Жаңалықтар

Асан ЗАМАНХАН: ҚАЗПОШТАНЫҢ БЕДЕЛI ӘЛЕМДIК ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРIЛСЕ ДЕЙМIН

ашық дереккөзі

Асан ЗАМАНХАН: ҚАЗПОШТАНЫҢ БЕДЕЛI ӘЛЕМДIК ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРIЛСЕ ДЕЙМIН

“Қазпоштада” жүргiзiлген реформа нәтижесiнде ОҚО-тық филиалы қала және облыс тұрғындарына, заңды тұлғаларға әлеуметтiк маңызы бар пошта және жинақ қызметтерiнiң кең түрiн көрсетiп келедi. Оңтүстiкте бұл саланы бiлiктi де, iскер ұйымдастырушылық қабiлетi зор, Оңтүстiк Қазақстан облыстық маслихаттың депутаты, Бәйдiбек ауданының “Құрметтi азаматы” Асан Заманхан басқарып келедi. Байланыстың күретамыры болып саналатын поштаның тыныс-тiршiлiгi жайлы сұхбат құрудың сәтi түстi.

— Асан Заманханұлы, кезiнде Қазақстан поштасының күйзелiске ұшырап, тығырыққа тiрелген кезi де болды. Осы қиын жағдайдан қалай шықтыңыздар? Ең алдымен әңгiмемiздi проблемадан бастасақ деймiн.

— Шынында да 90 жылдардың соңында бүкiл Қазақстан экономикасы қиындықты басынан кешiрген кезде, Қазақстан поштасы да нарықтық экономика ауыртпалығының дәмiн тартты. Жаңа экономикалық жағдайға бейiмделiп, пошта саласын сақтап қалу үшiн қолайсыз шараларды қолдануға мәжбүр болды: пошта байланысы бөлiмшелерi жабылды, қызметкерлердiң штат саны қысқартылды немесе оларға белгiсiз мерзiмге жалақы сақталынбайтын демалыс берiлдi… Құдайға шүкiр, мұның барлығы да өткiншi жаңбырдай өттi де кеттi.

2000 жыл Қазақстан поштасы үшiн ең бiр есте қаларлық кезең. Осы кезден бастап жүргiзiлген салиқалы реформаларға және сауатты басқаруға байланысты пошта бiртiндеп тығырықтан шығып, қарқынды дами бастады. Тұңғыш рет “Пошта туралы” заң қабылданды. Үкiмет “ҚР пошта жинақ жүйесiн дамытудың 2005-2010 жылдардағы бағдарламасын” бекiттi. Бүгiнде “Қазпошта” АҚ қарқынды дамып келе жатқан ұзақ мерзiмдi даму потенциялы бар, перспективалы негiзгi инфрақұрылым салаларының бiрi болып саналады. Қазпоштаның соңғы кездегi қол жеткiзген үлкен жетiстiгi, оның жаңару және реформалау жолынан өтiп, пошта-жинақ жүйесiн құрып, заң жүзiнде бекiтiп, нығайтуында… Ең бастысы — бiз клиенттердiң поштаға деген сенiмiн қайтардық, үкiмет алдында поштаның даму бағдарламасын қорғадық, ал үкiмет жарғылық капиталымызды көбейту үшiн ақшалай қаражат бөлдi.

Қазпоштаның беделi тек ел iшiнде ғана емес, әлемдiк деңгейде де артып келедi. Қазақстан поштасының пошта-жинақ жүйесiн құру тәжiрибесiне көптеген жетекшi шетелдердiң пошталық әкiмшiлiктерi мен банкiлiк құрылымдары қызығушылық танытуда. Қазақстан Республикасының дүниежүзiлiк пошта одағына (ДПО) мүше болуымен қатар, оның әкiмшiлiк кеңесiне сайлануы осыған дәлел бола алады.

— Бүгiнде Қазақстан поштасы дәстүрлi пошта қызметiмен қатар, қаржылық және агенттiк қызмет түрлерiн көрсетедi. Оңтүстiк Қазақстан облысында бұл қызмет түрлерi қалай жолға қойылған?

