Жаңалықтар

ЖЕРЛЕНГЕН МҰРАНЫҢ ЖЕМIСI

ашық дереккөзі

ЖЕРЛЕНГЕН МҰРАНЫҢ ЖЕМIСI

Жақында Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен көрнектi қазақ қаламгерi Асқар Татанайұлының шығармашылығына арналған салтанатты кеш болып өттi. Кешке А. Татанайдың ұлы, белгiлi ақын, тарихшы Көбен Асқарұлы Қытайдан арнайы ат терлетiп келген екен. Қазақ қаламгерiнiң көзi, әрi ақын Көбен Асқарұлымен әңгiмелесудiң сәтi түскен едi.

— Құрметтi Көбен аға, Атажұртқа қош келдiңiз. Асқар Татанайұлын Қытайдағы Қазақ әдебиетiнiң тағанын қалаған алып тұлғалардың бiрi ретiнде жақсы танимыз. 1935 жылы Сарсүмбе қаласында “Алтай газетiн” алғаш шығарып, Қытай қазақ баспасөзiнiң негiзiн салғаны да белгiлi. Осы басылымның жарық көру тарихына аялдай кетсеңiз? — 1933 жылы Шәрiпхан Алтай аймағының уәлиi шекара комиссарының бастығы болып белгiленгеннен кейiн, халық ағарту жұмысына кiрiсiп, қысқа мерзiмдi мұғалiмдер жетiлдiру курсын ашты. Сол кезде Асқар алғашқылардың бiрi болып оқуға түскен. 1934 жылы Шәрiпхан өзi ашқан мектептен түлеген түлектерiн халық ағарту жұмысына салып, әр ру өздерi мектеп салдырып балаларын оқытуға бұйрық шығарып, қадағалауға кiрiседi. Сөйтiп жер-жерден мектеп ашыла бастады. Асқар оқу бiтiрген кезде, Қазыбек руының салдырған мектебi бiтпей қалып, әрi қарай оқу үшiн Алтай қаласына көшiп барады. Сол тұста Шәрiпхан Сәбеттен бала оқытып тұрады екен, әкем сол жақтан оқуды ойластырып жүргенде, Шәрiпхан Семейден баспа машинасын алдырып, “Асқар сен осы баспа жұмысын атқарасың, бұл ең үлкен оқу” деп баспаның тұтқасын ұстатады. Сонымен Ахмет Байтұрсынның емлесiнде шығатын баспаны алғаш рет Алтайда iске қосты. Сол тұста Сәбетте Ахмет Байтұрсын емлесi қолданыстан қала бастаған едi. Баспа машинаны Коновалов деген орыстың үйретуiмен, Ғалым Құсайынов деген кiсi екеуi алғашында түрлi ұқтырулар мен жарнамаларды шығарып, 1935 жылы “Шыңжаң Алтай газетiн” алғаш шығарды. 1938 жылы “Жаңа Алтай” журналын қосып шығарды да, алғашқы баспа технигi, алғашқы бұқаралық ақпарат құралын шығарушы редактор ретiнде де тарихта өз iзiн қалдырып кеттi. — Ол кiсiнiң Қазақ ауыз әдебиетiн жинаудағы фольклорлық еңбектерiнiң өзi ұшан-теңiз. Шәкәрiмнiң қолжазбасы қолына қалай түстi екен? — Әкемнiң Кәрiм Дүйсебаев деген ұстазы өзi оқыған мұғалiмдер тез жетiлдiру мектебiнiң бастығы әрi мұғалiмi болған. Ол 1930 жылы Семей жақтан қашып барған Алаш Орда партиясының мүшесi болатын. Сол кiсi әкеме, “Асқар бiздiң Халық ауыз әдебиетiнде небiр үлкен құндылықтар жатыр, соны тез арада жинауымыз керек. Әйтпегенде көптеген құндылықтарымыздан айрыламыз. Халық ауыз әдебиетi қазiр Қазақстанда күйреуге айналды. Себебi: халықты бай, кедей деп, оның әдебиетiн де буржуазиялық байшыл әдебиет және кедейлердiң әдебиетi деп екiге бөлiп алды. Қазiр Қазақстанда буржуазиялық идеяны дәрiптеген әдебиет жоғалуға айналды. Оның ақындары да жоғалатын