Жаңалықтар

“ҚАТАРДАҒЫ СӘКЕМ ДЕП ЖҮРСЕМ ӨЗIМ...”

ашық дереккөзі

“ҚАТАРДАҒЫ СӘКЕМ ДЕП ЖҮРСЕМ ӨЗIМ...”

Белгiлi ақын Сейфолла Оспан әдебиеттiң ауылына 1958 жылы келедi. Нақтысы, “Қазақ мемлекеттiк көркем әдебиет” баспасына жұмысқа тұрып, қаламгер қауымның ортасына түстi. Бұрын не бiр шумақ өлең, не бiр қысқа әңгiме жазбаған бозбаланы кiм стол басына бiрден отырғыза қойсын. Оның үстiне жоғары бiлiмi тағы жоқ. Жазда жалғыз мединституттың қабылдау сынағынан сүрiнiп кеткен. Содан бiраз уақыт құрылысшы да болады. Тас ұнтап, қыш қалады. Ал мұнда баспа мен баспахана арасын жалғастырды. Баспа дайындағанды алып барып, өндiрiс бөлiмiнен кiтаптарды алып қайтады.

Бұл баспаға бас сұқпайтын ақын-жазушылар жоқ. Күн сайын бiрi келсе, бiрi кетiп жатады. Ол кездескендерiнiң бәрiне сәлемiн бередi. Содан “сәлем бергiш бала” атанып та кеткен. Кейде солардың арасында тұрып, әлдекiмдердiң шығармалары туралы сөз болып жатса, сәтiне қарай өз пiкiрiн де қосып жүрдi.

Ақын Мәриям Хакiмжанова басқалардан гөрi көбiрек сөйлесетiн. “Сейфолла, айналайын, байқаймын сен әдебиеттен қара жаяу емессiң. Ал өзiң неге жазбайсың?” Соған дейiн жазуға ден қоймаса, не деп жауап берсiн. “Апа, менен жазушы шыға қоймас”.

Ақын Қанапия Дәрiбаевты өз ағам деп арқа тұтатын. Оңашада ауыр сөз айтты. “Сейфолла, әдебиетте шаруаң болмасын. Көрпеңе қарай көсiл”. Бiреу қамшымен арқасын осып жiбергендей күй кештi. Әйтсе де тiл ұшына келген қатты сөзден тартынып қалды. Онысы ағасын сыйлап, әдептен аттамағаны. Көпке дейiн “Үйiрiн қызғанған айғыр секiлдi менi бөтенсiгенi несi” деген ойдан арыла алмаған.

Ақын Тұманбай Молдағалиевтiң “Студент дәптерi” жарыққа шығып, қаламгерлердiң жылы iлтипатына бөленiп жүрген шағы. Бiр жолы сәлемiн алып тұрып, намысын оятқысы келдi ме қатты кеттi. “Сейфолла, жазбасаң мұнда неге жүрсiң?” Сонда ойға шомған. “Апырай, кең дүниенiң соншалық тарылып кеткенi ме?” Бертiн келе тағы бiр ой үйiрiп ала жөнелдi. “Осы мен кiммiн? Шынында мен мұнда неге жүрмiн? Мұнда жазбасаң көзге шыққан сүйелдей көрiнедi екенсiң-ау”. Барып кел, алып келмен күндер өтiп жатты.

Әнуарбек Дүйсенбиев “Балдырған” журналында жауапты хатшы едi. Баспаға сол келiп, қадала қарады. “Сейфолла, он күннiң iшiнде балаларға арнап бiр өлең жаз да қолыма бер”. Қатқыл үнi мен талабы бұйрық секiлдi. “Аға, мен өлең жазған емеспiн”. Әнуарбек қолын бiр-ақ сiлтедi. “Бұрын жазбасаң ендi жазасың. Бiттi, басқа сөзiңнiң қажетi жоқ”.Оның кесiмдi сөзi осы болды. Ол шегiнерге жер қалмағанын сезiндi.”Не туралы жазсам екен?” Екi-үш күн сонымен өттi. “Қазiр жиын-терiн науқаны ғой. Ас атасы — нан. Ендеше астық туралы жазайын”. Күндiз-түнi ой кешiп жүрiп, зордан үш шумақты қағазға түсiрдi. Өлеңiне “Бидай сөйлейдi” деп ат қойды. Бiрақ көңiлi толмады. Балалар талғамынан шықпайтын сияқты. Басқа тақырыпта жазбақ болып әрi ойланып, берi ойланып жүргенде кесiмдi уақыт та қысқара түстi. “Әй осы бiздiң қазақта жаманнан жирендiретiн нақылдар көп қой. Сол тұрғыда неге жазбасқа”. Iздегенi табылғандай болып, сол тақырыпқа табан тiредi. Әдепкiдегiдей аса қиналған да жоқ. Әлдебiр тылсым күш қаламына жел бiтiргендей. Бiр пәсте “Не жаман?” деген атпен он шумақ өлең өрiлiп шыға келдi. “Ұнатса алар, ұнатпаса қалар. Нар тәуекел!” Ертеңiне Дүйсенбиевтiң қолына ұстатты. Ол көз жүгiрттi. “Сейфолла, мынауың тамаша өлең ғой! — Көздерiнен ұшқын шашты. — Балаларды қуантатын болдың!” Салған жерден мақтайды деп ойлап па. Не сенерiн, не сенбесiн бiлмей аң-таң тұра бердi. Дүйсенбиев қойын қалтасынан автоқаламын алды. Тахауи Ақтанов ағаң шығармаларына “Т.Ақтан” деп қол қойып жүр ғой. Жақсы ырым болсын. Сенiң де тұңғыш өлеңiңе фамилияңды солай қояйық”. — Өлеңнiң астына “С.Оспан” деп жазды.

