Жаңалықтар

ҚАЖЫЛЫҚ САПАРДЫҢ ҚАСИЕТТI СӘТТЕРI

ашық дереккөзі

ҚАЖЫЛЫҚ САПАРДЫҢ ҚАСИЕТТI СӘТТЕРI

“Үшiншi ұшақтың қажыларын” “Оазис – Палас” деп аталатын араб отелiне орналастырды. Iшi де сырты да жақсы, жаңадан салынса керек. Бiрiншi қабатының өзi төрт қабатты секiлдi. Алты кiсi бiр бөлмедемiз. Төсек жайы тәуiр, жуынып-шайынып, қалың киiмдердi шешiп, жеңiлденiп қалдық. Қант диабетiне қарсы дәрiлерiмдi iшiп алдым.

“ҮШIНШI ҰШАҚТЫҢ ҚАЖЫЛАРЫ” 

Түнгi самалды бетке алып, бiр тобымыз Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) мешiтiне бардық. Тараздан топ бастап келген Исатай қажы жөн-жосықты бiлiп тұр. “Бұл пайғамбарға сәлем беру бағыты” дейдi. Мешiтке бара жатқан халық теңiздiң толқындарындай теңселедi, ығы-жығы халық, бiрақ даңғаза шу жоқ. Үлкен ұлы ағыс пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) жатқан мешiтiне ақырын ағып барады. Күмбездер алыстан жарқырап көз тартады. Алтынмен аптап, күмiспен қаптап қойғандай жанарыңды қарықтырып жарқ-жұрқ етедi. Мешiттiң кiреберiсiндегi айдынды мраморлы атшаптырым алаңда халық жүресiнен отырып, дұға оқып отыр. Дүние жүзiнiң мұсылмандары уағдаласып, осы жерде бас қосуға келiскен сияқты. Өзара үнсiз ибалы түсiнiстiк бар.

Қажылар Алматыдан үш ұшақпен келiптi. Бiздi “үшiншi ұшақтың қажылары” дейдi. Қарты бар, жасы бар – жүзқаралы кiсi, – Қазақстанның барлық өлкелерiнiң адамдары. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) мешiтi тiл жетпейтiндей құдiреттi, ғажап ғимараттардан құралған. Қай жағына қарасаң да қиял-ғажайып ертегiлерiнiң кiтабын парақтап тұғандай сезiнесiң. Исатай қажы iнiмiздiң бастауымен мешiттi айналып өтiп, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) жатқан тұсқа келiп, құлшылық жасап сәлем бердiм. Фатиха сүресiн бiр рет, Ықылас сүресiн он бiр рет оқыдық. Мешiттiң маңайы ақ киiмдiлер теңiзi секiлдi, ақ, қара түстi адамдардың ағылған өзенi мраморлы айдынды алаңда тiзелерiн бүктi. Бiз де жайғасып, жалаңаяқ қалпы тiзерлестiк, намаз оқыдық. Көгiлдiр аспан Құранның ұлы симфониясына айналып кеткендей дүр-дүр, гүр-гүр етедi. Жердiң үстi күмбiрлеген намаз үнi. Аспан мен жер тұтасып, ұлы тiлектi қол ұстасып тiлеп тұрғандай кеудеңдi керемет күй билеп кетедi. Аспан әлемi тербелiп тұр. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) жатқан Раузаға жанарымды жиi тiгемiн. Соңғы заманда он рет жөндеуден өтiптi. Мешiттiң Шығысы, Батысы, Оңтүстiгi, Солтүстiгi түгел заңғар есiктер, кiрiп-шығып жатқан халықта есеп жоқ. Әрбiр намаздық дұғаң Алладан басталып, Алламен аяқталады. Ертесiне таңғы намазды оқып, көк туымызды көтерiп, Амантай қажының басшылығымен Қасиеттi Мешiтке жаяу бет алдық. Мұхаммед пайғамбардың рухына арнап сәлем-дұғамызды айтып келемiз. Еркектер алда, әйелдер артта. Үшеу-үшеуден қатарласып, жұбымызды жазбаймыз. Төсiмiзде “Қызмет-Саяхат”, арқамызда “Қазақстан қажысы – 2007 жыл” деген жазуы бар жасыл кеудешемiз бар. Мешiттi оралып барып, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) қабiрiнiң тұсына тоқтап тұрып және сәлем бердiк. “Маған сәлем берсең көзiмнiң тiрi кезiндегiдей қарсы аламын”, – дептi жарықтық. Фатиха сүресiн бiр қайталап, Ықылас сүресiн iшiмiзден он бiр рет оқыдық. Пайғамбардан бiр иық төмен жатқан сенiмдi серiгi, досы Әбубәкiр Сыдыққа, одан бiр сүйем төмендегi Омарға сәлем бердiк. Сонан соң мешiттiң iшiне кiрдiк. Бiр мезгiлде бiр миллион адам қатар намаз оқиды. Бес-алты қария – жастарымыздың көмегiмен намазға жығылып алдық. Әйтпесе, ине қадайтын түймедей жер жоқ. Қалың нөпiр кеуденi қысып барады. Сәлден кейiн Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) қабiрiнiң жанынан өтемiз. Сол үшiн түйедей дененi түймедей жинақтап, сығылысып жақындай түсемiз. Еркектiң еңкiлдеп жылағанын осында көрдiм. Жас балаша көзiнiң жасын тия алмайды. Соған қарап өзiмнiң де босап кеткенiмдi байқамай қалдым. Қалай босамайсың ендi, қол созым жерде Мұхаммед Расул Алла жатыр. Құран аяттарымен керiлiп керiм жазылған алтын тордың аржағында Алланың бiрiншi көмекшiсi жатыр. Басында ешқандай белгi жоқ. Теп-тегiс ақ мәрмәр таспен көмкерiп тастаған. Бiр сарбаз иығымнан тартып қалып: “Қазақстан, отыр, намаз оқы” дедi арабша. Мен сияқтылар моншаққа тiзгендей тiзiле қалыпты. Мұхаммед пайғамбарға арқамды сүйеп отырмын, iштей салауатымды сансыз қайталаймын. Қолымды жайып, Аллаһтан, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Расулдан, оның төрт шахариарлары: Әбубәкiр, Омар, Осман, Әлиден Қазақ елiнiң саламаттығын, болаттай берiктiгiн, халқының татулығын, бақыт, берекесiн сұрадым. Бесiн намазы басталды. Миллионға жуық қарақұрым жұрт бiр кiсiдей орындарынан дүр көтерiлiп, Қасиеттi Кәрiм Құранның аяттарын айта бастады. Миллион пенденiң басы сәждеге жығылады, қайтадан аспанға көтерiледi. Медине шаһарын ертелi-кеш Құран тербетiп тұрады. ҚАСИЕТТI ЖЕРЛЕРГЕ САЯХАТ 

