Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТIҢ ОЙРАНЫН ШЫҒАРҒАН...

ашық дереккөзі

ШЫМКЕНТТIҢ ОЙРАНЫН ШЫҒАРҒАН...

ОЛАРДЫҢ АРАСЫНДА АНАРБЕК ОРМАН ДА БАР 

“Түркiстан” газетiнiң өткен нөмiрлерiнiң бiрiнде билiктегiлердiң бiразына сын айтып, сараптама жасағанымызда Шымкенттiң бұрынғы әкiмi Анарбек Орманның да артынан бiраз шу шығатынын меңзей кеткен едiк. Болжам шындыққа айналып келедi. Орманды ең алдымен “Нұр Отан” ХДП-ның Шымкент қалалық филиалының Саяси Кеңесiнiң Бюросы құрамынан шығарды. Және де партия Уставы талаптары мен партия мiндеттерiне салғырт қарағаны үшiн сөгiс жариялады. Орманның үстiнен азаматтардан түскен арыз-шағымдар қалалық сыбайлас жемқорлықпен күрес қоғамдық кеңсесiне жолданды. “Нұр Отан” ХДП-ның Шымкент қалалық филиалының Саяси Кеңесiнiң Бюросы Орманның талай былықтары мен шылықтарын жариялыққа шығарды.

Анарбек Орман қала әкiмiнiң қызметiнен кетер кезде Шымкент тұрғындарын тығырыққа тақап кеттi. Қала бюджетiне 9 миллиард теңге жетпей, қалт-құлт етiп қалды. Шымкентте экономикалық құлдырау белең алды. Негiзгi құрылыс нысандары тоқтады. “LTD Тұрмыс” ЖШС-нiң жұмысшылары айлап жалақы алмады. Билiкке наразылық бiлдiргендер жұмысынан қуылды. Шымкент қаласының билiгiне үш рет келген Анарбек Орман, қала бюджетiн тиiмдi пайдаланудың жолдарын таппады. Әсiресе, көгалдандыру мен көрiктендiру, санитарлық тазалық жүргiзу мәселелерiне келгенде. Осы шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру барысында мемлекеттiк сатып алу процестерi дұрыс жүргiзiлмедi. Ұйымдастырылған конкурстар өткен айлардың есебiнен жасалынып, көзбояушылыққа жол берiлдi. Шымкентте iстiң көзiн бiлетiн мекемелер табылмағандай, Алматы мен Астанадан 17 мекеме келiп, бюджет қаржысына конкурссыз-ақ “жолдама” алды. Шымкентте көгалдандыру жұмыстарында көзбояушылық тiрлiктер кең етек алды. Қаланы көрiктендiру мен көгалдандыруға бюджеттiк мекемелердiң қызметкерлерi мен “Жасыл ел” жастар қозғалысы айтарлықтай үлес қосты. Дегенмен, бюджеттен бұл атқарылған жұмыстар үшiн “Бәйтерек ЛБ” ЖШС-i (50 млн.теңге), “LTDТұрмыс” ЖШС-i (250 млн-дай теңге),”КАЗБИЛДС НС” ЖШС-i (365 млн.теңге) көлемiнде алған. Осылай бюджет қаржысы желтоқсан айында өткен тендер есебiнен кейiнгi айлармен шегерiлiп, құжаттары толтырылып, көзбояушылық тiрлiктер жүзеге асқандай болды. Орманның араласуымен өткен жыдлдағы айтулы күндер мен мерекелерде қыруар қаржы жұмсалған. 2007 жылдың қазанында атап өтiлген Қала күнiнiң өзiне ғана 40 млн.теңге қаражат шашылған. Ал, Қазақстан журналистерiнiң 6-шы Конгресiн өткiзу үшiн 11 млн. 795 мың теңге Анарбек Орманның қолдауымен қала бюджетiнен заңсыз бөлiнген. Бұл ҚР Бюджет кодексiнiң 116-шы бабының талаптарын өрескел бұзу болып табылады. Анарбек Орман әкiмдiк тақта отырған 2007-2008 жылдың қысы қатты болды. Шымкент қалалық маслихаты бюджеттен “ТЭЦ-3” жылу орталығының жылу жүргiзу магистралiне 500 млн.