— Қазiргi пошта — бұл, жан-жақты қаржылық қызмет көрсету қабiлетi бар, бұрынғы мағынадағы пошта мен бiрегей қаржылық институтының бiрлескен құрылымы. Мұнда көрсетiлген қызметтердiң қол жеткiлiктiлiгi филиалдың кең тараған құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қамтамасыз етiледi. Облыс бойынша 13 аудандық пошта байланысы торабы (АПБТ) және 247 пошта байланыс бөлiмшесi оның iшiнде 169 ауылды жерде және 70 пошта байланыс пунктi (ПБП), оның iшiнде 66 ауылды жерде, халыққа қызмет көрсетедi.

Бүгiнде ауылды жерде пошта-жинақ жүйесiн көрсету сапасын арттыру, қалада инфрақұрылымды дамыту, көрсетiлетiн қызметтiң бәсекелестiк қабiлетiн арттыру, еңбек өнiмдiлiгiн өсiру, сауда-саттық көлемiн, соған сәйкес, табыс көлемiн ұлғайту негiзгi мақсаттардың бiрi болып саналады.

Аталған шараларды жүзеге асыру арқылы пошта-жинақ жүйесiн бұдан әрi өзiн-өзi қаржыландыру жағдайында тұрақты және тиiмдi дамытудың негiзiн қалауға мүмкiндiк бередi.

Соңғы жылдары Оңтүстiкте бес жаңа пошта бөлiмшелерi ашылды: Атакентте Мақтажан, Сарыағаш ауданында Ақсу-1, Ақниет, Құркелес, Түркiстанда Аша. Сондай-ақ Сайрам ауданында Тассай, Түркiстанда Ескi Ихан, Түлкiбас ауданында Кершетас байланыс бөлiмшелерi жаңадан өркениет талабына сай бой көтерiп, бүгiнгi заман талабына сай жабдықталған. Келер жылдары 70 елдi мекенде жаңадан пошта байланыс бөлiмшелерi ашылады деп жоспарлап отырмыз.

Ауылды жерде халыққа пошта және қаржылық қызметтен бастап күнделiктi тұтыну тауарларын сатуға дейiн кең түрде қызмет көрсететiн бiрден-бiр мекеме пошта байланысы бөлiмшелерi болып саналады. Оның, үстiне, ауылды жердегi елдi мекендерге мерзiмдi басылымдар аптасына 4-5 рет жеткiзiледi. Сондықтан қызметкерлерге, оның iшiнде пошташыларға, толық жұмыс күнiмен емес, кейде аптасына 2-3 сағат жұмыс iстеуге тура келедi. Оларға жалақы нақты iстеген уақытына төленедi. Сонымен, бүгiнде ауылды жерде жұмыспен толық қамтылмаған көптеген пошта жұмыскерлерi қызмет етедi. Оның үстiне ауылды жерде орналасқан пошта байланысы бөлiмшелерiнiң ғимараты мен бөлмелерi талапқа сай келмейдi. Жалға немесе өтеусiз пайдалануға алынған үй-жайлар техникалық жағынан өте нашар күйде. Өйткенi бұл жайларды күрделi жөндеуден өткiзу үшiн соңғы жылдары ешқандай қаражат бөлiнбеген. Ал ауылды жердегi пошта байланыс бөлiмшелерiнiң жайлары тiптен жарамсыз, жөндеуге келмейдi. Мұндай елдi мекендерге ескiсiн жөндеуден гөрi жаңасын тұрғызу тиiмдiрек болады.

— Сiздiң ойыңызша бұл мәселенi қалай шешуге болады?

— Бiрiншiден, тек коммерциялық пайданы ойланар болсақ, онда барлық тиiмсiз пошта байланысы бөлiмшелерiн жабу қажет. Екiншiден, ауылды жерде пошта байланысы бөлiмшелерiн пошта агенттерiне берудi қарастыру жолдары да бар. Үшiншiден, егер ауылды жерде пошта қызметiн көрсету iсiне мемлекет қызығушылық танытатын болса онда қосымша қаржыландыру жағын қарастыру тиiс. Төртiншiден, бұл саланы жаңа қызмет түрiмен қамту мүмкiндiгiн қарастыру керек. Мәселен, “Электрондық үкiмет” мемлекеттiк бағдарламаның шегiнде көрсетiлетiн қызмет түрiмен. Бұған да мемлекет тиiстi мөлшерде қаржы бөлуi қажет.

