ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ КӨБЕЙМЕК
ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ КӨБЕЙМЕК
Егер одан “жарып” кетер жан болса…
Елiмiздiң Үкiметi әдеттегiдей жыл аяғында мемлекет тарапынан қадағаланған бағдарламаларды тағы бiр сүзгiден өткiзiп, оның оңтайлы жүзеге асуына көңiл бөлуге тырысады. Әуелгi кезекте әлеуметтiк топтар өкiлдерiне бөлiнетiн қаражатты там-тұмдап болса да көбейтудi қолға алуда. Әлбетте, мұндай жағымды жаңалық жерде жата ма? Үкiметтен үлкен үмiт күтуден күдерiн үзбей, құлағы түрiк жүретiндер бөркiн аспанға атып қуанады да. Алайда, халық жыл сайын жиырма, жиырма бес пайыздап қосылып жатқан жалақы, зейнетақы мен жәрдемақының қызығын қаншалықты көрiп жатыр?
Күнделiктi ауыздан түспейтiн, тiптi, сөзiмiздiң мәтелiне айналған “экономикалық дағдарыс” деген әбжылан қарапайым жұртты әбден есеңгiретiп тастады. Әйтеуiр, тiршiлiк иесi боп жер басып жүргендiктен де қолдан келер әрекетiн жасайын деп басын қаншама рет тасқа да соқты. Көпшiлiгi дерлiк сау басына сақина тiлеп алып, банктегi кредитке барып ұрынды. Әсiресе, екi-үш жыл бұрын банк табалдырығын тоздырып, несие алуға құжат рәсiмдеп жүргендердiң санында шек жоқ едi. Жетiскеннен емес қой, әрине. Сол баяғы ақшаға мұқтаждықтың салдары… бiреуi “Жер алып, үй салам” дейдi, ендiгiсi “Көлiк мiнем”, үшiншiсi — “Несие алып үйленiп, той жасаймын” деген өз ойындағы жоспарларын айтып жатады. Аз-маз ақша емес. Кемiнде 500 мың теңге немесе 1 млн. теңгенi үш жылға алып жатты. Бәлкiм, сол екi-үш жыл бұрын ақшаның белгiлi сомасын ай сайын қайтарып отыру жеңiлдiрек болды ма, әйтеуiр банктердiң құдайы берiп, ақшаны оңды-солды бердi ғой. Ал қазiр сол несие алып қарқ болғанның көбi түнгi ұйқыға жатар кезде несиенi қалай қайтаруды ойласа, таңертең ояна сала ақша iздеудiң жетегiнде жүр. Тiптi, кейбiреулер қолма-қол ақшаның жоқтығынан бiр-екi ай уақытын өткiзiп те алуда. Бiр айта кетерлiгi, қазiр дәл осы себептермен жүйке дертiне шалдыққандар көбейiп барады екен.
Жүйке жүйесi аурулары медициналық орталығының директоры Ербол Нұрқатовтың пiкiрiнше, өз өзiне қол жұмсамақ болған жағдайлар өткен жылдың соңы мен осы жылдың басында көп тiркелген. “Телефон арқылы хабарласып: “Несиемдi төлей алмай жүрмiн, өлгiм келедi дейтiндерi де болды. Бiрақ, қазiр шамалы саябырсыды. Менiңше, бұған үлескерлердiң құқын қорғайтын қоғамдық ұйымдардың көбейгенi өз септiгiн тигiзсе керек” дейдi.
Бiлуiмiзше, мұндай ұқыпсыз клиенттерге банк екiншi мәрте несие беруден аулақ болады. “Ендi банктен несие алмаспын, банкке күнiмдi салмасын” дейтiн жұрттың жүрегi әбден шайлығып қалған ба, бүгiнгi күнi несие алушылардың саны күрт азайған. Несiмен төлейдi? Анау Үкiметтен бастап күн сайын “Экономикалық дағдарыс тағы да күшейедi”, “Экономикалық дағдарысқа қарсы бағдарлама жасау керек” деп қақсап жатса, қайдағы несие? “Одан да бала-шағама берiп жатқан азын-аулақ жәрдемақымен күнелтiп, базардағы күйбең тiрлiгiмдi айналдырып жүре бермеймiн бе? Зейнеткерлiк өмiрге де сол балаларымның арқасында тiрнектеп жетермiн…” дегеннен басқа лаж қалмаған сияқты.
