Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ — МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУШЫ ҰЛТ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ — МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУШЫ ҰЛТ

Ұлтым менiң қазақ деген ел болам,

Қонақ болып, келем десең кел маған.

Үйi тар деп қорықпағын,

Менiң үйiм аспанасты кең далам.

(Қ.Бұғыбаева)

Адамда оның жан дүниесiн еркiнен тыс билейтiн тылсым күштер болатынына мен өз басым сенемiн. Мiне, сол алтын дiңгек күштер сенi кейде төңiрегiнде қалыптасып қалған кейбiр түсiнiк, ұстанымдармен келiспеуге, оларды өзгертуге шақыратыны бар. Ал егер ол оның заман сұранысымен үйлесiп жатса, онда жолыңның болғаны емес пе? Мен өзiм дұшпанын дос, досты туыс еткен қайнар ойдың иесi Мемлекет басшысының ұлттық құндылықтар туралы, ұлттық жаңғыру, мемлекет, ұлт жөнiндегi айтқан сөзiнен, терең ойынан, мазмұнды да маңызды пiкiрлерiнен нәр алып, қанағаттана қуанышқа бөленемiн. Ол ойлардың әрқайсысының орны бөлек. Оның бiрi Алатаудай асқақ болса, ендi бiрi қазыналы Қаратаудай салмақты да құнды. Мәселен, Елбасымыздың 2007 жылы желтоқсанда есiмi елге танылған азаматтармен жүздесудегi көрегендiкпен айтқан мына көкейтестi сөздерi есiмде: “Бiз жылдар бойы ұлтаралық татулықты нығайтуға күш салдық. Ендi Қазақстан халқы Ассамблеясынан бастап, бәрiмiзге, елiмiзде өмiр сүрiп жатқан барлық халықтарға тәрбие жүргiзу керек”. Бұл сөздер менiң жылдар бойы көкейiмде, жүрегiмде жүрген бiр ойға қозғау салды. Елбасымыздың ұлттық құндылықтарға айрықша мән беруi бойымды мақтанышқа бөледi,сондай-ақ, “Басқа ұлттардың барлығына қазақ халқының мемлекет қалыптастырушы ұлт екендiгiн, қазiргi барымыздың барлығын жасап отырған негiзгi халық — қазақ халқы екендiгi, сондықтан сол халықтың ұлттық мүддесiне оң көзбен қарау керектiгiн, қазақ тiлiн меңгеру керектiгiн, қазақ халқын құрметтеп, сонымен бiрге өркендеуге ұмтылуы керектiгiн түсiндiруге тиiспiз. Мемлекетiмiздiң саясаты қазақтың салтынан, қазақ ұлтының мәдени ерекшелiктерiнен бөлек болмауға тиiс. Бiз ұлттық тарих дегенде қазiргi өркениеттiк саясатты өзiмiздiң тарихымызбен, ұлттық ерекшелiгiмiзбен қыздың бұрымындай етiп, екеуiн бұдан былай бөлектемей бiрге өруге тиiспiз” деген “Айқын” газетiндегi (28.12.2007 ж). даналық сөзi жанымды жадыратты. Алаңсыз дос пейiлдi, қош көңiлдi қазақ халқының Қазақстанда мемлекет құрушы, барлық этникалық топтардың басын бiрiктiрушi күш екендiгiн дөп басып айтты. Ендiгi бiрлiк берекенiң көзi қазақ халқымен ортақ мақсат мұраттарда бiрге болудан басталатындығына меңзедi. Мемлекет саясаты аясында ауызбiрлiкте болуға үндедi. Бұл айтылған тұжырым маған ендiгi уақытта осы екi құндылықты, яғни тiл саясаты мен қазақ елi мемлекет құрушы ұлт деген ұғымдарды қатар алып жүрудiң қажеттiлiкке айналғандығын тура әрi терең түсiнуге бастағандай болды. Бүгiнгi осы басқосудан бастап ендiгi уақытта көпшiлiк қауым арасында “Қазақ халқы — мемлекет құрушы ұлт” деген тақырыпта басқосулармен жиындар өткiзу туралы шешiмге келуiме Елбасымыздың жоғарыда айтқан ойы түрткi болды. Мақсат елiмiзде болып жатқан жағымды өзгерiстердi, жетiстiктердi, мемлекет құрушы қазақтан басқа балама ұлттың жоқтығын кең насихаттай отырып, елдi, жұртты мемлекет құрушы ұлт төңiрегiне топтасуға шақыру, осы жолдың дұрыс екендiгiне көпшiлiк қауымды иландыру.

