ТҮРКIСТАНДА БIР МЕКТЕП ЖАБЫЛЫП ҚАЛДЫ

ТҮРКIСТАНДА БIР МЕКТЕП ЖАБЫЛЫП ҚАЛДЫ

ТҮРКIСТАНДА БIР МЕКТЕП ЖАБЫЛЫП ҚАЛДЫ
ашық дереккөзі

Елбасының 100 мектеп салу саясатын Оңтүстiк Қазақстан облысында керiсiнше жағдайда орындауға көшкендей. Бұл жақта мектеп саны көбеюдiң орнына азайып барады. Түркiстанда осы жағдайға үлес қоспақ болғандар табылып жатыр. Ел-жұрттың аманында Түркiстан қаласының әкiмi Бейбiт Сыздықов Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Нұрғали Әшiмовке үшбу хат жазып жүргенде, осындағы №21 мектеп жабылып қалды. Бұл жерде “айран iшкендердiң құтылып, шелек жалағандардың тұтылғанына” қайран қаласың.

Оңтүстiк Қазақстан облысы арнайы экономикалық мамандандырылған сотының 23 шiлде 2008 жылы Түркiстан қаласындағы № 21 мектептiң қызметiн уақытша тоқтату туралы шешiмi шықты. Шешiмнiң шығуына тапсырысшының бас мердiгерге берешек қарызы болғандығы, мектеп ғимаратының қабылдау актiсiнiң жоқтығы себеп болған. Бiлiм ордасы 2006 жылы ашылыпты. Қазiргi күнде 76 ұстаз қызмет етiп, 900-ге жуық оқушы осы алтын ұяда бiлiм алатын көрiнедi. 2004 жылдың 29 сәуiрiнде Оңтүстiк Қазақстан облысының сәулет, құрылыс және аумақтарда құрылыс салу департаментi Түркiстан қаласы, Қарашық ауылдық округiнде 900 орындық мектеп салу үшiн конкурс жариялайды. Комиссияның құрамына ма, әлде бiреулердiң өзiне ұнады ма, әйтеуiр конкурсты осыған дейiн бiраз жердi шулатқан (Түркiстанда серiктестiк салған туберкулез ауруханасы осы кезге дейiн iске қосылмай тұр) “Темiрәлi” жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi жеңiп алды. Тапсырыс берушi Оңтүстiк Қазақстан облысының бiлiм департаментi сол жылы аталмыш мердiгерге 133385,1 мың теңгесiн аударып бередi. Бiрақ артынша-ақ бармақ тiстеп, өкiнiп қалады. Бiр жыл өтпей жатып-ақ шу шығады. Бiр-бiрiн сотқа сүйреу басталады. Небiр комиссиялар құрылады. Жұмыс көлемi қайта өлшенедi. Жетпейтiн жерi мен кемшiн тұстарына актiлер жасалады. Не керек, орындалмаған жұмыстардың көлемi 100965,0 мың теңгенi құрайды. Тапсырыс берушiнiң талап-арызы бойынша Оңтүстiк Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты оны “Темiрәлi” ЖШС-iнен өндiруге сырттай үкiм шығарады. 2005 жылдың 23 наурызында қалған жұмыстар үшiн қайта 319700,0 мың теңгеге конкурс өткiзiледi. Бұл жолғы тапсырыс берушi “Тұран-құрылыс” мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорны болып табылады. Ал жеңiмпаз болып “Түркiстан Югстрой” ЖШС-i белгiленедi. Араларында келiсiм-шарт түзiледi, ақшалар бiр есеп-шоттан екiншi есеп-шотқа түсе бастайды. 2006 жылға бюджеттiк бағдарлама төлқұжаты бойынша орындалған жұмыс көлемi, қаржыландырылғаны 108000,0 мың теңгеге сай келедi. Барлығы ұтып алу, сметалық бағасы бойынша орындалатын жұмыс көлемi – 352120,1 мың теңгенi (32420,1-319700,0) құрайды. “Темiрәлi” ЖШС-гi 2005 жылы аккредитивтен алынған – 53230,0 мың теңгенi 21.05.05 жылы № 1 төлем құжатымен “Түркiстан Югстрой” ЖШС-нiң есеп шотына аударады. “Темiрәлi” ЖШС-нен орындалмаған жұмыс көлемi үшiн төленген 100965,5 мың теңгеден “Түркiстан Югстрой” ЖШС-нiң кассасына алты кiрiс кассалық ордермен 2006 жылы 16000,0 мың теңге нақты түседi. Ал қалған 84964,0 мың теңге өндiрiлмей қалып қояды. (Кейбiр құжаттарда 89022457 теңге). Мiне, бар шикiлiк те, тiк те, жiк те осы жерден басталады. Осы мезгiлде құрылысшылардың арасындағы мұндай дау-дамайдан хабары жоқ мектеп директоры О.