Сол өлеңдi “Балдырғанның” редакторы журналдың екi санынан алып тастады. Әнуарбек Дүйсенбиев редактордың орынбасары, Қадыр Мырзалиев жауапты хатшысы болып тағайындалған соң өлең қайта ұсынылған. “Не жаман?” үш айдан соң жарық көрдi. Сол бойда оны басқа газет-журналдар көшiрiп басып, радиодан оқылды. Тiптен 3-шi кластың “Ана тiлi” оқулығына да кiргiздi. Содан “Сәлем бергiш бала” бiр-ақ күнде ақын атанып шыға келдi. Жұрт құттықтап жатқанда ағасы Қанапия Дәрiбаев тосын сөз айтты. “Сейфолла, бiр өлеңiңмен бүкiл Қазақстанға танылдың. Ендi екiншi өлеңiңдi отыздан асқанда жаз. Бүкiл Советтер Одағына таныласың. Ал үшiншi өлеңiңдi елуден асқанда жазсаң атың әлемге тарайды”. Әзiлi ме, әжуасы ма? Онысын жымиған күлкiсiнiң арғы жағына жасырып қалды. Басқа бiреу болғанда сөзiне сай сөз қайтарар едi. Көкiрек кеудесiнен лықсып келген ашуын басты. “Қанекең үлкен ақын ғой. Ағалық жолы тағы бар” — Райынан қайтып, тiлiн тартты. Дегенмен Дәрiбаевтың сол мысқылы намысын қайрады. Ешкiмге ұқсамайтын жыр жазуға бекiндi.

* * *

Баспадан күнәра жаңа кiтап басылып шығады. Қызметкерлерi түгелге жуығы келiмсектер. Орыс авторларының кiтаптарын алақандарына салып ақырын жинап қояды. Ал қазақ ақын-жазушыларының кiтаптарына жирене қарап, олай да, былай да лақтырып, қалай болса солай жинай салады. Тiптен текшеден сырғып түскен кiтап бумасын бiреуiнiң аяғымен теуiп жiбергенiн көргенде, қорлығына шыдап тұра алмады. “Ей, Вета, осы кiтаптардың арқасында нан жеп отырсың ғой. Неге аяғыңмен тебесiң?” Анау да баждиып, шап ете қалды. “Что ты бурчишь? Говори по русски”. Бiрi қазақша, бiрi орысша сөйлеп тәжiкелескен екуiнiң дауыстары қатты шығып жатты. Аңтарылған жұрт назары соларда. Өндiрiс бөлiмiнiң бастығы Круглов оны тыңдап, басын берi бұрды. “Оспанов, то что она говорит правда?” Ол шала-шарпы орысшасымен оның жөнсiз өрескел iстерiн түсiндiрiп бақты. Тiлi жетпеген жерiн қимылымен көрсеттi. Круглов мән-жайға қанығып, ветаға көзiн аларта қарап, сұқ саусағын безеп, қатаң ескерту жасады. Сол күннен бастап, өндiрiс бөлiмiнiң қызметкерлерi де ұқыптап жинайтын болды.

