Жаңалықтар

«ЭЙР-АСТАНАНЫҢ» БАЛАЛАРҒА ТОСЫН СЫЙЫ

ашық дереккөзі

«ЭЙР-АСТАНАНЫҢ» БАЛАЛАРҒА ТОСЫН СЫЙЫ

“Эйр-Астана” әуе компаниясы Жаңа жыл қарсаңында №1 облыстық балалар үйi және “Жанұя” арнайы комплексiнiң тәрбиеленушiлерi арасында сурет салудан бәйге ұйымдастырды. Балалар “Менiң арманым — ұшақтар”, “Ұшқыш болғым келедi”, “Аспанда ұшақтар”, “Ұшақ және мен” тақырыбында өз қиялдарын қағаз бетiне түсiрдi. Бәйгеге 130 баланың жұмысы қабылданып, соның 12-сi жеңiмпаз атанды. Жеңiмпаз деп танылған суреттер әуе компаниясының 2009 жылғы күнтiзбесiне кiрдi және компания жүлдегер балаларға тосын сый жасады.

9 желтоқсан күнi “Эйр-Астана” әуе компаниясы балаларды елiмiздiң жүрегi Астана қаласына саяхатқа апарды. Лайнерлердi тек теледидар мен киноларда ғана тамашалайтын балалардың қуанышында шек жоқ. Барлығы әсем Астананың әсем нысандарын көруге асық. Таңалакеуiмнен балалармен бiрге Астанаға аттанған бiрқатар журналистердiң iшiнде бiз де бармыз. Небәрi бiр жарым сағат iшiнде ұшақ Астана қаласының халықаралық әуежайына қонды. Аңсап жеткен балалар Астананың көрiктi орындарын әуестiкпен аралады. Ең алдымен қаланың қақ төрiнен орын тепкен “Астана-Бәйтерек” монументiн тамашалады. Биiктiгi 105 метрлiк зәулiм Бәйтерек Алматыдан келген қонақтарын құшақ жая қарсы алып тұрғандай. Бүлдiршiндер зәулiм мұнараның биiгiнен Астана келбетiн көрiп мәз-мейрам. Одан әрi жолымыз Келiсiм мен бейбiтшiлiк сарайына қарай жалғасқан. Ел аузында “Пирамида” деп аталып кеткен сарайдың көркiне сүйсiнген балалар “Қараңдаршы,мынау Пирамида ғой, не деген керемет едi” деп сарайға қарай жүгiре басты. “Думан” ойын-сауық кешенi мен океанариумге тамсанған олардың жүзiнде өз Отанына деген мақтаныш сезiмi ойнайды. Океанариумның әйгiлi Гиннес кiтабына енуi де бекер емес. “Думан” ойын-сауық кешенiндегi қайталанбас ғажайыптың бiрi — Джунгли аннимациялық театрында қонақ балалар өздерiн өмiрдегi Маугли мекендеген жануарлар әлемiне енгендей сезiнген. Тiптен, бiз, ересектер де бiр сәт балалар әлемiне саяхат жасағандай болдық. Балалар Астананың таңғажайып жерлерiн тынымсыз аралап жүрiп шаршап-шалдығып та қалғандай. Кешкiлiк ұшақ Алматы қаласына қайта аттануы тиiс. Астананың халықаралық әуежайында балалар бiраз тынығуға мүмкiндiк алды. Осы сәтте балалар “Эйр-Астана” әуе компаниясы ұйымдастырған игi шара, Астана туралы өз әсерлерiн бөлiскен-дi.

№ 1 Алматы облыстық балалар үйiнiң тәрбиеленушiсi Руслан: “Маған Астана қатты ұнады. Әсiресе “Думан” ойын-сауық орталығы, Бәйтерек монументiне қатты қызықтым. Бiзге үнемi Астана қаласы туралы айтатын. Сол кездерде Астана қаласын көргiм келетiн. Бүгiн, мiне, өз көзiммен көрдiм. Сол үшiн Эйр-Астана әуе компаниясына үлкен рақмет”, — дедi сүйкiмдi жүзi албырап.

Сергей, “Жанұя” арнайы орталығының тәрбиеленушiсi: “Менiң ұшаққа алғаш мiнуiм. Өмiр бақи аспанда ұшуды армандаушы едiм. Бiр күннiң iшiнде ұшақпен Астанаға келiп, қаланың керемет ғимараттарын көрiп таң қалдым. “Эйр-Астана” әуе компаниясындағы аға-тәтелерiме алғысым шексiз”.

Құдиярова Жәмiш, “Жанұя” арнайы орталығының әлеуметтiк педагогы: “Осы саяхаттан алған әсерiмiз мол. Шынында “Эйр-Астананың” бұл тосын сыйына шексiз ризамыз. Балалар қоғамнан мейiрiм, жылу iздейдi. Балалардың жүректерiндегi асыл арманын орындаған компанияға тек жақсылық тiлеймiн. Осындай iс-шаралар көптеп ұйымдастырылса нұр үстiне нұр болар едi”.

Алатау бөктерiнен келген балалар да, тәрбиешiлер де Астана қаласындағы саяхаттан алған шексiз әсерiмен күмiс қанатты лайнердiң жайлы орындықтарына жайғасып,төменде қалып бара жатқан әсем қалаға шексiз ризашылық, қимастықпен қарайды….

“Жетiм көрсең, жебей жүр” деген қазақ даналығын ұмытпай, балалардан бар жақсылығын аямай жүрген “Эйр-Астана” компаниясы жетiм сәбилер, ауыр дертке шалдыққан балаларға қолдарынан келген көмектерiн көрсетудi игi дәстүрге айналдырған. Себебi, дүниеде бала қуанышынан, баланың сыңғырлаған қамсыз күлкiсiнен асқан ештеңе жоқ.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