МҰХТАР ӘБЛЯЗОВТЫҢ МӘСКЕУГЕ ЖОРЫҒЫ
МҰХТАР ӘБЛЯЗОВТЫҢ МӘСКЕУГЕ ЖОРЫҒЫ
Константиновода ендi кино түсiрiлмей ме?
Кеңестiк кезеңнiң кино өнерiнiң өлмес туындыларының бiрi ретiнде “Александр Невский” фильмi аталатыны мәлiм. Әлбетте, кино өнерiнде аталмыш фильм қаншалықты жаңалық әкелгенiн, мәңгiлiк туынды болып қалған-қалмағанын зерделеу кино сарапшыларының құзырындағы мәселе, жаңылыспасақ осы фильмнiң әу бастағы нұсқасы Ұлы Отан соғысы жылдарында өзiмiздiң Алматыда түсiрiлген болуға тиiс. Тiптен олай болмаған күнде де ол фильмге ешқандай таласымыз жоқ. Айтайын дегенiмiз, әлгi фbльмде семсерiн аспанға көтерген князь Александр Невский: “Кiмде-кiм Ресейге қылышпен келсе, сол қылышқа арандап өледi”, — деп күндей күркiрейтiн тұсы бар.
Әрине, осы мәнзелдес ғибратты сөздер ежелгi шығыстың көптеген әфсаналары мен “Тауратта” да ұшырасатынын айта кету керек. Мәселе сөздi, ойды кiмнен кiмнiң ұрлауында емес, гәп қазiргi Ресейге өткiр қылыш емес, өте зор ақша уыстап келгендердiң де арандап қалатынында болып отыр.
Кино өндiрiсi салаcындағы ең қымбат жобалардың бiрi — Мәскеу маңындағы Константиновода салу жоспарланған және жалпы құны 1,4 млрд.доллар деп бағаланған “Медиапарк” мультимедиалық кешенiнiң құрылысы кем дегенде бiр жылға шегерiлгелi отыр. “Коммерсантъ” газетiнiң жазуынша, “Евразия Сити” компаниясының девелоперi Мұхтар Әблязов “Первый каналмен” тiл табыса алмағанға ұқсайды, яғни, “Евразия Сити” компаниясы биылғы жылдың наурыз айында болып өткен МIРIМ — 2008 көрмесiнде қуанышпен мәлiмдеген мәселеде толық тiл табыса алмаған сияқты. Жылжымайтын мүлiктердiң МIРIМ — 2008 көрмесi күндерiнде оған қатысушылардың орасан зор жобалар жасап, түрлi салада өзара ынтымақтасып жұмыс жүргiзу, экономикалық байланыстарды нығайту әрi даму туралы уағдаласып, қол алысып қайтқандары белгiлi. Бiрақ, жыл аяғына қарай бұл келiсiмдердiң көбiнiң құрғақ сөз, құр қиял ғана екендiгi айқындалып отыр. Әлемдiк қаржы дағдарысы экономикалық дағдарыс пен құлдырауға ұласып отырған қазiргi күндерде қаржы тапшылығы талайларды бармағын шайнауға мәжбүрлеуде. Солардың бiрi — “Тұранәлем” банкiнiң қожайыны Мұхтар Әблязов сияқты.
“Медиапарк” дегенiмiз не? “Евразия Сити” компаниясы Мәскеу маңындағы Константиново елдiмекенiнде, 140 гектар зор алқапқа мультимедиалық кешен салуға бел буғандарын айтарлықтай насихаттаған болатын. Аталмыш мультимедиалық кешеннiң құрамында кино-теле және радиоөнiмдер өндiрушi нысандар, дата-орталық, тақырыптық сауық саябағы мен тұрғындарға арналған ықшам аудан салынуға тиiс болатын.