болды. Мәселен, Мағжан, Мiржақып, Шәкәрiм, бұлар байшыл әдебиеттiң өкiлдерi. Анау Бұқар жыраудан құлдата не бiр тұлғалар бар, солардың еңбегiн сақтап қалуымыз керек. Соған сен азаматтық тұрғыдан саналы түрде кiрiс. Ол сенi үлкен ақындық жолға бастайды. Қазiр Қытай қазақ ауыз әдебиетiнiң қаймағы бұзылмай тұр. Сондықтан, бүгiннен бастап атсалысып, әдебиетке иелiк ет” деп қадағалап тапсырған ұстазының өтiнiшi бойынша, газетке қызметке тұрғаннан бастап, қазақтың Халық ауыз әдебиетiн, халық тарихын жинап, реттеу жұмысын қолға алды. Халық арасынан қиса, дастаннан бiр шумақ өлеңге дейiн жинап уақытымен автормен қалай, кiмнiң ауызынан айтқызып алғанына дейiн ашалай жазып сақтап отырды. Сол кезде, Шәкәрiмның ұлы Зиятпен танысқан. Зият Тарбағатайдан қашып Алтайдағы Мәми бейсiнiң ауылына тұрақтаған екен. Зияттың Мәмимен туыстық байланысы жоқ, бiрақ кезiнде Шәкәрiм “Түркi және хандар шежiресi” кiтабын жазған кезде, Абақ Керейдiң шежiресiн Мәмиден алған екен. Сол Шәкәрiмнiң ұлы Зиятты Бердеш деген кiсi шекарадан алып өтiптi. Мәмидiң ауылына келгеннен кейiн Мәми ауылындағы руы арғын Сейiтқазы мұғалiмнiң Мүнира деген қызымен шаңырақ құрып, кейiн Алтай қаласындағы бастауыш мектебiнiң мұғалiмi болып қызымет iстейдi. 1936 жылға дейiн “Шыңжаң Алтай” газетiне Зияттың бiр қанша өлеңдерi жаряланған екен. 1936 жылы қайын атасы Сейiтқазы Нұртаев Үрiмжiдегi “Қазақ — қырғыз ұйымының” бастығы болып ауысқанда, күйеу баласы Зиятты өзiмен бiрге iлестiре кетiптi. Зият сол кезде, “Мен Үрiмжiге қалың қытай мен ұйғырдың арасына кетiп бара жатырмын, онда танитыным жоқ, олай — бұлай жағдай бола қалса, қолжазба кiмде қалады. Ойласам сiзде болғаны жөн секiлдi” деп әкемнiң ұстазы Кәрiм Дүйсебаевқа әкесi Шәкәрiмнiң 40 беттей қолжазбасын аманаттапты. 1938 жылы Шың Сысай Cовет одағынан қашып келгендердi ұстап қамай бастады. 1938 жылы өлкелiк үкiметтiң орынбасар бастығы Қожанияз ажымен қоса, Алтайдан бiр топ ұйғыр оқымыстыларын қолға алды. Ендi Қазақстаннан қашып келген алашордалықтарға ауыз сала бастағанда, әкемнiң ұстазы Кәрiм әкемдi шақырып алып “Асқар менiң ендi күнiм бiттi, барар жерiм де жоқ, Шың Сысай ұстауға айналды, алды ұсталып жатыр, естiп отырмын, жанымды бiр Аллаға тапсырғаннан басқа амал жоқ. Қазақстаннан қашып өткенде оқпен оттың арасынан аман алып шыққан құнды кiтаптарымды саған тапсырдым “ деп Ахмет Байтұрсынның “Қырық мысалын”, Мағжанның “Батыр Баянын” және Зияттың аманатын қосып әкеме тапсырып кеткен болатын. Айтқандай Зият та, Кәрiм де сол зобалаңда, iз-тозсыз жоғалып кеттi. — Қытайдағы зобалаң тудырған Мәдениет төңкерiсiнiң әңгiр таяғы Асекеңе де тигенi рас, сол жылдарда көзiнiң қарашығындай көрген барлық жиған-терген еңбектерi мен жазған шығармаларын кемпiрiнiң зиратына көмiп сақтапты деушi едi. Осы жайдан да сыр шерте кетсеңiз. — 1966 жылы Қытайда Мәдениет төңкерiсi басталды. Сол жылдың күзiнде, Бейжiңде Го Моро “менiң