Жаңалықтар

ОРАЛМАН КӨМУСIЗ ҚАЛА МА?

ашық дереккөзі

ОРАЛМАН КӨМУСIЗ ҚАЛА МА?

Жергiлiктi тұрғындар жер тепкiлеп жүрiп, марқұм болған оралман келiншектiң денесiн қаздыртып, басқа жаққа жерлетiптi.

Қан қысымынан қаза болған Бибрава Аманшаеваның денесi әуелде Алматы облысының Қарасай ауданы, “Жаңа құрылыс” елдi мекенiндегi зиратқа жерленген. Марқұмды көмiп қойған соң, жергiлiктi халық шу шығарған көрiнедi. Олар “зиратты сатып алғанбыз” деп марқұмның денесiн қайта қаздыртқан.

Марат Матжанов, марқұмның нағашысы:

“Қорқытты. Құжатын көрсетiп, бiз милицияда iстеймiз. Давай, мына мәйiттi алып шығып кетiңдер. Мына жерге қоюға болмайды. Бұл бiздiң меншiктi жерiмiз. Тек бiздiң туыстарымыз, руымыздың сүйектерi қойылады. Басқа рудың адамдарына, әсiресе, оралмандарға қоюға болмайды, араласпаңдар, ағайын дедi”.

Жергiлiктi жұрт “жер бiздiкi, сатып алғанбыз” дегеннен таңбай отыр. Бiрақ, моланың иесi деген құжаттарын көрсете алмады. Олар: «Оралмандар қабiрдi дұрыс қазбай, айналасындағы бейiттерге кесiрiн тигiзедi» — дейдi.

Серiк Таубалдиев:

“Сатып алынған жер. Ауылға сатылған. Әдейi қабiрге сатылған. Жеңгемдi шақырттым, ол алып кетiңдер дедi”.

«Көр ашу үлкен күнә» деп азар да безер болса да, көптен аса алмаған ауыл имамының осы оқиғадан екi күн өткенде жан тәсiлiм етуiн жұрт сан саққа жүгiртуде. Ал, жергiлiктi билiк ауылында қазақтың құлағы естiмеген көр дауы шыққанын бiледi екен. Бiрақ олар да жұртқа топырақ шаша алмауда.

Айдын Әуесбай, Ұзынағаш ауылдық округы әкiмiнiң орынбасары:

“Ешкiм жер сатып ала алмайды. Ол сол жерлеу үшiн бөлiнген жер ғой. Ешкiм барып айта алмайды, мына жерге менiң әкем, не шешем жатады деп”.

Осылайша “Жаңа құрылыста” жалған дүниеден әр адамға бұйыратын екi метр жердiң дауы ушығып тұр. Жақындарының сүйегiн бiр жерден екiншi жерге көшiрiп сергелдеңге түскен оралмандар әдiлдiк iздеп, құзырлы органдарға шағымданбақ.

Шынар Сағындықова, “31” телеарнасы