“Евразия Сити” компаниясы жалпы құны 1,4 млрд.долларға бағаланып отырған аталмыш медиапарктен өзге, Мәскеу жерiнде 15 млрд. долларлық тұтас қала салуға бел буып отырғандарын 2007 жылдың қазан айында-ақ мәлiмдеген-дi. Жоғарыда айтып өткенiмiздей, әлемдiк қаржы дағдарысы, көптеген зерттеушiлер мен сарапшылардың пiкiрiнше, бұған дейiн болып көрмеген экономикалық дағдарысқа ұласып отырған қазiргi жағдайда көптеген iрi компаниялар қымбат жобаларды жүзеге асыра алмай, пұшайман күй кешуде. Тiптен, әлемдегi ең бай iскерлердiң бiрi болып саналатын Олег Дерипаска мырзаның иелiгiндегi “Главстрой” корпорациясының барлық құрылыс жобалары белгiлi бiр кезеңге дейiн тек қағаз жүзiнде қалғалы отыр. Ал Бүкiлдүниежүзiлiк Банкiнiң (ВМБ) таяу жылдарға жасаған болжамдары күн өткен сайын үрейлi бола түсуде: белдi, беделдi халықаралық қаржы институтының қараша айындағы болжауларына қарағанда, таяу уақытта әлемде 7 миллионға жуық адам жұмыссыз қалмақшы және бұл көрсеткiш 2009 жылы одан әрi ұлғая түспек.
Ресейде түрлi мердiгерлер құрылыс жұмыстарын тоқтатып қана қойған жоқ, тiптен продюсерлер де өз жобаларын кейiнге сырғытуға мәжбүр болып отыр. Түрлi деңгейде түсiрiлiп жатқан 250 толық метражды фильмдердiң 70-iн одан әрi түсiру тоқтатылған. Онсыз да телеарналар түрлi сериалдарды сатып алу бағасын 30 пайызға азайтып отыр. Студиялардың өзiн толық ақтауына кемi бес жыл керек екенiн ескерсек, аса қымбат “Медиапарк” кешенi таяу жылдарда қолға қайта алына қоймас.
Аталмыш “Коммерсантъ” газетiнiң жазуына қарағанда, “Первый каналдың” бас директоры Костантин Эрнст мырза: “Бiз “Евразия Сити” компаниясымен бұл жобаны талқылағанымыз рас, әйтсе де осы уақытқа шейiн бiз еш келiсiмге келген жоқпыз, тiптен өзара mеmо dealға (ниеттерi туралы келiсiм шарт) да қол қойған жоқпыз”, — деген көрiнедi. (“КоммерсантЪ” газетi, №210, 19 қараша, 2008 ж.).
Дегенмен, қазақ қаржыгерi Мұхтар Әблязовтың мұртын балта шаба қоймайтын сынды. Соңғы жылдары таяу шетелдердiң экономикасына қомақты инвестиция салуды әдетке айналдырған Қазақстан кәсiпкерлерiнiң жан-жақты жобаларды шұғыл жүзеге асыруымен келгенi белгiлi. Әсiресе, елiмiздегi белдi, беделдi қаржы-экономикалық топтар таяу шетелдердiң экомикасына қаржы құюды модаға айналдырған. “Тұранәлем” банкiнiң қожайыны Мұхтар Әблязов мырза да “Евразия”, жалпы көлемi 9,3 млн.шаршы метр қоймалар жүйесiне иелiк ететiн “Евразия логистик” және Мәскеу маңында 9,1 млн.шаршы метр серiк-қала салуды бастаған “Евразия Сити” компанияларының тiзгiнiн уысында ұстап отырғаны мәлiм. Аталмыш үш компания жүзеге асыруды жоспарлаған жобалар 19 млн.шаршы метр ауқымды жердi құрайды.
“Евразия Сити” компаниясының өкiлi Николай Дицманның айтуына қарағанда, 2008 жылдың соңына қарай аяқтау жобаланған “Медиапарк” кешенiне “Первый канал” телекомпаниясы ғана емес, медиаөндiрiстiң одан өзге iрi ойыншылары да қызығушылық танытқан, алайда қаржы дағдарысы әлгiлердi де жерге қаратса керек. “Жобаны одан әрi жүзеге асыруды бiз тоқтатып отырмыз, — дейдi Николай Дицман. — Бiз 2009 жылы жобаны одан әрi жалғастыруға құлықтымыз, бiрақ көптеген мәселе нарықтағы экономикалық жағдайларға тiкелей байланысты”.
Мәскеуден тауаны шағылған М.Әблязов ендi атының басын қай тарапқа бұрар екен?!
Жаңабек ШАҒАТАЙ