теңге қаражат бөлгенiне қарамастан, Шымкенттiң жартысына жуық тұрғыны қыстан қысылып, тоңып шықты. Облыстық прокуратураның мәлiметiне сүйенсек, Шымкентте жер қатынастары саласында сыбайлас жемқорлықтың белең алғандығына көз жеткiзуге болады. Қадағалау органдарының мамандары мынадай нақты фактiлердi атап көрсеттi: “Жер телiмдерiн алдын ала жер комиссиясында қарамай-ақ беру, мүдделi орындардың келiсiмiн алмау сияқты келеңсiз көрiнiстер орын алды. Кейбiр тұлғалардың өтiнiштерi жылдар бойы қаралмай жата бердi, есесiне кейбiр жер телiмдерi ешқандай өтiнiшсiз-ақ өз иелерiн тауып жатты. Шымкент қаласы бойынша жер телiмiн сұрап 53 мыңнан астам адам кезекте тұрса да, баз бiреулер жең ұшынан жалғасып, жер телiмдерiн тегiн алуға қол жеткiздi. Оның үстiне тегiн жер алғандар жер телiмiне мұқтаж адамдардың санатына жатпайтын болып шықты. Мұндай фактiлер атқару билiгiне деген сенiмсiздiк тудырып, оның абыройына нұқсан келтiрiп жатты”. Мұндай жағдайлар Анарбек Орманның да қызметiне қатысты болып келедi. Шымкент қаласының әкiмдiгiнiң атынан Анарбек Орман мен “Боз-Арық” ШҚ-ның төрағасы Пiрiмбетов арасында 2007 жылғы 5 қазанда жасалған №86-шы шарт сыбайластық құқық бұзушылықтың айқын мысалы бола алады. Аталған шаруа қожалығына тиесiлi жер ОҚО Сайрам ауданының ауыл шаруашылығы қажеттiлiгiндегi жер болатын. Шартқа сәйкес, Шымкент қалалық әкiмдiгi 190 гектар жердi мемлекет меншiгiне алды,соның iшiндегi 56 гектар жер. Алайда, көрсетiлген көлемдегi жер iс жүзiнде жеке тұрғын үй салу үшiн азаматтарға жер телiмi ретiнде бөлiп берiлдi. Жер алу үшiн кезекте тұрғандар бұл сыбағадан да құр қалды. Қаланың иелiгiне өткен 56 гектар жер өз мақсатында пайдаланылмай, ол да кезектен тыс тұрғын үй салу мақсатына үлестiрiлдi. Мұның бәрi қолданыстағы заңнамаға қайшы әрекеттер болып саналады. Канализациялық жүйелердi, К-1, К-2 арналарын, “Бөржар” су жинағыш қондырғысын сатып алу-сату келiсiмдерiн жасаудың заңдылығы мәселесi бойынша да Шымкент қаласының бұрынғы әкiмi Анарбек Орманның талай қаржылық былық-шылыққа барғандығына көз жеткiзуге болады. Экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және су бөлу каналдарын қайта қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу қажеттiлiгiне байланысты мынандай оқиға орын алған. “Су ресурстары-Маркетинг” ЖШС (мекеме атынан А.Орман) 25.09.2006 жылғы №283 келiсiм шартына сәйкес, Шымкент қалалық әкiмдiгi “Су жүйелерi және канализация басқармасы” МҚК-на (мекеме атынан Р.Н.Шамсутдинов) төмендегi мүлiктер: Бөржар су жинағышына қарасты 2 ғимарат, Бөржар су жинағышы, су босатқыш, бөгет және К-1, К-2 каналдарын сатқан. Дәл осылай, 25.04.2006 жылғы №124 келiсiм шартпен су бөлу каналы да сатылған. Бұл келiсiмдердiң жасалуы мына негiздермен заңсыз болып табылады: Келiсiмдер Шымкент қалалық әкiмдiгi “Су жүйелерi және канализация басқармасы” МҚК-ның атынан Р.Н.Шамсутдиновтың А.О.Орманның атына жолдаған хаты бойынша жасалған. Олардың екеуi де ЖШС-нiң құрылтайшылары болып табылады. Бұл заңсыздықты қала әкiмiнiң бұрынғы орынбасары Б.С.