Автобус Медине қаласын қақ жарып келедi. Биiк үйлер, отельдер мол. Жаймабазар да жетерлiк. Жапон маркалы машиналар жосып жүр. Көше сайын мешiттердiң жаңасы, ескiсi.

Мединелiк араб үшiн саудаға көп орынның қажетi жоқ. Дәу жалпақ дастарханды жайып салады да, үстiне бар дүниесiн шашып тастайды. Қалағаныңды iздеп тауып аласың. Тiс шұқығыш, ұялы телефон, сағаттың небiр көкелерi бар. Әйелдерi қара киiнiп, жылтыратып көздерiн ғана қалдырады, ер адамдары көбiнесе ақ киiмдi келедi. Көпқабатты тұрғын үйлердiң астыңғы жақтары түгел магазин. Саудаласуға болады, шебер кiсi сұрай берсе бағасын түсiрiп алады. Арамызда Зәкiржан деген ұйғыр жiгiт, қасында үш жасар Зелола (Сая) есiмдi қызы бар. Жол жүрiп үйренсе керек, көптiң көңiлдi сүйкiмдiсi, кiсi жатырқамайды. Автобусымыз жиi аялдайды, қаладан көпке дейiн шыға алмадық, себебiн ешкiм бiлмейдi. Автобус тоқтаса желдеткiш iстемей қалады, iшi әп-сәтте ысып кетедi. Сабырлы болуды алақандай қыз бала Зелоладан үйрену керек, бала боп бiр қыңқ етпейдi. Хуба-ислам тарихындағы тұңғыш мешiт. Хуба ауылы, халқы да, мешiтi де өте таза. “Кiмде-кiм Хубада екi рет рекәт не пiл намазын оқыса, жанатқа барады” дептi пайғамбар. Алланың үйiне барып Тәкбiр оқыдық. “Алла Акбар, ла илалла алла Акбар. Аллаһума салиха һа саибина Мұхаммеди набина… Алла Акбар ла илалла…” Негiзi Медине халқы жылы жүздi, ақкөңiл халық. Жұмысты шет жақтан келгендер iстейдi екен. Хуба ауылы ағашты, таза, сулары мөлдiр. Хуба мешiтi аспанға қадалып тұр, аппақ, бiрнеше биiк мұнаралы. Автобустар мұнда өте көп. Индия, Түркия, Шри Ланка, Пакистан, Қазақстан тулары желбiрейдi. Дәрет алып, мешiтке кiрiп екi рекәт намаз оқыдық. Ухуд тауы, Ухуд соғысы, – мұсылмандардың кәпiрлермен дiн үшiн соғысы. Кәпiрлер үш мың әскермен келедi. Үш жүз мұсылманнан кәпiрлер оңбай жеңiледi. Ухуд соғысында жетпiске жақын сахабалар қайтыс болған. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) тiсi сынады, бетi жарақат алады. Ухуд қабырстаны бар. 70 сахаба жерленген, төрт әйгiлi сахаба да осында жерленген. Ислам тарихында ерекше орынға ие – Ухуд тауы. Онда Аллаһу жолында шейiт болғандар жатыр. Тәкбiр оқыдық: Аллаһу Акбар, ла илалла Аллаһу Акбар… – Iштерiңiзден бiлетiн Фатиха, Ықылас, Фалак, Нас дұғаларын оқи отырыңыздар, – дедi жолсiлтеушi басшы Берекет деген бозбала. Ухуд соғысы. Алдымен кәпiрлер жеңедi. Соңынан садақшылар жеңедi. Сол соғыста пайғамбардың көкесi Хазрет Хамза пайғамбарымыздың сахабалары шейiт болады. Кәпiрлердiң бетi қайтады. Жетi сахаба шейiт болған. Ухуд тауын тамашаладық. Аса биiк тау емес, бiрақ аты Ислам тарихында мәңгi қалған. Ухуд тауында пайғамбардың отырған тасы да бар, ол жерден хош иiс шығып тұрады. Кәпiрлер келгенде Ухуд тауы биiктеп, мұсылмандарды қорғап қалыпты. Мұсылмандар бұрын Иерасулим жаққа қарап намаз оқиды екен. Аллатағала қазiргi құбыланы пайғамбарға сый етiп тартады. Алладан аят түседi. Құбланы Мекке жақ дедi. Пайғамбар (с.ғ.с) бiр намазда екi құбылаға қарайды. Сахабалар осы мешiтте намаз оқыған, дұға жасаған. Бұл жерде бұрын жетi мешiт болған, қазiр бiреу-ақ. Осы жерде пайғамбар (с.ғ.