Жаңалықтар

«ШАНШАРДЫҢ» НҰРЖАНЫ

ашық дереккөзі

«ШАНШАРДЫҢ» НҰРЖАНЫ

Оны бүгiнде бүкiл қазақ көрерменi жақсы бiледi десек, қателеспеймiз. Әсiресе, оның өзiнен гөрi, кейiпкерлерi жақсы таныс. Ол сомдаған әрбiр кейiпкер елдiң арасында аңызға айналып, жатталып қалған. Тiптi, әрбiр кейiпкерлерi айтатын қалжыңдары да елдiң жадында жүр. Қанша рет айналдырып көрсек те, көрер көздi, тыңдар құлақты жалықтырмайтын әзiл-сықақтары оны елге әйгiлеп, танымал еттi.

Рас, ол бүгiнгi көрермен үшiн – Қошан, ол — Үбән, ол — Тука, ол — әкiм… Тiзiм әрi қарай жалғаса бередi. Бiрде сахнада делқұлы, бiрде сындарлы әкiм, бiрде маскүнем, бiрде шенеунiк болып келетiн кейiпкерлерi де оның оң жамбасына келген бейнелер десек, артық емес. Әрбiр рөлi әртүрлi Нұржанды көз алдыңа елестетедi. Тұрған тұрысы, жүрген жүрiсi, сөйлеген сөзi, күлген күлкiсi, томпиған болмысына қарап, ерiксiз езу тартасың. Тiптi, өмiрде де сөйлеген сөзiнде күлкi шақыратындай кейiп бар.

Мүмкiн, осынысынан шығар, әуелде Қожа Ахмет Йассауи атындағы Қазақ-түрiк университетiнiң өнер институтына оқуға келгенiнде, белгiлi өнер тарланы Райымбек Сейтметов оны көргеннен-ақ разы болып, шек-сiлесi қатып күлiптi. Ойын ойнамай жатып, сөйлеген сөзi мен iс-қимылының өзiнен-ақ, өнер тарланы табиғи дарынды таныған болар. Қалай десек те, өнер институтының табалдырығын, келешек “Шаншар” театрының жас дарыны осылай аттапты.

Одан кейiн, Түркiстанда ашылған театрдың маңайында жүрдi. Сатиралық шығармаларды ғана емес, драмалық шығармаларды сомдауда да ерекше шеберлiгiн көрсеткен Нұржанға театр қабырғасында жүргенде түрлi бейнелердi сомдау бұйырған екен. Драмалық театрда өнер көрсетiп, қала халқының сүйiктi актерiне айналған оның өмiрбақи арманы әзiл-сықақ театрында өнер көрсету болса керек. Оның атын көрермендерiне танытқан да осы сатиралық қойылымдардағы рөлдерi… Ұстазы Райымбек Сейтметовтың рөлi оның өмiрiнде өте жоғары.

— Ол кiсiнi рухани әкем деп бiлем. Түркiстаннан алғаш театр ашты. Мен сол театрға Райымбек ағаның ең алғашқы шәкiртi болып қабылдандым.

— Неге Түркiстандағы өнер институтын таңдадың? Алматыға, Өнер академиясына да келуге болар едi ғой.

— Ашығын айту керек, алысқа баруға жағдайымыз да келiңкiремедi. Оның үстiне, өзiм өмiрбақи теледидардан көрген, радиодан даусын естiп құмартқан Райымбек ағамның сол жылы өнер институтын ашқандығы туралы естiдiм. Және ол кiсiнiң сонау алыста емес, тура қасымда болғандығы да көңiлiмдi жұбатты. Маған ол кiсiден асқан әртiс болмады. Ол кiсiнi тiрiдей көрген кезiмде: “Е, е өнер адамы осы екен ғой” деп ойлағам. Шүкiр, Райымбек ағадан тәрбие алғаныма ризамын.

— Райымбек аға құжаттарыңызды бiрден қабылдады ма?