Ахметовпен бiрлесе жасаған. Ол өзiнiң 20.04.2006 жылғы хатымен келiсiмдердi жасауға рұқсат берген. Алдын ала бюджетке тиiмсiз шарттар түзген. “Су ресурстары-Маркетинг” ЖШС-нiң тазарту қондырғыларын экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келтiру мен халықтың экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қажеттi қомақты қаржылық салымдардан жалтаруға барған. Экологиялық құқықбұзушылықтарға жол берген. Бұл жерде өзара сыбайластық жемқорлықтың иiсi мүңкидi. Бұл келiсiмдердi жасау нәтижесiнде канализациялық қызмет ақысының тарифiне тек тазарту қондырғыларын салу және күрделi жөндеуден өткiзуге қажеттi қаражат ғана енгiзiлгенiне қарамастан, бюджеттен қомақты қаражат алынады. Сатып алу-сату келiсiмдерi, ҚР “Жылжымайтын мүлiк құқығы мен онымен жасалынған келiсiмдердi мемлекеттiк тiркеу туралы” Заңының 3-бабының талаптарына сәйкес, мемлекеттiк тiркеуден өтуi тиiс едi. Бiрақ осы уақытқа дейiн тiркелмеген, тiркелмеуi де мүмкiн. Себебi, сатушы , яғни “Су ресурстары-Маркетинг” ЖШС-гi (Бұдан әрi “ЖШС” жоғарыда аталған нысандарды сатуға құқы жоқ, өйткенi меншiк құқық орындамауына байланысты оның мұндай мүлiктi сатып алуға да құқы болмаған). Бұл туралы А.О.Орман мен Р.Н.Шамсутдиновтың бiлмеуi мүмкiн емес. Сонымен, ҚР “Жылжымайтын мүлiк құқын және онымен келiсiмдердi мемлекеттiк тiркеу туралы” Заңының 4-бабына сәйкес, аталған нысандар құқықтық қарастырылғандықтан мемлекеттiк тiркеуге алынуы тиiс және жылжымайтын мүлiк болып табылады. ЖШС қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып, сатылған жылжымайтын мүлiк нысандарын пайдалануға бермеген. Нысандардың техникалық инвентаризациясы (тiзiмдеу) бойынша құжаттарды алмаған. Бұл ереже ҚР Әдiлет министрлiгiнiң 14.08.2008 жылғы №185-л бұйрығымен бекiтiлген. Жылжымайтын мүлiк құқығы мен онымен келiсiмдердi мемлекеттiк тiркеу үшiн сумен жабдықтау және канализация нысандарын техникалық тiзiмдеу жүргiзу Ережесiне қайшы келедi және бiрде-бiр сатылған нысан өкiлеттi органда тiркелмеген. Бұдан бөлек, барлық көрсетiлген жылжымайтын мүлiктер жер заңнамасының, соның iшiнде ҚР Жер кодексiнiң 52-бабының талаптарын бұза отырып сатылған. Бұл заң жүзiне ғимараттар (құрылыстар, құрылғылар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер мүлiктiк құқығы немесе жер пайдалану құқын өткiзбей, мүлiктi өткiзуге болмайды делiнген. ЖШС мүлiктiк құқықты немесе сатылған мүлiктер орналасқан жер учаскелерiнiң жер пайдалану құқын өзiне рәсiмдемей, нысандарды жер учаскесiнсiз немесе пайдалану құқынсыз сатқан. Мұндай жағдайда сату-сатып алу келiсiмдерi заңсыз болып табылады. Бұдан бөлек, келiсiмдер асығыс жасалған сияқты, себебi 25.09.2006 жылы сату-сатып алу келiсiмiне қол қойылған соң, екi күннен кейiн А.О.Орман қала әкiмi болып тағайындалады, ал артынша Шамсутдинов ЖШС-нiң Бас директоры қызметiне кiрiскен. Бұл екi лауазым адамының сыбайластық жасауға бейiмдiлiгiн, алдын ала жоспарланғандығын көрсетедi деген сөз. “Су ресурстары-Маркетинг” ЖШС-нiң 2005-2007 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасының орындалу нақтылығы жөнiндегi мәселе бойынша 25.06.2004 жылы қала әкiмi Ғ.