырмақ. Себебi, Еуропа мен Солтүстiк Америкадағы тұтынушылық сұраныстың төмендеуi компанияның өнiм өндiру қабiлетiне керi әсер еткен. Electrolux — әлем бойынша тұрмыстық техника өндiретiн ауқымы кең екiншi кәсiпорын. 2008 жылдың қарашасында оның кiрiсi бiрнеше есеге күрт төмендесе (337 млн. доллар), желтоқсан айындағы көрсеткiшi де мәз емес. Осының кесiрiнен, компания үстiмiздегi жылы 415-491 млн. долларға межелеген пайдасынан қағылды. Осы себептi, қызметкерлердi қысқарту 2008 жылдың аяғынан басталып, 2009 жылы жалғасын табады. Оның iшiнде, дүниежүзi бойынша 57 мың жұмыскердiң қысқартылатын 5 пайызының тағдыры ендiгi шешiлiп қойған. Осылайша, кәсiпорын 2010 жылдан бастап, 137 млн. долларды үнемдеуге үмiттенiп отыр. Кiрiс көлемiн ұлғайтуға арналған шаралар арасында арзан жұмыс күшiн қарастыру да бар. Қазiргi таңда әлемдiк авто нарықтың жағдайы да мәз емес. АҚШ-тағы көлiк концерндерi үкiметтiң көмегiне зәру, кәрi құрлықтағы автомобиль шығаратын зауыттар жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр.

Қазақстанға келсек, ресми деректер бойынша, 2008 жылдың қыркүйек айында жұмыссыздар саны 539,8 мыңға тең болған. Оның 58,6 мыңы (0,7 пайыз) жұмыспен қамтамасыз ету орталықтарына тiркелiптi. Сонымен, елдегi жұмыссыздық деңгейi — 6,4 пайыз. Бейресми деректерге сүйенсек, банк саласындағы 29 пайыз қызметкер қысқартуға ұшыраған. Қажеттiлiк пен сұраныс арасындағы тепе-теңдiктiң бұзылуы, яғни, жұмыс орнына қарағанда, жұмыссыздар санының көптiгi жалақының қысқаруына себеп болды. Мысалы, 2007 жылы 128,9 пайызды құраған жалақы 2008 ж. қыркүйегiнде 117 пайызға теңгерiлген. Оның iшiнде, құрылыс саласында — 139,4 пайыз (2007 жылы — 141,7 пайыз), қаржы саласында — 209,2 пайыз (221,3 пайыз), қонақ үй мен мейрамхана саласында — 102,4 пайыз (106,8 пайыз), мемлекеттiк басқаруда — 73,8 пайыз (83,6 пайыз), бiлiм беру саласында — 54,1 пайыз (60,7 пайыз), денсаулық сақтау саласында — 56,4 пайыз (62,6 пайыз). ҚР Статистика жөнiндегi агенттiгi таратқан мәлiметтерге сүйенсек, 2008 жылғы тамызда бiр қызметкердiң орташа айлық атаулы жалақысы 63322 теңгенi құрап, өткен жылғы тиiстi кезеңмен салыстырғанда 16,7%-ға, қаңтар-тамызда, тиiсiнше — 59069 теңге және 17,8%-ға өстi. Нақты жалақы индексi 2008 жылғы тамызда өткен жылғы тиiстi кезеңмен салыстырғанда 97,2%, қаңтар-тамызда — 98,7% құрады. Жалдамалы қызметкерлердiң еңбекақысының өсуi экономикалық қызметтiң барлық түрлерiнде байқалды. Сонымен, жалақының өсуi 2008 жылғы тамызда 2007 жылғы сәйкес айға қарағанда ауыл шаруашылығы қызметкерлерiнде — 42,5%, өнеркәсiпте — 23,1%, көлiк пен байланыста — 20,1%, саудада — 19,5%, кұрылыста — 18,9%-ға байқалды. Жалақының ең үлкен мөлшерi 2008 жылғы тамызда қаржы саласындағы қызметкерлерде 127 мың теңге сомасын құрады, бұл республика бойынша орташа деңгейден 2 есе жоғары, кен өндiру өнеркәсiбiнде — тиiсiнше 119,4 мың теңге (1,9 есе), жылжымайтын мүлiкпен операцияларды жүзеге асыру саласында — 91,1 мың теңге, көлiк және байланыста — 90,5 мың теңге (1,4 есе). Денсаулық сақтау саласында еңбекақы 36854 теңгенi құрады, бұл республика бойынша орташа жалақыдан 41,8% төмен, бiлiм берудегi — тиiсiнше, 35304 теңге және 44,2%. Есептi кезiңдегi жалақының салыстырмалы өсiмiне қарамастан ең төменгi жалақы — 34465 теңге ауыл шаруашылығы қызметкерлерiнде белгiлендi, бұл ел бойынша көрсеткiштен орта есеппен 45,6%-ға аз. Өңiрлiк бөлiнiсте ең жоғары жалақы Атырау облысында — 112997 теңге (ел бойынша орташа жалақыдан 1,9 есе асты), Маңғыстау облысында — 104483 теңге (1,6 есе), Астана қаласында — 96956 теңге (1,5 есе) және Алматы қаласында — 89632 теңге (1,4 есе) сақталды. Жамбыл облысында — оның шамасы 40849 теңге, Солтүстiк Қазақстан облысында — 41794 теңге, Оңтүстiк Қазақстан облысында — 43758 теңге, Акмола облысында — 43957 теңге құрады, бұл ел бойынша орташа деңгейден 31-35%-ға төмен.Алайда, жұмыскерлерге деген сұраныс ешқашан төмендемейтiн салалар бар. Әсiресе, құрылыс пен өндiрiс саласында.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