Жаңалықтар

К.Мәсiмов: БАҒА ТАҒЫ ДА ТҮСУI ТИIС!

ашық дереккөзі

К.Мәсiмов: БАҒА ТАҒЫ ДА ТҮСУI ТИIС!

Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов министрлер кабинетi мен жергiлiктi атқарушы билiктердi бiрауыздан бағаны төмендету шараларына жұмылдыруға шақырды. Соңғы бiрнеше айда әлемдiк нарықта ауыл шаруашылығы шикiзаты мен азық-түлiк өнiмдерiне деген сұраныс қысқарып, соған сәйкес бағаның да төмендегенi белгiлi. Iшкi нарықтағы бағада әзiрге айтарлықтай өзгерiс байқалмайды. Үкiмет қанша жерден азық-түлiк бағасы төмендейдi деп ауыз толтырып айтса да, тауар бағасы сол қалпында. Керiсiнше, мемлекеттiк қызметкрлердiң жалақысын жұтып қоятын инфляция күннен-күнге қарыштап барады. Ал, былтыр басқа тиген азық-түлiк дағдарысын әупiрiмдеп көтерген халық келесi жылы экономикалық жағдайдың қандай сый тартатынына елеңдеп, құлағын түрiп отыр.

Барша жұртқа мәлiм, былтыр тауар өндiрушiлер сыртқы нарықтағы ахуалды алға тартып, бағаны көтерудi талап еткен едi. Бiрақ ауыл шаруашылығы өнiмдерiн шығаратындар тарапынан ұнның, нанның, күрiш пен өсiмдiк майының және қанттың бағасын түсiрейiк деген ниет әзiрге байқалмайды.

ҚР Индустрия және сауда министрi Владимир Школьник: “Қазақстандағы азық-түлiк бағасының арзандауы әлемдiк бағаның төмендеуiне сәйкес келмей тұр. Мысалы, әлемдiк нарықтарда қараша айында күнбағыс майы 86 пайызға төмендедi, майлы дақылдар 10,2 пайызға, бидай 5,7 пайызға арзандады, яғни бағаны төмендетуге бiзде де негiз бар, соны қазiр пайдалануымыз қажет” деп қадап айтты. Мәселен, өткен аймен салыстырғанда iшкi нарықтағы өнiмдердiң бағасына қарасақ, нан — 5 пайызға, сиыр етi 3,2 пайызға, күнбағыс майы — 2 жарым пайызға, жоғарғы сортты ұн — 2 пайызға арзандаса, күрiштiң бағасы әлi түспей тұр. Тiптi, базарда сатылып жатқан күрiштiң құны қалта көтерер емес. Үкiмет бұл өнiмдi арзандатудың басқа амалын қарастыруға көшiп, былтырғы жылы Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiктiң резервке қойған 2485 тонна күрiштi iшкi нарықтағы бағаны төмендету үшiн саудаға шығармақ. Оның бiр келiсi 80 теңгеден аспайды деп сендiрiп бақты. Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев:

“Бiзде қазiр күрiштiң бағасы республика бойынша орташа 194 теңге килограмм, ал шет елдiң күрiшiн қарайтын болсақ, бiздiң күрiшке қарағанда 50-70 пайызға төмен. Бұны қарауымыз керек. Өйткенi, биыл күрiшшiлерге 1 гектарға бiраз субсидия бергенбiз. Яғни, мемлекет тарапынан көмек көрсетiлiп отырғанын ескерсек, күрiштiң де бағасы төмендейтiн болады” дедi.

