Жаңалықтар

БАЙДЫҢ АСЫН БАЙҒҰС ҚЫЗҒАНЫПТЫ

ашық дереккөзі

БАЙДЫҢ АСЫН БАЙҒҰС ҚЫЗҒАНЫПТЫ

Қазақтiлдi журналистер сыйлыққа лайық емес пе? 

Елiмiздiң қаржы саласында талмай еңбек етiп жүрген iрi банктiң бiрi — “Альянс банк” АҚ-ның мұрындық болуымен және “Имидж-Партнер” коммуникациялық тобының ұйымдастыруымен қаржы нарығының дамуын қазақ тiлiнде үздiк баяндайтын бұқаралық ақпарат құралдары арасында осымен екiншi рет өткiзiлген “Қалам-қаржы” байқауы таяуда өз мәресiне жеткен-дi.

Нәтиже жаман емес. Арнайы тағайындалған сыйақы өз иелерiн тапты да. Биылдың өзiнде бiрiншi орын — 200 мың теңгенi екi әрiптесiмiз, екiншi орын 150 мың теңгенi 3, үшiншi орын — 100 мың теңгенi тағы да 3 журналист еншiледi. Бұдан бөлек арнайы ынталандыру сыйақысы да берiлдi. Құдайға шүкiр, қазақтiлдi журналистикада қаржы саласы, нарық дағдарысы, жалпы экономика тақырыбына қалам тербеп, өткiр ойы мен ұтқыр ұсынысын тәптiштеп жазып әрi айтып жүрген журналистердiң бар екендiгiне тәнтi болдық. “Альянс банкiнiң” ел экономикасының қарыштап дамуына қосып жатқан үлесi бiр бөлек те, мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiнiң қаржы саласындағы қолдану аясының кеңеюiне тигiзiп жатқан еңбегi бiр бөлек. Оған бүгiнгi таңда аталмыш банк қызметкерлерiнiң клиенттермен жұмыс iстеу кезiнде қазақ тiлiнде тiл қатып, түсiнiктiме беруi дәлел болады. Әрине, бұл басқа банктерге үлгi тұтарлық дүние емес пе? Сол сияқты “Тауыққа шашқан тарыдай” қаражатпен күн көрiп отырған қазақтiлдi басылымдарға iштей қолдау бiлдiрiп, тың серпiлiс берiп отырған да осы “Альянс банк”. Естерiңiзде болса, ағымдағы жылдың 3-наурызынан бастап, кешегi күнге дейiн шығып келген “Дайджест. kz” газетi де қазақ тiлiне жанашыр азаматтардың қолға алған iсi едi. “Газет — халықтың құлағы, көзi һәм тiлi”. Бүгiнгi қазақ баспасөзi де осы жүктi бiр кiсiдей көтерiп отыр. Алайда, қазақтiлдi журналистердiң қазақ мәселесi туралы шырылдап жазған жанайқайын орыстiлдi оқырман қаншалықты бiледi? Қазақтiлдi баспасөздегi елең етерлiк мақалалар мен сараптамаларға шолу жасайтын “Дайджест. kz” газетi қазақ тiлiндегi тынысы кең, мазмұнды материалдардың орыс тiлiндегi аудармасын жариялады. Сол арқылы үнi құмығып естiлiп келген қазақтiлдi баспасөздiң даусы жер-жерде анық естiле бастады. Бұл бiр. Екiншiден, қазiр қазақтiлдi БАҚ-да экономика саласын жан-жақты бiлетiн, тiптi, елiмiздiң экономикалық дағдарысқа қарсы қолға алып жатқан қыруар шаруасы жайында терең сараптама жасап, ой түйетiн журналистер жетерлiк. Мiне, осы бағытта қазақтiлдi журналистердiң ерен еңбегiн, iздену-зерттеу жұмыстарын бағалап, қаламының одан әрi ұштала түсуiне ерекше бiр күш беретiн “Қалам-қаржы” байқауының маңызы зор. Жасыратыны жоқ, бұрын-соңды осы тектес байқауларға қатысу бақыты көбiне орыстiлдi әрiптестерге бұйыратын. Ал “Еңбегi еш, тұзы сор” қазақтiлдi журналистердiң еңбегiнiң жанып, лайықты iлтипат пен марапатқа бөленуiне түрткi болған “Альянс банкi” “Қалам қаржы” байқауын басқа емес, тек қана қазақтiлдi БАҚ арасында өткiзуiнiң де себебi осында жатыр. Бұл да болса, мемлекеттiк тiлдiң жарқын болашағы үшiн тер төгiп жүрген журналистердiң қаржы саласын бiр кiсiдей меңгерiп, емiн-еркiн қалам тербейтiндiгiн дәлелдесе керек-тi. Алайда, “Қалам-қаржы — 2008” байқауының жеңiмпаздарын марапаттау рәсiмiнен кейiн “Бизнес и власть” газетiнде журналист Любовь Синицаның “Деловые такие” деген мақаласы жарық көрдi. Онда журналист: “Не успели еще покрыться пылью дипломы завершился конкурс “Калам-каржы — 2008”, второй ежогодный конкурс деловой журналистики на государственном языке. … Случилось это событие в конференц-зале под кодовым названием “Пресс-конференция” — видимо, чтоб никто не догадался” дептi. Мақала мазмұнына қарасақ, автор қазақтiлдi әрiптестерiнiң қол жеткiзген табысына аса қуанбайтын сияқты. Тiптi “деловой журналистики на государственном языке” деген тiркесiнде өзiндiк мысқыл мен әжуаның иiрiмдерi байқалады. Тағы бiрде, газет тiлшiсi: “Церемония вручения дипломов была скомкана и походила скорее на раздачу конфет на детском утреннике: конфеты разные, но выдавать нужно как-то так, горстками, чтобы никого не обидеть. … Деловая казахоязычная журналистика и признание получает деловито. Быстро, сдержанно…” деп бiр салады. Сонда, оның айтпағы не? Ешкiмдi өкпелетпей, балабақшадағы балаларға кәмпит таратқандай болды дегенiнiң астарында не жатыр? Мұнысы сонда қазақтiлдi журналистер “Қалам-қаржы” байқауының қаржылай жүлдесiне лайықты емес дегенi ме, қалай? Әлде, байқаудың тек қазақтiлдi БАҚ арасында ғана өтетiндiгiне разы емес пе, әлде “Байдың асын байғұс қызғанған” секiлдi көре алмағаны ма? Кiмге өкпе артады, ұйымдастырушыларға ма, әлде қазақтiлдi журналистерге ме? Не десе де, қалай айтса да, қазақтiлдi журналистердi қолдап, қолпаштап жүрген “Альянс банкi” мен “Имидж-Партнер” коммуникациялық тобының бастамасымен екiншi рет өткiзiлген “Қалам-қаржы” байқауы бiраз әрiптесiмiзге қуаныш нұрын сыйлап, бiр серпiлтiп тастады. Бұл дегенiмiз, БАҚ-да, оның iшiнде қазақтiлдi журналистердiң арасында қанаты талмай, бар күш-жiгерiн жұмсап, экономика, банк, қаржы саласының майын iшiп жүрген майталмандардың барын қуаттайды. Әлi қуаттай бередi де. Себебi, ұйымдастырушылардың айтуынша, Аллаһ Тағала нәсiп етсе, “Қалам-қаржы” байқауы ендiгi жылы да жалғасын табатын болады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