ҚҰЛДЫРАУДАҒЫ ОПТИМИЗМ
ҚҰЛДЫРАУДАҒЫ ОПТИМИЗМ
Шетелдiк сарапшылар Қазақстанның дағдарыстан шығу жоспарына оң баға беруде
Жаһандық экономика құлдыраудың батпағына батып барады. Сарапшылардың айтуына қарағанда, қаржы әлемiндегi құлдырау ұзаққа созылатын түрi бар. Мәселен, жер-жаһандағы басқа да алпауыт елдермен бiрге Ресейдiң де экономикасы құлдыраудың шегiне жеттi. Елдiң жалпы iшкi өнiмi жарты пайызға, өнеркәсiп өндiрiсi екi пайызға төмендедi.
Кейбiр ресейлiк сарапшылар орыс Үкiметiнiң қысқа мерзiмдiк бағдарламасы экономиканы тығырыққа тiрейтiнiн айтып отыр. “Егер де Ресей қысқа мерзiмге дайындаған стратегиясын ұзақ мерзiмдiк жоспарға өзгертпесе, барлық қордағы қаржыларын жұмсап болған соң, қорғанышсыз қалады” дейдi Стратегиялық зерттеулер орталығының президентi Михаил Дмитриев.
Шынын айту керек, Қазақстан Ресейге қарағанда ғаламдық дағдарыстың салқынын бұрынырақ сезiндi. Мәселен, отандық банктер сырттан көбiрек қарыз алғандықтан өткен жылы АҚШ-та басталған ипотекалық дағдарыс құрылыс секторына айтарлықтай ықпал еттi. Алайда, Қазақстанның Ресейден және ТМД кеңiстiгiндегi елдерден бiр айырмашылығы, ғаламдық экономикалық құлдырауға алдын-ала дайындалып үлгергендiгi. Ендi мiне, ұлттық экономикаға құйылған инвестиция көлемi артып, банк жүйесiнiң тұрақтылығы сақталған Қазақстанның дағдарыстан шығу әрекеттерiн зерттеуге ресейлiк және шетелдiк тәуелсiз сарапшылар, банкирлер, билiк органдары жоғары ықылас бiлдiрiп отыр. Атап айтарлығы, беделдi сарапшы Михаил Дмитриев Ресей мен Қазақстан шикiзат ресурстарына деген әлемдiк сұраныстың артуының арқасында дағдарыс аяқталған соң, экономикалық көрсеткiштерiн тез арада түзеп алатынын болжауда. “Қазақстан қаржылық дағдарыстың алғашқы толқынын сәтiмен еңсере алды. Мұны биыл елдiң экономикасына тартылған инвестициялардың күрт өсуiнен аңғаруға болады. Сондықтан, Қазақстанға Ресейден гөрi дағдарыс жағдайына бейiмделу және одан шығынсыз шығу жеңiлiрек болады” дейдi Михаил Дмитриев.
Шынында да әлемдiк қаржылық ортаға терең сiңiсе бастаған Қазақстан ғаламдық құлдыраудың соққысын осыдан бiр жарым жыл бұрын қабылдады. Сол кездiң өзiнде-ақ мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкiмет Ұлттық банкпен бiрлесе отырып дағдарыстың алғашқы толқынына қарсы жедел iс-шаралар кешенiн жүзеге асырды. Мәселен, 2007 жылдың күзi мен 2008 жылдың алғашқы жартысы аралығында республика бюджетiнен 540 млрд. теңгеден астам қаржы бөлiндi. Бұл қаражат барлық салалардағы несиелiк-төлемдiк операцияларды атқаратын ел экономикасының “қан айналатын жүйесi” — отандық банктердi қолдауға жұмсалды. Экономикалық дағдарыстың бiр ерекшелiгi, қаржы дағдарысымен қоса азық-түлiк және энергетикалық дағдарыстың қаупiн туғызуы. Осы факторды ескере отырып, Үкiмет өткен жылы дағдарысқа қарсы саясатын екi бағытта жүргiздi: азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және агроөнеркәсiптiк кешендi өркендету. Бұл бағытқа шамамен 135 млрд. теңге бөлiндi. Атап айтарлығы, осы қаражаттың көзделген жерiне жетуiнiң және басқа да әкiмшiлiк шаралардың арқасында билiк азық-түлiк түрлерiне бағалардың күрт өсуiн ауыздықтады.