Бiр айта кетерлiгi, вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев нан өнiмдерi мен бензин бағасын төмендетуге қарсылық бiлдiрiп, “нанның қазiргi бағасы әлемдiк нарықтағы бағаға сай. Өйткенi, былтыр бидайдың тоннасы 300-330 долларға көтерiлгенде өңiрлер арнайы астық қорын құрып, 250 доллардан сатып алды, яғни сол кездiң өзiнде бағаны аспандатқан жоқпыз” деп салды. Бұл бұл ма, Энергетика және сауда министрi Сауат Мыңбаев та: “Мұнай бағасы төмендесе iшкi нарықта жанармай бағасы да төмендеуi тиiс” деген Премьердiң сөзiмен келiсе қоймады. “Жанармай бағасын бұдан да ары арзандату керек десеңiздер, мұнай өндiрушiлер лайықты бағаға сату үшiн өнiмдi экспортқа жiбередi” деп доқ көрсеткенмен, Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов лажы болса, барлық тауардың бағасын түсiруге әлi де күш салуымыз қажет екенiн баса айтты. “Халыққа Жаңа жыл қарсаңында сыйлық жасаймыз. Желтоқсанда баға тағы да түсуi тиiс” дедi ол.

Сонымен, Үкiмет 2009-2010 жылдарға арналған қаржы секторы мен экономиканы тұрақтандырудың iс-қимыл жоспарын бекiтiп, “Қаржылық тұрақтылық туралы” заң жобасын түздi. Бұл жобаның аясында ипотекалық несиелендiрудiң жаңа бағдарламасы әзiрленiп, оған “Самұрық-Қазына” қоры арқылы 5 миллиард доллар бөлiндi. Ендi екiншi дәрежелi банктер 15 жылдық мерзiмге 10,5 пайызбен ипотекалық несиелер бере бастайды. Сонымен қатар, кезiнде берiлген ипотеканың ставкасы 12, 5 пайызға дейiн төмендейдi. Бұл жағымды жаңалық пәтерiнiң жалпы аумағы 120 шаршы метрден аспайтын және басындағы жалғыз баспанасында тұрып жатқан адамдарға ғана қатысты. Қазiргi кезде 13 мыңнан астам үлескер пәтерлерiне көштi. Жыл соңына дейiн тағы 11 мың адамның қолына көптен күткен баспанасының кiлтi тиедi. Экономиканы тұрақтандыру жұмыстары үшiн ұлттық қордан 10 миллард доллар бөлiндi. Қаражат шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға, агралық кешеннiң жұмысын жетiлдiруге, қаржы секторы мен тұрғын үй саласын тұрақтандыруға, серпiндi жобалар мен инфрақұрылым нысандарын салуға жұмсалады. Сонымен қатар, зейнетақы қорларынан қосымша ақша тартылады. “Қаражаттың жұмсалуын бақылап отыру маңызды, халық ақшаның қайда кеткенi жайында толық бiлу керек. Кейiн бұл ресурстардың бәрi мемлекетке қайтарылады” — дедi Премьер-министр заңның барысымен таныстырып.

Бұдан былай өз қарамағындағы қаржы мекемесiн әдейi банкротқа ұшыратқан басшылар 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкiн. Бұл қаржы мекемелерiнiң тұрақтылығы туралы заңға енгiзiлген жаңа ережелердiң бiрi. Алайда, ә дегеннен 11 заңға өзгерiс енгiзетiн құжаттың негiзгi мақсаты адамды жауапқа тарту емес, қаржы институтын құлдыраудан сақтау дейдi сарапшылар. Қаржы тұрақтылығы туралы заңда көрiнiс тапқан тағы бiр жаңалық — Үкiмет банк акцияларын сатып алатын құзыретке ие болады. Демек, мемлекет өз капиталының коэфицентi төмен немесе ликвидтiк талаптарды орындамай жүрген банктердiң 10 пайыз акциясын сатып ала алады. Сондай-ақ, бұдан былай қаржыны бақылау агенттiгi банктi басқару органдарының жиналыстарына бақылаушы ретiнде қатысып, арнайы құрылған комиссиялардың құрамында жұмыс iстей алады. Тағы бiр жайт, қаржыны қадағалаушылар, банктiң оперативтiк қызметiне араласпауы қажет.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