ДАҒДАРЫС КЕДЕЙШIЛIК ЖӘНЕ ҮКIМЕТ
ДАҒДАРЫС КЕДЕЙШIЛIК ЖӘНЕ ҮКIМЕТ
2009 жылы Жер шарының 40 млн. тұрғыны кедейшiлiктiң қамытын кимек. Ал дағдарысқа қарсы күрес жоспарын күнi кеше қабылдаған бiздiң билiк қыруар ақшаның қайда кетiп жатқанын қадағалауға құлықсыз.
Бiрiккен Ұлттар Ұйымының әлемдiк экономикалық ахуалға қатысты дайындаған есебiне сәйкес, 2004-2007 жж. 3,5-4 пайызға дейiн қысқарған, ал 2008 жылы 2,5 пайызға азайған әлемдiк экономиканың өсу қарқыны 2009 жылы 1 пайызға дейiн төмендейдi. Дүниежүзi үкiметтерiнiң қаржылық дағдарыстың екпiнiн бәсеңдетуге бағытталған барлық айла-шарғылары экономикалық көрсеткiштердi көтеруге дәрменсiз. Әсiресе, дамушы елдердiң халi мүшкiл. Дамыған елдердiң экономикасында 2008 жылдың екiншi жартысында басталған рецессия дамушы елдерге де керi әсер еттi. АҚШ пен Батыстың жиi-жиi бас қосып, аса ауқымды шаралар жүргiзгенiне қарамастан, бiр айдан кейiн есiк қағатын 2009 жыл дамушы елдерге аса қиын тиедi. БҰҰ мамандары дағдарыстың алдын алуға бағытталған халықаралық шараларды жүйелеуге шақырады. Бұл экономикасы әлсiз кедей елдердiң дағдарыстан шегетiн зиянын азайтуға; қаржы алаңындағы құрылымдарды бақылауды барынша күшейтуге, халықаралық қаржы ұйымдарынан бөлiнетiн қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге; халықаралық ақша қорын қалыптастыруға; әлемдiк экономиканы басқару жолдарын жақсартуға және қаржылық дағдарыстың қайталануынан сақтануға мүмкiндiк бередi.
Өкiнiшке қарай, Дохадағы кездесуде тығырықтан шығар жолды iздеуде ауызбiршiлiк жетiспедi. Дамыған елдер мен дамушы елдер арасындағы қабылдануы тиiс шараларға қатысты туындаған пiкiр қайшылығы, еуропалық кеңiстiктегi беделдi елдер басшылары мен Халықаралық қаржы қоры мен Дүниежүзiлiк банк басшыларының кездесуге келмеуi әлемнiң әлi де ортақ мүддеге топтасуға дайын еместiгiн көрсетедi. Бұған дейiн Парижде, Лондонда, Вашингтонда т.б. астаналарда өткiзiлген сан саммиттен келген пайда жоқ. Әлем “жалғыздың – үнi, жаяудың шаңы шықпайтынын” бiлсе де, “аққу – көкке, шортан – көлгенiң” керiн келтiруден танбайды. Ресей сияқты кейбiр мемлекет дағдарыстың өзiнен пайда тауып қалуға жанталасуда. Энергетикалық қорларды тасымалдау жолдарын әлемдiк саясатқа шығатын төте жол деп бiлетiн Кремль өзiне тиiмдi ұсыныстарын тықпалаудан арыға аса алмайды. Бұған дейiн әлемдiк “полисмен” кейпiндегi АҚШ-тың қазiргi халi “балапан – басына, тұрымтай – тұсына”– мен тең. Оның үстiне, өзгеге ақыл айтып, жөн сiлтейтiн жөнi тағы жоқ. Ипотекадан басталып, қаржылық салаға, одан ары әлемге ұласып кеткен дағдарыс Құрама Штаттардан басталған едi. Еуропалық Одаққа төрағалық етушi елдiң президентi Николя Саркози ЕО экономикасына америкалық қаржылық дағдарыстан келген зиянды 3 трлн. долларға бағалап қойды. Алайда, кейбiр тәуелсiз сарапшылар Саркози асырасiлтеушiлiкке ұрынды, шығын тым көп емес деп жұбатса, кейбiр сарапшы “жалпы шығын 5 трлн. доллардың көлемiнде” дейдi.