с) кәпiрлерге қарсы дұға оқыған. Пайғамбар осы жетi мешiттен Ухуд тауына дейiн алты шақырым жерге дейiн ор қаздырған. Фатиманың, Хазрет Омардың мешiтi осы жерде болған. Бұл жердi хенден (ор) деп атаған. Алты шақырымды алты күнде қазып бiтiрiптi. Осы арада кәпiрлермен соғыс болып, Әзiрет Әлi кәпiрдiң дәуiмен жекпе-жекке шығып, тас-талқанын шығарыпты дейдi. Кәпiрлердi жеңу үшiн Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) үш күн дұға оқыпты. Елу-алпыс дәрежелi қайнаған ыстықта пайғамбарымыз зор қиыншылықтар кешiптi. Ислам дүниеге оңайлықпен келмеген. Бүгiн желтоқсанның онбiрi. Ояна кетсем көршiлерiм таңғы намазға кетiп қалыпты. Таңғы шайымды шала-шарпы iштiм де, намазға жөнелдiм. Теңiздей теңселген халықтың бiр тамшысына айналдым. Әйтеуiр пышақ сиятындай жерге қыстырылдым да, намазға құладым. Кiсiнiң тұлабойын тiл жетпес бiр күй күмбiрлетiп, қаңбақтай етiп жiбередi. Бiр миллионға жуық мұсылман “Аллаһу Акбарын” айтып, сәждеге жығылғанда аспан еңкейiп, жерге жұлдыздарымен жайыла кеткендей әсер етедi. Дұға, аяттар арасындағы керемет тыныштық рухыңды көтерiп, шалқар шабыт ерiксiз билей жөнеледi. Жоқ, мұндай көрiнiстi тек көзбен көрiп, iштей ұғу керек. Бiр сәтте бұлттардың iшiнде, ендi бiрде жұмыр жердiң үстiмен қалқып ұшып бара жатқандайсың. Сiрә, адамға қанат бiтетiн тұс осы мезет шығар-ау. Ислам дiнiнiң әлi де ысылып, өркендеп миллиондаған жылдарға жалғасып кете беретiнiне шүбәң жоқ. Қысылып-қымтырылып намаз оқысаң да қасыңдағы тiлi, түрi бөтен пендемен бауыр басып, жымиып қоштасасың. Өйткенi, келесi намазға барғаныңда оны көре алмауың кәдiк. Сен де бiр ұлы теңiздiң тамшысысың. Отелге – мейрамханаға қайта оралдым. Уақытты бос өткiзбес үшiн Думан қажы басқарған топқа iлестiм. Мешiтке – “Жаннатул бақиға”, яғни қабырстанға барғалы тұр екен. Ескiлеу шағын автобусқа жайғастық, әрқайсымыздан бiр-бiр реал жинап алды, бұған да шүкiр дедiк. Екiараға жаяулатсаң әжептеуiр жер. Алайда мешiтке тақап қалғанда бiздiң көлiгiмiздi полицейлер тоқтатып қойды да, әрi қарай жаяу адымдай жөнелдiк. Мешiттiң оң жағын жағалап, Мұхаммед (с.ғ.с) мешiттiң жасыл Рауза күмбезiнiң тұсына барып кiдiрдiк. Күн жауып тұр, халық көп. Бәрiмiздi тыныштандырып алып, Думан iнiм сөз бастады. – Дәл осы сiздер тұрған жерде пайғамбарымыздың iздерi жатыр. Осы жерде намаз оқыған, үйi болған. Меккеден келгенде халық оны қуана қарсы алып, мешiт салып берген. Алғаш келгенде сахабалар оған кiмнiң үйiне түсесiз дегенде Хазрет Әлидi таңдапты деседi. Қызы Фатиманың күйеуi ғой, өз баласындай болып кеткен. Мұхаммед (с.ғ.с) ауырып жатқанда қызы Фатиманы қасына шақырып алып, бiрдеңе дептi дейдi. Фатима жылапты. Кейiн жұрт не айтты деп сұрағанда: “ Әкем өмiрден өтемiн дедi”, – дейдi. Екiншi рет тағыда Фатиманы қасына шақырып алып, құлағына сыбырлапты. Фатима күлiптi. Сұраса: “Қайтқан соң алты айдан кейiн сен маған келесiң дедi,” деп жауап берген. Содан соң Мешiттiң маңындағы ескi мешiттердi араладық. Алдымен Хазретi Әлидiң мешiтiне тоқтадық. Жабық екен. Сәлем берiп, Фатиха сүресiн бiр мәрте, Ықылас сүресiн он қайтара iштей оқыдық. Хазрет Әли ( р.а.) дәл осы арада жұма намазын оқыпты, мешiттi соның құрметiне салыпты. Екiншi Хазретi Әбубәкiр ( р.а) мешiтiне бардық. Хазретi Әбубәкiр ( р.а) пайғамбарымыздың ең сенiмдi, сүйiктi серiктестерiнiң бiрi болған. Пайғамбарымыз: “Егер таразының бiр жағына Әбубәкiрдiң иманын, екiншi жағына бүкiл адам баласының иманын салса Әбубәкiр жағы басым болар едi “, – деп айтады екен. “Бұлт” деп аталатын бiр мешiтке барып тағзым еттiк. Сөйтсек, пайғамбарымыздың тiрi кезiнде күннiң аптап ыстығында бiр бұлт пайғамбарымыздың төбесiнде қалқып жүредi екен. Егер пайғамбар бiр мешiтке кiрiп кетсе, қашан қайта шыққанша күтедi екен. Содан сол бұлт тоқтаған жерге арнайы мешiт салып, “Бұлт” мешiтi деп атап кетiптi. Бұл да жабық. Думан бастап салауат айтып, дұғамызды оқыдық. Хазiрет Осман (р.