— Құжат тапсыруда ешқандай қиыншылықтар болған жоқ. Ауылдан келген баламын. Киiмiмiздiң өзi олпы-солпы. Атқа, есекке мiнiп жүрген баламыз ғой. Тiптi, мәдениеттi сөйлеудi де бiлмеймiз. Сол болмысыммен қабылдауына кiрiп келгенiмде, Райымбек аға менi көрiп, шек-сiлесi қатып күлдi. “Неғып келдiң?”— дейдi. “Әртiс болғым келдi” деймiн. Одан сайын күледi. “Кiм сияқты болғың келедi?” дейдi. “Құдайберген ағам сияқты болғым келедi” деп қоям. Құдайберген ағаның “Тамашаның” төрiнде ойнаған әрбiр кейiпкерi жаныма жақын, әрi өзiмде талай нақышына келтiрiп, мектеп сахнасында ойнағам да… Райымбек аға: “Ән айтасың ба?” деп сұрады.”Айтам” дедiм де, бар дауысыммен айғайлап тұрып, гитарамен де, домбырамен де айтып бердiм. Тыңдап болған соң: “Сен қара сөз де, мысал да жаттамай-ақ қой, өлең де оқымай-ақ қой. Мұздай су iшпей, аман-есен емтиханға келсең болды”, — дедi. Сөйтiп, мұздай су iшпей барып, қабылданып кеттiк қой. Райымбек аға Түркiстаннан театр ашты. Елбасымыз келiп, лентасын қиды. Он бес минутқа келген Елбасымыз театрдан бiр жарым сағаттан кейiн шықты. Рекеңнiң еткен еңбегi өте мықты болған шығар. Рекеңе қарап: “Мына актерлердiң бәрiн қайдан әкелдiң? Алматыдан алдырттың ба?” деп сұрады. “Жоқ, өзiм оқытқан шәкiрттер ғой”, — дедi. Сондағы бiздiң әлi де студент кезiмiз. Өзiнiң алғашқы шәкiрттерiн өзi осылай баулып, жанына бiрге ертiп жүрдi. Мен драма және киноны бiтiрдiм. Рекеңнiң режиссерлiк құпиясын жанынан қалмай жүрiп, жадыма тоқыдым. Режиссерлiк жағына келер болсақ, спектакль қоюға да менiң күш-қайратым жетедi. Драмада ойнауға да шамам келедi. Бiрақ сол театрда жүргенде де қылжақбас рөлдердi маған көбiрек беретiн. Бiр иығым сол жағына бұрып тұратын.

— Қазiр “Алдараспанды” көрермен көбiрек iздейдi. Бұл “Шаншарға” келмей тұрып, дүниеге келген бағдарлама ма?

— “Шаншарда” ойнап жүрiп, “Алдараспанды” құрдық. Оны құруымызға себепкер болған Шымкент телевидениесiнiң директоры Қалыбек Атжан деген ағамыз. Әуелде “Алдараспан” телевидениелiк қана жоба болатын. Кейiн оны осыншалықты дәрежеге жетедi деп ойлаған жоқпыз. Еңбек ете бердiк, еңбек ете бердiк…”Еңбек түбi зейнет” дейдi ғой. Сол еткен еңбегiмiздiң арқасы шығар, қазiр “Алдараспанның” өзi минитеатрға айналған. Тiптi, кейбiреулер хабарласып, “сiздiң жеке театрыңыз ба?” деп, сұрап жатады. Әр солдаттың арманы — болашақта генерал болу. Кiм бiледi, келешекте жеке өзiмнiң де театрым болар. Ол арманда бар, ойда бар.

— Сiздi көпшiлiкке әйгiлi еткен “Шаншар” театры ғой. “Шаншарға” қалай келдiңiз?

