Жаңалықтар

Еркiн ЕРҒАЛИЕВ: БIЗГЕ «ҰЛТТЫҚ ОЙ ФАБРИКАСЫ» КЕРЕК

ашық дереккөзі

Еркiн ЕРҒАЛИЕВ: БIЗГЕ «ҰЛТТЫҚ ОЙ ФАБРИКАСЫ» КЕРЕК

Жақында “Түркiстан” апталығында “Мемлекеттiк тiлдi дамыту” президенттiк қорының жетекшiсi, саясаттанушы Берiк Әбдiғалимен “Әуелi қазақ мәселесiн шешiп алу керек” атты сұхбат жарияланған болатын. Осы жүрекжарды әңгiме газет оқырмандарын бей-жай қалдырмады. Орал қаласында тұратын тәуелсiз сарапшы Еркiн Ерғалиев жоғарыдағы сұхбаттан кейiн туған өз ойларын ортаға салады.

— Еркiн Рашитұлы, Сiз бұрын ұлттың дамуына қатысты жазған мақалаларыңызда “өз жолымыздың нақты бағдарламасын жасау қажет” дегендi жиi айтушы едiңiз. Байқауымша “Түркiстан” газетiнде басылған сұхбат Сiзге жақсы әсер қалдырған сияқты?

— Иә, бiздiң қазақстандық “балаң” аналитика әлi күнге ескi қалып пен жаңа стереотип арасында басы қатып, қалыптасудың бастапқы кезеңiнен шыға алмай жүретiн. Жоғарыдағы сұхбат мемлекет тұтқасындағы азаматтардың ең маңызды мәселенi терең түсiнiп, оң әрекеттерге кiрiскенiн көрсеттi. Соған қуандым.

Менiң ойымша, бiз төмендегi қалыптан шығуымыз керек:

— бiздiң қоғам “жаңарған ештеңе жоқ, бәрi баяғыша” деген дәстүрлi түсiнiктен шыға алмай келедi. Бұл дегенiңiз, кез келген сын сағатта ұжымдық тарихи жадта сақталған осындай жағдай мен сол кездегi әрекеттi (архетип) ескi түйсiкпен қайталап шығады деген сөз;

— нарықтың, ғаламданудың және басқа өзгерiстердiң салдарынан қоғамның барлық саласында: әлеуметтiк-экономикалық, мәдени-өркениеттiк, ұлттық, аймақтық, ұрпақтық т.с.с. бағыттарда дифференциация (топ-топқа бөлiну) күшейдi.

Талдауға жеңiл болуы үшiн қазiргi қоғамды үш кластерге бөлуге болады:

— “дәстүршiлдер” — бұл топқа негiзiнен ұлт тiлiнде бiлiм алған, патриархалдық тәрбие көрген, алыс ауылдан шыққан, егде және орта жастағы қазақтар жатады;

— “маргиналдар” — қалалықтардың алғашқы толқыны, аз жалақы алатын мамандар, девианттық (нормадан ауытқушылық) қабат;

— “прагматиктер” — бұл негiзiнен, диаспора өкiлдерi мен орыстiлдi қазақтар, ауқатты жандар, кәсiпқой мамандар, жас толқын, мемлекеттiк емес сектор қызметкерлерi т.б.

— Бiз қазiр қоғамды ажыратушы емес, бiрiктiрушi факторларды iздеп жатырмыз ғой. Ендеше, бұлайша жiлiктеп, бөлшектеп тастау кiмге, не үшiн керек?!

— Бiз қоғамды емдеу үшiн, әуелi оның жағдайын, диагнозын дәл тауып қоюымыз керек қой. Мына төнiп келе жатқан жүйе дағдарысы ең алдымен әлеуметтiк жағынан ең әлсiз топқа қиын соғады. Қуат және азық-түлiк рыногындағы инфляция қоғамның барлық саласына әсер етедi.