а) мешiтiне келiп, тиiстi рәсiмдердi жасап өттiк. “Жанна тул бақиға” – Қабырстанға барсақ қақпа жабық, мұнда Мұхаммед пайғамбарымыздың әйелдерi, туыстары, сахабалары, Хазiретi Осман (р.а) және Мекке-Мединеге сапар шегiп, осында қаза болғандар жатыр дейдi. Кешкiсiн қонақүйдiң астыңғы қабатындағы мешiтiне Алматыдан үш ұшақпен келген қажылардың бас қосуы өткiзiлдi. Алла жазса желтоқсанның 13-күнi Меккеге автобуспен барады екенбiз. Бiздiң топтың автобусы сағат үште жолға шығады екен. Жолға әзiрлiк жайы және кiшi Умра қажылығы жайлы әңгiмелендi. Ихрам алатын болдық. Меккеге барғандағы iс-жоспарларымыз ортаға салынды. Бiрқатар сауалдарға жауап алдық. Қостанайлық топтың басшысы – Бауыржан қажы ихрам киiнудiң мән-жайын түсiндiрiп, алдымызда бiршама қиындықтар тұрғанын ескертiп өттi. Қандай жағдайға да төзiм берiп, сабырлы болуға шақырды. Ұйқы алдында Аллатағалаға, Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) табынып, дұға оқимын. Бiз тұрған қонақүй мешiттен 750 метр қашықтықта. Күндiз-түнi саңқылдаған намаз үнi үзiлмей естiледi. Қашан Мединеден аттанғанша Пайғамбарымызбен сәлемдесiп тұрдық. “Сарацин Империясы” тарихының авторы (Лондон, 1870 ж. ) Эдуард Гиббон: “Мұхаммед iсiнiң ғажайып жетiстiгi бiр рет қылыш сiлтемей-ақ кiшкентай күшiнiң (ақиқатқа шақыру) көмегiмен жүзеге асқан”, – дейдi. Ал “тарихтың ең ықпалды жүз адамын” жазған ( Нью-Иорк, 1978 ) М.Харт былай дейдi: “Мен әлемнiң ең ықпалды адамдарының тiзiмiн Мұхаммедтен бастауым оқырмандарды таңдандыруы және олардың келiспеушiлiгiн тудыруы мүмкiн. Алайда адамзат тарихында дiн және дүние iсiнде ғажайып табысқа жеткен жалғыз сол ғана”. Бүгiн желтоқсанның он екiсi. Таңертең төменге түссем Исатай бастаған топ Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбармен қоштасуға барамыз деп тұр екен. Мен де қосылдым. Алдымызда ту ұстап, Исатай келедi. Бiр жас жiгiт жүрiс-тұрысымызды фильмге түсiрiп жүр. Кешегi жиналысқа Зелола келiп, жұрты күлдiрiп жүрген, бүгiн көрiнбейдi. Автобусқа отырғанда мойнымызға адресiмiз толық жазылған дөңгелек қағаз iледi екенбiз. Меккеде бiрiншi есiктiң алдында тоғысып тұрады екенбiз. Тағы да ертең таң намазында пайғамбармен қоштасу екен. “Бiрiншi ұшақ қажылары” сағат тоғызда жүредi. “Үшiншi ұшақ қажылары” сағат үште аттанады. Қажылықтың уақыты 18 желтоқсанда басталады. Кешкiсiн Мина деген жерге барамыз. Минада палатаның iшiнде шам, құтпан намазын оқимыз. 19-күнi шатырлардан шығып, 33 не 34 автобусқа мiнемiз. Арафаға барып, екiндi, бесiн намазын оқып, дұға жасаймыз. Арафа-тазаланатын жер. Шам намазы кезiнде қайтадан намаз оқып, Мина деген жерге барамыз. 74 тасты алып, “биссимиллаһи Аллаһу Акбар” деп шайтанға лақтырамыз. Шайтанға тас лақтыру үшiн үш сағат жаяу жүремiз. Айттың екiншi күнi 21 тасты алып, үлкен шайтанға жетеуiн, қалғанын кiшкене шайтанға лақтырамыз, Ихрамнан шықпастан бұрын шаш қысқарту керек. Шайтанға тас лақтырғанда айтатын сөз бар. Үлкен кiсiлер тастарын бiреуге тапсыруға болады. 22 желтоқсанда үлкен қажылық аяқталады. Бүгiн мешiтке барып табынып, Құран оқып шықтым. Мұнда оқыған бiр намазың 1000 намазға татиды. МЕККЕ – ҚАСИЕТТI МЕКЕН 