Бiрiккен Ұлттар Ұйымы дағдарыстың кесiрiнен 2009 жылы 40 млн. адам сирағы шыққан кедейге айналады дейдi. Лайым, Қазақстаннан бетi аулақ болғай. Десек те, етек-жеңiмiздi қымтап, дағдарыстың дауылына тас-түйiн дайын отыру керек. ҚР Үкiметi өткен аптада (2008 ж. 25 қарашада) қаржылық дағдарысқа қарсы жоспарын бекiттi. Негiзi 2007 жылдың күзiнде-ақ қолға алынуы тиiс бұл шараның бiр жылға неге кешiктiрiлгенi жұмбақ. Министрлер кабинетiнiң әп дегеннен-ақ “Қазақстанға әлемдiк қаржылық дағдарыстың ешқандай қатысы жоқ, қазақстандық экономикаға еш зияны тимейдi” деп неге бет бақтырмағаны және түсiнiксiз. Тек ҚР Президентi Н.Назарбаев әлемдiк қаржылық дағдарыстан қазақстандық экономиканың да зиян шеккенiн айтып, Үкiметке дағдарыстың алдын алу шаралары туралы нақты нұсқаулар бергеннен кейiн ғана қозғала бастаған Мәсiмовтiң командасы 2008 жылдың 25 қарашасында ҚР Үкiметi экономика мен қаржы саласын тұрақтандыруға қатысты шаралар жоспарын бекiттi. Қолында дағдарысқа қарсы күрес туралы нақты жоспары жоқ, бағыт-бағдары бұлыңғыр Үкiметтiң халық қазынасына тиесiлi қыруар қаржыны қалай бөлiске салғаны түсiнiксiз!
Тағы бiр маңызды жайт, былтыр “Даму” қоры арқылы отандық шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға бағытталған 4 млрд. долларға жылға жуық уақыт өтсе де, кез келген кәсiпкер қол жеткiзе алмай отыр. Өйткенi, “Даму” банктерге қаражатты пайыздық көрсеткiшпен беретiндiктен, пайда табуды ғана көздейтiн жекеменшiк банктер өздерiнiң ескi “әуенiне” тағы басты. Соның кесiрiнен несиелер кәсiпкерлерге 25 пайыздық көрсеткiшпен үлестiрiлуде. Онда да түрлi банктердiң түрлi кедергiлерiнен өткендердiң ғана “бағы жануда”. Мемлекеттiк көмек ретiнде бөлiнген қаражатты 2008 жылдың 1 қарашасына дейiн отандық банктердiң ешқайсысы тым болмаса, 50 пайызға игерiп үлгермептi. Екiншi деңгейлi банктерге қаражатты игеру үшiн 1 ай уақыт берген ҚР Премьер-министрi үстiмiздегi жылдың 1 жетоқсанында кәсiпкерлерге үлестiрiлiп үлгермеген қаражаттың “Даму” қорына керi қайтып, басқа банктерге таратылатынын ескерткен. Белгiленген мерзiмнен 10 күн асып кеттi, Үкiмет өз мақсатына жұмсалмаған халықтың қаржысы туралы жұмған аузын ашар емес. Ал банктердiң көпшiлiгi: “Мемлекеттiк бюджеттен қаржылық көмек ретiнде бөлiнетiн қаражатты үлестiруде мемлекеттiк органдардың өздерi бюрократтық дертке ұрынады. Арнайы қордан бөлiнетiн ақша қолымызға жетем дегенше, жүйке жұқарып, төзiм таусылады. Шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға арналған қаражатты бизнесмендерге дер уақытылы тарата алмауымызға осы келеңсiздiк кiнәлi” деп ақталады. Әрине, мемлекеттiк құрылымдардағы сыбайлас жемқорлықтың дендеп кеткенiн ешкiм жоққа шығара алмайды. Бiрақ қаржылық дағдарыс жағадан алғанда, жемқорлардың балаққа жабысуы ауыр қылмыспен тең. “Жұмыртқадан жүн қырқатын” банктердiң пайда табуда кез келген айла-шарғыға баратыны тағы бар. Демек, Мәсiмовтiң командасы мемлекеттiк бюджеттен қыруар қаржыны бөлумен ғана шектелмей, халықтың қалтасынан шығатын қаражаттың мақсатты түрде жұмсалуын қатаң қадағалауға мiндеттi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