Осы кезге дейiн мемлекеттiлiктiң негiзгi тiрегi болып келген қазақ халқының басым бөлiгi әлеуметтiк ахуалы ең күрделi топқа айналды, бұл жағдай күн санап ұлғайып барады.

Бiрақ бұл дағдарыстан шығудың “дәстүрлi” жолы еш опа бермейдi. Кейбiр ортада қазақтарға “әлеуметтiк артта қалғандар” деп айдар тағылуы тегiн емес.

Мысалы, 90-жылдары ауыл-село құлай бастағанда, қазақтар “31-32 жылдардың құтқару алгоритмiне” (“ақтабан шұбырынды”, жаппай және бей-берекет көшу) жүгiндi, яғни қала мен оның маңына қоныс аударды.

Алайда, бүгiнде дағдарыстан құтылудың тарихи нұсқасы өзiн-өзi ақтамайды, өйткенi көнерген мәдени-тарихи нормалар алға сүйреудiң орнына, етектен тартып отыр:

А) Өндiрiстен мақұрым (доиндустриальный) менталитет қазiр экономиканы компрадорлық жүйеден ең қажеттi өндiрiске жеткiзуге кедергi болуда.

Б) Патриархалдық макроотбасы моделi барлық әлеуметтiк жүйенi төңкерiске дейiнгi феодалдық қоғамның тәртiбiне (бай — жақын туыстар мен жандайшаптар — алыс туыс болып келетiн жәй шаруа — кiрме “жұмыс аттары”) түсiрдi.

В) Трайбалистiк “метанация” моделi “орталық — аймақтар” вертикалiн әлсiретiп, саяси үрдiстердi жабайыландырып жiбердi (кландар, рулар, аймақтар, жүздер т.с.с. арасындағы “есеп айырысулар” (разборки)).

Осы макромәселелер және олардың салдары жеке-жеке терең зерттеудi қажет етедi, бұған кластерлiк және жүйелi талдау әдiсi негiзiнде, сондай-ақ “метатехнологиялық” және “рефлекстi-эпистемиологиялық” жолмен үңiлу керек.

— Сонда сiз де әуелi қазақ мәселесi шешiлуi тиiс дегiңiз келедi ғой?

— Әрине. Себебi тәуелсiздiктiң екiншi он жылдығының соңында ұлттық сана (басқа да салалар секiлдi) жол айырығына келiп тұр.

Үшiншi мыңжылдықтың күннен күнге күшейiп келе жатқан қауiптерi бұқараны радикалды шешiмге, “төңкерiп тастап құтылу” жолына итермелеуi мүмкiн. Ұлттың өзiн өзi сақтау түйсiгi тығырыққа тiрелiп, мыңжылдық “мәдени код” қирайтын болса, мұның ақырын болжау қиын.

Қазiргi билiк пен мемлекеттiлiктiң тiрегi — қазақ дәстүршiлдерi — маргиналдардың қалың тобырына өзiнiң қуаты мен рухын сiңiрiп, ең басты бүлдiргiш күшке айналады. Ал қоғамның қалған бөлiгi — “прагматиктер” тасада күте тұрады, тiптi оқиғаның бағыт-бағдарын байқап отырып, топ басына шыға келуi де мүмкiн.