Таң алагеуiмде Мединеге жеттiк. Жол бойы имамдар уағыздар таратты.Қажылық амалдар,Қажылық қасиеттер жайында сыр толғапты. Қажылық – Құдайға құлшылық, ғибадат жолы екенiн ескерттi. Қандай сағат, кезең тумасын сабырлы болуға шақырды. “Қажылығы сабыр болған адам үшiн Жәннәттан басқа сыйлық жоқ”дептi Пайғамбарымыз(с.ғ.с.)

“Қажылыққа жұмсалған қаражат Аллаһу Тағала жолында жұмсалғандай 700 есе өседi”. Меккеге таң себелеп атып келе жатқанда жеттiк. О бастағы топ басшыларының жоспары Мешiт-Харемге кiру едi, бiрақ адамның көптiгiнен бүгiн мүмкiн еместiгi айтылды. Автобус қонақ үйге бет алды. Медине үлкен шаһар көрiнедi, жеткенше бiраз уақыт өттi. Жол бойы “Ләббәйк Аллаһума ләббәйк, ләббәйкә лә шарике ләке ләббәйкә Иннә, хәмде уанниғмәтә ләкә уәл мүлк. Лә шәрике ләк”деген тәлбиенi қайталап айтумен болдық. Бұның мағынасы: “Әмiр ет, Аллаһым,әмiр ет. Сенiң ортағың жоқ. Әмiр ет. Мақтау саған тән.Нығмет және мүлiк Сенiкi. Сенiң ортағың жоқ” дейдi. Әуелде Абдул Азиз деп аталатын Қағбаның бiрiншi есiгiнен енбек едiк, аяқ тигiзер жер жоқ. Жалпы биыл қажылыққа дүние жүзiнен сегiз миллион мұсылман келдi деп естiдiк. Қазақстаннан биыл келгенi 4300 адам.Амантай қажы қанша дегенмен тәжiрибесi бар ғой, тобымызды орағытып, әрең дегенде үшiншi қабатқа алып шықты. Құмырсқаның илеуi деген теңеу де жетпес, кiсiнiң көптiгiнен көз сүрiнедi. Мешiт Харемге оң аяқпен кiрiп, дұға еттiк.Теңiздiң толқындарына оранғандай Қағбаны айналуды бастадық. Үшiншi айналғанда тұлабойым терге шомылып,өкпем қысылды. Қарулы жас жiгiттер қамқорлық жасап, кәрiлердi, әйелдердi қоршауға алып жүрдi. Теңiздей адам айдынында бiр-бiрiмiздi таба алмай, ажырасып кеткен сәттер де бар. Ықыластың, ниеттiң, мақсаттың тазалығы қайта қосылуға күш-қуат бердi. Жетi рет айналып, Зәм-Зәм суына жақындадық, рахаттанып сiмiрдiк. Тауаф намазынан кейiн дұға оқылды. Ендi Сафа мен Мерве арасына жетi рет жүгiрiп өту керек. Бұл да зор қиындықпен жүзеге асты. Алып таудан құлаған сарқырамадай адам өзенi бiресе төмен,бiресе жоғары тасып төгiлiп жатыр. Екiарада оқылатын дұға бар екен және әрбiр барып келген соң Құбылаға қарап, қол көтерiп жасайтын дұға және бар. Бұл рәсiмнiң бәрiнен өттiк.Ендi екi таудың арасын адақтап, сыртқа шыға бергенiмiзде ақшақардай киiнген сақалды шаштаразшылар бiзге лап бердi. Шашты қысқарту не алдыртып тастау қажет. Қонақүйдiң екiншi қабатында мешiт бар, сонда кешкiсiн жиналыс өттi. Бiр жас араб имам қажылығымызға оң сапар тiлеп, Мекке жайында әңгiмелеп бердi. Мұндағы он сауап iсiмiз жүзге,жүз сауап iсiмiз мыңға татиды екен. Қасиеттi жерге құлшылық етуге келгенiмiздi құптап, соны абыроймен атқаруға тiлектестiк, исламды таратуда бұрынғы замандарда зор роль атқарған Орта Азия даналарына iлтипат бiлдiрдi. Қостанайлық қажы Бауыржан бауырымыз аударып отырды. Байсалды, бiлiмдi, сабырлы жiгiт. Ашуланбайды,ақылмен iстейдi. 15желтоқсан күнi ертеден кешке дейiн төрт мәрте намаз оқып, соншама зәмзәм суын сiмiрiп iштiм. Рахат су!Қанша iшсең де тұлабойыңа сiңiп кетедi. Iше берсем дейсiң. Әйтеуiр бiр ғажап әсерi бар. Суға қолың жетпесе алдыңғы саптағылар қолжалғап алып бередi. Меккеде ешқандай аудармашының қажетi шамалы,ым,көз,қол сөйлейдi,бәрi бiрден түсiнедi. Пайғамбарымыз 8-9 жас шамасында көз ауруына ұшырап, аталары алып бармаған жер жоқ көрiнедi. Бәрiнен де ем болмапты. Өйткенi, соңғы пайғамбардың көзi көрмей қалсын деп,у тамыза берiптi. Раббин деген бiр попқа апармақ болады. Дұшпандары күнi бұрын естiп, поптың қақпасына алдын ала тығылып, болашақ пайғамбарымызды күтедi. Мақсаты – қақпаға кiре бергенде шауып өлтiру едi. Аталары баланы алып келедi. Бiрiншi есiктен баланы кiргiзедi. Шайтандар оның басын қағып тастауға қылыштарын көтерiп әзiр тұрады. Сонда Құдайдың құдыретiмен бала кiре бергенде қылыш көтерген қолдар семiп, күйреп қалады. Раббин баланы қарсы алады. Көзiн тексередi. “Бұның көзiне ем-домның керегi жоқ, сiлекейiн көзiне жақсын”, – дейдi. Жағып едi, көздерi айнадай жарқырады. 16 желтоқсан күнi Мекке уақытымен осындағы қазақ елшiлiгiне оншақты адам шақырылды. Бiз келсек жиналыс басталып кетiптi. Сауда Арабиясындағы елшiмiз Қайрат Ләмә-Шәрiп бүгiнгi Қазақстанның тәуелсiз мерекесiмен қажыларды құттықтады. Нәзiр Төреқұлов туралы араб ғалымдары жазған жаңа кiтаппен таныстырды. Биыл Қазақстаннан 4300 қажы зияратқа келiптi. АРАФАТ ТАУЫНЫҢ АСҚАҚ КЕЙПI. 