* * *

Батыр Бауыржан Момышұлының “За нами Москва” кiтабы баспаханада басылып жатқан. Оспанов алғашқы он данасын баспаға алып барды. Баукең де сонда екен. Кiтаптың сыртын аударып, төңкерiп қарап, iшiн бiраз парақтады. Қасында тұрған баспаның орыс бөлiмiнiң меңгерушiсi Анатолий Ананьев пен редакторларда үн жоқ. Әлiптiң артын бағуда. Бауыржанның қату қабағы жазылғанда ғана олардың сазарған өңдерiне қан жүгiрiп, жадырап шыға келдi. Баукең бiр жақ қапталдағы ұзын столдың шетiне отырып, папкасынан ақ қағаз алды. Әлдекiмдердiң аты-жөндерiн түзiп жатқанда Сейфолла Оспанов жанына жақындап: “Аға, маған бiр кiтабыңызды жазып берiңiзшi”,— дедi. Батыр басын шұғыл көтерiп, алақандай көзiмен ата қарады да, ләм деп жақ ашпастан қолын ербең еткiздi. Назарын ақ қағазға қайта салып, тiзiмдi жалғастырды. Меселi қайтып, ұнжырғасы түсiп бұл тұр. “Бекер сұрадым-ау”. Әй, өзiме де обал жоқ. Сырын бiлмеген соң жайыма қарап тұрсамшы”. — Сырт көздерден қысылып, өңi өрттей қызарды. Бауыржан сыртқа беттегенде бұл да аналарға iлестi. Қоштасып көлiгiне қарай кетiп бара жатқан батырға назалана қарап тұрып: “Бауыржан аға менi адамға да санамайды-ау” — деген ойда болды.

* * *

Баспаханада жазушы Мартяновтың “Ветер чужой стороны” кiтабының терiлiп жатқанына айдан асқан. Күтуден шыдамы таусылған соң өзi келiп версткасын сұрады. Круглов әлi дайын еместiгiн айтып қайтарып жiбердi. Бiр аптадан соң бөлiм бастығы Оспановты өзiне шақырды. “Сейфолла, жазушы Мартяновқа телефон шал. Кiтабының версткасын алып кетсiн”. Ол телефоннан Кругловтың сөзiн жеткiздi. Мартянов кергiп, келуден бас тартты. “Қол бала арқылы берiп жiберiңдер”. Мұны естiген Кругловты ашу қысты. “Сейфолла, анаған айт, қолбаланың қолы тимейдi. Өзi келсiн”. Мартяновтың талағы тарс айрылды. “Оспанов, олай болса өзiң әкел”.— Үнi өктем естiлдi. Оның бұл сөзi Оспановтың шымбайына қатты батты. “Кiтабыңды ұрғаным бар ма. Керек болса өзiң кел”. — Телефон тұтқасын орнына сылқ еткiздi. Круглов басын шайқады. “Сейфолла тым қатты айттың-ау”. Екеуi кабинеттен шығып бара жатқанда телефон безек қақты. Круглов қолын сiлтей салды. Аздан соң алып ұшып Ананьев жеттi. Ашу-ызадан ашаң жүзi сұрланып кеткен. Оспановқа көкiрегiн кере екпiндей сөйледi. “Сен кiмсiң? Мартяновтың үлкен жазушы екенiн бiлесiң бе? Қазiр барып алдынан өт, кешiрiм сұра”. Оспанов оның айтқанынан қаймықпады “Жоқ сұрамаймын”. Ананьев екiлене түстi. “Сұрайсың, бiз саған сұратқызамыз”. Оспанов та айтқанынан қайтпады. “Кешiрiм сұрайтын адамды тапқан екенсiңдер”. — Бұрылып жүре бердi. Қоқан-лоққысынан ештеңе шығара алмаған Ананьев қызметкерлер алдында ыңғайсыз жағдайда қалды. Ол қатарынан үш рет келдi. Алғашқыдай емес екпiнi басылып, оны айласымен көндiрiп бақты. Алдап-арбағанына илiгетiн Оспанов па. Жауабын қысқа қайырып, табандап тұрып алды. Алайда баспаның орыс бөлiмiндегi Попова, Муканова, Андреева, Скаковская секiлдi қызметкерлер қарына қарай тартып, бұған қырын қарай бастаған едi. Кругловтың кабинетiнде отырып ойға шомды. “Ендi мұнда жүрiп берекет таппаспын. Ертең арызымды жазып, өз еркiммен жұмыстан кетейiн”. — Телефон шылдыры ойын бөлiп жiбердi. Тұтқасын құлағына тосты. Арғы жағындағы Ананьев екен. “Оспанов, баспаға Бауыржан Момышұлы келдi. Сенi шақырып жатыр”. — Солай дедi де байланысты үздi. Оның салқын даусын жанындағы Круглов та анық естiдi. “Бауыржанды желеу етiп менi торға түсiрмекшi ғой бұлар”. Салған жерден басына осы ой сап етiп, ерiксiз мырс еттi. Круглов соны сездi ме күмәнiн сейiлтер сөз айтты. “Момышұлы бұлардың қолжаулығы емес. Келгенi рас шығар. Барып сәлем бергенiң жөн”. Ол баспаны бетке алды. Ананьевтың кабинетiне таянғанда iштен Баукеңнiң таныс даусы естiлдi. Сәл ғана жүрексiнiп есiгiн ашты. Төрдегi стол басында Баукең отыр. Қабырғаға жанай қойылған ұзын столға қызметкерлердiң бiразы жайғасыпты. Орындық жетпегендерi түрегеп тұр. Ол батырға қос қолын созды. Баукең сәлемiн бар ықыласымен алды. “Вот Сейфолла! — Үнi қыран құстай саңқ еттi. — Фамилияң кiм?” Ол iле жауап қатты. “Оспанов”. Баукең баспа қызметкерлерiне басын бұрды. “Оспанов наше будущее! Великий человек!” — Жарқын даусы асқақтап, кабинет iшiн кернеп кеттi. Оның бұл сөзi Мартяновты есiнен тандырды. Тынысы тарылғандай омырау түймелерiн ағытып, ерсiлi-қарсылы жүре бастағаны сол едi Момышұлының “Прекратите ходить!” деген өктем үнi жұртты селк еткiздi. Анау бiр орында сiлейiп тұрып қалды. Баукең сәл үнсiздiктен кейiн сабасына түсiп, сабырмен тiл қатты. “Сейфолла қарағым, өткен жолы осы баспа берген он кiтабымды кiмге жеткiзерiмдi бiлмей қиналып отырғанымда сен де килiгiп сұрадың. Бермей кетiп ем. Кейiн кетiп бара жатқанда ту сыртымнан бiртүрлi ренiшпен қарағаныңды байқадым. Көзiң неткен өткiр едi. — Алдында жатқан “За нами Москваны” қолына алды. — Мына кiтаптың мұқабасында өзiңе арнаған сөзiм бар. Бұдан былай адамдарға қанша жерден ренжiсең де дәл сондағыдай қарама”, — деп ескертiп кiтабын бердi. Аты аңызға айналған жанның өз қолынан кiтабын сыйға алу кiм-кiмге де биiк мәртебе ғой. Жатақханаға шалқып, тасып келдi. “Апырай, Баукең менi әлгiнде “великий” дедi-ау. — Сөздiктен аудармасын қараса “ұлы” екен. Мендей пақырдан ұлылық қайдан шығады” деп қарадай қысылды. Артынша iзгiлiкке бастаған тағы бiр ой жетелей жөнелдi. “Баукең мұны сырт көздерден жасымай жүрсiн деп әдейi айтты-ау. Досқа күлкi, келiмсекке таба қылмай мерейiмдi үстем еткен әлгi сөздерi ше. Баукең неткен көреген едi”.