— “Қазпошта” АҚ-нiң толық шаруашылық дербестi құқығы болғандықтан қор және қаржы рыноктарына шығуға мүмкiндiгi бар. Осы мүмкiндiкке орай қызмет түрлерiн көбейтудiң негiзгi тетiктерiн атап айта аласыз ба?

— Дәл осы мүмкiндiкке орай бiз өзiмiздiң қызмет түрлерiн көбейтiп отырмыз. Бүгiнде поштаға келiп барлық коммуналдық төлемдердi және салық төлемдерiн төлеуге; нақты валютаны сатуға немесе сатып алуға; жалақы, зейнетақы, стипендия алуға болады. Көптеген қазақстандықтар үшiн поштаға келiп, несие ресiмдеуге болатындығы жаңалық болып саналады. Бұдан басқа, халықтан депозит қабылдайды, құндылықтарды тасымалдайды және инкассациялайды, зейнетақы қорлары мен сақтандыру компаниялары үшiн делдалдық (брокерлiк) және агенттiк қызмет көрсетедi.”Қазпошта” АҚ ОҚОФ қазiргi таңда халыққа 50-ден астам қызмет түрiн жасайды. Олардың iшiнде, әрине, дәстүрлi түрлерi: жазба хат-хабарларды, бандерольдердi, сәлемдемелердi қабылдау, жiберу және жеткiзу; мерзiмдi басылымдарға жазылым ұйымдастыру, курьерлiк қызмет, экспресс-жолданымдар; филателия қызметi; күнделiктi тұтыну тауарларын және лоторея билеттерiн сату.

Сонымен қатар дәстүрлi емес қызмет түрлерi де көрсетiледi. Олардың iшiнен жарнамалық материалдарды мекенжайы бойынша және мекенжайсыз таратып беру жөнiндегi Директ-Мейл қызметiн және коммерциялық пошта жолданымдарын айтуға болады. Рынокта қызметтiң бұл түрлерiмен “Қазпошта” 5 жылдан берi айналысып келедi. Бүгiнде мынадай “P&G-Қазақстан”, “Ешко-Қазақстан”, темекi компаниялары, банкiлер сияқты тағы да басқа iрi компаниялар бiздiң корпоративтi клиенттерiмiз болып саналады. Қазақстанда бұл рынок бойынша бәсекелестiк күшейiп келедi. Сондықтан қызметтiң бұл түрiн Оңтүстiк Қазақстан облысында дамыту қажет.

Бұл расында өзектi мәселелердiң бiрiнен саналады. Пошташылар поштаны жеткiзiп иелерiне (адресатқа) қолма-қол табыс етедi. Өйткенi көп қабатты үйлерде пошта жәшiктерi бұзылған, ал кейбiр үйлерде мүлдем жоқ. Республика бойынша көп қабатты үйлердiң кiре берiсiндегi пошта жәшiктерi жан түршiгерлiк күйде екенi жасырын емес. Өз өнiмдерiн ұялмай ұсынып жүрген жарнамалық басылымдар оларды қоқыс төгетiн жерге айналдырып жiбердi. Қалыптасқан жағдай қызмет сапасына әсерiн тигiзерi сөзсiз. Сондықтан “Қазпошта”АҚ бұл мәселенiң дұрыс шешiмiн тапты.

— “Қазпошта” пайдалану рыногына жаңа пошта жәшiгiн жасап шығарды. Бұл қандай жаңалық?

— Бұл жәшiктер салынған хат-хабарлардың барлығын толық сақталуын қамтамасыз етедi. Саңлауы болмағандықтан iшiндегiсiн өртеп жiберуден және рұқсат етiлмеген белгiсiз жарнамалық материалдарды салудан қорғайды. Қазiргi уақытта бiз құрылыс компанияларымен және КСК-мен осы жәшiктердi орнату мәселесi жөнiнде белсендi жұмыс жүргiзудемiз.

