Жаңалықтар

САХНА САТИРАСЫНА АРНАЛҒАН КIТАП

ашық дереккөзі

САХНА САТИРАСЫНА АРНАЛҒАН КIТАП

“Жазушының жазған кiтабын қабылдайтын да, қабылдамайтын да – халық. Ендеше кiтапты жазушы жазып шығарғанмен, шын тағдырын шешетiн төрешi де сол халық” деген Гюго сөзiнде үлкен мән бар. Десек те, шығарманың халыққа танылуына сыншылардың әсерi де жоқ емес. Егер, сыншылар “тамаша дүние” деп мақтап жатса, жапа тармағай сол кiтапты алып оқуға ұмтыламыз.

Көпшiлiгiмiз мықты шығарманы тек танымал жазушылар ғана жазады деп ұғамыз. Осындайда қазақтың жанашыр бiр жазушысының “шығарманың сапа белгiсi — автордың аты-жөнi” деген сөзi ерiксiз есiңе түседi. Осы тұрғыдан келгенде бiз белгiлi авторлардың шығармасын алдымен оқып, белгiсiз жазушыларды екiншi орынға ысырып қоятынымыз тағы бар. Ал керiсiнше, беймәлiмдеу авторлардың шығармаларында жаңашылдық пен керемет ойлар барына, олардың жазғандарына тереңнен үңiлуге қырсыздық танытамыз. Қазiргi таңда “жаңадан шығып жатқан кiтаптарды тұщынып оқи алмайсың, идеясы да, көркемдiгi де төмен. Сондықтан, бұрынғы классиктердi қайталап оқуға тура келедi” деген пiкiрдi де құлағымыз шалып қалады. Бәлкiм, бұл қаттылау айтылған сөз болар. Өйткенi, кiтапты оқи бiлсек, автордың негiзгi идеясын түсiнсек, бүгiнгi күннiң тамырына дөп түсетiн шығармалар да баршылық. Жақында белгiлi журналист Өрiс Яшүкiрқызының “Шенеунiкше тактика” атты сатиралық кiтабын қызыға оқып шықтық. “Ызалы жүректi” “долы қолмен” осып-осып жiбергендей күй кешесiң. Өйткенi, жауынгер сатира жанрының басты нысанасы — күлдiру емес, күлкiмен жылату, қазақша айтсақ — мақтамен бауыздау. Жалпы өмiрдiң өзi комедия ғой. Бальзактың “Адамзаттың комедиясын” оқып отырсаңыз, дәл бiз күткендей күлкi көрiнбес едi. Алайда, шығарманың астарына үңiлсеңiз, ондағы оқиғадан, қарым-қатынастан, образдардан адамның ақылы жетпес комедияны, улы, ащы күлкiнi көрер едiңiз. Сол сияқты Өрiс Яшүкiрқызының сатиралық шығармаларын оқығанда қазiргi қоғамның шынайы бет пердесiн сыпырып алғандай боласыз. Бұл шындық — тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi, өтпелi кезеңдегi тұтас қазақтың типтiк образдар жиынтығы. Автордың тақырыптары да сан алуан, кейiпкерлерiнiң бiрi әртiс, бiрi мұғалiм, бiрақ, негiзiнен шенеунiктер. Оқиғаның көбi мемлекет қызметкерлерi, “кеңсе адамдарының” турасында өрбидi.

Өрiс Яшүкiрқызының аталмыш кiтабы сатираның интермедиялық жанрына көбiрек ұқсайды, яғни, сахна сатирасына. Ондағы диалогтардың формалық тұрғыдан берiлуi өте нанымды шыққан. Мұндай шығармаларға қазақтың бүгiнгi әзiл-сықақ театрлары мұқтаж екенiн ескерсек, бұл — жақсы табыс. “Кемпiрлер командасы” атты интермедиясы қайда барса командасын ертiп, шұбырып жүретiн әкiм-қаралардың өткiр әжуасы. Кемпiрлер мұнда тек типтiк образ болса, негiзгi сын нысанасы шенеунiктердiң iс-әрекетiн, мiнез-құлқын ашуға арналған. Кейiпкердiң: “Әй, Сары қыз, ана балаңа айт. Кәмандасына менiң баламды алсын. Қызметi өсiптi. Құтты болсын. Жаңа аптозауыт ашып, деректiр болыпты. Естiп қуандым. …Қазiр жұрттың бәрi кәмандамен жұмыс iстейдi дейдi. Менiң баламды алсын қасына” деген емеурiндi сөзi бiраз жайттың басын ашып тұр.