* * *

Баспаны Мұхамеджан Қаратаев басқарады. Екi тiлге бiрдей шешен кiсi. Бiрде Сейфолла Оспановты өзiне шұғыл шақыртты. Ол баспа үйiнiң ауласынан қатар тұрған екi жеңiл көлiктi көрдi. Шағын “Победа” директордың қызмет көлiгi. Ал жұрт қызықтап тұрған көлемi есiк пен төрдей қара түстi “Зилдiң” кiмдiкi екенiн бiлмедi. Дәу де болса Үкiмет адамдарының бiрi келген болар деп топшылады. Директор кабинетiнде де жалғыз емес екен. Алдындағы шағын столда мол денелi, өңi шырайлы кiсi отыр. Салған жерден таныды. Академик Мұхтар Әуезов. Қашаннан бiр көруге ынтық болып жүрген ғұлама ендi мiне тап көз алдында. “Сейфолла, ағаңа сәлем бер”. — Қаратаев оны иегiмен меңзедi. Сол сәтте әкесi Мiркемелдiң бала кезiнде-ақ құлағына құйған өнегесi түстi. “Балам, елге қадiрлi жанды көрсең жатсынба. Қос қолыңды ұсынып сәлемiңдi бер де, бетiңдi сипа. Солай үлкенге құрметiң мен ибалығыңды танытқайсың. Ал көрегендi жанның сәлемiңдi алып, бетiн сипағаны батамен бiрдей”. Ол әкенiң өнегесiн бұлжытпай орындады. Әуезов те сәлемiн қос қолымен алып, бетiн сипады.