— Қазақ ұлтының қалыптасуы туралы Сiздiң ерекше ойларыңыз бар едi…

— Бiз “дағдарыстан туған” ұлтпыз, неге екенiн бiлмеймiн, соны ешкiм айтпайды. Керiсiнше “Бiз сондай болғанбыз” деген асыра мақтау, кеуде соғу көп. Шындығында бiз қиын кезде қалыптасып, талай рет қысталаң өлiара өткелден өткен халықпыз. Мысалы, “Ұлы географиялық ашылулар” кезiнде Ұлы Жiбек жолы құлап, теңiз жолы пайда болып, Ұлы Даланың маңызы әлсiреген кезде көшпендiлер, сол кездегi тайпалар экономикалық дағдарысқа түстi. Осы кезде қазақ халқы қалыптасты, бұл дағдарыстан шығу үшiн Қазақ хандығы құрылды. Йассауи шейхтары алдын ала әзiрлендi, билер мен хандарды оқытты, дайындады. Сөйтiп барып ұлттық мемлекет пайда болды. Бiрақ XV-XVII ғасырларда сопылық жолдың өзi тұйықталып, “өзi iшiне” кiрiп кеттi. Бұл руханият дағдарысы болатын. Бүкiл Шығыстың рухани тiрегi болған сопылық iлiм тұйықталып қалды. Бұл кезде қазақ сахнасына ақындар, билер келдi, дiн орнына салт-дәстүр, барынша зайырлы мәдениет келдi. “Тахир-Зуһра”, “Ләйлi-Мәжнүннiң” орнын “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, ғибратты жыр-термелер басты.

Үшiншi дағдарыс — саяси дағдарыс. XVIII ғасырдан басталған орыс отаршылдығы, Қазан төңкерiсi, ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысы, тың көтеру, тоқырау кезеңi, нарыққа көшу, т.б. осының бәрi аз емес қой.

Мұның бiр пайдасы — бiздiң ұлттың бойында қиындыққа, дағдарысқа қарсы иммунитет қалыптасты. Сол арқылы ашаршылық кезiнде толық жойылмай, аман қалдық. Бұл дағдарыстан да шығамыз. Бiрақ тезiрек өту, құрбандық көп болмау үшiн ақылды сауатты қимылдар керек.

Бiздiң дағдарыстан туған халық екенiмiздi, дағдарысты сана иесi екенiмiздi қазiргi сағыныш мотивтерден бiлуге болады. Мысалы, көбiмiз ауылды сағынамыз, бұл неге?! Бұл — Батыс пен солтүстiкке қарамай, өз темiрқазығымызды сағыну. Сондықтан, түбi жақсы болатынына сенемiн.

— Жалпы бiздiң, қазақ ұлтының Әлемдегi орны қандай деп ойлайсыз?

— Қазiргi әлемдiк құрылым шамамен мынадай үш деңгейден тұрады:

— “хай-тек” және “хай-хьюман” секiлдi жоғары технологияны, ақпараттық өнiмдердi, ғылыми бiлiмдi, басқару жүйесiн, патенттердi т.с.с. интеллектуалдық өнiмдердi жасап шығарып, экспорттаушы елдер (постиндустриалды әлем);

— арзан жұмыс қолы, сыртқы капитал және өзге “ноу-хау” есебiнен өнеркәсiптiк өнiмдердi шығарушы “әлемдiк фабрика” елдерi (ақпараттық және одан төмен фазадағы индустриалды әлем);

— көнерген өнiмдi өткiзу рыногы, эксперименттер жасайтын және өнеркәсiп қалдығын көметiн полигон, жұмыс күшi мен ауыл шаруашылық шикiзатты жеткiзушi елдер (доиндустриалды әлем).

Қазiргi күннiң шындығы мынада:

— әрбiр ел бүгiнгi өте қатаң бәсекелестiк және нарықтың, капитал мен ресурстардың ғаламданған жағдайында өзiне лайық орнын тауып отыр;

— үш әлемнiң арасындағы айырма бүгiнде түпсiз шыңырауға айналған, әрбiр ел ең болмаса өз иерархиясы iшiндегi жағдайын бiрер саты болса да көтеруге тырысады;

— қазiр әлдебiр “экономикалық таңғажайып” болады деп күту бекер, ол “қырғи қабақ соғыс” және ҒТР дәуiрiнiң алғашқы кезеңiнде қалып қойған;

— әрбiр елдiң “табысты даму бағдарламасында” дiн, әскер немесе партия секiлдi өзiндiк “жаңғыру агенттiктерiнiң” үйлесiмдi бiрлiгi жатыр.

— Бiздiң мемлекеттiң қай топқа жататынын шамалап отырмын… Бұған өзгерiс енгiзу мүмкiн бе?