Ауылда кемiнде төрт-бес баласы бар отбасы ең құрығанда атаулы көмекке де қол жеткiзе алмайды. Оған себеп, қорасындағы бiр бас сиыры мен бес-алты тұяқ малы. Барлық керектi құжатты табан тоздырып әрең жинап, өткiзуге барғанда “Сiздерге берiлмейдi, өйткенi, бiр сиырыңыз не бес тауығыңыз бар” деп шығарып салады. Бала-шағасын сол сиырдың бiр қасық сүтiмен асырап отырған отбасы мұны да көп көрген жергiлiктi билiктiң әрекетiнен соң сатып тынуға мәжбүр болуда. Әйтпесе, бұл отбасы әлеуметтiк жағдайының төмендiгiне қарамастан, табысы бар топтың қатарына iлiгедi екен. Жақында депутаттар “Атаулы әлеуметтiк көмек туралы” заңға жаңа талап енгiзудi ұсынды. Бұл бойынша өнiмi күнделiктi күн көрiстен аспайтын қорадағы төрт түлiк малы кiрiс көзi болып есептелмейдi. Демек, бұдан былай ауылдағы халық мемлекет көмегiн алу үшiн қорасындағы бiрлi-екiлi малынан құтылуға асықпайды.
Кәрiм Мәсiмов Үкiметiнiң соңғы кезде кез келген мәселеге бел шеше кiрiсiп жатқан жайы бар. Жақында Үкiмет “қаржы секторы мен экономиканы тұрақтандыру” жоспарын қабылдап, онда әлеуметтiк саланы қорғау мәселесiне тиянақты түрде орын бердi. Яғни, жаһандық дағдарыстың тигiзiп жатқан салқынына қарамастан, алдымыздағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, барлық зейнетақы мен әлеуметтiк жәрдемақылар, 2009-2011 жылдарға бекiтiлген жоба бойынша төленетiн болды. Ел экономикасын әлемдiк дағдарыстан сақтау iс-әрекеттерiне, үкiмет тарапынан бөлiнiп отырған 10 миллиард АҚШ долларының екi миллиарды жинақтаушы зейнетақы қорларынан алынбақ. Алайда, бұл жағдай, зейнетақы қорларының қоржынын жұқартпаса керек. Керiсiнше, 2009 жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап, зейнетақы мен әлеуметтiк жәрдемақы айтарлықтай өседi деп күтiлуде.
“Үкiмет барлық зейнетақы төлемдерiне кепiлдеме бередi. Бүгiнгi таңда, зейнетақы жинақтау жүйесiнiң тұрақтылығын сақтау үшiн барлық шаралар қолға алынған. Үкiмет, зейнетақы қорларының жұмысына үнемi мониторинг жасап, зейнетақы жарнасының көлемi мен құрметтi демалысқа шыққан шақтағы жиналған ақшаның мөлшерiн, сондай-ақ, инфляцияны есепке ала отырып, шығындарды өтейтiн болады. Бұған қажеттi қаражат бар және де ол тiкелей және мақсатты түрде жұмсалады” — дедi Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов. Демек, барлық әлеуметтiк жәрдемақылар мен зейнетақылар 2009-2011 жылдарға бекiтiлген бюджет жобасына сәйкес өседi. Атап айтсақ, әлеуметтiк қорғау жүйесi бойынша зейнетақы 30 пайызға, ал заң орындарынан құрметтi демалысқа шыққан азаматтардың зейнетақысы 25 пайызға көтерiлмек.
Алматы қалалық зейнетақы төлеу орталығы директорының орынбасары Бiржан Жүнiсовтiң айтуынша, бұған дейiн 15 мың теңге көлемiнде зейнетақы алатын зейнеткердiң 15 мыңы 30 пайызға көбейтiледi. Яғни, қазiр 15 мың теңге алса, 2009 жылдың қаңтарынан бастап 19500 теңге көлемiнде болады. Оған қосымша базалық зейнетақы 5800 теңге көлемiнде берiледi. Барлығы 24888 теңге. Мұнымен қоса, төменгi күн көрiс ақшасы 12025-тен, 13470 теңгеге, базалық зейнетақы 4810-нан 5388 теңгеге, төменгi зейнетақы көлемi 7900-ден, 9875 теңгеге өсетiн көрiнедi. Ал 2009 жылдан бастап денсаулығына байланысты жәрдемақы алатындар, асыраушысынан айырылғандар және де жасына байланысты жәрдемақы алатын азаматтардың, арнайы әлеуметтiк көмек алатындардың да жәрдемақылары айлық есептеу көрсеткiшiнiң ұлғаюына байланысты көбейтiлмек.
Бiр өкiнiштiсi, “Жәрдемақы мен зейнетақы өседi” деген әңгiме гу ете қалса, iле-шала бағаның да дес бермей, қарыштап кететiнi жасырын емес. Тiптi, әдетке айналған бұл жағдай орын алған кезде, “Үстiндегi ақшаны бәрiбiр инфляция жеп қояды, көбейткеннен не ырзық көрдiк?” деп қапаланатын зейнеткерлердiң шағатын мұңы да орынды. Үкiметтiң қолға алып, белсене кiрiсiп жатқан шаралары да осы қымбатшылыққа құрық салу. Азық-түлiктiң бағасын ұстап тұру, яғни, экономиканы тұрақтандыруға байланысты бағдарлама қабылдап жан-дәрмен боп жатыр. Бұл да болса, өткеннен сабақ ала отырып, дағдарыстың алдын алуға жұмыла кiрiсу шығар.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