Елшiлiктiң қабылдауынан кейiн iле-шала әзiрлiкке кiрiсiп кеттiк. Қолымызға екi-үш күнге жететiн бiр дорба тамақ бердi. Ихрам кидiк.Бiр-бiрден одеал,матрас бердi. Мұздалифа тауының етегiне барып қонғанда керек. Миымызда Мина,басқа сөз де,ой да жоқ.Қажылықтың ең iрi сатысы осы Минадан басталмақ. Минаға барып, бес уақыт намаз оқимыз,бұйырса Таңғы намазды Арафат тауында оқимыз. Мұздалифаға барып, шайтандарға лақтыратын тас жинаймыз. Құрбан шалынды деген хабар келгенде ихрамнан шығамыз.

Әзiрше автобус күтудемiз. Қонақүйдiң астыңғы қабаты азан-қазан шу,тоқсан тоғыз тiлдер қосылып,құлақ тұндырады.Алдымен Ресейден келген мұсылмандарды аттандырды. Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Омбы қалаларынан келген татарлар Шыңғысхан әскерiнiң шеруiндей тартып барады. Бәрiнiң аузында – Мина. Түске жақын қалғанда автобустар бiздердi Минаның аппақ шатырларының тұсына әкеп төгiп тастады. Мина деген миллиондаған шатырлар, iшi толған қажы деген батырлар. Аспаннан түскен аппақ қарлар Минаны түгел жауып тастаған секiлдi. Жер бетiн ихрам киген адамдар басып алғандай. Минаны таулар қоршайды. Таулардың төбесi,беткейiне аппақ гүлдер қаптап кетiптi.Аппақ гүлдер ихрам киген қажылар, кiсiнiң көзi қызығатын сурет.Жайлы самал соғады.Және намазға жығылдық. Жұрт қауымдасып шай,тамақ iшедi,сыртқа шығып серуендейдi. Маған таныс хинди,урду,ауған тiлдерi естiледi. Минада тамшыдай жақсылық көрсең көзiңе жас келедi. Жанымдағы бейтаныс қазақ жiгiттерi құрмамен шай бердi. Ықылас, ниетпен бергесiн бе Бөкеңнiң (кемпiрiмдi айтам) сүт құйған шайындай рахаттанып терледiм. Бiздiң шатырға Шыңғыс келдi, бұл өзi түрiк жiгiтi, естуiмше қазаққа күйеу дейдi. “Қызмет-Саяхаттың” бастығы, бiздi басқарып алып келе жатыр. Көп жасағырдың жүзiнен күлкi шуағы кетпейдi, Алматыдан шыққалы бiр ашуланғанын көрмедiм. Екi рет пе, көлiк мәселесiнен табан астынан қиындық туғанда Шыңғыс қалтасынан қаражат шығарып, Сауд Арабиясындағы қазақ елшiлiгiнiң қабылдауына оншақты адамды апарып, есен-аман қонақүйге алып келдi. Шыңғыс қасыңда жүргенде шырқың бұзылмайды. Қазақшаны таза сөйлейдi. Ұйқы алдында таза ауамен тыныстадым. Қызылордадан келген “Қоғам” теледидары қажылардан сұхбат алып жатыр екен. Мен де қосылып кеттiм. Жерлестерiме сәлем айтып, тiлек тiледiм. Палаткiлердiң сыртында қаншама кiшкене шатырлар құрылған, iшiне бiр отбасы сыйып кетедi. Ауасы таза, әрi сыртта орналасқан. Сағат бесте ұйқым шайдай ашылды. Жұрт төсегiн жинап, шай, суын iшуге кiрiсiптi. Жуынатын жерге барып келдiм, дәрет алдым .Шатырға енсем намаз басталыпты. Жайнамазды жайып жiбердiм де оқыдым. Автобусқа таласып-тармасып мiнiп Арафатқа жеттiк. Арафатта Алла барлық күнәнi кешiредi екен. Атшаптырым келетiн шатырда “Қызмет-Саяхат” қажылары жайғасты. Арафатты аттап бассаң ақ шатырлар, суы,дәретханасы бәрi дайын. Жергiлiктi бай арабтар тегiн тамақ таратты. Мұсылман баласының барлық күнәсi Арафатта төгiледi. Алла бәрiн кешiредi. Бiрнеше намаз, дұға, дiни илхамдар айтып, Аллатағалаға жалбарындық. МҰЗДАЛИФАДАН ҚАҒБАҒА 