— Шымкентте әр жылы сәуiрдiң бiрiнде күлкi жәрмеңкесi өтедi. Бiз театрдың атынан жыл сайын барып, қатысатынбыз. Қатарынан үш жыл бас жүлденi алып келдiк. Сонда төрелiк ететiн Уәлибек аға менi ылғи да өз театрына шақырып жүрдi. Ол кезде студент болғаннан кейiн, оқуымыз бар, театрымыз бар келiсе қойғам жоқ. Оқу бiтiргеннен кейiн де, театрда қызмет ете бердiм. Сөйтiп жүргенiмде Сайрам ауданына Мәдениет үйiне директор болып бардым. Сол жердi бiр жылдай басқардым. Маңдайға жазғаннан кейiн ешқайда кетпейдi екенсiң. “Шаншарға” келу содан кейiн менiң маңдайыма бұйырды. Мен оған өкiнбеймiн. Алғашқы рөлiм Қошанды сахнада алғаш ойнап шықтым. Кейiпкерiм — делқұлылау, ноқаттау адам. Ол ауғандық ардагерлердi мазақтаудан туған дүние емес. Мүмкiн, ол соғысқа қатыспаған да шығар. Өзiн-өзi солай атап алуы да мүмкiн ғой.

— “Шаншарда” ойнап жүрген әрбiр кейiпкерлерiңiздi, интермедияларыңызды өзiңiз жазатыныңызды бiлдiк. Оның бiрi — өткенде ойнаған “Ақ тырна” қойылымы.

— Аллаһ бiреу. Аллаға серiк келтiруге болмайды. Мен оны тағы да қайталап айтам. Әулие-әмбиенiң басына барып, құран оқуға қарсы емеспiн. Барып оқысын. Бiрақ, Аллаға серiк келтiрмесiн. Ол әулие-әмбиенi де Алла жаратты ғой. Ол — Алланың сүйген құлдары. Барып, құран бағышта, бiрақ, Алладан тiле.. Тастан тiлейдi перзенттi. Мен соны түсiнбеймiн. Мұсылман бауырларымызға айтатыным, әулиеге барып, мiнәжат етейiк, құран бағыштайық. Бiрақ Аллаға серiк келтiрмейiк. Осы мақсатпен жазылған дүние.

— Сонда өзiңiз жазасыз, өзiңiз ойнайсыз…

— “Шаншарға” келгелi берi бiрталай дүнием сахнада қойылып келедi. Өзiм жазам, өзiм жазғанды өзiм ойнаймын. Авторлық қоғамға барып тiркелмегем. Тiркелсем, мен де сатириктердiң қатарында көрiнер ме едiм. Ендi қазiр көп сатирик ағаларым жақсы деп баға берiп жатыр. Соған қарағанда, жаман емес-ау деп ойлаймын.

— Өзге театрлардан шақыртулар болды ма?

— Көптеген театрлардан шақыртулар болды. Бiрақ аттарын атамай-ақ қояйын. Әлi күнге дейiн шақырады. “Дарақ бiр жерден көгередi” дейдi. Менде де қасиет бар ғой. Менi сол дәрежеге жеткiзген Уәкеңнiң жақсылығын қалай ұмытам? Ол кiсiнiң батасын алып, жеке отау құрып шықсам, ол басқа әңгiме.

— “Ақ тырнаны” ойнағаннан кейiн, сiз туралы әңгiмелер көп шықты. “Пышақтап кетiптi, ұрып кетiптi, өлiп қалыпты” дегендей…

— Оның бәрi өтiрiк әңгiме. Қазiр дiни секталар көбейiп кеттi ғой. Сондайлардың шығарғаны шығар. Бiреудiң ала жiбiн аттамасақ, бiреуге қатты сөйлемесек, Құдайға шүкiр, менде не жұмыстары бар?! Қорқыту, үркiту деген ешнәрсе болған жоқ.

— Қанша дегенмен, Шымкент – облыс орталығы ғой. Мәдени ортаға, Алматыға келу ойыңызда жоқ па?

