Жаңалықтар

ЦОЙДЫҢ СОҢЫНАН ТАЙЖАНОВ ТА КЕТТI

ашық дереккөзі

ЦОЙДЫҢ СОҢЫНАН ТАЙЖАНОВ ТА КЕТТI

ҚОҒАМДЫ ДЕНДЕГЕН ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ТАМЫРЫ ҚАЙДА ЖАТЫР?

Бiр партиялы Парламенттi мерзiмiнен бұрын таратпай-ақ, өзiнен-өзi тарап бiтпесiне кiм кепiл. Осыдан екi айдай уақыт бұрын “Ақ ауыл” корпорациясының үлескерлерiнiң алдындағы жауапкершiлiктен қорыққан болуы керек, Виктор Цой өз еркiмен депутаттық мандаттан бас тартқан едi. Тура сол кезде Мәжiлiстегi ең жас депутат Ерқанат Тайжанов Виктор Цойдың кебiн киюi мүмкiн деген болжам жасалған. Өйткенi, Ерқанат Тайжанов құрылтайшысы болып табылатын “Азбука жилья” құрылыс компаниясының лицензиясыз салынып жатқаны айқындалған. Бұл жайында “Түркiстан” газетiндегi “Виктор Цойдың мандаты және қазақ парламентаризмi” атты мақалада да айтылған болатын.

“Халық айтса, қалып айтпайды” деген. Екi ай өтпей жатып, Ерқанат Тайжанов өз еркiмен депутаттық мандатынан бас тартты. Жоғарыда аталған мақаламызда жазғанымыздай, Ерқанат Тайжановқа Бас прокуратура депутаттық мандаттан өз еркiмен бас тартуға кеңес берген екен. Тайжанов мырза екi ай ойланды. Ақыры, халықтың қаһарынан сескендi. “Халық қалаулысы” деген мәртебелi аттан өз еркiмен бас тартты. Парламент депутаттары алдында өз шешiмi жайында айтқан ол: “Отставка туралы шешiм қабылдадым. Өзiме Парламентте жұмыс iстеуге берiлген мүмкiндiк үшiн мемлекет басшысына алғыс бiлдiремiн. Мен “Нұр Отан” ХДП-ның мүшесi болып қала беремiн, сондай-ақ депутаттармен басқа да жобалар барысында бiрге жұмыс iстейтiн шығармыз деп ойлаймын”, — деген де Парламент ғимаратынан шыққанша асыққан. Бiз Тайжановтың бұл әрекетiне байланысты бiрнеше адамнан пiкiр сұраған едiк. Мәжiлiс депутаты Уәлихан Қалижан өзiнiң экс-әрiптесi жайында жақсы пiкiрде екендiгiн айтады. Әрi Парламент дегенiмiз тiрi организм, оған бiреу келiп, бiреу кетiп жатады. Бұл — Парламенттiң беделiне ешқандай нұқсан келтiрмейдi дейдi ол.

— Егер, “Нұр Отан” партиясы өз атынан сайланған депутаттарын жұмысын мардымды iстей алмағандығы үшiн, керi шақырып алып жатса, бұл билiк партиясының сайлаушылар алдында берген уәдесiне адалдығы, — деген ол ойын былай сабақтады:

— Менiңше, ол мiндетiн осы уақытқа дейiн дұрыс атқарып келген азаматтардың бiрi. Осы уақытқа дейiн жастардың бағдарламасына сәйкес жастар мәселесiн көтерiп жүрдi. Ал, соңғы уақытта әлемдегi ипотекалық дағдарысқа байланысты оның бұрынғы қызметi депутаттық қызметiн әрi қарай жалғастыруға моральдық тұрғыдан құқық бермедi-ау деп ойлаймын. Өйткенi, ол — “Азбука жилья” құрылыс компаниясының басшыларының бiрi болған. Осы құрылыс компаниясы мен үлескерлер арасында бiраз проблемалар туындағаны рас. Осыған орай үлескерлер “Тайжановтың депутат болуына құқығы жоқ” деген үндеу жариялаған едi. Бұл қоғамдық пiкiр тудырғаны сонша, жұрттың пiкiрi де осыған сайды. Бұның бәрi оның депутаттық қызметтен бас тартуына әсер еткен болуы керек. Ерқанат Орталық сайлау комиссиясына арыз жазып, өз еркiмен отставкаға кеттi. Мәжiлiс отырысында өзi депутаттар алдында сөз сөйледi. Сонда өзiнiң бұрынғы қызметiне қайта оралып, үлескерлердiң проблемасын шешудi өз мойнына алатынын мәлiмдедi. Бiз оның өтiнiшiн қанағаттандырып, 100%-дан дауыс бердiк. Өйткенi, бұл оның өз таңдауы, өз шешiмi, әйткенмен, оның бұл таңдауына қоғамдық ұйымдардың да ықпалы болған болуы керек. Былай азамат ретiнде әрiптестерiнiң арасында жақсы пiкiр қалдыра бiлдi, — десе, “Алтынбек Сәрсенбайұлы” қорының жетекшiсi, саясаттанушы Айдос Сарым депутаттардың бiрiнен кейiн бiрiнiң мандатынан өз еркiмен бас тартуы — Парламенттiң де, “Нұр Отан” партиясының да, Президент әкiмшiлiгiнiң де беделiне әжептәуiр нұқсан келтiредi деген ойда екенiн айтады.