Бәлкiм, басылымдарға көп қабатты үйлердiң кiре берiсiндегi пошта жәшiктерiне өздерiнiң өнiмдерiн салуға заң жүзiнде тыйым салу дұрыс болар. Өйткенi КСК бюджетiнде пошта жәшiктерiн орнатуға және оларды ұстауға қаржы қарастырылмаған. Көп қабатты үйлердiң тұрғындары, кiре берiстегi жәшiктер өздерiнiң баланысында болғандықтан, ескiлерiн жаңа жәшiктермен алмастыруға көмек көрсетуi тиiс.

“Қазпошта” алты абонентке арнап жасаған бiр жәшiктiң орташа бағасы 16000 теңге тұрады. Сонда бiр абонентке шамамен алғанда 2066 теңгеден келедi.

— Мерзiмдi басылымдарға жазылу науқанын тiкелей ұйымдастыратын мекеменiң бiрi сiздер. Негiзiнен басылымға жазылушылар көбiне көп “Қазпошта” арқылы жазылуға ұмтылады?

— Әрине, бiздiң мекемеге сенiм бiлдiрiп жатқан көпшiлiкке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл “Қазпошта” тарихы тереңде жатқан байланыстың күретамыры. Мерзiмдi басылымдарға жазылым жүргiзу нарық заманда оңай шаруа болмай тұр. Бүгiнде облыс орталығында “Қазпоштаға” бәсекелес 10-ға жуық мекеме бар. Алайда, ОҚОФ-да атқарылып жатқан шаралардың нәтижесiнде жазылым таралымы жылдан-жылға өсiп келедi. Газеттер аудан орталығына 4-5 рет жеткiзiледi, ал Шымкент қаласы бойынша аптасына 6 рет жеткiзiледi. Облыс орталығының тұрғындары газеттi шыққан күнi алып, оқи алады.

“Қазпошта” мекемелерi көрсететiн қызметтердiң iшiнде БАҚ құралдары, баспасөз өнiмдерi көптеп саналады. Елдегi, әлемдегi болып жатқан оқиғаларды халыққа жеткiзiп, қаз-қалпында көрсететiн өмiр айнасы. А.Байтұрсынов айтқандай “халықтың үнi, құлағы, көзi” болып саналады. Мерзiмдi басылымдарға жазылым жүргiзуге, олардың жазылушыларына уақтылы жеткiзiлуiне басты назар аударамыз.

— “Қазпошта” заман талабына сай жұмыс iстеу үшiн қандай мақсат-мiндеттер белгiленген?

— ОҚОФ-ның қол жеткiзген жетiстiгiн сақтап, оны еселеу үшiн негiзгi мақсат-мiндеттер айқындалған. 2007-2009 жылдарға пошта-жинақ жүйесiнiң дамытудың бағдарламасы бекiтiлген. Бұл бағдарлама халыққа жоғарғы деңгейде сапалы пошта-жинақ жүйесi қызметiн көрсететiн аймақтық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Бұл үшiн бiзде мүмкiндiк жеткiлiктi. 2005 жылдан бастап “Қазпошта” АҚ-да ИСО 9001-2000 стандарт талаптарына сай келетiн сапа менеджментi жүйесi ендiрiлген.

“Қазпошта” АҚ және Ұлттық прессинг орталығы бiрлесiп: жалақы, зейнетақы және әлеуметтiк жәрдемақы механизмiн жетiлдiру; коммуналдық төлем процесiн оңтайландыру; бюджет, салық, кеден және басқа да мiндеттi төлемдердi нақты ақшасыз қабылдау үшiн ұлттық төлем карточкасын шығарды. Қазiргi уақытта құрылымдық бөлiмшелердi қажеттi мөлшерде банкоматтармен және постерминалдармен қамтамасыз етiп, оларды жергiлiктi жерлерде орнату жұмысы жүргiзiлуде.

