АҚЫНДЫ АҚЫН ОЯТПАСА БОЛМАЙДЫ...
АҚЫНДЫ АҚЫН ОЯТПАСА БОЛМАЙДЫ...
“ТАҒДЫР МАҒАН СЫЙЛАДЫ, ЕСКЕГI ЖОҚ ҚАЙЫҒЫН…” ДЕП ЖЫРЛАҒАН Е.ТIЛЕПБЕРДИЕВ ЖЫРЛАРЫ ХАҚЫНДА ОЙ-ТОЛҒАУ
— Ақын болу өзi болу мұңлықтың,
Қазанында қайнау өмiр, тiрлiктiң. Сезу үшiн санадағы құлдықты, Ұғу үшiн өтiрiктi, шындықты, Жiбi болу тағдыр атты ұршықтың… Осы жолдарда өзiн тағдыр атты ұршықтың жiбiне теңеу арқылы қашанда ақын әлемiндегi мазасыз жағдайды аңғартса керек. Ол үнемi мазасыз күй кешiп, қашанда қолына қалам алып, жыр толғаған көңiлiнiң түкпiрiндегi сырын айтып, махаббат пен достық туралы ұлы сезiмдерiн ашып тастауға асығады. Ол деп отырғаным Отаным-елiм деп шынайы тебiренген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi Ерғожа Тiлепбердиев! Осынау сыршыл ақынды көптен берi бiлемiн, әрi сырлас досым екенi де жасырын емес. Ол өмiрдегi әрбiр құбылысқа көп толғанады, бәрi де жүрегi арқылы өтедi, жиi мазасызданатыны да сондықтан. Туған жерiне өте ғашық адам. — Туған жер, Хантәңiрiм аруым-ай, Жанымның жұбанышы, дәруiм-ай. Ынтызар етiп қойған саған менi. Киеңнен айналайын, бағым ұдай. Оның туған жерi Алматы облысы, қазiргi Райымбек ауданы, Қайнар ауылы. Таңертең оянғанында үйiнiң терезесiнен Хан-Тәңiрi шыңы көрiнiп тұрады екен. Осынау таудан ер жүректi, қайсар мiнез қаһарман Райымбек бабасының өр рухы сезiлгендей болатын. Армандай асқар таудың биiктiгiнен нұр жинаған, аталас ағасы Мұқағалидың жаныңды шымыр еткiзетiн отты өлеңiнен жыр жинаған, айналадағы әсемдiктен жүрегiне сыр жинаған Ерғожаның ақын болмауына қақысы жоқ едi. Ата-әжелерiн ауыл арасындағы айтыстарда ақын ретiнде танылып, бәйгелерден оза шыққан жүйрiк ретiнде елi бағалап өттi. Иә, Ана сүтiнен адалдықты емiп өссе, әкенiң махаббаты перзенттiк жүрегiн жылыта түстi. Әлқожа әкенiң өзi де қара жаяу емес едi. Артында жазған шумақтарын, жыр жолдарын қалдыра бiлдi. Мұндай асыл ата-анадан тәрбие алған Ерқожа ақын болмағанда кiм ақын болсын! Жандүниесiнiң тазалығынан болса керек, жүректен тұнып шыққан жырларына кейде әдемi әуездi әндер де жазып қоятыны бар.Ең бастысы ән әлемiне ғашық. Сондықтан да болар, ол елiмiздiң дарынды сазгерлерiмен бiрлесiп жүзден аса эстрадаға, оркестрге және халық аспаптарына ән мәтiнiн жазды. Оларды Қазақстанға белгiлi әншiлер: Байғали Момбеков, Қанат Құдайбергенов, Рамазан Стамғазиев, Маржан Арапбаева және т.б секiлдi өнер тарландары орындап келедi. Осы бiр ой-толғанысымды қағазға түсiрер кезде ақынның 2005 жылы “Сөздiк-Словарь” баспасынан шыққан “Табындырған Тәңiртау” атты жыр кiтабын тағы да оқып шықтым. Сол баяғы өзiме таныс, сол баяғы өзiмдi толғандырар, асқақ сезiмге, терең ойға, тұңғиық сырға толы жырлар. Е. Тiлепбердиевтiң негiзгi тақырыбы туған жер, махаббат пен достық болып келсе де, ақын адам көңiл-күйiнiң қатпар-қатпарына