Жұмжаев су жүйелерi-канализациялық шаруашылық бойынша инвестициялық бағдарлама бекiткен. Осы бағдарламаға сәйкес “Су ресурстары-Маркетинг” ЖШС жалпы сомасы 804 000 000 (сегiз жүз төрт миллион) теңгеге су жүйелерi-канализациялық шаруашылық нысандарын жобалау, салу және қалпына келтiруге байланысты бiрқатар жұмыстарды жүргiзуге тиiс болатын. Бұл 2005-2007 жылдарға арналған сумен қамтамасыз ету қызметiнiң тарифтiк сметасын көтерiп жiбердi. ЖШС бұл iс-шаралар орындалды деп есеп бердi, яғни жоспарланған жұмыстар аяқталып, тарифтi көтеруге салынған қаражат өз мақсатына жұмсалды деп сендiрдi. Бiрақ ОҚО сәулет-құрылыс департаментiнiң хатына сүйенсек, мына себептермен жоспарланған шаралардың орындалу дерегi дәделденбеген: ҚР “Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы” Заңының 68,73,75 баптарына сәйкес, жобалау, салу және жөндеу жұмыстары кезiнде ЖШС құрылысқа (қайта жөндеуге) рұқсат алу процедурасы мен нысандарды одан әрi қабылдаудан өтудiң кезеңдiк тәртiбiн сақтауы тиiс едi. Бiрақ 2005-2007 жылғы қолдағы бар тiркеу деректерiне сүйенсек, ЖШС-нiң инвестициялық бағдарламасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге рұқсаттары тiркелмеген, сондай-ақ, бұл нысандарды пайдалануға мемлекеттiк қабылдау туралы ақпарат та жоқ. Көрсетiлген заңбұзушылықтар салынған және жөнделген су жүйесi-канализация нысандарының пайдалануға берiлген кезде дұрыс жұмыс iстеп тұрғанына кепiлдiк бере алмады. Сондай-ақ ЖШС-нiң инвестициялық бағдарламаны орындауы және тарифтi көтеру нәтижесiнде алынған қаражаттың жұмсалу заңдылығы күмән келтiредi. Экологиялық қауiпсiздiк аймағындағы су көздерiн сатуға байланысты қолданыстағы заңнама нормалары бұзыла отырып, келiсiмге тиiстi келiсулер мен рұқсаттар алынбайды. Су қорғаны ауданында (Тассай-Қарасу) Шымкент қаласына ауызсу дәл осы су көзiнен берiлiп жатқанына қарамастан, стратегиялық нысандағы (ҚР АК 193-1 бабы мен ҚР “ҚР Ұлттық қауiпсiздiк туралы” Заңы) жер учаскелерi осы жерден демалыс аймағын салу үшiн Шымкент қаласын сумен жабдықтауға қатысы жоқ жеке тұлғаларға берiлген. Президенттiң 28.07.2007 ж. №422 Жарлығымен бекiтiлген жекешелендiруге және оның алдындағы кезеңге жатпайтын нысандар тiзiмiнiң 6-шы тармағына сәйкес, гидротехникалық құрылғысы бар су қоймалары, гидробайланыс, су көздерiндегi су көтергiш бөгеттер жекешелендiруге жатпайды. ОҚО аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы инспекторлары “Су ресурстары-Маркетинг” ЖШС-iн тексерiп, қорытынды жасаған анықтамасына көз жүгiртсек, талай былықтың орын алғанына көз жеткiзуге болады. Мұнда “Су ресурстары-Маркетинг” ЖШС ешқандай да қоршаған ортаны ластауға жол беруге тиiс болмайтын. ҚР-ның “Қоршаған ортаны қорғау туралы” Заңының 16,20,26,29 баптарын өрескел бұзғандығын көрсетедi. “Су ресурстары-Маркетинг” ЖШС қоршаған ортаны өз беттерiнше ластап, мемлекетке 99694294 (тоқсан тоғыз миллион алты жүз тоқсан төрт мың екi жүз тоқсан төрт) теңге зиян келтiрген. Бұл алты айда орын алған зиянның мөлшерi. Ал, тексеру