Әмiреев қала әкiмдiгiндегi бөлiм меңгерушiсi қызметiн, жып-жылы кабинетiн тастап он онбес техникалық қызметкерлерiмен 2005 жылдың қазанынан бастап құрылысшылармен бiрдей жұмыс iстейдi. Қала әкiмiнiң қаулысымен, бiлiм бөлiмiнiң бұйрығымен 2006 жылдың 16 ақпанында аталмыш мектептiң құрылысы салынып аяқталады. Бұрынғы Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Болат Жылқышиев, сол кездегi қала әкiмi Мұхит Әлиев “Түркiстан Югстрой” ЖШС-нiң директоры Э.Сулейманов мектеп ғимаратын салтанатты түрде ашады. Алғашында мектепке 500-ге жуық оқушы, 50-ге тарта мұғалiм тартылады. Әрине, О.Әмiреев сауатты азамат. Мектептiң құжаттарын түгендеу қала әкiмiнiң қаулысы бойынша қалалық бiлiм бөлiмiне тапсырылғанымен, ол кiсi өзi жүгiрiп, жинақтай бастайды. Бiлiм беру лицензиясын алу үшiн Оңтүстiк Қазақстан облысының бiлiм департаментiне барады. Ондағылар мектеп директорына мектептiң “мемлекеттiк қабылдау актiсiн алып кел” деп шығарып салады. Мектептiң қабылдау актiсi керек деп, “Тұран-құрылысқа” барады. Ондағылар “Мақта қыз” ертегiсiндегiдей әрi қарай итерiп салады. Арада ай, жыл өтедi… Шеңбер тұйықталады. Ал, мектеп директоры О.Әмiреев “лицензия керек, мемлекеттiк қабылдау актiсi керек, мектепке парта керек, оргтехника керек…” – деп, жан – жаққа хат жазудан бiр сәтте шаршамайды. Бiрақ, “жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үнi шықпас” деген күйге түседi. Өз бетiнше тырбаңдаған азаматтың тасы өрге домаламайды. Басын тасқа да, тауға да соғады. Онысынан түк шықпады. Ал, билiктегi шенеунiктер өздерiнiң iстерi тынған соң, мектеп директорына “маңғыт, аузыңа саңғыт” деп, жан-жаққа тарап кеттi. Мектеп басшысы сандалып жүргенде, Түркiстан қаласының прокуроры Б.Ержаппар 16 мамыр 2008 жылғы шығыс № 7-12. -10 в-08 санды хатпен Оңтүстiк Қазақстан облыстық арнайы мамандандырылған экономикалық сотының төрағасы Н.Қайыпжановқа талап-арыз түсiредi. Онда талап-арыз жазуға “Түркiстан Югстрой” ЖШС-нiң директоры Э.Сулеймановтың хаты негiз болып отырғандығын келтiредi. Үшбу хатта тапсырыс берушiнiң 89022457 теңге бермей отырғандығы да айтылып өтiледi және мемлекеттiк қабылдаудан өтпеген мектепте оқу процесiнiң жүрiп жатқандығын да атап көрсетедi. Бәрi жөн, дұрыс дейiк. Заңдылықты сақтау, қадағалау прокурордың iсi. Төл мiндетi десе де болады. Сулеймановтың хаты бойынша бұған дейiн де қалалық прокуратура Түркiстан қаласының әкiмдiгiне, қалалық бiлiм бөлiмiне, №21-шi мектепке тексеру жүргiзген. Бiрақ, мемлекеттiк қабылдау процесiне қала әкiмдiгiнiң, бiлiм бөлiмiнiң, мектептiң қандай қатысы бар? Прокуратура негiзгi себептi құрылысты жүргiзген орындардан неге iздемейдi, бар iске терең зерттеу жүргiзiп, iстiң байыбына бармайды. Неге? №21-шi орта мектептi бәрiне жауапкер деп тауып, заң бұзушы мектеп пен оның басшысы деп көрсетедi. Бұл түсiнiксiз жағдай. Қолымыздағы Оңтүстiк Қазақстан облысының экономика және бюджеттiк жоспарлау департаментi директорының мiндетiн атқарушы Б.Ырысбаевтың Түркiстан қаласының бұрынғы әкiмi Ә.