— Бүгiнде жаһандық сипат алған дағдарыстар әлемдiк құрылымға өзгерiс енгiзуi мүмкiн. Мұның мысалын Ресейдiң әлем бойынша орны мен ықпалы өзгеруiнен байқаймыз. Бұл төмендегi ғаламдық дағдарыстардан бастау алған:

— 90-жылдардағы терроризм қаупi және 11 қыркүйек оқиғасы Ресейде арнайы қызметтер мен “питерлiк топтың” билiк басына келуiн әлем алдында “ақтап” алды;

— жаһандық энергетика дағдарысы Ресейге мұнай-газ экспорты есебiнен ел экономикасын көтеруге мүмкiндiк бердi.

Нәтижесiнде Ресейде қазiр бiр мезгiлде: “шикiзат провинциялары” да, үлкен қалалар маңына шоғырланған өндiрiстiк анклавтар да (жаңғырудың ресейлiк әскери-өнеркәсiптiк нұсқасы) және әскери-өндiрiстiк кешен (ВПК), жылу-энергетикалық кешен (ТЭК) және астаналар мен мегаполистерде шоғырланған билiк бейнесiндегi “ми орталықтары” — “ой фабрикалары” қатар өмiр сүруде.

Қазақстанда жағдай өзгешерек.

Бiр жағынан аталған ғаламдық дағдарыстардан ел үшiн саяси және экономикалық дивидент алуға болса, екiншiден, оны болашақ жаңғырудың алғышарты ретiнде қарастыруға болар едi.

Бiрақ, бiзде “жаңғыру агенттерi” қалыптаса алмай отыр. Оған себеп:

— бiрiншiден, оған Кавказ соғысынан, олигархтар үстемдiгiнен және мемлекеттi құлатуға әзiрлiк жағдайынан шыққан Ресейдегiдей аса қажеттiлiк (өмiр әлде өлiм) болмады;

— екiншiден, бiзде “империялық синдром” және оның құрамдас бөлiгi — КГБ мұрасы секiлдi архетип жоқ.

Сондықтан, қазiргi жаһандық жүйе дағдарысы Қазақстан үшiн өзiнiң ұлттық идеясын жасап, оны жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi деп болжауға болады.

— Бұл ұлттық идеяны кiм жасайды?

— Мәдениет пен өркениет сыртқы әсерден ғана туып-дамымайды, бiзге әртүрлi дәуiр берген ұлы тұлғалардың iшкi серпiнiнен де шығады.

Көне заманда, әрине, бұлар — пайғамбарлар болатын. Орта ғасырларда — әулиелер, жаңа дәуiрде — данышпандар келдi…

Ал қазiргi жағдайда тарих тегершiгiн алға жылжытатын кiм? Бұл ауыр мiндеттi таяу болашақта кiм алып жүре алар екен?!

Бұл абстрактылы сұрақ емес, бiрақ бiздiң бәрiмiздi де мазалап отыр, өйткенi: кемелдiк — көмескi күйде, ал қауiп-қатер (қуат жетiспеушiлiгi, табиғи апаттар, азық-түлiк тапшылығы) есiк қағып тұр.

Бәлкiм, тығырықтан шығар жол өркениеттi өрге сүйреушi тұлғалардың iсiн алға жалғастыруда жатқан шығар?

Менiң ойымша, қазiргi уақытта “ой фабрикасының” маңызы жоғарыда аталған рухани тұлғалардан кем түспейдi. “Сталиндiк шарашка”, немiстiк “Аннанэрбе” немесе американдық “think tanks” орталықтарының формасы мен әдiс-тәсiлдерiнде көп айырмашылық жоқ. Ең басты белгi — ұжымдық сана, шағын топтардың үйлесiмдi қимылы, командалық еңбек, шығармашыл тұлғалардың бiрiгуiнiң синергетикалық әсерi, тәртiп пен креативаның (жаратушылық, шығармашылық) үйлесуi.