“Қазпоштаның” стратегиялық мiндеттерiнiң бiрi “Құнды қағаздар рыногы туралы” ҚР-ның заңына сәйкес трансфер -агенттiк қызмет көрсету болып саналады. Трансфер-агент — бұл құнды қағаздар кәсiпқой (профессионал) қатысушысы. Өз клиенттерiнiң арасында құжаттарды (ақпаратты) қабылдау және беру қызметiн атқарады.

Бүгiнгi таңда “Қазпоштада” қызметтiң барлық жүйесiн автоматтандыруға бағытталған Корпоративтiк ақпараттық жүйе (ҚАЖ) енгiзiлген.

— Асан Заманханұлы, облыстық маслихаттың депутаты ретiнде көптеген әлеуметтiк мәселелерге араласып келесiз. Сайлаушылардың аманатына адал болу үшiн кейбiр мәселелерде шыр-пыр болуға тура келедi. Билiктегiлердiң көзбояушылық тiрлiктерi мен құрғақ уәделерiне төзiмсiздiк танытып жатырсыз ба?

— Депутат болған соң халықтың аманатын арқалау оңай шаруа емес. “Сен тимесең, мен тимеймiн бадырақ көз” деген принциппен халық қалаулысы болуға болмайды. Мандатты қолға алған соң елдiң жоғын жоқтап, солардың мақсат-мүддесiне сай келетiн шешiмдердi қолдауға тура келедi.

— Сiз депутат болып сайланған аймақта керi кеткен тiрлiктер көп дейдi. Соны ашық айта аласыз ба? Әсiресе Елбасының өзi қолдап отырған мектеп пен аурухана құрылыстарына қатысты?

— “Ауруын жасырған өледi” дейдi. Бұл ащы шындық. Жауырды жаба тоқи бергеннен не шығады. Сiздiң айтып отырғаныңыз рас. Осында басталған кейбiр құрылыстар (Бәйдiбек ауданында) аяқталмай елдiң еңсесiн езiп отыр. Осындағы Алмалы елдi мекенiндегi орта мектептiң жағдайы мәз емес. Жылу жүйесi қосылғанымен толық iстемейдi. Бұл бiтпеген объектiнi қабылдап алуға ешкiмнiң құлқы жоқ. Мұнда Елбасының тапсырмасын орындауға билiк ынта танытпай отыр. Теректi ауылында да осындай жағдай. Салынған құрылыстар уақытылы бiтпей созылып жатыр. Осы құрылыстарды қолға алған “Қарабастау” ЖШС-гi iстi ырғалып-жырғалып өгiз аяңмен атқаруда. Осы ЖШС-гi Қарабастау ауылындағы көпiр құрылысын да бiтiрмей отыр. Қаратас елдi мекенiнде мектеп құрылысын бастаған тiрлiк те алға жылжымайды. Аты басқа болғанымен бұл жұмысты да жоғарыдағы “Қарабастау” ЖШС-нiң жұмысшылары атқарып жатыр. Аты өзгергенiмен заты өзгермейтiн жауапсыздық мұнда да орын алған. Аудан орталығында салынып жатқан аурухана құрылысында да шикiлiк көп. Белгiленген мерзiмде аурухана пайдалануға берiлмей отыр. Және де құрылыстың сапасы сын көтермейдi. Осы сапасыз тiрлiктердiң артында Шымкенттегi iрi шенеунiктердiң тұрғаны жасырын емес.

— Осы келеңсiз жағдайларға байланысты депутат ретiнде тиiстi жерлерде дабыл көтердiңiз бе?

— Әрине дабыл көтердiм, Оңтүстiк Қазақстан облысы маслихатының хатшысы Досполов бас болып, комиссия құрылып, барлық нысанды аралап, көрiп шықты.

— Нәтиже болды ма?

— Болмады. Комиссия төрағасы болған облыс әкiмiнiң кеңесшiсi Ф.Ақбердиев облыс әкiмiнiң екi аптада орындалуға тиiс тапсырмасына жауапкершiлiкпен қарамады. Комиссия төрағасы болған Ф.Ақбердиевпен тiкелей сөйлестiм. Түлкi бұлаңға салып, нақты жауап бермедi. Халықтың мұң-мұқтажына жергiлiктi билiктiң көзқарасы осындай болып тұр.

