ОҢТҮСТIКТЕ ЖЫЛУ МАУСЫМЫ КЕШIГУДЕ
ОҢТҮСТIКТЕ ЖЫЛУ МАУСЫМЫ КЕШIГУДЕ
Оған жергiлiктi билiктiң басы ауырмайтын сияқты
Қоңыр күздiң соңғы айы да бiтуге шақ қалып, жерге алғашқы қар да түстi. Бұл уақытта жер-жерде жаңа жылу маусымына дайындық бiтiп, сақадай-сай болуы тиiс. Әдеттегiдей қазан айының 15-iнен бастап көпқабатты тұрғын үйлер мен барлық әлеуметтiк нысандар жылумен қамтамасыз етiлуi қажет. Алайда, бұл “қамқорлықтан” қағыс қалған Шымкент қаласы тұрғындары сары ала күздiң суығында бүрсеңдеп отыр.
Кiшкентайлы болған әпкеме “Бауы берiк болсын!” айтамын деп Шымкентке жолым түскен. Ж.Аймауытов көгесiндегi көп қабатты тұрғын үйде тұратын әпкем қабақ шытып, сағынып барған менiмен селқос амандасқандай болды. Табалдырықтан үй iшiне ене бере өкпек суық жел өңменiмнен өтердей боп азынап тұр. Пәтердегi термометрдiң көрсеткiшi 15 градус жылылыққа жетер-жетпес. Күндiздiң өзiнде солай, түнде тiптен азынап кетедi екен. “Есiктi дереу жаба ғой, үйдiң iшi суық” деп қымтана бастаған әпкем ылдам-жылдам төргi бөлмеге бастап кiрдi. Сәбиiн ыстық құшағына қыса түсiп: “Перзентханадан шыққаныма бiр аптадай уақыт өттi. Әлi өне бойым жылыған жоқ. Жылдағы жағдай осы. Қара суық болып, қар жауса да жылу берiлмейдi. Әйтеуiр кiшкентайымды ауыртып алмасам екен…” деп сары уайымға салынды. Үйдiң iшi жылу шашып тұрмаса да, көңiл-күйден маза кететiнi белгiлi. Арнайы жылыту құралымен бiр ғана бөлменi жылытып отырған олар есесiне электр қуатын да көп шығындауда. Ендi қайтсiн? Өйтпеске лажы жоқ.
Жаңа жылу маусымы басталған кезде жергiлiктi шенеунiктер “жылу құбырларын жөндеуге бөлiнген қаржыны өз орнына жұмсадық, бәрi де дайын” деп мәлiмдегенмен iстiң нәтижесi бұл сөздi қуаттамай отыр. Тек әлеуметтiк салалар — аурухана, бiлiм ұялары, т.б. мекемелерi арнайы арыз жазып, шағымданғаннан кейiн ғана оларға мойын бұрылып жатқанға ұқсайды. Шымкентте тұрғын үйлер тұрмақ, әлеуметтiк нысандардың өзi жылу қабылдауға дайын еместiгiн көрсетiп жатса, қарапайым халықтың мұздай бөлмеде әлi бiраз дiрдектеп күнелте тұруына болатын сияқты. Өйткенi, халықтың сенiмiнен қалған “3-шi Энергоорталық” басшылығының өзi “Шымкенттегi бiлiм беру және денсаулық сақтау саласындағы барлық 147 нысан жылу қабылдауға дайын емес” деген ақпарат таратып, дүрлiктiрiп қойған-ды. “3-шi Энергоорталық” АҚ техникалық инспекциясының бастығы Әбсаттар Душанов: “Мектептер бiздiң талаптарымызға сай емес. Бiз бұл туралы әкiмдiкке, бiлiм беру бөлiмiне хат жазып, өз мекемелерiн тез арада дайындауды сұрадық”, — десе де, қандай да бiр әрекеттi әбден шарықтау шегiне жеткiзбейiнше, яғни, жұртты шулатпайынша қолға алмайтын әкiмшiлiк аяғын ендi ғана жыбырлатып жатқан жайы бар. Алайда, ескiрiп, тозығы жеткен жылу жүйесiн жаңалау мәселесi қалалық әкiмшiлiкте талай мәрте көтерiлгенмен, бұл шаруа сол жерде маздап, қайта сөнген. Негiзi биыл қысқы дайындық жұмыстарына 2,8 миллиард теңге қажет деп есептеген болатын. Бөлiнген қаржы мұның жартысынан аз. Ең сорақысы, бұл қаржының өзi де тамыз айында ғана қолға тиген.