Қаратаев тапсырманың жайын тәптiштедi. “Сейфолла, алда Мәскеуде Қазақстанның он күндiгi өтетiнiн бiлесiң. Соған байланысты бiраз ақын-жазушылардың кiтаптары шыққан. Мына Мұхаңа сол кiтаптар керек екен. Аулада тұрған екi көлiктен қалағаныңды мiн де, кiтап дүкендерiн аралап, соларды жинап әкел”. Әуезов қалтасынан табақтай жүз сомды шығарып қолына ұстатты.

Кiтап дүкенiнiң алдына көлденеңдеп тоқтаған “Зилдi” көрген меңгерушi соңынан сатушыларын ертiп, сыртқа жүгiре шықты. Кабинадан түскен Оспановты үкiмет адамдарының бiрiне балап, құрақ ұшып қызмет көрсеттi. Өздерiнде бар кiтапты бiрi сөрелерден жинап, бiрi шот тастарын қағып есептеп, бiрi жұптап буып, бiрi көлiкке салып бердi. Қаладағы қай дүкенге барса да, осы жай қайталанумен болды. “Победаны” мiнгенiмде сатушылар алдымда зыр жүгiрмес едi. “Зилмен” келгенiм қандай жақсы болды. Шаруам тез бiтiп жатыр. Көлiктiң де жұрттың мысын басар құдыретi бар екен-ау”. — Ол әрi таңданып, әрi масаттанды. Түс әлетiнде дүкендердi түгел аралап бiттi. Кiтаптардың бәрiне елу үш сом жұмсапты. “Мұхаң қалған ақшадан мынау қызметiңе деп бiрдеңе қалдырса, асханадан түстiк астың түр-түрiнен алып, әй бiр тоярмын”. Ол тәттi ойына елiтiп, жұтынып отырғанда көлiк баспа ауласына жетiп тоқтады. “Сен келiп қалдың ба? — Мұхаң орнынан тұрып кетуге жиналды. Қаратаев езу тартты. “Мұқа, бұл бала қай тапсырманы да тыңғылықты орындайды”. Ол қалған ақшаны қайтарды. Мұқаң жан қалтасына сала қойды. “Өркенiң өссiн, шырағым!” Оспанов академиктен ақша емес, бата алды. Қаратаев терезеден сыртқа қарап тұр екен.

* * *

1962 жылы баспадан “Жас дәурен” жыр жинағы жарық көрдi. Кiтапқа қырық ақынның өлеңдерi енген. Солардың бiрi – Сейфолла Оспанов. Алуан-алуан жүйрiк бар, әлiне қарай шабатын. Әрқайсысы поэзияға өз үнiмен келдi. Iрiктелген жастарды оқырмандар да жылы қабылдады. Содан бастап Сейфолла Оспанов өлең өлкесiнен ешкiмге елiктемейтiн, ешкiмге ұқсамайтын өз жолын iздедi. Өкiнiшке орай баспагерлер жаңа өлеңдерiн жаратпады. “Ұйқасың нашар, ойың олқы” — Осындай сылтауларды желеулетiп, керi қайтарумен болды. Ашумен қаншама өлең отқа жағылды.

Орыс ақыны Шкловский әдебиет газеттерiнiң бiрiне мақала жазыпты. “Басқаларға ұқсатпай, тыңнан жол салып жазғандарымды редакцияларға апарсам баспайды. Солардiкi жөн шығар деп жаратпағандардың бәрiн өртедiм. Ал жиi жарияланатын авторлардың бөспесi қаншама. Амал жоқ мен де солардың ырқымен қалам тарттым. Жазғандарым тоқтаусыз жарық көрiп жатты. Қоғамда өзгерiстер болды. Басылымдардан жаңа ойлар айтыла бастады. Өз жазғандарыма сын көзбен қарасам, түкке тұрғысыз бос сөздер екен. Ал бұрын өртеп жiбергендерiмнiң классикалық дүние екенiне сонда ғана көзiм жеттi”.

Оспанов оқып шығып, қатты өкiндi. “Қап, бұрынғы өлеңдерiмдi бекер өртеген екенмiн-ау”. Содан бастап баспагерлер жаратпаған өлеңдерiн жинап жүрдi.

* * *

Күн жексенбi. Жаздың ыстығы басталғалы қашан. Еркек кiндiктi көршiлер ауланың қалың ағаш көлеңкесiндегi тақтай орындығына жайғасып, салқын сыра iшiп, жан сақтағанды дағдыға айналдырған. Арпа iшiнде бiр бидай. Сейфолла Оспановтан басқасы қиырдан-шиырдан келген өзге ұлт өкiлдерi. Бiр-бiр саптыаяқ сырадан соң қызу әңгiмеге кiрiскен.

