Жаңалықтар

ТҮЙМЕБАЕВ МӘСIМОВТЫҢ КӘРIНЕ IЛIКТI

ашық дереккөзі

ТҮЙМЕБАЕВ МӘСIМОВТЫҢ КӘРIНЕ IЛIКТI

Биылғы жылы Үкiмет тарапынан Денсаулық сақтау мен Бiлiм және ғылым министрлiгiне тағылған сын-ескертпе көп. Оның денi “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттiк бағдарламасына қатысты. Кәрiм Мәсiмовтiң ашуланатындай жөнi бар. Өйткенi, Премьердiң орынбасары Ербол Орынбаев бастаған арнайы тексеру комиссиясы бағдарламаға қатысты талай былықтың бетiн ашты. Сорақысы сол, жыл аяғына дейiн қолдануға берiлуi тиiс аурухана мен бiлiм ошақтарының iргетасы да қаланбаған боп шықты.

Осы комиссияның шұғыл жұмысынан кейiн, әлдеқандай бiр кесiмдi шешiм шығаруға мойынсұнған Премьер-министр кейбiр шенеунiктерге шүйлiгiп, орнынан алуға мәжбүр болды. Естерiңiзде шығар, таяуда ғана өзiне жүктелген “100 аурухана” бағдарламасын жүйелi түрде басқара алмаған Дерновой да бiрнеше сөгiстен соң министрлiк тiзгiнiнен айрылған едi. Ал жақында Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов бiлiм беру және құрылыс саласының кейбiр шенеунiктерiн “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасын сапасыз жүзеге асырғаны үшiн қызметтен босату туралы шешiм қабылдады.

Оңтүстiк Қазақстан облыстық әкiмдiгiнiң мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бастығы Айдархан Шәдiровты, Оңтүстiк Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тоқтар Үсiбәлиевтi, Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық бiлiм бөлiмiнiң меңгерушiсi Аллаберген Ахметовты қызметiнен босатты. Мұнымен қоса, Қызылорда облысы әкiмiнiң орынбасары Сәбит Қожахметовке, Тараз қаласының әкiмi Iлияс Тортаевқа, Оңтүстiк Қазақстан облысының Мақтаарал ауданының әкiмi Омарбек Нұржановқа, Көкшетау қаласының әкiмi Бақыт Сапаровқа, Жамбыл облысы әкiмдiгiнiң құрылыс басқармасының бастығы К.Дүйсембиевке, Павлодар облысы әкiмдiгiнiң құрылыс басқармасының бастығы Саян Каменовке, Қызылорда облыстық бiлiм беру басқармасының бастығы Мейрамбек Шырмағамбековке, Маңғыстау облыстық бiлiм беру басқармасының бастығы Қонақбек Жұмашевқа және Павлодар облыстық бiлiм беру басқармасы бастығының мiндетiн атқарушы Айгүл Мордановаға қатаң сөгiс жариялады.

Бұл тiзiмнiң жалғасатын түрi бар. Себебi, Премьер: “Бiлiм және ғылым министрi әкiмдiктерге кейбiр мектеп директорларын қызметтен босату туралы айтып, тағы да кiмнiң кiнәлi екенiн анықтайтын болады” деген-дi.