Мұздалифаға таңға жақын келдiк. Даласы да, тауларының етегi де ихрам кигендерден көрiнбейдi, керемет көрiнiс. Халықты тасып жүрген автобустардың қисабы жоқ. Бүкiл дүние жүзiнiң ақ, қызыл, жасыл, жолақ, көк тулары аспан астын желпiнтедi. Жерге табанымыз тиген бойда тастар тердiк. Алғашында тергенiм iрiлеу едi, iзiнше төгiп тастап, майдасына көштiм. Бiр бейтаныс кiсi маған бiр уыс уақ тас тас терiп әкелдi. Мекке жерiнде тамшыдай болса мейiрiм, iзгiлiк көрсетуге асығасың. Тас терiлдi. Намаз, Құран оқылды. Мұздалифа даласына екi-үш сағаттай жамбас тигiздiк те, таң аппақ бола бергенде қайтадан Минаға жетiп жайғастық.

Сол өзiмiз орналасқан 34 нөмiрлi ақшатырға кiрiп, басымды жастыққа сүйесем қалғып кетiппiн. Ояна кетсем тастар есiме түсе кеттi. Бағана “үшiншi ұшақпен” келген қажылар тобының басшысы Амантай қажы: “Шайтанға баратын, тас лақтырам дейтiн шалдардың тастарын жастар аманат етiп алсын, күн ыстық, жол ауыр, жұрт сығылысып қалады”, – деп ескерткен едi. Тастарын жастарға берген шалдардың Меккеге қайтуына ұлықсат етiлдi. Жеңiл автобуспен оншақты қажы Меккеге беттедiк, арақашықтығы он шақырым. Әл-Харамға (Меккедегi Қағба мешiтi) Ақшам намазынан кейiн келдiк.Туннелге түстiм де адастым, бiреу олай, бiреу былай сiлтейдi. Түрiктердiң бiз тоқтаған мейрамханасын таба алатын емеспiн. Екi сағаттай адастым. Туннелдiң шуы құлақ тұндырады. Таксилер елу реалды екi қадамдық жерге сұрайды. “Қызмет-Саяхат” дейтiн жазуы бар көлiк iздедiм. Емге жоқ. Бiр зәулiм қонақүйдiң баспалдағына келiп тiземдi бүктiм. Қасымдағы кiсi жөнiмдi сұрады. Румынияда тұратын қырым татары, есiмi – Ибрагим Iсмет. Шүйiркелестiк, шаршағанымды ұмыттым. Екi қызы Стамбулда тұрады, өзi зиярат етуге келген. Кофе әкелiп бердi, ежелгi таныстардай сұхбат құрдық. Меккеде шыбын быжынап, топ-тобымен ұшады. Бiз умен қатырамыз ғой, Меккеде шыбын өлтiрмейдi, жалпы тiрi жәндiкке тиiспейдi, ол он сегiз ғаламның бөлшегi, Құдайдың жаратқаны деседi. Мысықтар да еркiн жүредi. Тiрi жан қуып жатқан жоқ. Масамен Арафатта бетпе-бет келдiк. Байқатпай қонып, жұмсақ шағып өтедi. Бiздiң жақтың масалары арындап қонып, ызыңдап қадалып шағады ғой. Жоқ, бұл жақтың масаларының ұшқаны да, қонғаны да бiлiнбейдi. Сыпайы сипап өтедi, соның өзiнде инесiн қадап кетедi. Мединеге қарағанда Меккенiң Түркия қонақүйiнде тазалық шамалы, жұмысшылар жетiспейтiн секiлдi. Қонақүйдiң iшi таза да, сырты сыйлы емес. Кешкi сағат бес жарымда басшыларымыз Амантай мен Исатай қажы қолдарына “Қызмет-Саяхаттың” туын көтерiп, бiздi Әл-Харам мешiтiне бастады. Туннельдiң iшiмен жаяу тарттық. Бұл жолғы мақсатымыз Тауфа жасаймыз, яғни, Қағбаны жетi рет айналамыз, тауфа дұғасын оқимыз, одан соң екi таудың арасына екi мәрте жүгiрiп өтемiз, Иша намазына үлгеруiмiз керек. ҚАҒБАНЫҢ СЫРТЫНДА 

