Жаңалықтар

“ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫҢ” КЕЛЕЛI КЕЛIСIМДЕРI

ашық дереккөзі

“ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫҢ” КЕЛЕЛI КЕЛIСIМДЕРI

Елiмiздiң мұнай-газ саласында өзiндiк қолтаңбасы бар алпауыт компания – “ҚазМұнайГаз” АҚ Ұлттық компаниясы соңғы кезде маңызды қадамдарға барып, болашағынан зор үмiт күттiретiн келiсiм-шарттарға қол жеткiзiп жатыр. Оған дәлел ретiнде, жартығасырлық тарихы бар американдық “M-I SWACO” компаниясымен өзара мәмiлеге келiп, “KAZ-M-I” атты жаңа кәсiпорын құру арқылы ортақ мақсатқа ұйысу әрекетiн айта кеткен жөн.

Ал, жақында “ҚазМұнайГаз” АҚ Ұлттық компаниясы және “ҚазМұнайГаз” Барлау және “Би Джи Групп” көмiрсутегiн барлау компаниясы өндiрiс орындары ынтымақтастығы жөнiндегi бiрқатар келiсiмдерге қол қойды. Бұл рәсiмге Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрi Сауат Мыңбаев, “ҚазМұнайГаз” АҚ Ұлттық компаниясының президентi Қайыргелдi Қабылдин, “ҚазМұнайГаз” АҚ Ұлттық компаниясы газ-барлау өндiрiс компаниясының бас директоры Балжан Асқаров, “Би Джи Групп” компаниясының Еуропа және Орталық Азия бойынша атқарушы вице-президентi және Басқарушы менеджерi Марк Карн қатысты.

Сонымен, маңызды құжаттың арқасында “ҚазМұнайГаз” АҚ ҰК мен “Каспиан Тристар” ЖШС Маңғыстау облысындағы “Өлi Қолтық” жобасын бiрлесiп атқаруға келiсiп, жер қойнауын пайдаланудың 50 пайыздық құқын бермек. Естерiңiзде болса, “ҚазМұнайГаз” АҚ ҰК шiлде айында Энергетика және минералды ресурстар министрлiгiмен “Өлi Қолтық” учаскесiнде барлау және өндiру жұмыстарымен айналысуға келiсiм-шартқа отырған-ды. “Өлi Қолтық” учаскесiнiң көлемi 7200 шаршы метр, су тереңдiгi – 1,0, 2,5 метр. Келiсiм-шартқа сәйкес, жұмыс бағдарының мiндеттi көлемi аясында сейсмикалық-барлау жұмысы жүргiзiлiп, екi барлау ұңғымасы қазылады. Бiр айта кетерлiгi, жобаға жұмсалатын қаржының төменгi көлемi 47 млн. АҚШ долларын құрайды. Жобаға байланысты негiзгi жұмыс 2009 жылдың қаңтарынан басталады деп күтiлуде.

Сол сияқты, “ҚазМұнайГаз” АҚ ҰК, “Би Джи Групп” және “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндiру” компаниялары барлау саласында бiрқатар бiрлескен зерттеу жұмыстарын жүргiзу мүмкiндiктерi туралы келiсiмге қол қойғандарын мәлiмдедi. Яғни, бұл жобаның аясында елiмiздегi және басқа шетелдердегi жекелеген учаскелерде көмiрсутегi қорларының қуатын бiрлесiп зерттеу шаралары айқындалды. Нәтижесiнде бұл компаниялар мұнай мен газды барлау саласында келешекте мол табыс әкелетiн жобаларға бiрлесiп қатысуда өзiндiк мүмкiндiктерiн бағаламақ.

Осы маңызды құжаттар жөнiнде “ҚазМұнайГаз” АҚ ҰК-ның президентi Қайыргелдi Қабылдин: “Қол қойылған ынтымақтастық туралы үш келiсiм бiздiң халықаралық нарықтарға шығу стратегиямызда аса маңызды рөл атқарады” дей келе, үш келiсiмге жеке-жеке тоқтала кеттi.

Бiрiншi, Каспий теңiзiндегi блог “Н” мұнай кенiшi “Мубадала Дивелопмент Компаниясы” және Американың “КонокаФиллипс” компаниясымен бiрiгiп, геологиялық-барлау жұмыстарын жүргiзуге келiстi. Олар келiсiм-шартқа сәйкес, геологиялық-барлау жұмысының материалдық жағын көтерiп, сондай-ақ, 100 млн. доллар көлемiнде бонус төлейдi. Демек, бұл алпауыт компаниялар болашақта бiздiң мамандарды оқытуға, жыл сайын әлеуметтiк бағдарламаларды жүзеге асыру үшiн әкiмшiлiкке қаражат бөледi. Тағы бiр айта кетерлiк жайт, бұл жобада бiздiң үлесiмiз – 51 пайыз, қалған екi компания 24, 5 пайыздан иелiк етедi. Екiншi келiсiм, “Би Джи Групп” компаниясымен өзара қарым-қатынасты одан әрi кеңейте түсуге үмiт артқан жоба. Неге “Би Джи Групп” компаниясы таңдап алынды? Бұл компания бүгiнде өзiндiк қорын сақтай отырып, үлкен жетiстiктерге жеткен әрi мұнай-газ саласында мол тәжiрибесi бар iрi компания. Олар қазақтiлдi мамандардың беделiн көтеруге күш салып, өздерiнiң технологияларымен арнайы бiлiм бередi. Үшiншi келiсiм, отандық инвесторлармен жүргiзiлген келiссөз. “Өлi Қолтық” блогы бойынша, “Казкоммерцбанк”, “БТАбанк”, “Seimar” бiрлестiктер тобымен алғаш рет барлау-бұрғылау жұмыстарына шығатын болдық. Мұның бәрi келешекте табыс көзiн әкеледi деуге толық негiз бар.

“ҚазМұнайГаз” Барлау-Өндiру” компаниясының Бас директоры Асқар Балжанов: “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндiру” компаниясының елiмiзде мұнайды барлау және өндiру саласында үлкен тәжiрибесi бар. Ал, “Би Джи Групп” компаниясымен тығыз ынтымақтастық орнату аса iрi халықаралық жобаларға қатысуға және жаңа деңгейге көтерiлуге мүмкiндiк бередi” дегендi айтса, “Би Джи Групп” компаниясының Еуропа және Орталық Азия бойынша атқарушы вице-президентi және Басқарушы менеджерi Марк Карн: “Бұл келiсiмдерге қол қою “Би Джи Групптың” осы аймақтағы ең серпiндi даму үстiндегi және маңыздылығымен ерекшеленген экономикалық жобаның бiрiне салған айтарлықтай көлемдегi ұзақ мерзiмдi инвестициялары арқасында мүмкiн болып отыр. Бiз “ҚазМұнайГаз” АҚ ҰК-мен бұдан да ары тығызырақ ынтымақтасу мүмкiндiгiне жетiп отырмыз” деген жүрекжарды қуанышын бiлдiрдi.

Бұл жоба бойынша, барлау-бұрғылау жұмысы 2010 жылға жобаланып, алғашқы өнiм өндiру 2016 жылдан бастап қолға алынады. Келiсiм-шартты газ өндiруге байланысты қарастырып отырғандықтан, бұл аймақта 1,5, 2 млрд. текше метр газ өндiрiлуi мүмкiн. Мұндағы көздеген мақсат – iшкi рынокты газ өнiмiмен толыққанды қамтамасыз ету.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