БИЛIК ПЕН КӘСIПОДАҚ — БIРГЕ
БИЛIК ПЕН КӘСIПОДАҚ — БIРГЕ
Әлемдiк қаржылық дағдарыстың дауылына тап болған кәсiпорындардың жұмысшылар санын қысқартуы — заңдылық. Алайда, “сыныққа сылтау iздейтiн” кейбiр компания талайдың көз жасына қалып жүр. Мұндайда кәсiподақ ұйымдарының маңызы үлкен.
Сейсенбi күнi ҚР Үкiмет басшысы К.Мәсiмов ҚР Кәсiподақтары Федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевпен кездестi. Билiк пен кәсiподақ ұйымдарының арасындағы әрiптестiк, елiмiздегi әлеуметтiк және еңбек қатынастарын реттеу т.б. мәселелердi қаузаған тараптар әлемдiк қаржылық дағдарыстың Қазақстандағы жұмыссыздар санының өсуiне ықпал етпеуiн қатаң қадағалау керектiгiне тоқталды. Мәсiмов бiрқатар iрi компаниялармен арадағы қол қойылған азаматтарды жаппай жұмыстан шығармау туралы меморандумын көлденең тартса, Мұқашев билiк атқарып жатқан шараларға кәсiподақ ұйымдарын да белсендi түрде қатыстыру керектiгiн айтты. Сонымен қатар “Ұжымдық шартты бекiтiңiздер” деген науқан шеңберiнде өткiзiлiп жатқан шаралардың нәтижесiнде, 10 мың ұжымдық еңбек шарты бекiтiлгенiн және 700-ден астам бастауы кәсiптiк ұйымдар құрылғаны туралы да сөз қозғалды. ТЕМIР ЖОЛДЫҢ МҮМКIНДIГI МОЛАстана қаласында өткiзiлген “Стратегиялық әрiптестiк 1520: ОРталық Азия” тақырыбындағы бизнес-форумда темiр жолдың мүмкiндiктерi мен келешекке жопарланған бағыттар туралы мәселе көтерiлдi.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанға тасымалданатын жүктердiң — 70 пайызы, ал жолаушылардың 60 пайызы темiр жол қызметiн пайдаланады. Аталған бизнес-форумда Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов: “Қазiргi кезде бүкiл әлемде қаржылық дағдарыс кеңiнен етек алды. Көптеген елдердiң экономикасын ауыр сын күтiп тұр. Оның үстiне, дамыған елдердiң экономикасындағы рецессия көпшiлiктiң көңiлiне күмән келтiрдi. Егер қолда бар мүмкiндiктердi тиiмдi пайдалана бiлсек, дағдарыстан келер қауiп-қатердi бәсеңдетуге және экономикалық көрсеткiштердi жақсартуға сеп болмақ” дедi. Форум қорытындысында “Қазақстан темiр жолы” Ұлттық компаниясы мен “Ресейдiң темiр жолдары” ашық акционерлiк қоғамы арасында темiр жол саласына қатысты бiрқатар құжаттарға қол қойылды. ГАЗ ҚҰБЫРЫ СЫР БЕРДIЖер асты жолдары арқылы тартылған Тәшкен-Бiшкек-Алматы газ құбырындағы ақаудың кесiрiнен “көгiлдiр отын” далаға ақты.
ҚР Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiктiң хабарлауынша, өткен сенбi күнi қазақ, қырғыз, өзбектiң жерiн жалғастыратын газ құбырының Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты Диқан-Қайрат елдi мекенiнен 3 шақырым жердегi бөлiгiнде ақау пайда болып, соның кесiрiнен жерде тереңдiгi — 8 метр, енi 10 мтер болатын шұңқыр пайда болған. Министрлiктегiлер келеңсiздiктiң себебi анықталысымен, құбырдың апат орын алған аймақтағы бөлiгi дереу тоқтатылып, елдi мекендердi табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары қосымша магистраль бойынша iске асырылып жатқанын айтады. Ал Алматыны газбен үздiксiз қамтамасыз ету үшiн Тараздағы КС-5 компрессорлық стансасы көмекке келген. Министрлiк әп дегеннен-ақ, жөндеу жұмыстарының 3 күнге созылатынын мәлiмедi. МҰНАЙ ҚАЙТА ҚЫМБАТТАЙДЫКүнi кеше ғана құны аяқ астынан шарықтап шыға келген “қара алтын” “сабасына” түсе бастады. Алайда, халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, алдағы екi жылдың iшiнде мұнай бағасы тағы өспек.
Халықаралық энергетикалық агенттiк (IЕА) сарапшылары 2009-2010 жылдары халықаралық қор нарығындағы мұнайдың бiр баррелi 147 долларға жететiнiн болжап отыр: “Егер дүние жүзi үкiметтерiнiң әлемдiк қаржылық дағдарысқа қарсы күрес шеңберiнде атқарып жатқан шаралары нәтижелi болса, 2008 жылдың шiлдесiнде 147 долларға жеткен “қара алтын” 200 долларға жуықтауы әбден мүмкiн” (Фатих Буроль). Дүйсенбi күнi нью-йорктiк биржада Light Sweet Crude Oil маркасының бiр баррелi 41,5-43,1 долларға бағаланды. IЕА мамандары халықаралық нарықтағы көмiрсутегiлердiң арзандауы баға мен өндiрiс көлемiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге қауқарлы мемлекеттiк мұнай компанияларына кесiрi тиюi мүмкiн деп алаңдап отыр.Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