— Өйткенi, олар партиялық тiзiмдi жасақтағанда, оның құрамына кiмдердiң кiргенiн бiлмей қалған, — деген ол ойын былай жалғастырды:

— Мәжiлiс сайлауы қарсаңында “Нұр Отан” партиясының тiзiмi жасалып жатқан кезде, құрылыс компанияларының басшылары осы тiзiмнен табылуға мүдделi болды. Менiңше, олар ерте ме, кеш пе әйтеуiр бiр былықтың бетi ашылатынын сезген болуы керек. Сондықтан да олар Парламент мүшесi атанғысы келдi. Бәлкiм, “депутаттық орынтаққа ие болғандарға ешкiм тиiсе алмайды” дегенге иек артқысы келген шығар. Жазда, 28-маусымда прокуратура мәлiмдеме таратып, үлескерлердiң қарызына орай бiрнеше қылмыстық iс қозғағандығын айтты. Соның iшiнде Виктор Цойдың да, Ерқанат Тайжановтың да құрылыс компанияларының аты аталған едi. Қазiр прокуратура осы тергеу амалдарын аяқтап, өз ұсынысын Президентке енгiзген болуы керек. “Бұл адамдардың қылмысы анықталды, үлескерлердiң алдында кiнәсi үлкен, егер, бiр шара қолданбасақ, iс насырға шабуы әбден мүмкiн” деуi ықтимал. Президент әкiмшiлiгi, “Нұр Отан” партиясы да оларды әуелi Парламенттен шығарған жөн деген болуы керек.

Тағы бiр мәселе, Виктор Цой кеттi, оның артынан Ерқанат Тайжанов кетiп жатыр. Ал, прокуратура олардың бұдан кейiнгi тағдыры жайында ештеңе айтпай отыр. Егер олардың қылмыстық iске қатысы болса, неге қылмыстық iс қозғап, оларды жауапқа тартпайды? Осы құрылыс компанияларының соңында тұрған мыңдаған үлескерлердiң жағдайы не болмақ? Олардың желге ұшқан ақшасын кiм қайтарады? Осы мәселелерге жауап жоқ. Үлескерлер өз құқығын әлi де талап ете беретiн болады деп ойлаймын, — дейдi ол.

“Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы, саясаттанушы Дос Көшiм бұл — қоғамды жайлаған коррупцияның көрiнiсi деп түсiну керек дейдi.

— Екiншiден, Парламент беделiнiң құлдырауы. Соңғы жылдары Парламентке кейбiр депутаттар жасаған қылмысынан құтылу үшiн баратын да болды. Бiрақ, ол жерде де тұрақтау мүмкiндiгi жоғала бастады деген сөз. Демек билiктiң кез келген адамды жауапқа тарта аламыз деген қатаңдығының белгiсi болуы да мүмкiн. Үшiншiден, “Нұр Отан” партиясының беделiне де нұқсан келдi деп айтуға болады. Өйткенi, кез келген мансапқа қол жеткiзудi көздеген адамның барлығының билiк партиясының құрамынан табылуының соңы жақсылыққа әкеп соқпайтындығын танытты. Яғни, “Нұр Отан” партиясының бүкiл билiкке иелiк етiп, сол арқылы идеологияны қолға алам деуiнiң де жаңсақтыққа әкелгендiгiн танытады.

Шын мәнiсiнде, мен бiр нәрсеге қуанып та отырмын. Егер, жемқорлыққа белшесiнен батқан адамдар, өз қылмысын мойындап, депутаттық мандаттан өз еркiмен бас тартса (бас тартуға мәжбүрлеген де шығар), бұның өзi жақсылықтың нышаны. Мәжiлiс — былайғы жұртқа халықтың сөзiн сөйлейтiн алаң сияқты сезiлгенiмен, оған соңғы жылдары бас пайдасын ойлайтын, өзiнiң қылмысын жасыруға ұмтылғандар барып жатқаны жасырын емес. Демек, соңғы жылдары соған да тосқауыл қойыла бастады деген сөз.

P.S. Яғни, әлемдiк экономикалық дағдарыс қоғамды теңселтiп қана қойған жоқ, сонымен қатар, бiраз былықтың бетiн ашып, жоғары лауазымды тұлғалардың да бет-пердесiн сыпырды. Сондай-ақ, ашынған үлескерлердiң табанды күресiнiң нәтижесi былқ етпес “халық қалаулыларын да” орнынан алып тастауға мүмкiндiгi барлығын танытты. Виктор Цой да, Ерқанат Тайжанов та үлескерлер алдындағы қылмысының бетiн бүркемелеу мүмкiн емес екендiгiн сездi. Олар Парламенттегi жылы орнын суытты-ау, бiрақ алданған үлескерлердiң жымқырылған қаржысын кiм төлейдi? Мәселе осында. Ашынған үлескерлер бұнымен тынбасы анық.

Есенгүл Кәпқызы