Қазақ мәселесiн, қазақ идеясын, ұлттың дамуын тек осылар шеше алады. Сондықтан бiзге ең алдымен “ұлттық ой фабрикасы” керек. Бұған барлық алғышарт бар, ресурс табуға болады. Өз алдына iзденiп, бөлек-бөлек жүрген топтар бар. Ендi олардың басын қосу, жүйелеуге ынта (саяси, саналы, қаржылық т.б. ынта) қажет. Менiң ойымша, астаналар (Алматы, Астана) мен аймақтарда жұмыс бiр мезгiлде басталуы керек.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысында осы форматтағы жұмыстар соңғы бес жыл бойында жүргiзiлдi, тәжiрибе бар. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды Ақ Жайық өңiрiнде бастап көруге болады.

— Ойыңыз ерекше екен. Бұл пiкiрдi қалай дәлелдейсiз?

— Қалыптасқан жағдайды тереңiрек зерттеу үшiн аумақтық “рамканы” анықтап алудың да маңызы өте зор.

Батыс Қазақстан облысында “репрезентативтiк аймақтың” (пилот-сынақ өткiзетiн алаң) барша белгiлерi бар.

Геосаяси және iшкi саяси аспектiлерiн есептегенде, жағрапиялық орналасудың маңызы зор:

– Еуропа мен Азияның арасы (екi құрылыққа қатар орналасқан);

– РФ-мен ең ұзақ шекара сызығы осында;

– Батыс пен Шығыс арасындағы транзиттiк дәлiз;

– Ресейдiң iрi орталықтары Поволжье мен Оңтүстiк Оралдың жақын орналасқаны.

Экономикалық аспектте төмендегi факторлар назар аударады:

– Шетелдiктердiң қатысуымен кең көлемде мұнай-газ өндiрiсiнiң жүруi;

– Аймақ экономикасының индустриалдық-аграрлық түрi;

– Индустриалды Солтүстiк пен аграрлы Оңтүстiктiң ара-қатынасы.

Мәдени-тарихи және әлеуметтiк-саяси қатынаста аймаққа төмендегi жағдайлар тән:

– қазақтар мен өзге ұлттардың демографиялық балансы (тепе-теңдiгi);

– бай саяси тарих;

– радикалды-консервативтiк дәстүрi бар тарихи тамыр жiберген казачество;

– құрылымдық қалыптасқан оппозиция;

– жергiлiктi тұрғындардың жоғары саяси сауаттылығы.

Сондықтан осы кезең бұл аймақты “эксперимент алаңы” ретiнде пайдаланып, әлеуметтiк басқару мен ықпал етудiң түрлi әдiстемесiн ендiруге, жерсiндiруге (адаптация, обкатка) өте ыңғайлы болып тұр.

Батыс Қазақстан әлеуметтiк-экономикалық жағынан ғана емес, рухани тұрғыдан да қайта өрлеу орталығы болуға лайық.

Бұл үшiн қажеттi экономикалық база бар — өңiрдiң шикiзат байлығын адами ресурстарға конвертациялау қажет. Бұл аймақ қазақтың Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Мұхит сынды өнерпаздары, Жәңгiр хан, Мұхамедсалық Бабажанов, Ғұмар Қараш, Жаһанша Досмұхамедов секiлдi қайраткерлерi, Тайыр Жароков, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли т.б. секiлдi ақын-жазушыларының туған жерi емес пе?! Бұл аймақ Ресейдiң ұлы ағартушылары Пушкин, Даль, А.Толстой, Шолоховтарға бекерден бекер шабыт бермеген шығар.

ХХ ғасырдың көрнектi мәдениеттанушысы М.Бахтин мәдениет шет аймақтан оңай танылатынын жиi айтатын. Ендеше бiздiң Батыс Қазақстан облысы — ең ұзақ сыртқы шекара, Азия мен Еуропаның, Шығыс пен Батыстың, мұсылман және христиан әлемiнiң тоғысқан жерi — шынында да жаңа өркениет жобасы үшiн ең лайық плацдарм шығар?!