Ат жақты, шегiр көз жiпсiген маңдайын бiлегiмен сүрттi. Қасындағы дөңқабаққа басын бұрды.

— Николай, “Вечерканы” үзбей оқисың ғой. Қандай жаңалықтар бар?

— Жаңа көшеге Жамбыл Жабаев дегеннiң атын берiптi.

— Ол кiм?

— Әй бiр қазақтың жаман шалы.

Оспановтың қаны бiрден басына шапты.

— Николай, сен не деп көкiп отырсың? Сен оның кiм екенiн бiлесiң бе? Бiлмейсiң. Жаман шал деп оттап тұрғаның сондықтан. Саған жаман көрiнгенмен бiзге қасиеттi шал. Оның қадiрiн анау Ленинградтың халқынан сұра. Кешегi соғыста қоршауда қалған қаланың халқын “Ленинградтық өрендерiм” атты өлеңiмен жiгерлендiрiп, жеңiске деген үмiтiн жалғап, рухын көтерген кiм? Сол сен айтқан жаман шал. Көшенiң атын Жабаев деп дұрыс қойған. Сен оған тиiспе. Тиiссең намысыма тиесiң.

— Сейфолла, менен ағаттық кеттi. Кешiр. “Бiлмеген у iшедi” деген осы. — Николай опынып, басын төмен салды.

Оспанов өрекпiген көкiрегiн баса алсайшы. Оның менсiнбеген мысқылы жанын жай таптырар емес. Iшкi жан дүниесiнен лықси көтерiлген бiр тылсым күш, алды-артына қаратпай жұмыс столына қарай ерiксiз жетелей жөнелдi. Ақ қағазға “Жаман шалым — Жамбылым”, — деп жазғаннан-ақ көкiрегiнiң арғы тереңiнен шымырлап шығып тастан-тасқа құлап аққан бұлақтай өлең жолдары құйыла бердi.

Тоқсанда “жаман шал” жалындап, оқ болып атылған,

Жалмауыз жауыңа асыл жыр сүңгiсiн батырған,

Сұра сен, сұра сен нанбасаң, Ленинград елiнен,

Негiзгi тұратын баладан, шағадан, қатыннан.

Көтерiп алған деп Москва айтсам сен нетер ең,

Бағына Жәкемнiң шыдамай жарылып кетер ең.

Ол — ұлттық намысым ең биiк,қараңды жақпа сен!

Ал жақсаң өкiнбе өзiңе тiлiңдi онда мен кесер ем.

Ол құтым! Тиiспе! жерiмнiң, елiмнiң ардағы.

Көк күмбез аспаным ғарышқа ұмтылған шаңырағым.

Қазақтың қап-қара шалдары сиынар саңлағым,

Бейне олар таусылмас береке, бал тұнған бармағы.

Осылай он шумақ өлең өрiлiп шыға келдi. Сонда ғана иығынан ауыр жүк түсiп, жаудан есесiн қайтарған батырдай жайбарақат күй кештi.

* * *

Алматы облысындағы Нарынқол ауданның халқы бiр топ қаламгердi құшақ жая қарсы алды. Араларында Бердiбек Соқпақбаев, Сағат Әшiмбаев және Сейфолла Оспанов бар. Колхоз бен совхоздарын аралап, еңбекшiлермен жылы жүздестi. Әдебиет жанрлары прозадан Соқпақбаев, сыннан Әшiмбаев, поэзиядан Оспанов т.б. сыр шертiп, құлақ құрыштарын қандырды. Ал аудан орталығында болған кездесуде оқырмандар тарапынан сұрақтар көп қойылды. Әсiресе жерлес жазушы Соқпақбаевты мiнберде ұзағырақ ұстады. Залдан қара шашын шалқалата қайырған кесе кiсi орнынан тұрады. “Беке, жазушы-драматург Тахауи Ақтанов туралы не айтасыз?” Соқпақбаев тамағын кенеп, даусын көтере сөйлейдi. “Ол менiң ақ Тақашым ғой! Асылдың сынығы. Жазушылардың бәрi сондай болса, қазақ әдебиетiнiң мәртебесi бәрiнен де биiктей түсерi хақ”. — Осылай дедi де басқалардың сұрақтарына жауап бердi.