Негiзi биыл елiмiзде 13 жаңа мектеп пайдалануға берiлдi. Тағы 35-iнiң құрылысы жыл соңына дейiн аяқталады. Жоспар бойынша барлығы 106 бiлiм ошағы тұрғызылуы тиiс. ҚР Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев: “100 мектеп бағдарламасы бойынша салынып жатқан мектептер негiзiнен үш ауысымда оқып жатқан және апатты жағдайда тұрған мектептердiң проблемасын шешуге арналады. Бұрыннан салынуы тиiс жоспарда бар мектептер — 145. Қазiр құрылыс басталып кеттi” десе де, бұл уәжi Үкiметтiң көңiлiнен шықпай тұр. Өйткенi, құрылыс жұмысы жоспарға сай емес. Нысандардың көпшiлiгi мерзiмiнен кеш салынуда. Нәтижесiнде құрылыстың құны қымбаттап барады. Салынып жатқан бiлiм ошақтарының сапасы да мәз емес. Айталық, үкiметтiк комиссия 53 мектептiң құрылысын тексергенде бәрiнен де заң бұзушылық тауып, әшкерелеген. Мұндай олқылықтар, әсiресе, Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда және Ақмола облыстарында жиi ұшырасқан. Тiптi, мектеп салу мәселесiн былай қойғанда, елiмiзде мектеп бетiн көрмейтiн 500-дей бала бар екен. Әрине, мұның аяғы қылмысқа, нашақорлыққа әкеп тiрейтiнi белгiлi. Мiне, осы сияқты мәселелердi шешу үшiн Үкiмет басшысы әкiмдер мен министрге бiрқатар мiндет жүктедi. “Әкiмдер мен бiлiм министрлiгi бiрлесiп тұрмысы нашар отбасылардың балаларына көрсетiлетiн көмектi арттыру жайлы ұсыныс әзiрлесiн. Астана, Алматы қалалары мен облыстардың әкiмдерi өңiрлерге қажет техникалық мамандықтарды әзiрлеу үшiн мемлекеттiк тапсырысты арттырсын. Ал Бiлiм және ғылым министрлiгi саланы реформалаудың жоспарын дайындасын” дедi күшiне мiнiп.

Үкiмет жақында түрлi сала министрлiктерiнiң басын тағы да қосып, жүктеген тапсырмалардың орындалуына жеке-жеке тоқталып өттi. Алайда, Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаевтың баяндамасына көңiлi толмаған Кәрiм Мәсiмов: “Бұл бiлiм саласын реформалаудың жоспары емес. Маған нақты бағдарлама керек” деп жаратпай тастады.

“АЛМАТЫДАҒЫ НЫСАНДАР МЕРЗIМIНЕН БҰРЫН АЯҚТАЛАДЫ”

Оңтүстiк астанада бой көтерiп жатқан әлеуметтiк нысандардың бiрқатары осы жылдың соңына дейiн пайдалануға берiледi деп күтiлуде.”100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша шахарда 5 аурухана, 4 мектеп салынады. Қазiр осы нысандардың барлығында құрылыс қызу жүрiп жатыр. Бұйырса, 150 орындық перинатальдық орталық 2010 жылы қолданысқа берiлмек. Ал Қалқаман ықшам ауданындағы мектеп құрылысының 90 пайызы аяқталып тұр. Қолданысқа наурыз айында берiлуi тиiс. Жалпы, қазiр Алматыда 179 мектеп, 78 аурухана бар. Әрине, 2 млн.-ға жуық тұрғыны бар үлкен қала үшiн бұл аздық етедi. Жыл сайын туу көрсеткiшi 2,5 мыңға ұлғайса, дәл қазiр 15 мың оқушыға мектеп жетiспейдi. Сондықтан да қала басшылары мектеп пен медициналық мекемелер салуды тоқтатпаймыз деп отыр. Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдумановтың айтуынша, “100 мектеп 100 аурухана” бағдарламасы бойынша Алматыда 4 мектеп 5 аурухана салынады. 4 мектептiң екеуi биыл қолданысқа берiледi.

Түйткiлдiң бәрi осы “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясынан шығып отыр. Егер де жергiлiктi билiк, әкiмдiктер мен бiлiм басшылары бағдарламаны межелi уақытында бiтiруге атсалысса, Бiлiм және ғылым министрлiгiне тағылып жатқан ескертпелер де түгесiлер ме едi, кiм бiлсiн?! Қысқасы, Түймебаевтың тағдырын осы “100 мектеп” бағдарламасы шешетiн сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