бүгiнге дейiнгi жазғандарымның барлығы, буржуазияның шатпағы екен”, деп өз шығармаларын “Бейжiңнiң алаңына шығарып өртедi” деген мақала “Шынжаң” газетiнде жарияланыпты. Осы мақаланы оқығаннан кейiн әкем қатты тiксiнiп: “Дүниеге үлкен сұмдық келе жатыр, мынадай болғанда Бейжiңде Го Моро шығармасын өртесе, Алтайда Асқарды шығармасымен қосып өртеп жiбередi” деп қам жасай бастады. Сол-ақ екен, “төр көненi жоғалту” деп астау, аяқты шағып талқандау науқаны басталып кеттi. Сонымен бiз де кейбiр жарақсыз газет-журналдарды, Қазақстаннан шыққан кейбiр өртелгенмен ертең қайта табылатын кiтаптарды, құңибiңдердiң алдында көзiне көрсетiп өртеп жiбердiк. Сонымен Асқардың шығармалары өртелдi деп жатты. Сақтауға тистiлерiн жасыру бiзге қатты уайым болды. Қыстай зәре жоқ, үйдiң астына көмейiк десек, жер сыз шiрiп кетедi деп қорықтық. Мен кедей-кембағал туыстардың бiрiне апарып тастайық, десем, әкем “о да болмайды, әр үйде бiрден құңибiңдер бар, ертең олар алып шығып, арамыздан туыстық ажырайды. Не көрсек те өзiмiз көрейiк” деп оған да мақұлдық бермедi. Сонымен қыстан аман шықтық 1967 жылы көктемде әкем қыстақ бастығына барып, кемпiрiмнiң басына зират тұрғызам деп рұқсат алып, барлық жиған-терген еңбектерiн қара киiзге орап-тiгiп, сабанмен араластырып шешемнiң зиратына көмдiк. 1977 жылы 10 жыл, 4 ай өткенде қайтадан қазып алдық. Ахмет Байтұрсынның “Қырық мысалы”, Мағжанның “Батыр Баяны” шiрiп кетiптi. “Арқалық батыр”, “Сәлиқа — Сәмен” дастандары және басқа да барлық еңбектерiнiң тамтығы сақталып аман қалыпты. — “Сәлиқа — Сәмен” демекшi, қазiр “Сәлиқа — Сәмен” туралы дау-дамай көп, дастан Асқардың қолына қалай түскен? — Әсеттiң: Ақында менен сорлы өттi ме екен, Баспадан бiр ауыз сөз берiлмеген, — деген өлеңiне қарағанда көзi тiрiсiнде еш шығармасы баспадан жарық көрмегенi белгiлi. 1947 жылы Әсеттiң “Сәлиқа — Сәмен” дастаны мен бiр топ өлеңдерi “Алтай” газетiнде жарияланды. 1941 жылы Асқар тiлшiлiк сапармен Алтайдың Жеменей ауданына барғанда, Әлен уаңның үйiне қоныпты. Сонда Әлен уаңның қызы Заданың қолынан “Сәлиқа — Сәмен” дастанын көрiп, жазып алыпты. Ол кезде Әлен уаң Үрiмжiде түрмеде, Қадуан Алтайда мырза қамақта болатын. Зада дастанды өзiнiң ағасы Қызыр Мамырбекұлы жазған дейдi. Алайда 1947 жылы баспаға берiлерде редактор Мұқаш Жәкеұлы, Мақат Ақпаев, Мырзақмет Мұқаметжанов, Ғалым Құсайынов және бiрқаншасы: “Бұл дастанды Әсет жазған, ел ауызына таралған Әсеттiң шығармасы көп, Зада кiшкене, не бiледi, Қызыр мынандай еңбек жаза алмайды” деп Мұқаш Жәке ұлының алғы сөзiмен Әсеттiң атында жариялап жiберiптi. Оны әкем көзi тiрiсiнде айтып қарызынан құтылған болатын. — Ұлттық мұражайда Ғабит Мүсiреповпен бiрге түскен суретi сақталыпты, осы сурет жайында сыр бөлiсе кетсеңiз? — 1956 жылы Шынжаң әдебиет көркемөнер бiрлестiгi құрылды. Осы жиынға Орта Азия әдебиет, мәдениет делегациясын Ғабит Мүсiрепов бастап барды.