Қазiргi мәлiмет бойынша, жер бетiнде үш жүзден аса ұлт болса оның бiрi — қазақ халқы. Қазақ, менiңше, өзiне ғана тән табиғаты, тiлi, дiнi, салт-дәстүрi, әдет-ғұрпы бар, болмысы бөлек ерекше жаратылған ел екендiгiн мақтанышпен айтамын. Қазақ халқы аталы сөзге тоқтаған, барын бардай, жоғын жоқтай айта бiлген. Ұлын нарға, қызын арға балаған. Елiмiзден құт-береке қашпасын деп, жердiң шетiн жау баспасын деп, найзаға үкi таққан ел. Ешбiр дұшпан басынбаған, достықты сақтай бiлген, дәм-тұзды ақтай бiлген, басынан сөз асырмаған, үйiне құлып салмаған, кең-пейiлдi жомарт, дос көңiлдi даласындай дарқан. Баршаның баласын бауырына басып, кеудесiнен итермей маңдайынан шертпей отырған халық. Ол бәрiнiң басын бiрiктiрушi негiзгi омыртқалы — ұлт. Қазақ халқы өзгеге ешқашан өктемдiк көрсетпеген. Қазiр жадымыз жаңғырып, санамыз сiлкiндi емес пе?! Олай болса, көп ұлттылық та, көп дiндiлiкте бұл миф! Көзбен көрiп, қолымен ұстай алатын ақиқат бiреу ғана. Ол — қазақ ұлты. Ол тiрi, ол бар!

Ол — қазақ ұлтының негiзiнде құрылған Қазақстан мемлекетiнiң иесi. Қалай десекте оның түбiнде “қазақ” сөзi тұратынын ұмыту мүмкiн емес.

Бiрқатар деректерге сүйенсек, сонау 1926 жылы Қазақстан халқының 87 пайызын мемлекет құрушы ұлт — қазақ халқы құрған. Кеңес Одағының даярлықсыз солақай “реформаларының” нәтижесiнде отызыншы жылдардағы ашаршылық әсерiмен елуiншi жылдары қазақ халқының саны — 28 пайызға дейiн төмендеген. Ал 1991 жылы — 42 пайызға жеткен. Бүгiнгi Тәуелсiз қазақ елiнде қазақ саны 61 пайыздан асты. Осы аталған сандық көрсеткiштерден-ақ байқау қиын емес. Тек жарты ғасырдың көлемiнде бұл халық не көрмедi. Өз ата-мекенiнде жүрiп, “мың өлiп, мың тiрiлген” елге айналды. Ендi, мiне, қайтадан ел қатарына қосыла бастадық. Қазақтың ұл-қызының аты бәйгеден келiп жатыр. Бұл қуаныш тек қазаққа ғана тән деп айтсам жаңылыс болар. Мұндай жетiстiктер барша қазақстандықтардың күнделiктi өмiрiнен байқалады. Жалпы бүгiн Қазақстан тәуелсiз ел, олай болса, мемлекет құрушы халықтың өзiндiк орнының бар екендiгiн бiз жеткiзе айтудан еш уақытта ұтылмақ емеспiз. Түрлi желеулердi айтып мемлекет құрушы ұлтты ұлықтаудың орнына көлеңкеде қалдырып, қазақ халқының обалына қалып жүрген жоқпыз ба? Олай десек, әдiлеттiлiктен аттаған боламыз. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының нормативтi-құқықтық актiлерiнде “қазақ ұлты”, “ұлттық топтар”, “халық” сияқты сөздер мен түсiнiктер қолданылады. Сондықтан Қазақстан аумағында бiр ұлт — бұрыннан өмiр сүрiп келе жатқан Қазақ ұлты қоныстанғанын оның ресми топырақ иесi екендiгi мойындалады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының преамбуласында “Бiз ежелгi қазақ жерiнде мемлекет құрған, жалпы тарихи тағдырмен бiрiккен Қазақстан халқымыз “ деп жазылған. Қазақстан Республикасының Конституциясында айтылғандай, бiздiң мемлекетiмiз тұтас бiр халықтан тұрады, ал құрамы жағынан көп этностық топтар мекендеген ел. Ол — Қазақтың ежелгi жерi екенiн естен шығармағанымыз абзал. Сонымен қатар, әртүрлi тарихи жағдайларға баланысты, қазақ жерiнде тағдырдың тәлкегiмен, түрлi себептермен келген басқа да ұлттардың өкiлдерi еркiн өмiр сүруде. Сондықтан да, “Қазақстан халқы” деген тiркес түсiнiк Конституцияның негiзгi баптарында айтылады. Сондай-ақ, онда “Мемлекеттiк билiктiң бiр ғана көзi — халық болып табылады” делiнген. Бәрi де тарихқа негiзделедi. Дегенмен, Қазақстан — тарихы бай, тамыры терең, қазақ ұлтының негiзiнде құрылған мемлекет. Сондықтан да қазақ мәселесiне көбiрек көңiл бөлiнгенi жөн. Менiң түсiнiгiмше, елiмiзде бүгiнгi қалыптасқан жағдайда қазақ халқының өз ата-мекенiнде мемлекет құрушы ұлт мiндетiн өз мойнына алып соны атқару жолында тұрғанын ашық та анық айтатын уақыт баяғыда-ақ жеткен. Сондай-ақ, оған бұл мiндеттi еркiн демократиялық әдiс-құралдар арқылы атқаруға бiз, басқа ұлт өкiлдерi мүмкiн болғанша көмектесуiмiз қажет. Мiне, осы тақырып жөнiнде Қазақстандағы басқа ұлт өкiлдерiмен ашық та шынайы түрде емiн-еркiн пiкiр алысулар орын алғаны жөн. Сонда ғана бiз зиянды тенденциядан арыламыз. Мәселен, түптеп келгенде қазақ ұлтының мемлекет құрушы ұлт екенiн мойындауда ғана емес, сонымен бiрге оған осы жолда қолдау көрсету арқылы мемлекет iшiндегi ауызбiрлiктi нығайта түсуде болса керек. Қазақ мүддесiне қарай бет бұрып, қазақтың жанын жылытарлықтай iсiмiзбен танылайық. Қорыта айтқанда, Қазақстанның болашағын қазақ халқының болашағынан бөле-жара қарау мүмкiн емес. Осы толық тарихи шындықты мойындай отырып, жүйелi жұмыс жүргiзу мемлекетiмiздiң iрге-тасын нығайта түсумен тең. Сондай-ақ, мұндай әрекеттi ылғи да жоғардан күтiп отырмай өз арамыздан, ел iшiнен бастау жақсы нәтиже беретiндiгiнде өз басым сенемiн. Бұдан бiз қоғамды ажыратушы емес, бiрiктiрушi фактордың негiзiн қалаймыз. Мемлекеттiлiктiң негiзгi тiрегi болып келген қазақ халқы екендiгiне көз жеткiземiз.