Ғаламдық ипотекалық дағдарыстың және алаяқ құрылысшылардың құрбандары — үлестiк құрылысқа қатысушылардың құқықтық жағынан қорғау үшiн бiрқатар iс-шаралар атқарылды. Өткен жылдың күзiнен берi бұл мақсатқа 184,7 млрд. теңге бөлiндi. Бұған билiк тарапынан жасалған әкiмшiлiк шараларды қосыңыз — жергiлiктi атқарушы органдардың үлескерлерге қол ұшын созуы, прокуратураның құрылыс секторындағы компанияларды тексерiп, заңды бұзғандарын жазаға тартуы және тағы басқалар. Осыдан-ақ қарапайым халыққа билiк басындағылардың қамқорлықпен қарағанын көруге болады. Соның бiр дәлелi — шағын және орта бизнестi қолдауға республика бюджетiнен 155 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлiндi.
Жалпы алғанда, алғашқы кезектегi iс-шаралар кешенiн жүзеге асыру нәтижесiнде ағымдағы жылдың 9 айында IЖӨ-нiң өсiмi 4 пайызды құрады. Ал қаржы әлемiндегi тоқырау кезеңiнде мұндай көрсеткiшке ие болу — үлкен жетiстiк. Мәселен, ағымдағы жылдың 11 айындағы Қазақстандағы инфляцияның деңгейi 9,2 пайызды құрады. Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовтiң айтуына қарағанда, “жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның 10 пайыздық деңгейiн одан әрi өсiрмеуге шынайы мүмкiндiк туып отыр”. Инфляция демекшi, қараша айында оның деңгейi бар-жоғы 0,4 пайызды құрады. “Қазiргi кезде жасап жатқан жұмысымыз өзiнiң жемiсiн бере бастады. Қараша айында инфляцияның 0,4 пайыз болуы бұрын-соңды болмаған жағдай” дедi Кәрiм Мәсiмов 1 желтоқсанда өткен Үкiмет отырысында. Шынында да Үкiметтiң, Ұлттық банктiң және Қаржылық бақылау агенттiгiнiң жұмысының тиiмдiлiгiн мемлекет басшысы бұдан бұрын жоғары бағалаған едi. Қазан айындағы Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында ол: “Үкiмет, Ұлттық банк және Қаржылық бақылау агенттiгi басымыздан өткерген кезеңнiң басты мiндетiн орындады – экономиканың өсу қарқынын түсiрген жоқ және қаржылық жүйенiң дағдарысын болдырған жоқ” деп атап өттi.
Қазақстан экономикалық дағдарыстың бiрiншi кезеңiнен өттi. Дегенмен, әлемдiк экономикаға құлдыраудың екiншi толқыны қатты соққы беруде. Жаһандық нарықта шикiзаттың бағасы күннен-күнге арзандап барады. Мұндай жағымсыз жағдай экономикамыздың шикiзаттық емес секторларына ықпал етуде. Сондықтан, Қазақстанның 2009-2010 жылдарға арналған дағдарыстан шығу жоспарында осы салаларды қолдауға көбiрек көңiл бөлiнiп отыр. Екi жылдық жоспарда әлемдiк экономикадағы жаңа кезеңде елiмiздегi макроэкономикалық тұрақтылық пен орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған кешендi iс-шаралар айқындалған. Өйткенi, қазiргi кезде әлемдегi либералдық саясатты ұстанатын елдердiң өзiнде экономиканы мемлекет тарапынан қолдауға ерекше көңiл бөлiнуде. Бұған бiр ғана мысал — АҚШ-тағы “Полсонның жоспары”.