Ұйқыдан тұрып, намаз оқып алдық. Зорға дегенде Қағбаға жақындап, әйелдердi ортаға алып, айнала бастадық. Амантай қажы мен Исатай қажының қолдарынан қажылық кiтабы түскен жоқ. Қағбаның әр бұрышына жақындаған сайын Құран аяттарын, дұғалар оқып, сыйынып өтемiз. Елiрiп есi шыққан жұрт, сәл тайып кетсең таптап өтуге дайын. “Сабыр”, “Сабыр” деген жалғыз ауыз сөз ғана жаныңды сақтап қалады. Ашық аспанның астын адам теңiзi басып кеткендей. Тек Қағба деген құдыретке қарап сәл тынышталады, тыныс алады, сыбырлайды, сырласады, еңкiлдеп жылайды, қолдарын көтерiп сыйынады, Алла Тағалаға жалбарынады, жалынады. Әуелгi сәтте қанша айналғаныңды санап, артынан өзiң де есiңнен адасып, аяғыңның астыңдағыны көрмей екi көзiң Қағбаға қадалады. Әттең, жақындап барып айналу мүмкiн емес, адам-толқындары кейiн лақтырып тастайды. Қабырғасын сипасам, сүйсем дейсiң. 2001 жылы қажылыққа келгенiмде Қағбаның қара қабырғасына қолым тиiп, еңкiлдеп балаша жылап, тiлек тiлегенiм есiмде. Сағия немеремнiң (Арман баламның тұңғышы) кiшкене жұмсақ сөмкесiн мойныма асып жүр едiм, сонымен Қағбаның қабырғасын сүртiп, тiлегiмдi айтып едiм, Құдай сол тiлектерiмдi бердi. АллаТағалаға мың да бiр шүкiр. Тәубе! Тәубе! Тәубе!

Ал, Қағбаны айнала бастағанда абзалы санамаған, санасаң ерте шаршап қаласың. Бiр Алла қуат бергей. Алдыңғы сапта Шыңғыс қажы, орта тұста Қағба дұғаларын оқып Амантай қажы жылжиды. Бiр-бiрiмiзден көз жазып қалмау үшiн иықтасып, қол ұстасып “Қызмет-Саяхат” ұжымы боп тұтас қозғаламыз. Соңғы айналым, көңiл көтерiңкi, зәмзәмге бас қойдық. Қаталап қаппыз. Қанша сiмiрсең де сiңедi. Керуенiмiз үзiлмей Софа мен Маруа тауларының арасын жетi рет айналып өттiк. Оны тамамдап, құтпан намазына жығылдық. Мiнеки, осы сапармен толық қажылық аяқталды. Қажылар бiрiн-бiрi құшақтап құттықтасты. Жанарға тамшы iркiлдi. Қанша дегенмен бiрнеше бөгеттерден өтiп барып, абыроймен нүктесiн қою ғанибет. Туннельдiң астымен тарттық. Бәрiмiз жарқынбыз, шабыттымыз. Түрiктер тобы бiр патриоттық өлеңдi көсiлттi. “Менiң Қазақстанымды” шырқайтын тұс осы едi, өкiнiштiсi сол, бiздi басқарып жүрген қажылар мұны ескермедi. Мен өзiмше айтқан болдым, бiрақ туннельдiң тоқсан самолеттiң қосылған моторындай дүрiлi дауысымды жұтып қалды… Соншалықты мерейлене отырып, көңiлiме көлеңке түсiрген кiрбiң турасында айтпасам iшiме симайды. “Қызмет-Саяхатпен” келгендердiң көпшiлiгi жас жiгiттер, қыздар – қазағымның өрiмдей әдемi жастары. Ал, осылар кейде орысша сөйлесiп кеткенде өзiмдi қоярға жер таппадым. Бiр емес-ау, бiрнеше рет қазақ тiлiн – ана тiлiн ысырып тастағандарына қапаландым. “Қазақпен қазақ қазақша сөйлессiн” деген Елбасының сөзi ойымнан шықпайды. Менiң қасымда шай iшiп,думандатып отырған түрiк ағайындар бiр-ақ тiлде – түрiк тiлiнде сөйлеседi. Бiр түйiн бөтен сөз араластырмайды. Қолдары қажылық рәсiмдерден босай қалса бiр-бiрiн тауып алып, дөңгелек стол басында сағынышпен қауқылдасады. Iшетiндерi бiр шыны шай, ал әңгiмелерi таусылмайды. “Түрiктер бiр-бiрiне ғашық жүредi, ал бiздiң қазақтар неге бiр-бiрiнен қашып жүредi”, – деп, жоғарыда айттым ғой деймiн. Неге мына түрiктердей әңгiме-дүкен құрмасқа?! Мәскеу және Ресей шаһарларынан қажылыққа келген кiсiлердi де көрдiм. Татарша сөйлессе бәрiн түсiнемiн, амал нешiк, олар да кейде орысша шүлдiрлесе жөнеледi. Тiптi, мынау менiмен бiрге қажылыққа келген кейбiр қазақ шалдары орысшалап бiрдеме деп қалғанда, жағасынан ала түскiң кеп тұрады. Құдай бiледi ғой, Бауыржан Момышұлы ағамыз тiрi болып, Мекке-Мединеге жолы түссе – талай жас пен шалдың көкесiн танытар едi. “Тiл жоғалса ұлт та жоғалады” деп, Ахмет Байтұрсынов баяғыда дабыл қақты емес пе?! Жә, бұл бiр дертпен тең тақырып қой. Естуiмше, биыл, яғни 2007 жылы Мекке-Мединеге он үш миллион мұсылман келiптi. Қытайдан алпыс мың, Өзбекстаннан алпыс мың, Қазақстаннан төрт мың бес жүз адам келген. Кеше Қағбада адасып жүрген бiр қазақ шалды қатарымызға қосып алдық.   Өтеген қажы КҮМIСБАЕВ