Жаңалықтар

ҚЫЛМЫСКЕРЛЕР СОТТАЛДЫ...

ашық дереккөзі

ҚЫЛМЫСКЕРЛЕР СОТТАЛДЫ...

Жәбiрленушiлер шешiмге қанағаттанбайды

Дүйiм жұрт көптен құлақ түрiп отырған марқұм Айдын Халықовтың өлiмiне қатысты сот процесi тәмам. Соңғы шешiмдi асыға күткен қауым сот төрағасы Тiлеуғабыл Ғалиевтiң аузынан шыққан сөздi аңдаумен болды.

Бұл шешiмдi тек Халықовтар отбасы күтiп отырмағаны белгiлi. Кейiнгi кезде қазақ пен ұйғыр ұлтының арасында орнаған кикiлжiңдер мен қақтығыстарға қанық көпшiлiк те алаңдаулы екенi шындық. Бұл жердегi мақсат — екi ұлттың арасына iрiткi салу емес, қылмыскерлердiң тиесiлi жазасын тартуы. Яғни, жиi орын алып отырған оқиғалардың алдын-алу немесе кейiнгiлерге сабақ ретiнде қатал үкiм шығару.

Сот төрағасы Тiлеуғабыл Ғалиев соңғы қорытынды-шешiмдi хабарлауға аса дайындықпен келiптi. Есiктен кiре қолындағы шешiмдi тезiрек оқуға асыққан ол сот процесiнде түсiнiктеме берген куәгерлер, жәбiрленушiлер мен сотталушылардың сөзiн қысқа-қысқа оқып шығып, ақырғы қойған нүктенi де судырата жөнелдi.

Сонымен, қылмыскер Бишамов пен Бахамов ҚР “Қылмыстық кодекстiң” 96-бабының 2 бөлiмiнiң “ж” тармағы бойынша сотталды. Осы бап бойынша Бишамов Пазылжан 17 жылға, ал Бахамов Руслан 15 жылға қатаң режимдегi колонияға тоғытылды. Ал iстi анықтау үшiн түсiрiлген 2 бейнетаспа қылмыстық iс-қағаздарымен қоса сақталынатын болса, марқұм Айдын Халықовтың киiм-кешегi, тiсi жәбiрленушi Базарова Несiпкүлге берiледi. Сол сияқты қылмыстық iс болған жерден табылған бетон, бөтелке сынығы, марқұмның қаны тамған топырақ үгiндiсi, шпагат жiп, екi қылмыскердiң киiмдерi шешiм күшiне мiнгеннен кейiн түгелiмен жойылады. “Егер жәбiрленушi тарап жоғарыдағы шешiмге қанағаттанбаса, ҚР Жоғарғы сотына арыз-шағым түсiруiне болады” дедi сот төрағасы.

Алайда, бұл шешiмге көңiлi толмаған жәбiрленушi жақ марқұм Айдынның өлiмiне тiкелей қатысы бар екi қылмыскердi өмiр бойына бас бостандығынан айыру керек дегендi айтады. “Малыбайда нәпақа үшiн жұмыс iстеп жүрген бiр қырғызды осы Бишамовтың ағасы қастандықпен өлтiрген-тұғын. Сол қылмыскер 9 жылға түрмеге жабылғанмен, үш-төрт жылдан кейiн арамызға қайта келдi. Ертеңгi күнi бұлар да солай бостандыққа шығып кетуi мүмкiн” деген күмәнiн да жасырмайды. Оның үстiне Халықовтар отбасына қасақана жасалған, атап айтқанда, марқұм Айдынның 12 жасар ұлы Ерболды суға тұншықтырмақшы болған Рафаэль Арзиевке және ағасын өлтiрген қылмыскердi табуды талап еткен қарындасы Толқынға қол жұмсап, аузын жапқысы келген жергiлiктi полиция қызметкерi Адыл Жамаловқа қатысты сот процестерi де осы шешiмдi аңдап отыр. Бұларға қатысты тергеу амалдары мен сот процестерiнiң ұзаққа созылып кеткендiгi де сондықтан. Халықовтар отбасын сандалтып қойған сот мәжiлiсiнiң алғашқысы Талдықорғанда өтiп жатса, екiншiсi күнi кеше Шелекте басталды. Ал “ұлтараздық бiрлiкке қылау түсiрдi”, “бұзақылық жасады” деп айып тағып, 1 жыл 6 айға сотталған Алқанбай Сатыбалдының тағдыры бiр бөлек. Бұл бұл ма, осы Малыбайдағы жан түршiгерлiк оқиға туралы жаны ауырып “Тасжарған” газетiне бiрнеше рет мақала (Бiр қазақты екi ұйғыр неге өлтiрдi?” және “Малыбайдағы “маңқа қазақ” бейшаралығына күйiнедi…”) жазған Гүлжанат Шонабайды сотқа берген жергiлiктi қазақтардың iс-әрекетi тiптен қызық. “Маңқа қазақ” деген тiркеске шүйлiккен Еңбекшiқазақ ауданының 20 шақты қазағы арыз жазып, қол қойыпты. Жақында бұған да қатысты сот процесi басталып кеттi. Отырысқа “жәбiр көрген” 20 адамның бiреуi ғана келiптi. Оның өзi қара халықтың мүшесi емес, Еңбекшiқазақ ауданының әкiмiнiң кеңесшiсi Алтай Досумбаев екен. Ол “мен жәбiрленушiмiн” десе де, тергеу кезiнде ешкiмдi сотқа бермегенiн айтқан. Шын мәнiнде, Досумбаев Еңбекшiқазақ ауданы әкiмi аппаратының басшысы Жомартовтың берген сенiм хатымен келген. Бiр айта кетерлiгi, сот отырысында жария етiлген психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындысында: “Мақала қазақ ұлты өкiлдерiн ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған мағынада жазылған” делiнiптi.

Ұтатын кiм, ұтылатын кiм? Бұл спектакльдiң бәрi осы оқиғаларға себепшi болған марқұм Айдынның өлiмiне қатысты сот процесiнен жұртты аулақ ұстап анау-мынау сылтаумен алдарқату ғана.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