“Ұшық пен Пұшықта” үш жылды “ауыл жылы” деп жариялаған билiктiң қарекетi күлкiлi болғаны өтiрiк пе? “Ауыл жылына” деп бөлiнген ақша қайда кеттi? Ауылда көзге көрiнерлiк не iстелдi? Жер сатылған. Қарапайым қазақ шенеунiктердiң құлы қазiр. Бұл комедия емес, трагедия. Күлкi емес, қасiрет. Мiне, автор сатираның шындыққа адал жанр екенiн осы жерде айшықтап көрсете бiлген. Әсiресе, “Ұшық пен Пұшықтағы” әкiм мен қара халық арасындағы диалогтардың сәттi құрылуы, шығарманы еш өзгертусiз сахнаға шығаруға болатындығын көрсетедi. Әкiмнiң: “Неге тыныш отырмайсыңдар, а?! Немененi бүлдiрiп жүрсiңдер, а?! Менiң үстiмнен арыз жазып оңа қоямын дедiңдер ме, а?! Бiздiң кеңшарға бөлiнгенi 100 миллионнан 100 мың теңге ғана. Қайсыңа бөлiп берем, а?! Арқа етiм арша, борбай етiм борша боп сендер үшiн әнебiр май құятын станса салып едiм, көре қалдыңдар, а?! Ал, ендi менiң үстiмнен аттап арызданып, қаржыға қарық бола қойыңдар” деген сөзiне халықтың: “Сен ғой жазайық деген, мен ғой қол қойғанмын. Бишара бiз үшiн май бекетiн салдырғанын кiм бiлген. Рас-ау, әйтеуiр алысқа бармай тракторға майды осы жерден құйып алады дегенi екен ғой” деп жауап беруi дәл бүгiнгi қоғамдағы “ләппай, тақсырлықты” әжуалайды.

“Алапес” шығармасын оқығанда сахналық сатирамызда кенжелеп қалған монологтың маздап келе жатқанын байқайсыз. “Алапес” — қазақ тiлiнiң бүгiнгi мүшкiл халiнiң көрiнiсi. Бiр шаңырақтың астында отырып, бiрнеше тiлдi қоюыртпақтап сөйлейтiн қандастарымыз арамызда жеткiлiктi. Мұндай олқылықты көрген кезде Өрiс апайымыздың кейiпкерiндей: “Шiркiн, өз ұлтыңның ортасында, таза қазақтардың арасында жүрген қандай жақсы, қандай бақыт!” деп шермендi күйдi басыңнан өткересiң.

Қазақтың жылаңқы адамдарды көргенде, “зар-заманның жоқшысы” деп әзiлдейтiнi бар. Оларға лақап атты да қоятын халықтың өзi. “Зарлауық” — сондай кейiпкерлердiң бiрi. Ол Чеховтың “Құндақтаулы адамындағы” Беликов сияқты тек өмiрдiң көлеңкелi жағын көрiп, түймедейдi түйедей етiп жүредi. Айналаңызға бажайлап қарасаңыз, сiздiң жаныңызда да бiр Зарлауықтың жүргенiне күмәнiңiз болмасын.

Әрине, өмiрде жүз пайыз мiнсiз дүние болмауы мүмкiн емес. Бiрiншiден, Өрiс Яшүкiрқызының тiлiнде, стилiнде кездесетiн кейбiр олқылықтар сатираның жанрлық ерекшелiгiне керi әсер етедi. Мәселен, образды ашу үшiн орысша сөздердi оңды-солды қолдана беру орынсыз. Бұл әдеби тiлдiң де көркемдiлiгiне нұқсан келтiредi. Екiншiден, автор айтар ойын дер кезiнде тежей алмайды. Үшiншiден, жазушының стилiнде публицистикалық элементтер жиi ұшырасады. Бәлкiм, бұл автордың ұзақ жылдардан берi журналистика саласында қалам тербеп жүргендiгiнен болар.

Қазiргi кезде қазақтың әзiл-оспақ театрларының репертуарына сын айтушылар көп. “Бәрi бiрiн-бiрi қайталай бередi” деген наразылықтарды жиi естимiз. Театр әртiстерi: “Сахнаға лайықтап жазылған дүние жоқ. Сосын амалсыздан өзiмiз жазуға тура келедi” деп ақталады. Ал Өрiс Яшүкiрқызының “Шенеунiкше тактикасы” екi тараптың да сұранысын қанағаттандыратын сатиралық жинақ деп бiлемiз. Олай болса, бүгiнгi қоғамды кекесiнмен кертiп, мысқылмен мытып алатын шығармалар көбейе берсiн!

Жадыра Нармаханова