анықтаған мерзiмдегi 01.01.2005 жыл – 31.12.2006 жылдар аралығындағы зиянның мөлшерi бұдан да көп екендiгi өз-өзiнен түсiнiктi. Мемлекеттiк бағдарлама бойынша баспана салуға арналған жер телiмдерiн сату кезiнде де Анарбек Орман тағы да заңсыздықтарға жол берген. Жерге мемлекеттiк актiсi жоқтығына қарамастан Шымкент қаласының бұрынғы әкiмi Анарбек Орман “Нұрсәт” шағын мөлтек ауданындағы мемлекеттiк бағдарлама бойынша тұрғын үй салуға арналған жер учаскелерiн “Батсу” ЖШС-не сатып жiберген. Ал, “Батсуға” облыс әкiмiнiң орынбасары И. Әбiшевтiң қатысы бар көрiнедi. Облыстық прокуратура қызмткерлерiнiң нақты мәлiметiнде Анарбек Орманның қала әкiмi болып тұрған кезде саябақтарды мемлекетке қайтару жұмыстарында да өрескел заңсыздықтарға жол бергендiгi туралы айтылады” “…бұрынғы әкiм А.Орманның әрекетi тiптi қисынсыз. Өйткенi 2008 жылы 4-ақпанда жасалынған келiсiм шарт бойынша Р.Тұрғанова саябақтағы уақытша пайдалануға берiлген 2 гектардан астам жердi қайтаратын болды. Алайда, бұл үшiн Шымкент қаласының әкiмi үйлер мен ғимараттар орналасқан басқа 26 учаскi бойынша ешқандай талап қоймауға мiндеттенедi. Бұл әкiм заңсыз берiлген саябақтар жерiн соттасу жолымен қайтарып алу орнына Абай атындағы саябақ аумағынан мемлекеттiң қажетi үшiн 17 учаскенi алу жөнiнде (№1662 және №2088, 04.09.07 ж.) қаулы шығарады…” Мiне, қаланың экс-әкiмi осындай жер дауына қатысты былықтар жасаған. “Жергiлiктi әкiмдер жемқорлыққа қарсы күресудiң орнына өздерi сыбайлас жемқорлықты ұйымдастырады” – деп Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Сағымбек Тұрсынов тектен-тек айтпағаны рас екен. “Жемегендер жердiң астында” деп өз-өзiмiздi жұбатсақ та, билiктегiлердiң мешкейлiгiне, тойымсыздығына қазiр қайран қаласың. Өңештерi құдық секiлдi. Мыңдап, миллиондап құйылып жатса да, “тойдым” деп айтпайды. Қаптаған хан сарайлар да, гектар-гектар жерлер де, шетелдегi виллалар мен банк есеп шоттарындағы қомақты қаржылар да қу құлқындарын қанағаттандырмай отыр. Ел аш-жалаңаш, бiр үзiм нанға зар болып, өз күнiн өзi көре алмай отырған қазақ отбасылар бар. “Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды” деген заман туды. Елдiң, халықтың қамын ойлайды деген әкiм-қаралар осындай тiрлiктер жасап жатса, ел тағдыры, ұлт болашағы, тiл, дiл туралы не айта аламыз?! Халықтың тағдырын ат төбелiндей шенеунiктер емес, халықтың өзi шешуi тиiс. Солақай жекешелендiрудiң кезiнде талай бай-манаптар мемлекеттiң мүлкiн өз бас пайдасына жаратып алды. Бүгiнге дейiн соның қызығын көрiп, қарапайым халыққа миығынан күлiп келедi. Және де елдiң, халықтың мүлкiн керi қайтарғысы келмей, табан тiресiп, жанталасып жатқандары бар. “Бай Құдай болсам” деген заман туды. Халықтан билiктi тартып алып, өздерi билеп-төстей берсем деген ашкөздiк пиғыл пайда болды. Оларда қанағат болмай барады. Сондықтан қоғам мен халықтан өз мүддесiн жоғары қоятын Анарбек Орман сияқты тойымсыз шенеунiктердiң iс-әрекетiне тосқауыл қоятын мезгiл жеттi.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