Жаңалықтар

АСТАНА МЕН БАКУ ТРАНСКАСПИЙ МҰНАЙ ТАСЫМАЛДАУ ЖҮЙЕСIН ЖАСАЙДЫ

ашық дереккөзі

АСТАНА МЕН БАКУ ТРАНСКАСПИЙ МҰНАЙ ТАСЫМАЛДАУ ЖҮЙЕСIН ЖАСАЙДЫ

Жақында Әзiрбайжан астанасы Бакуде Әзiрбайжанның мемлекеттiк мұнай компаниясы мен қазақтың “ҚазМұнайГаз” компаниясы және “Қашаған”, “Қарашығанақ”, “Теңiз” кен орындарын қазып жатқан шетелдiк мұнай компаниялары өкiлдерiнiң кездесуi болып өттi.

Кездесу нәтижесi бойынша Қазақстан мұнайын әлемдiк рынокқа тасымалдайтын Транскаспий құбыр жүйелерiнiң техника-экономикалық негiзi мен терминалдар құрылысы 2009-2010 жылдары дайын болады деген шешiмге келдi.

“Независимая газетаның” айтуына қарағанда, бұл жүйенiң алғашқы кезегi 2012 жылы пайдалануға берiледi деген мәлiмдеме жасаған Әзiрбайжан Мемлекеттiк мұнай компаниясы. Дәл осы жылы Қазақстан Қашаған кен орнының алғашқы мұнайын алуды жоспарлап отырғаны белгiлi. Мұнай компаниялары басшыларының кездесуiнде Транскаспий құбыр тасымал жүйесiнiң ертеңгi күнгi кепiлдiгi мәселесi сөз болды. Сондай-ақ, Баку-Тбилиси-Жейхан құбырымен мұнайды экспорттау мәселесi де қозғалды. Бұл жобаның жалпы құны — 3 миллиард долларды құрамақ. Әзiрбайжан мен Қазақстан бұл қаржыны несиеге алуды жоспарлап отыр. Ал, Транскаспий құбыры — алғашқы кезеңде тәулiгiне 500 мың баррель (жылына 23 миллион тонна), екiншi кезеңде тәулiгiне 750-1200 мың баррель (жылына 35-36 миллион тонна) мұнай тасымалдамақ. Сондай-ақ, Қазақстан Баку-Тбилиси-Жейхан құбырынан өзге Румынияға Баку-Супса мұнай құбырына иек сүйемек.

2015 жылы Қазақстан 100 миллион тонна мұнай өндiрудi жоспарлап отыр. Бiрiншiден, бұл мұнай құбырын салу арқылы Қазақстан мен Әзiрбайжан Ресейге энергетикалық тәуелдiлiктен босап қана қоймайды, сондай-ақ, әлемдiк рынокқа өз еркiмен шығуға мүмкiндiк алады. Баку бұл құбырды iске қосу арқылы мұнай тасымалынан қосымша пайда тауып қана қоймайды, сонымен бiрге Баку-Жейхан-Тбилиси мұнай құбырының тұрақты болатындығына да кепiлдiк ала алады. Ал, Астана энергоресурстарын әлемдiк рынокқа шығарудың балама жолын таппақ. Қазақстандық инвесторлардың көбi — Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының акционерлерi болып келедi. Демек, бұл бағыт қазақстандық акционерлер үшiн үш есе тиiмдi болмақ.

Әрине, күнi бүгiнге Қазақстан iшкi-сыртқы рыноктың көбiнде Қазақстан бұрынғы метрополия Ресейге тәуелдi болып келгенi белгiлi. Тек Қазақстан ғана емес, посткеңестiк елдердiң көбiнiң басындағы кеп осы. Сол себептi де, кейбiр халықаралық ареналарда олар өз үндерiн естiртiп айтуға да жүректерi дауаламайтын. Өзiнше бұлқынған Украина мен Грузияны Ресей энерготасымал жағынан да қысып отырғаны белгiлi. Оның үстiне Грузия мен Ресей арасындағы сегiз күндiк соғыс өзiнше жол iздеген посткеңестiк мемлекеттердiң энерготасымалдауда тәуелсiздiкке қол жеткiзуге талпынысын тағы бiр су сепкендей басқан болатын. Дегенмен, бұл жолғы Бакудегi басқосу посткеңестiк елдердiң Ресейдi айналып өтетiн энергоқұбырларын салуға мүдделi екендiгiн тағы бiр айқындап бердi.

Есенгүл Кәпқызы