— Келу әзiр ойымда жоқ. Алматы мәдениеттiң ортасы екенi рас. Неге келмеске?! Бiрақ баспана жағы қинайды. Айналып келгенде қаржыға келiп тiреледi ғой. Алматы түгiл, Шымкентте де баспанамыз жоқ, әңгiменiң ашығын айту керек. Бiреуге алақан жаймаймыз. “Тырнақтап бiреу байымас, маңдайға Құдай бермесе” дейдi. Оған қарап, түңiлiп жатқан мен де жоқ. Алла қаласа, бәрi болады.

— Сiздi көшеде көрген кез келген адам таниды қазiр. Оны “Шаншардың” арқасы деп, өзiңiз айтып жатырсыз. Танымал болған қандай екен? Адамды өзгертедi деп ойлайсыз ба?

— Танымалдық деген жалпы, оны кiм жек көредi. Танымалдық та әзәзiл ғой… Атақты жек көретiн адам жоқ. Ешқандай әсер етiп жатқан жоқ. Кәдiмгi баяғы Нұржанбыз. Баяғыда әкемiз “үлкейген сайын кiшiрей” деп айтатын. Қолтаңба сұраған, суретке түскiсi келген адамға кiсiлiк көрсеткен емеспiн. Халықтың арқасында нан жеп отырғаннан кейiн, астамшылық жасауға болмайды. Кейiнгi кездерi “сатира театрлары дамымай жатыр, ауызекi әңгiменi айтады” деп кiнә артады. Рас, кейде сәтсiз дүниелер шығып қалады. Бiрақ, iзденген адамға жақсы дүние табылады. Кейде бала-шағаның нәпақасы үшiн той-тойлап кетiп жатамыз. Асабалық қызметке кетiп қаламыз да, творчествоға көңiл қоймай қалатын жағдайлар болады. Бұл дегенiңiз шығармашылықты мүлдем ұмыттық деген сөз емес. Шығармашылығымыз да жүрiп жатыр. Құдай бұйыртса, жаңа жылдан кейiн “Шаншардың” жаңа туындысын көрермендер көрiп қалатын шығар.

— Өз отбасыңыз туралы да оқырман бiлгiсi келетiн шығар.

— Отбасында жетi баламыз. Әке-шешемiз қарапайым кiсiлер. Жетеумiздi де оқытты. Жетеумiз де бiр-бiр маман иесiмiз. Аллаға шүкiр. Өзiм ұлдың кенжесiмiн. Қазiр екi қызым, бiр ұлым бар. Дiнге деген көзқарасым дұрыс. Аманшылық болса, бет бұрып қалармыз. Жалпы, өнерге құмар болған себебiм, менiң әке-шешем өнер десе, iшкен асын жерге қоятын адамдар. Әкем домбырада, мандолинада ойнайды. Анам ән айтатын. Әншi болса, бiр адамдай даусы бар. Алты айлық кезiмде Құман Тастанбеков бiздiң елге гастрольдiк сапармен келiптi. Анам менi алып барып, ауызыма түкiртiп алған екен.

— Өнердiң түрi көп. Кейде ән айтатыныңызды да бiлемiз. Актер болмасаңыз да, эстрада жұлдызы болуға да мүмкiндiгiңiз бар екен. Әрi сатира жанрына бару да оңай емес.

— Әнге де құмар болдым. Әншi болу деген ойым да болған жоқ. “Жiгiтке жетi өнер де аз” дейдi. “Әу” демейтiн қазақ жоқ. Өз бетiмiзше ән салып жатсақ, ешкiм қарсы бола қоймас.

Нұржан Төлендиевтi таныған алғашқы ұстазы, белгiлi өнер тарланы Райымбек Сейтметов болса, оны сатиралық театрының сахнасына шығарып, дарынын бағалаған Уәлибек Әбдiрайымов ағасы. “Шаншар” десе, Уәлибек Әбдiрайымов пен Жүсiп Ақшораны елестететiн көрермен қазiр ол театрды Нұржан Төлендиевсiз де елестете алмайды. “Шаншардағы” әр әртiстiң орны әр төбе десек, Нұржанның да орны бiр төбе.

Гүлзина Бектасова