Арада үш жыл өткен соң сол Нарынқолға ақын-жазушылары Тахауи Ақтанов, Сырлыбай Мәуленов жән Сейфолла Оспанов бастаған бiрнеше қаламгерлер тағы ат iзiн салды. Бұл ауданда әдебиеттi жалпы өнердi сүйетiндер көп. Аудан орталығындағы соңғы кездесуде Мәдениет сарайы көрермендерге лық толған. Оқырманның бiрi Ақтановқа сұрақ қойды. “Тахауи аға, ел iшiнде жерлесiмiз Соқбақпаев жайында әңгiме көп. Сiз соған не қосар едiңiз?” Зал iшiндегi абыр-дабыр басылған кезде, Ақтанов ол туралы әңгiме тетiгiн ағытты-ай бiр. Оның шығармасы, адами болмысы туралы жарты сағат сөйлейдi. Тыңдаудан жалыққан жан болсайшы. Шешен сөз соңын: “Әрбiр ақын-жазушының туа-бiттi өзiне ғана тән мiнез-құлқы бар. Олар сонысымен де қызық. Бiрақ сiздер оларды мiнез-құлықтарына қарап бағаламаңыздар. Сiздерге берген шығармаларына қарап бағалаңыздар. Бердiбек Соқпақбаев классик жазушы. Ұлттың рухани байлығы”, — деп сөзiн түйiндедi.

Жазушылар одағында өткен кезектi бiр жиында Оспанов алдыңғы қатар орындықтардың бiрiнде отырған Соқпақбаевты көзi шалып қалып, жанына барып жайғасты. Нарынқолда болған кездесулерден хабардар еттi. “Бердiбек аға, ана жолы сiз Тахауи Ақтанов туралы қысқа қайырып едiңiз. Бұл жолы Тахауи ағамыз сiз жайында жарты сағат сөйледi”. Соқпақбаев кiдiрген жоқ. “Сейфолла, ақ Тақашымның шығармашылығы, шежiре-шешендiгi туралы менiң де айтарым көп едi. Бiрақ мен бiр сағатқа сыйғыза алмай оқырмандарымды жалықтырып алам ба деген ойда болдым… — Сәл үнсiз отырды да қайта жалғады. — Ақ Тақаштың мен секiлдi қаламгерлерге жасаған жақсылығының өзi бiр күндiк әңгiме”.

“Соқпақбаев пен Ақтанов өмiрден бiрiн-бiрi пiр тұтып, бiрiн-бiрi қимас бауырдай сыйласып өттi. Шiркiн, үш арыстың ұрпағы сол екеуiндей болсайшы” — Оспановтың қоңырқай жүзi күреңiттi. Әлде күйiнiш, әлде мұң.

* * *

1994 жылы күзде жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджан Қызылорда облысында Парламент депутаттығына кандидат болып тiркелдi. Сенiмдi өкiлi — Сейфолла Оспан. (Сол кезде фамилиясын Оспан деп өзгерткен) Облыс әкiмi Сейiлбек Шауқаманов едi. Екеуiн жылы қабылдады. “Қалеке, қазiр халық әкiмшiлiктен алшақ кеттi. Сiздердi Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек, Сырдария аудандарын аралататын көлiк дайын. Тек айтарым, барған жерлерiңiзде аудан әкiмдерiн қастарыңызға ерiтпей-ақ қойыңыздар. Оның керi әсерi болуы мүмкiн”.

Қалтай Мұхамеджанның iлуде бiр қабақ шытып қатқылдау айтқаны болмаса, негiзi иiнi жұмсақ жан. Әкiмдердiң көкiрегiнен итерiп, кеңселерiнде қалдырып кете алмады. Керiсiнше аудандардың шаруашылықтарын аралағанда солар жол бастады. Қалтай Кездесулерде халықты жеңiл қалжыңдарымен күлдiрiп, еңселерiн көтердi. Мағыналы мәндi сөздерiмен саналарына ой салды. Өкiнiшке қарай сайлау күнi қажеттi дауыс жиналған жоқ. Әрине, ондайда көңiл-күй қайдан болсын. Оның кiрбiң тартқан жүзiнен, салыңқы қабағынан ағасы Әбиболла соны сездi. “Қалтай, менiң саған айтар үш сөзiм бар. Бiрiншiсi бұрын елге келуiңнен, кетуiң тез едi. Бұл жолы халқыңмен армансыз қауыштың. Халық сенi таныды. Сен халықты таныдың. Екiншiсi, бұрын-соңды кездесулерде сенi Сейфолладай жеткiзiп дәрiптеген жанды көрмедiм. Азаматты бағалай бiл. Үшiншiсi, қара да тұр осы сайланған депутаттарды Елбасы бiр жылдан соң-ақ таратып жiбередi”. Ақсақал көреген екен. Айтқаны дәл келдi.

Қалың ел Қалтайын ұзақ жолға шығарып салды. Ұшақ Алматыға қарай бет алған. Қалтай Мұхамеджан пиджагының төс қалтасынан ақ қағаз шығарды. Бүктеуiн жазып жатып жымиды. “Әй, Сейфолла, әнеу күнi ел аралап жүргенде саған арнап өлең жазып едiм. Тыңда”. — Көзiлдiрiгiн киiп, өлеңiнiң қайырмасын әндетiп оқыды.

