Жаңалықтар

“100 МЕКТЕП, 100 АУРУХАНАНЫҢ” ЖЫРЫ”

ашық дереккөзі

“100 МЕКТЕП, 100 АУРУХАНАНЫҢ” ЖЫРЫ”

“Әп-әдемi ән едi, пұшық шiркiн қор қылдының” керiн келтiргендер “100 мектеп, 100 аурухана” жобасының жұлым-жұлымын шығарды. Әрине, ауылдағы қарадомалақтардың қашықтығы шақырымдарға созылатын мектептерге қатынап оқитыны, қыстың көзi қырауда бүрсеңдеп тоңатыны, үйлерiне уақытылы жете алмай қиналатыны, қарны ашатыны жылы кабинеттердегi жұмсақ креслоларда шiренген шенеунiктердiң басын ауыртқан емес.

Қарағандыда екiкүндiк iссапарда болған ҚР Президентi Н.Назарбаев мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасының арқасында шаңырақты болғандарды арнайы құттықтаған Н.Назарбаев: “Әлемдiк қаржылық дағдарыстың қиындықтарына қарамастан, бiз әлеуметтiк бағдарламаларды әрқашан iске асырамыз. Әрине, бiлiм алу мен адамдардың денсаулығы — назар аударуды қажет ететiн маңызды мәселелер. 1 қаңтардан бастап, мұғалiмдер мен дәрiгерлердiң жалақысы 25 пайызға дейiн көтерiлетiнiн өздерiңiз бiлесiздер” дедi. Назарбаев айрықша тоқталған әлеуметтiк негiздегi бағдарламалар арасында 3 жылға жоспарланған “100 мектеп, 100 аурухана” жобасы бар. Қазiргi таңда Қазақстан бойынша 2007-2008 жж. 219 мектеп салынуда. Оның 106 мектебi аталған бағдарлама бойынша салнып, 86 мың ұстазды қызметпен қамтамасыз ету көзделiп отыр.

Үстiмiздегi жылдың соңына дейiн жобада жоспарланған 106 нысанның 45 пайызы пайдалануға берiлуi тиiс. Үстiмiздегi жылдың 1 желтоқсанындағы үкiметтiк отырыста ҚР Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев “100 мектеп, 100 аурухана” жобасын жүзеге асыруда Оңтүстiк Қазақстан облысы мен Қызылорда облыстарында — 12 нысан (әрқайсысында 6 нысаннан), Ақмола облысы мен Астанада 6 (әрқайсысында 3 нысаннан) мерзiмiнде аяқталмайтынын мәлiмдедi. Ең маңыздысы, жоба құнының қымбаттап кетуi қиын тиюде. ҚР вице-премьерi Ербол Орынбаевтың мәлiмдеуiнше, пайдалануға берiлуi тиiс 30 нысан бойынша (2007-2009 жж.) қымбатшылық деңгейi 13 млрд. теңгеге жеткен. Мысалы, Қызылорда облысындағы 8 нысан бойынша қайта есептеу жұмыстары құрылыс нысандарының бастапқы бағасынан 34 пайызға артқанын дәлелдедi. Министрдiң мәлiмдеуiнше, мұндай жағдайлар кез келген облыста кездеседi. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының сапасы да төмен. Түймебаев жергiлiктi әкiмдiктердi салынып жатқан ғимараттар сапасын қатаң қадағалауға алуға шақырады. Негiзi мемлекеттiк бюджеттен шығатын қаражаттың мақсатты жұмсалуын орталық және жергiлiктi атқару органдары жiтi бақылауда ұстауға мiндеттi. Сонда балалардың бiлiм алуы мен қаншама отандастың игiлiгi үшiн салынуы тиiс ауруханаларға арналған қырауар қаржыны сапасыз құрылысқа салып жiберген әкiмдiктер қайда қарап отырған? Сыбайлас жемқорлықтың кесiрi 100 мектеп пен 100 ауруханаға да тиюде. Оңтүстiк Қазақстан облысына қарасты Леңгiр қаласындағы мектептi тұрғызуда құрылысқа бөлiнген ақшаны бiреулер “байқамай” жеп қойыпты. Бүгiнде қылмыскерлер заң алдында жауапқа тартылуда, ал мектептiң құрылысы тоқтап тұр. Сонда кiм ұтты, кiм ұтылды?

Сорақысы сол, заңсыздықтар мұнымен бiтпейдi. Құрылысы бiткен мектептер мемлекеттiк актiсiз және коммуналдық меншiктi есепке алусыз пайдалануға берiлген жайттар да барлық аймақта көптеп кездеседi. Бөлiнген қаржыны уақтылы игермеу, атқарылатын жұмыстарға жауапкершiлiкпен қарамау, тиiстi органдар тарапынан бақылау мен қадағалаудың болмауы, яғни, “әй дер ажа, қой дер қожаның” жоқтығы сияқты басқа да келеңсiздiктердiң кежегенi керi тартары сөзсiз. Елдiң, әсiресе, орталықтардан шалғай жатқан ауылдар мен елдiмекен қарадомалақтарының бiлiм алу үшiн шақырымдарға созылатын бiлiм ошақтарына қатынап оқып жүргенi, қыстың көзi қырауда ауылдан алыс жерге қатынаудың қиынға түсетiнi, олардың бүрсеңдеп тоңатыны, қарны ашатыны, қиналатыны жылы кабинеттердегi жұмсақ креслоларда шiренген шенеунiктердi қынжылта қоймайтыны анық. Бiрақ оларға тiсiн қайраумен шектелетiн Үкiметтiң дәрменсiздiгiне не жорық? Заң — ортақ, талап — бiр. Демек, жемқорлар мен тайраңдатып отырған да — билiктiң өзi. Құлақтарына — алтыннан сырға…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