Бектаевқа жазған қатынас хатының соңғы сөзiнде осы даулы мәселеге былай деп нақты түсiнiк берген. “…осыған байланысты аталған мектеп құрылысына бюджеттен қосымша қаржы бөлу негiзсiз екендiгiн хабарлаймыз” деп аяқталады. Қаржыны қу құлқынына өткiзiп, талан-таражға салған “Темiрәлi” ЖШС-iнiң былықтарын ешкiм мойнына алғысы келмейдi. Сонда өнбейтiн қаржыны әкiм қаралар кiмнен алмақ болды екен? Бұл жоқтан жонудың құпиясын түсiнбедiк. Бұл қазынадан мектеп құрылысына қажеттi қаржының толық бөлiнiп қойғандығын көрсетедi. Яғни, мүйiзi қарағайдай департаменттiң сөзiне сенсек, “жоғалған” ақшаны өзге жақтан iздеу керек. Әдiлдiк iздеген болса, заңсыздықты тапқысы келсе, прокуратура осы мәселеге неге қозғау салмайды, тек нысанаға бiлiм ордасын алмай. Прокуратураның талап-арызымен сот бiр мектептiң тағдырын шештi де тастады. Яғни, №2э-1264/08 санды азаматтық iс бойынша Оңтүстiк Қазақстан облысы, Түркiстан қаласы, Қарашық ауылы, Балтакөл тасжолы, номерсiз үйде орналасқан “№21-шi орта мектебi” мемлекеттiк мекемесiнiң қызметiн кемшiлiктердi жойғанға дейiн уақытша тоқтатуға деп 23 маусым 2008 жылы шешiм шығарды. Дегенмен мектеп басшысын – жауапкердi мәжiлiске шақыру, шақырмауды соттың өзi шешер. Бiрақ, О.Әмiреев соттың мұндай шешiмi шыққаны туралы жаңа оқу жылы басталып кеткеннен кейiн сот орындаушылары келгеннен соң хабардар болады. Мектептi жабу тиiстiгiн немесе сот шешiмiн тез арада орындамаған жағдайда ерiксiз түрде орындау шаралары қолданылатындығы, осыған байланысты келтiрiлген шығындардың мектеп директорынан өндiрiлетiнi және де Қазақстан Респуликасы “Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушылардың мәртебесi туралы” Заңының 77-бабына сәйкес өндiрiлген соманың 10 пайызы мөлшерiнде атқарушылық санкция өндiрiлетiнi, борышкер ретiнде Қазақстан әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексiнiң 524,525 баптарымен немесе Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 362 бабымен жауапкершiлiкке тартылатыны ескертiледi. Мектептiң бар жауапкершiлiгiн өз мойнына алған директор О.Әмiреевтiң шақшадай басы шарадай күйге түстi. Мектептiң жыртығына жамау болған азаматтың қазiргi күнде еңсесi езiлiп, жүйкесi жұқарып жүр. Ал, қаржыны қарпып жеп, өз жауапкершiлiгiне алған iстi аяқсыз етiп, алаяқтықпен айналысқан көкесi мықты “Темiрәлi” ЖШС-гi түк болмағандай iзiм-ғайым жоғалды. Олардың сыбайластары да бостандықта тайраңдап жүр. Бұл жерде өз аумағында болып жатқан iске атқарушы билiк те селсоқ қараған. Ендi болса iс насырға шапты. Сот шешiмi орындалуы керек. Ол қараға да, ханға да қатысты. Бұл даулы мәселе жоғарғы деңгейдегi шенеунiктердiң бәрiне белгiлi болды. Оңтүстiкте шатырын шеттен тiгiп, “жаны ашымастың, басы ауырмас” дегендей, миығынан күлiп отырған бөлiм, департамент басшылары да байқалады. Адам факторын есепке алмай, “заңсыз жұмыс iстеп отырған анау” деп, мектептi меңзеп отырған прокурорды да көрiп отырмыз. Бiрақ, осы жағдайдан шығатын жолды Оңтүстiкте ешкiм таппай жатқандай. Тiптi облыс басшылары да үнсiз. Түркiстандағы бiр мектептiң жағдайы осындай. Мүмкiн түйiнi тым шиеленiскен iстi Астанада отырған мүйiзi қарағайдай министрлердiң өздерi шешiп берер.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