Уа, Сәке жүрген жерiң күнде сүргiн,

Соңыңнан iлбiп басып, зорға жүрмiн.

Ағызып алқа топта кеткенiңде,

Қас жүйрiк екенiңдi сонда бiлдiм.

А-а-ей, О-о-ей.

Өзiңнен Асқар, Әбiш ұққан сырдың,

Мәнiсiн осы сапар ендi бiлдiм.

Сөзiңе елдi илантар iрi екенсiң,

Кеудеңе туын тiккен бұла жырдың.

А-а-ей, О-о-еи.

Қонғандай құдыретi тоба нұрдың,

Төбе бидей жөнсiздi оба қылдың,

Жақсы менен жаманды қақ айырып,

Енесiн талайлардың орап ұрдың.

А-а-еи, О-о-еи.

Барында ел аралап оралымның,

Өзiңе ықыласпен көңiл бұрдым.

Қатардағы Сәкем деп жүрсем өзiм,

Сырдағы бiрi екенсiң нағыз дүрдiң!

А-а-еи, О-о-еи.

Сейфолла Оспан асыл ағасын сағынғанда оның осы өлеңiне көз жүгiртедi. Тап жанында Қалекеңнiң өзi оқып отырғандай. Оның сондағы үнi әлгi күнге құлағында.

* * *

Ақын Сейфолла Оспанның 2004 жылы күнi солынан шығып, айы оңынан туды. Ақпарат министрлiгiнiң бағдарламасы бойынша “Жазушы” баспасынан “Қанағат” атты жыр жинағы шықты. Сол жылы Қызылорда қаласындағы “Асқар” ЖШС директоры Тынымбай Бәженовтың демеушiлiгiмен “Алдымнан атқан ақ таңым” өлеңдер жинағы тағы жарық көрдi. Бiрi күнi, бiрi айы. Екi жинақтағы өлеңдерiнiң жартысынан астамы бұрын баспагерлердiң жаратпай тастағандары.

Жылдың соңына таман жазушы Қасым Қайсенов телефон шалды. “Сейфолла, анау Өтежан деген қыңыр былтыр көңiлiмдi қалдырған. Жиренiп, жек көрдiм. Биыл көктемде қисайып, иттiк жасап, тағы да көңiлiмдi қалдырды. Содан мыж-мыж болған бетiн ендi қайтып көрместей жек көрген едiм. Сол ит “Жұлдыздың” жаңа санына “Сейфолла өмiрде ақын…” деген көлемдi мақала жазыпты. Сен туралы болған соң үңiлiп оқыдым. Өлеңдерiңдi жеткiзе талдап, сенi жақсы танытыпты. Ұтқыр сөздерi мен ұтымды ойларына ерiксiз риза болдым. Байқаймын оны iшiм жақсы көре бастаған сияқты”. — Сөз бiттi дегендей тұтқаны орнына қоя салды. Оспанов ақсақалдың сөздерiн сол бойда қағазға түсiрдi.

Жуырда жазушы Ғаббас Қабышев “Әдебиет айдыны” газетiне “Өз әлiмше жырладым” деп отырған Сейфолла “жалғандыққа бұрмадым” десе, бұнысы ақындығындағы шындық ұстанымы”, — деп жазды.

Түнеу күнi үлкен ақын Тұманбай Молдағалиевпен кездескен. “Сейфолла, Қызылордадағы Педагогика университетi сенiң “Қанағат” деп аталынған жыр-жинағыңды Мемлекеттiк сыйлыққа ұсынған екен. Сарапшының бiрi ретiнде оқып шықтым. Өлеңдерiңе ризамын. Сенiң осыншама биiктеп кеткенiңдi ендi бiлдiм. Сыйлыққа әбден лайықты”. Ал сол сыйлық ұсынылған ақын-жазушылардың ешқайсысына да берiлмей қалды.

Қосақ жары Күләй оның өлеңдерiнiң көбiн жатқа оқиды. “Сейфолланың өлеңдерiнде өзiнiң мiнезi бар”. — Адал жардың ақпейiл сөзi.

Қалтай Мұхамеджан “Мың бiр түннiң” 12 мың жол бәйiттерiн неге Сейфолла Оспанға аудартты? Өйткенi Шығыстың шайырларын дәп Сейфолла Оспандай қазақы үлгiге әкелгендi кездестiрмесе керек.

Көлбай Адырбекұлы