Тоталитарлық заманда ұлт дербестiгi туралы ашық пiкiр айту қауiптi едi. Ұлт тағдыры жөнiнде сөз бастаған адам жұмыстан шеттетiлетiн. Ендi, мiне, заман өзгердi, еркiн ойлап, еркiн еңбек ету қалыпты жағдайға айналды. Қазақ халқы да өз жерiнiң иесi екендiгiн, мемлекет құрушы ұлт екендiгiн ашық айта бастады. Мұндай ұстанымнан қорқудың немесе одан өзiңе төнген қауiптi сезiнуге ешқандай да негiз жоқ. Өйткенi елiмiзде жария етiлген саяси-әлеуметтiк теңдiк тек сөз жүзiнде емес, өмiр оның iс-жүзiнде екенiн көрсетiп отыр. Олай болса, мемлекетiмiздiң осы жетiстiгiн жас ұрпаққа жеткiзе бiлу олардың өз елiне деген сенiмiн арттыра түсерi хақ.

Тәуелсiздiкке ие болғаннан бергi кезеңдегi елiмiздiң қол жеткен жетiстiктерi естiр құлақты қуантып, көрген көздi сүйсiнткен таңғажайып құбылысқа айналды. Бұл күнде әлем Қазақстанды, оның мейiрiмдi де қайырымды, көпшiл де бiрлiкшiл халқын бiледi. Парасаттылық пен iзгiлiк жеке тұлға ғана емес, тұтас халықтың өмiрiнiң негiзгi мәнiне айналған ел бақытты, тәуелсiздiгi баянды болмақшы. Ал Тәуелсiз Қазақстанның барша халқына сенiм артып келе жатқан сарабдал саясаткер, парасатты азамат Н.Назарбаевтың халықаралық саясаттағы беделi сондықтан биiк, абыройы жоғары. Тек оның бұл ерең еңбегiн бағалай бiлейiк. Елiмiзге осыншама бақыт сыйлаған — Тәуелсiздiктi ұлықтайық. Бүкiл қазақстандық болып қазақ елiнiң төңiрегiне топтасайық. Шынайы бақыт-береке осы ұстанымда, үйлесiмдi бiрлiк пен қимылда.

Бiрге жылжып, көштен қалып қоймайық,

Ұлтымыздың қасиетiн жоймайық!

Тiлiмiз бен дiнiмiздi аялап,

Бәрiмiз боп Елдiң бағын ойлайық!

Асылы Әлиқызы ОСМАН