— Сiз ендi қол қусырып қарап отыра бересiз бе?

— Билiктегiлер менi жек көредi екен деп, халық қамын ойламауға хақым жоқ. Оған менiң ар-ұятым да жiбермейдi. Дабыл қаға беремiн.

— Сiз бай-манапта емессiз. Қатардағы шенеунiксiз. Дегенмен кейде-кейде Атымтай Жомарт болып, елдегi кедей-кепшiкке, тұрмысы төмен отбасыларға қамқорлық жасап жатады дейдi.

— Мен меценат емеспiн. Асып-тасып жатқан байлығым да жоқ. Жомарттық жасау әркiмнiң жүрек қалауы. Сол жүрек қалауыммен iстеген тiрлiктер болды. Биыл Сарыағаш ауданында табиғи апат болып, ел қатты қиналды. Осы кезде алғашқылардың бiрi болып, апат аймағына қаржылай жәрдем бердiм. Туған жерiмдегi тұрмысы төмен отбасыларға қолдан келген жәрдемiмдi аямаймын. Биыл осы аудандағы кемтарлар мектеп-интернатына спорт құрал жабдықтарын, музыкалық аспаптар алып бердiм. Ауыл әкiмiнiң келiсiмiмен Кеңестөбе елдi мекенiндегi тұрмысы төмен отбасыларға кiшiгiрiм сый-сияпаттар жасадым. Аудан орталығына жыл сайын 200-ге жуық тұрғындарды жинап, дастарқан жайып, мұқтаж жандарға азын-аулақ заттар таратамын. Биылғы жылы аталып өткен ауданның 80 жылдық тойына да өзiмнiң қаржылық үлесiмдi қостым. Сауап iс жасау мұсылмандық парызым деп санаймын.

— “Отбасы, ошақ қасы” дегендей өзiңiздiң жанұяңыз туралы не айта аласыз?

— Өзiмiздi қарапайым отбасылардың бiрi деп санаймыз. Жұбайым Гүлназ Әуенқызы екеумiз үш қыз, бiр ұл тәрбиелеп отырмыз.

— Ұл-қыздарыңыз өмiрден өз орнын тауып жатқан болар?

— Ең үлкен қызым Салтанат — заңгер. Шымкенттегi Заң университетiн қызыл дипломмен бiтiрген. Тұрмыста. Қазiргi уақытта заң саласында қызмет жасап жатыр. Екiншi қызым Асылзат Алматыда. Әл-Фараби атындағы Мемлекеттiк университеттiң Заң факультетiнiң соңғы курсында оқиды. Ұлым Самат Дубайда бiлiм алуда. Кенжем Аружан бесiншi сыныпта оқып жатыр.

— Отбасыда балалар тәрбиесi жұбайыңыздың мойнында болар?

— Жасыратыны жоқ, балалардың басты тәрбиесi сол кiсiнiң мойнында.

— Сiз ше?

— Мен шет қалмауға тырысамын. “Жұмыс, жұмыс” деп балалардың тәрбиесiн ұмыт қалдыруға болмас. Қолым босаған сәтте олармен әңгiме-дүкен жасап, ақыл-кеңесiмдi айтып отырамын. Бiрге қыдырып, бiрге серуендеймiз.

— Бос уақытта тағы да немен айналысасыз?

— Кiшiгiрiм фермерлiк шаруашылығым бар. Сол жаққа барып, жиi табиғат аясында боламын. Атқа мiнiп, серуендеймiн.

— Сынды қалай қабылдайсыз?

— Мен сын айтқан жанды ешқашан дұшпан санамаймын. Кемшiлiгiмдi айтып жатса, одан қорытынды шығаруға тырысамын. Мен айтыс-тартыстың адамы емеспiн.

— Ал ар-намысқа тиетiн сындар болып жатса ше?

— Оған да кешiрiммен қарауға тырысамын. Шектен шығып кетпесе. Бiрақ, төзгiлiксiз жағдайда өз-өзiмдi қорғауға шамам жетедi деп ойлаймын.

— Тартымды әңгiмеңiз үшiн рахмет!

Әңгiмелескен Балтабек ТҮЙЕТАЕВ