үңiлуге құштар. Өзiн толғандырған қай сәттi де дем де жырға айналдыруға талпынады. Оның осы бiр ерекшелiгi маған ұнайды. Мысалы, оның: Тәкаппарлық жоқ менде, Өрлiгiм бар аздаған. Соған қарсы-ау топ пенде, Арамдығы қоздаған. Неткен жандар өздерi, Көздерiне қан тұнған. Уға толы сөздерi, Жiгерiмдi дал қылған,— деген жын сырын өз басым шынымен ұғынамын. Осы жолдар оның өн-бойындағы мiнезiн ашып тұрғаны анық. Өмiрдегi жалған қылық, жат мiнезге қалай қарсы тұрған болса, өлеңiнде де сол қалпын бұзбауға тырысады. Шын сырын оқырманға жайып салады. Тегiнде, оқырман қауым өте сыншы келедi емес пе? Кiмнiң жалған, кiмнiң шын айтып тұрғанын айыра бiледi. Ендеше, ақынның бұл сырына оқырман сенетiнi сөзсiз. Ендi бiрде Ерғожа мүлде басқаша толғанады. Жанымды өртеп көзiнiң өртiменен, Жүрегiме шоқ салды көркiменен. Жан азабын тартатын ғашықтардың, Жолықтырды, жолықтым сертiне мен, — деп, өзiне-өзi серт бередi. Ақынның iңкәр сезiмiне бiрге елтисiң. Мұндай адам жанын дiр еткiзер, сезiм қылын шертер жырлар жинақта көптеп кездеседi. Ерғожа махаббат, достық туралы жырлағанда ашыла,арқалана түседi. Небiр теңеулер, небiр образдар жасап, өзiне елiте түседi. Бұл оның шын мәнiнде жаны таза, көңiлi пәк, ойы кең, ең алдымен үлкен жүректi азамат екендiгiнiң белгiсi деген болар едiм. Абай атамыз айтқандай, кiм-кiмге де алдымен азамат болу қажет-ақ, одан кейiн ақын, не суретшi, не өзге де өнер иесi бол, ол тағдырдың маңдайға жазғанына орай болатын болса керек. Е. Тiлепбердиевтiң алғашқы кiтабы “Талқайнарым — тамырым” деп аталады. Сол кiтапқа жазған алғысөзiнде қазақтың белгiлi ақыны Қайрат Жұмағалиев ақын iнiсi туралы: “Тағдыр деген тәйiрiң, Жарылқаған қай ұлын. Сұмдық маған сыйлады, Ескегi жоқ қайығын. Отырғызып қайыққа, Бұйырма деп айыпқа, Қол бұлғайды жағадан… Бармаппын-ау байыпқа. Мұндай жолдарды оқығанда ақынның өзiндiк қолтаңбасын, бағыт-бағдарын анықтауға деген талпынысын тану қиын емес”, — деп ағынан жарылады. Ендеше, бiз де Ерғожаның екiншi кiтабын оқи отырып, ақын ағасының сенiмiне селкеу түсiрмегенiне көзiмiз жеткендей болды. Алдағы уақытта да қасиеттi қара өлеңнiң туын биiкке көтерiп, қазақ жырына деген адалдығын сақтап қалса екен деген тiлегiмiздi бiлдiремiз. Ақынның шығармашылығымен жақынырақ танысқысы келетiн оқырман қауымды үстiмiздегi жылғы 5-шi желтоқсанда Астанадағы “Конгресс-Холл” сарайында өтетiн Е. Тiлепбердиевтiң “Жүрек үнi” атты музыкалық-поэтикалық шығармашылық кешiне шақырамыз. Кеш сағат 19.00-де басталады. Онда ақын әрi әуесқой сазгер Е. Тiлепбердиевтiң отты жырларын Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрдың артистерi мәнерлеп оқыса, өлеңдерiне жазылған әндермен қатар, авторлық музыкалық шығармалары орындалады. Әкiм ЫСҚАҚ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ақын, сазгер