Алматыдағы жылу құбыры апаты жол қозғалысын қиындатты

Алматыдағы жылу құбыры апаты жол қозғалысын қиындатты

Алматыдағы жылу құбыры апаты жол қозғалысын қиындатты
ашық дереккөзі

Бүгін Алматының Жетісу ауданында кесілген жылу құбырынан атқылаған ыстық су жол қозғалысын қиындатты. Төтенше жағдай Сейфуллин мен Тобаяқов көшелерінің қиылысында орын алды.

«Велосипедпен өтпек болғанда құбыр жарылып, су атқылады. Айналаны түгел су басып кетті. Сондықтан айналма жол арқылы кетуді ұйғардым. Басында су ағыны қатты болған, енді біртіндеп ақырындап келеді, соған қарағанда құбырды жауып тастаған шығар», − дейді куәгер Маргарита Недяева.

«Алматы жылу» МКК ресми өкілінің айтуынша, аталған жылу магистралі қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жабылған. Алдын-ала анықталғанындай, апат суды ағытатын бекіткіштің жұмысы бұзылғандықтан орын алған. Қазір құбырға келген су тоқтатылды. Оқиға орнында апаттық бригада жұмыс істеп жатыр. Жапа шеккендер жоқ.

«Алматы жылу» МКК ресми өкілі Ян Гирин жөндеуге жабылған құбырдың ақауы жылу маусымына дейін жөнделетініне сендірді. «Диаметрі 600 мм болатын құбыр ескірген. Сондықтан, құбыр реконструкцияға жабылған болатын. Бірақ, суды бекіткіш арматураның жұмысынан ақау шығып, су жабық құбырға ауысып кеткен», − деді ол.

Бұл қала қолданысындағы тозығы жеткен жалғыз құбыр емес. Мамандардың айтуынша, Алматыдағы жылу желілерінің 60 пайызы тозған. Олардың ауыстырылмағанына 25 жылдан асып кеткен. Қазір қалада тозған құбырларды заманауи жаңа құбырларға ауыстыру жұмыстары жасалып жатыр. Бүгінде 100 шақырымға дейін жылу магистралі ауыстырылған.