Жаңалықтар

ШЕТЕЛДIКТЕР ЗАҢҒА МОЙЫНСҰНБАЙДЫ

ашық дереккөзі

ШЕТЕЛДIКТЕР ЗАҢҒА МОЙЫНСҰНБАЙДЫ

Аспазы мен еден жуушысын шекараның арғы жағынан әкелген шетелдiк инвесторлар қазақстандықтарды да жұмыспен қамтамасыз етуге мүдделi болуы тиiс. Үкiметке шетелдiктермен жұмыс жоспарын дайындауға 3 ай мерзiм берген Президент елiмiздегi шетелдiк инвесторларға да қатаң талап қойды.

Қазiргi таңда өндiрiске қажеттi құрал-жабдықты шет мемлекеттерден сатып алып, оның бiрнеше есе бағасын Қазақстанда өндiрiлетiн мұнай мен газдың есебiнен жабу шетелдiк инвесторлар үшiн үйреншiктi жайтқа айналған. Өйткенi, Қазақстанда өндiрiлген құрал-жабдықтарды сатып алуға олар құлықсыз. Есесiне, миллиондаған қаржыға сатып алынатын түрлi құралдар шекараның арғы жағынан тасылуда. Қазақтар құрастырған құралдарды менсiнбейтiн жатжұрттықтар бiзде өндiрiлген тауарлардың сапасы мен қызмет көрсету жүйесiнiң сын көтермейтiнiн сылтауратады. Ресми деректерге сүйенсек, елiмiзде кен орындарын игеретiн шетелдiк инвесторлар жыл сайын 16 млрд. долларға құрал-жабдық сатып алады екен. Оның небары 7 пайызы ғана — қазақстандық өнiм. Қалған бөлiгi шекараның арғы жағынан әкелiнедi. 2006 жылы инвесторлар мен Үкiмет арасында қазақстандық өнiмдер көлемiн арттыру туралы меморандумға қол қойылғанмен, аталған құжаттың қауқары қағаз жүзiнен арыға алмай отыр. Өткен аптаның соңында Алматыда Шетелдiк инвесторлар кеңесiнiң 20-отырысына қатысқан ҚР Президентi Н.Назарбаев шетелдiк инвесторлардың құралдарды сатып алуда белсендiлiк танытпай отырғандығын сын алып, Үкiметке жаңа бағытта жұмыс жасауға 3 ай мерзiм бердi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары шетелдiк “қалталыларға” барлық жағдайды жасап баққан: салық төлеудегi жеңiлдiктер, келiсiм-шарттарды өзгертпеу туралы кепiлдiк т.б. Ендiгi кезек — инвесторларда. Назарбаев әлемдiк қаржылық дағдарысты көлденең тартқандардың сылтауын есепке алынбайтындығын, керiсiнше, шетелдiк инвесторлар талай жылғы көмектiң өтеуi ретiнде қазақстандықтарды жұмыспен қамтамасыз етуге, елдiң әлеуметтiк ахуалының жақсаруына үлес қосуға ден қойылатынын жеткiздi.

ҚР Индустрия және сауда министрi Владимир Школьник келiсiмнiң шеңберiнде әрекет етуге құлықсыз шетелдiктердi берiлген уәдеден таймауға шақырумен шектелген. Отандық өндiрiс орындарының жұмыстары ақсап тұрғандықтан, Қазақстанда өндiрiлген тауарлар мен құрал-жабдықтар бағасы тым қымбат әрi сапасы да ауыз толтырып айтарлықтай емес. Баға демекшi, бiздiң кәсiпкерлер мен өндiрушi компаниялар тапсырыс берiлген заттарды шетелдiктерден сатып алады. Бiздегi жатжұрттық инвесторлардың шекара асырып әелген тауарлары кедендiк салық, жол ақысы т.б. шығындарды қоса есептегеннiң өзiнде отандық тауардан әлдеқайда арзан тұратыны сондықтан екен. Аппараттардан ақау табылған жағдайда жөндеу жұмыстарын талап ететiнi белгiлi. Қазақстанда халықаралық деңгейде қызмет көрсететiн зауыт жоқтың қасы.

Отырыста Н.Назарбаев 7 пайыздық көрсеткiштi 50 пайызға дейiн жеткiзiп, қазақстандық құрал-жабдықты сатып алуға назар аудару туралы талап қойды. Алайда, отандық сарапшылардың көпшiлiгi Президенттiң пәрменiне қарамастан, жуық арада шетелдiктер қазақстандық өнiмдерге деген көзқарасын өзгертуi екiталай дейдi. Бiрақ Үкiмет Президенттiң жарлығына сәйкес, 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшiне енетiн жаңа Салық туралы заңның жобасын дайындауды қолға алды. Құжатта шетелдiк инвесторларға салынатын салық салмағын арттыруды мақсат етiп отыр. Ол үшiн 3 ай мерзiм уақыт берiлдi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