— Сонда нақты қандай эксперимент жасамақсыз?

— Мен сiзге қоғамның тамырын басып тексеретiн кейбiр тәсiлдердiң теориялық жағын түсiндiре кетейiн. Мысалы, қазақта “мүшел” деген ұғым бар. Бұл әлемдiк қоғамтану ғылымындағы “хроносаясат” дегенге келедi.

Хроносаясат — әр заманның, тарихи кезеңдердiң зерттеп, мағынасын шығарады. Батыс пен Ресей ғалымдары “генерация”, “поколение” деген ұғымдарды қолданып, көп зерттеулер жүргiзген. Олар “Конфликт поколений”, “смена поколений” деген ұғымдар арқылы талай практикалық мәселелердi шешу қолдарынан келедi.

Ал бiз өзiмiзге қазiргi заманды және келешектi түсiну үшiн, өзiмiздiң ұлттық сананы дамыту үшiн жоғарыдағы ұғымдарға қосымша, мүшел ұғымын тереңiрек зерттеп, қолданысқа енгiзуiмiз керек.

Өкiнiшке қарай, бiз мүшелдi тұрмыста және жеке адамға байланысты ғана қолданып жүрмiз. Шындығында бұл ұғымды ғылыми теорияға, саяси практикаға салып, қоғамның және ұлттың дамуына байланысты қолдануға болар едi.

Бiз осы арқылы әрбiр ұрпақтың ауысу уақытын анықтай аламыз, мысалы батыста қоғамтанушылар мұны 20 немесе 25 жыл деп анықтай алмай жатыр. Ал бiзде екi мүшел — бiр ұрпақ екенi анық.

Екiншiден, мүшел арқылы әрбiр ұрпақтың қашан басталатынын, қашан аяқталатынын бiлемiз. Яғни, тышқаннан басталып, доңызбен аяқталады.

Үшiншiден, әр мүшелдiң өз мiндетi бар. Бiрiншi мүшел (13) — дене жетiлуi, қазiргi тiлмен айтқанда “физика кезеңi”. Критерийi — денсаулық. Екiншi мүшел (25) — ой-сана жетiлуi, “интеллект кезеңi”. Критерийi — материалдық игiлiк. Үшiншi мүшел (37) — “руханият кезеңi”. Критерийi — даналық. Бұлардың бәрi жаңа тiлмен айтқанда — әлеуметтендiру (социализация) басқыштарына жатады.

Әрi қарай физика, интеллект пен руханият кезеңдерi қайталана бередi.

— Осы ерекшелiктер жеке адамға ғана емес, қоғамға да сәйкес келедi.

— Төртiншiден, “Елу жылда ел жаңа” мақалын негiзге алып, төрт мүшел, екi ұрпақ ауысқанда ел жаңарады деген гипотеза жасауға болады. Ел жаңарудың уақытын мүшел кестесiне салып көрейiк. Сонда 1912, 1960, 2008 жылдар деп айтуға болады. Кестеге қарағанда, 1960 жылға дейiнгi кезеңдi — совет (Қазақ ССР-i), 2008 жылға дейiнгi аралықты постсовет — (Қазақстан Республикасы), ал ендi келер болашақты — таза ұлт (Қазақ елi) деуге негiз бар.

Яғни, Қазақстанның материалдық-экономикалық қалыптасуы 1912-1960 жылдар аралығында болды. Ал ой-сана жетiлуi, бiлiм алу, мамандану, т.б. мәселелер 1960-2008 жылдар аралығында қалыптасты. Ендi сан мыңжылдық тарихтан ұлттық рухын жинап алып, ұлтымыздың әрi қарай дамуы (2008-2056) басталады деймiн.

— Бұл нышанға қарағанда Сiзде қазақ идеясын көтеретiн ынта да, басқа да қосымша құрылымдар да бар сияқты. Ендеше iсiңiзге жемiс тiлеймiз!

Әңгiмелескен Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

Орал қаласы