Үкiметтiң дағдарысқа қарсы iс-қимыл жоспарындағы тұрақтандырушы әрекеттер аясында елiмiздiң экономикасы кем дегенде 19 млрд. доллар мемлекеттiк қолдауға ие болады. Оның iшiнде 10 млрд. доллар — Ұлттық қордың қаражатынан бөлiнедi. Бұл қаражаттар негiзгi бес салаға: қаржылық секторды тұрақтандыруға, жылжымайтын мүлiк нарығындағы мәселелердi шешуге, шағын және орта бизнестi қолдауға, агроөнеркәсiптiк кешендi өркендетуге және серпiндi инновациялық, индустриалдық және инфрақұрылымдық жобаларды iске асыруға бағытталады. Атап айтарлығы, бұл елiмiздiң ЖIӨ-нiң 20 пайызға жуығы. Ең бастысы, мұндай iс-шаралардың барлығы ғаламдық дағдарыстың Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық дамуына тигiзетiн жағымсыз әсерлерiн жеңiлдетедi.
Қазiргi кезде Қазақстан Үкiметiнiң дағдарыстан шығу жоспарына беделдi халықаралық ұйымдар обьективтi баға бере бастады. Мәселен, Еуропалық қайта құру және даму банкiнiң (ЕҚҚДБ) президентi Томас Мироу: “Менiң ойымша, Қазақстан Үкiметiнiң дағдарыспен күрестегi бағдарламасында көрсетiлген бағыттар өте дұрыс таңдап алынған. ЕҚҚДБ өз тарапынан осы бағдарламаны iске асыруға қолынан келетiн бар көмегiн аямайды. Қазiр бүкiл әлем қиындықты бастан кешiп отыр, бiрақ бiз дағдарысты еңсеруде Қазақстанның тамаша мүмкiндiктерi барын жасырмаймыз” деп мәлiмдедi. Сонымен қатар, жуырда Дүниежүзiлiк банктiң басшыларының бiрi Роберт Зеллик мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа ресми хат жолдап, Үкiмет жоспарының дұрыстығын және оны жүзеге асыруда қолдайтынын айтып-жеткiзiптi. “Халықаралық нарықтағы өтiмдiлiк көлемiнiң қысқаруы нәтижесiнде құлдыраудың салқыны Қазақстанға өткен жылдың соңында-ақ сезiлдi. Алайда, ағымдағы жылы мұнай бағасының қымбат болуы Сiздiң елдiң тұрақтылығын нығайтты. Дегенмен де, кенеттен дүние жүзiнiң қаржы нарығын шарпыған тоқырау Қазақстан сияқты мықты экономикалық негiзi бар мемлекеттерге де жағымсыз әсерiн тигiзуде. Мұнай бағасының түсiп кетуiнен экономикалық өсiм қарқыны төмендеуi мүмкiн. Ондай жағдайда дағдарыстың халықтың әлеуметтiк жағынан аз қорғалған топтарына әсерiн азайту үшiн әрекет жасау керексiздер. Дүниежүзiлiк банктiң командасын Қазақстанға бастап барған Шигео Катсу мырза атап айтқандай, бiз дағдарыспен күрестегi үкiметтiк iс-қимылдар жоспарын барынша құптаймыз және жоғары бағалаймыз. Бiздiң пiкiрiмiзше, Қазақстан Үкiметi дұрыс жолды таңдап алыпты. Олай болса, Сiздерге осы кезеңдегi барлық қиындықтарды жеңуге сәттiлiк тiлеймiз. Бiз өз тарапымыздан Қазақстанға қолдау бiлдiруге әрқашан да әзiрмiз” деп жазыпты Роберт Зеллик мырза өз хатында.
Жуырда Standart&Poors пен Moodys рейтингтiк агенттiктерiнiң өкiлдерi де Үкiметтiк жоспарға қатысты тура осындай пiкiр бiлдiрдi. Әрине, жақсы сөз — жарым ырыс, оның үстiне сырт көз — сыншыл ғой. Жасыратыны жоқ, қазақстандықтардың өздерi де дағдарыстан гөрi елдегi тұрақтылықты, ортақ “шаңырақтағы” тоқшылықты сезiнiп отыр. Бұл құбылыс бiздiң әрқайсымызды әлеуметтiк оптимизмге, тұрақты дамуға және елдiгiмiздi нығайтуға жетелейтiнi сөзсiз.
Таңатар ТАБЫНҰЛЫ