Қала мәслихатының депутаттары құрған комиссияға ұсынған кесте бойынша жылу беруге дайындық жұмыстары 25 қазанда бiтуi тиiс едi. Құрғақ уәде межеден тағы кешiктi. Себебi, атқарылған жұмыс уақтылы қадағаланбаған. Оның үстiне мердiгер компаниялар бөлiнген қаржыны тиiмдi пайдалана алмапты. Қазiр Шымкентте 1714 көпқабатты үй, 3 денсаулық сақтау мекемесi жылуға қосылған жоқ. Оқушылары суық сыныпта сабақ оқып жатқан мектептер де бар. Олар қыс басталмай жатып, түрлi ауру-сырқауға ұшырауда. Мектеп басшылығы болса, “Жылуды қабылдауға толық дайынбыз, бар кiнә жылу орталығында” дегендi айтады. Ал әкiмшiлiктегiлер “бұған жылу беру орталығының жайбасарлығы себеп. Олар күнiне 150 нысанды ғана жылуға қосып жатыр” деп мiз бақпайды. Бiр қарағанда бұдан ойы бiр жерден шықпайтын әрi өз құлқына сүйрейтiн бақа, шаян, шортанның бет-бейнесi көрiнiс беретiн сияқты ма, қалай?
Бұл аз десеңiз, берiлiп жатқан жылудың да сапасы мардымсыз. Ыстық суды қысыммен ағызатын екi насос әлi орнатылмапты. Қысқасы, қала басшылығының өзi барлық нысандарды қашан жылумен толық қамтамасыз ететiнiн нық сенiммен айта алмайды. Қалалық әкiмдiк пен жылу орталығының басшылары түйткiлдi мәселенi бiр-бiрiне сiлтеп қойып, берген уәделерiн орындауға әбден “таз таранғанда” кiрiскен сияқты. Осыдан бiр ай бұрын Шымкент қаласы әкiмiнiң орынбасары Нұржiгiт Қалмырзаев қарашаның бiрiнен бастап қаланың бәрiне жылу берiледi деп лепiрсе, ендi жақында: “Қатты аяз болса жылу толыққанды барып тұрады деп айта алмаймын. Әне-мiне деп жүрiп, уақыт өткiзiп алыппыз. Жөндеу жұмысы 2 насос келгеннен кейiн, 1-желтоқсанда бiтедi деп сенiп отырмыз” дегенге көшiптi. Жергiлiктi шенеунiктердiң орындалмайтын уәденi үйiп-төгетiн жаттанды әдетiне бойы үйренген халық сенуден қалғандай. Естерiңiзде болса, ағымдағы жылдың басында жылу желiсiнiң жарылуынан қаланың үштен екi бөлiгi жылусыз қалып, тұрғындарды бiраз әбiгерге түсiрген едi.
Демек, жылусыз отырған көпқабатты 259 тұрғын үйлер мен емханалар, бiлiм ошақтарының жағдайы мәз емес. Тiптi, қаланың қақ ортасында тұратын халық жақын күнде жылудан хабар болмайтындығынан түңiлiп, үйлерiнде пеш жағып, электр құрылғыларын пайдалануға мәжбүр. Ал электр қуатының өзi тапшылық тудырып отырғанда, оның да құны қымбаттап кеткен. Оның үстiне халық Энергетика және минералды ресурстар министрi Сауат Мыңбаевтың биыл Қазақстанның оңтүстiк өңiрлерi үшiн алдағы қыс ауыр болмақ, халық электр жетiспеушiлiгiнiң азабын тартады” деген сөзiн де ұмытқан жоқ.
Жаз бойы шегiрткедей гөлайттап жүрген жергiлiктi әкiм-қаралардың қара күздiң суығында жылу құбырларына жөндеу жұмыстарын жүргiзе бастағаны қынжылтады. “Қыс қамын жаз ойла” демекшi, мұндай күрделi жұмыстарға деген қаржы жаз мезгiлiнде игерiлiп, жаңа маусымға толыққанды дайын болуы тиiс едi. Бiрақ та, шымкенттiк шенеунiктер жайбасарлыққа салынып, бұл жолы да көпшiлiктiң үдесiнен шыға алмай отыр. Бұл аздай, жергiлiктi жұрт биылдан бастап жылу беру мекемесiнiң шаршы метрге алынатын төлемақыны 3 жарым теңгеге қымбаттатқанын естiп, төбе шаштары тiк тұруда. Былтыр тұрғындар әр шаршы метрiне 69 теңгеден төлесе, биылдан бастап бұл 92,21 теңгеге бiр-ақ қарғып кетiптi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