Жаңалықтар

АЛАШТАНУШЫ ҒАЛЫМ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТI

ашық дереккөзі

АЛАШТАНУШЫ ҒАЛЫМ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТI

Таяуда Алаш қозғалысының 90 жылдығына орай Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетiнiң акт залында Қоғамдық пәндер кафедрасы мен Қазақстан тарихы секциясы ұжымының ұйымдастыруымен кездесу болып өттi.

Кездесуге белгiлi алаштанушы ғалым, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев пен белгiлi жазушы, журналист Дидахмет Әшiмханұлы қатысты.

Кеште университеттiң оқу-тәрбие iсi жөнiндегi проректоры, профессор Ұ.Е.Сыдықов Алаш қозғалысы туралы айта келiп, алаштанушы Мәмбет Құлжабайұлының еңбектерiмен таныстырып өттi. Тарихымызды зерделеуде Мәмбет Құлжабайұлының әралуан тақырыптарда жазған мақалалары мен ғылыми зерттеу еңбектерi көп екендiгiн айта келiп, оның жастарға берер тәлiм-тәрбиесi зор екендiгiн атап көрсеттi. Аталмыш кештi тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан тарихы секциясының меңгерушiсi Досалы Исаханұлы Салықов жүргiздi.

М.Қойгелдиев Алаш қозғалысы, оған қатысқан ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметi жөнiнде кеңiнен әңгiмелеп бердi. Әсiресе, ғалымның университетке аты берiлген iрi тұлға Қаныш Имантайұлының Алаш қозғалысына қатысқаны туралы тың деректерге толы әңгiмесi өте тартымды болды. “Алаш қозғалысына қатысқан зиялылардың көбiнiң техникалық жоғары бiлiмдерi болған. Олардың арасында Мұхамеджан Тынышбаев, Тел Жаманмұратов, Әлiмхан Ермеков тағы басқалар болды. Қазiргi заман — ғылым мен техника заманы. Сондықтан да жан-жақты терең бiлiм алуға ұмтылу керек. Қазiргi ұрпақ бақыттысыздар, өйткенi қазiр алашшыл ұлт зиялыларының шығармаларын оқып, танысуға мол мүмкiншiлiктерiңiз мол. Бұл жағдайға тәуелсiздiктiң арқасында қол жетiп отыр. Ал, кеңестiк заманда бiлiм алған ұрпақ Ә.Бөкейхановты, А.Байтұрсыновты, М.Шоқайды бiлмей өстi. Өйткенi, қазақша айтқанда “ұзын арқан, кең тұсау” дегендей заман болды. Ал, сiздер олардың шығармаларын жақсы бiлесiздер. Сiздерге Алаш арыстарының ұлт мүддесi жолында атқарған қызметi әрқашан үлгi-өнеге болып қала бередi. Алаш арыстарын ардақтау бұл — ұлт тәуелсiздiгiн ардақтау деген сөз. Өйткенi олар ұлттық тәуелсiз мемлекет құру жолында күрестi. Сол Алаш арыстары армандаған тәуелсiз елде сiздер өмiр сүрiп, бiлiм алып жатырсыздар. Тәуелсiздiгiмiз мәңгiлiк болғай!”, — деп сөзiн тебiрене аяқтады ғалым. Ол осы мәселенi зерттеп жүрген бiр топ шәкiрттерiмен және олардың ғылыми еңбектерiмен көпшiлiктi таныстырып өттi.

Кездесу кешiне келген ғалымдар тарих ғылымдарының кандидаттары О.Қоңыратбаев, Г.Жүргенбаева, С.Смағұлова, А.Махаева өздерiнiң ғылыми монографияларын ҚазҰТУ-дың ғылыми кiтапханасының директоры Ә.Донкушоваға тарту еттi. Сөз кезегiн журналист Д.Әшiмханұлы баспагер ретiнде жалғастырды. Ол қазақ алаштанушы ғалымдарымен бiрге Алаш қозғалысына арналған көптомдық кiтаптар шығарып жатқанын атап өттi.

Бану ШАЛОВА