Алтайдан Асқар Татанайұлы, Кұнгей Мұқажан және Мағаз Разданұлы үшеуi барды. Сол жиында Ғабитпен кезiгiп әңгiмелесiптi. Жиыннан келгенде, Ғабит, және бiр ұйғыр әйел үшеуi бiрге түскен сурет әкелген болатын, 1958 жылы стиль дұрыстау басталған кезде, “сен Ғабитке не дедiң? Не деп әңгiмелестiңдер?” деп сол сурет басына пәле болып күреске алынды. Суреттi сол кезде үйден алып кетiп сол күйi жоғалды. Суреттегi ұйғыр әйел ұйғырдың атақты әншiсi Паша Ишан екен. Ол кiсiден де сұрап, iздестiрiп таба алмадық. Мәдениет төңкерiсi кезiнде көп суреттерiн өртеген кезде, өртелiп кеткен болар, архивiнен табылмады. Кейiн Қазақстанға келгенде Ғабит Мүсiреповтiң мұражайынан iздеп едiм, Мемлекеттiк ұлттық мұражайда сақталып тұрғаны жайында дерек алып, сол жерден тауып алған болатынбыз. — Сiздiң Германиядағы екi киiз үй туралы мақалаңызды оқыған едiм. Онда да Асекеңнiң айтқан деректерi бар едi, сол киiз үйдiң дерегiне тоқтала кетсеңiз? — 1989 — 1990 жылдары болар Қазақстанда шығатын “Парасат” журналында Германиядағы екi киiз үйдiң тарихы деген мақала шығыпты. Мақалада Шыңғыс Айтматов 1982 жылы Қырғызстанның Алматыдағы 10 күндiгiне келгенде, Қазақ әрiптестерiне, “мен жуықта Германияға бардым ол жерде мұражайда екi киiз үй тұр, қырғыздың үйi ме десем Қазақтың үйi екен” дептi. Осы киiз үйдiң дерегiн iздеген мақала иесi, “тарихта қазақтар екi киiз үйдi сыйға бергенiн анықтайды, Оның бiрi Жәңгiр хан патшаның Екатеринаға ұсынған киiз үйi екен. 1790 — 1810 жылдар шамасында ол киiз үйдi Санпетрборжағы жаздық сарайға тiгiп разы болып, Жәңгiрге “сарай салдырып ал” деп ақша берген екен. Ал екiншi киiз үйдiң дерегi жайында “одан жарты ғасырдан кейiн Кiшi жүздiң атақты байының баласы, Кадет корпусынан оқыған Мұқаш деген кiсi Германияға киiз үйдiң алтыннан жасалған мәкетiн ұсынған екен” деп жазады. Осы мақаланы әкеме оқып берген едiм, әкем Жәңгiрдiң Екатеринаға берген киiз үйi қайдан сақталсын, арада 2.5-3 ғасыр өтiп кеттi ғой. Бұл 1936 жылы Шың Сысайдың Алтайда Шәрiпханға тапсырыс берiп жасатқан киiз үйi, оны Шың Сысай Германияға ұсынған болатын деген едi. — Бұл күнге дейiн қанша кiтабы жарық көрiп үлгердi? Әлде баспа бетiн көрмеген шығармалары бар ма? — Қазiр Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығынан “Ел қорғаны— Абылай” атты кiтабын қосқанда 11 кiтабы шықты. Басылым көрмеген 3 кiтабы тұр. Бiрi “Шәрiпхан Көгедаев” деген деректi романы, оны Iле халық баспасына берiп қойдым. Басқа да басылым көрмеген қол жазбаларынан екi кiтабы тұр. Алдағы уақытта әкемнiң шығармалар топтамасын шығарсам деген ойым бар. — Қытай қазақтарында Асқарды тұлға ретiнде өте жоғары бағалайды, екi дүркiн еске алу кешiн өткiздi. Ал Атажұрты — Қазақстанда қалай әспеттелiп жатыр? — 1954 жылы Шынжаңға баспасөз саласына, әдебиетке көмекке Қазақстан ғалымдарынан Жәрдем Тiлеков, Ыбырай Тiнекин, Жүнiсбеков деген кiсiлер барған едi. Сол кезде ол кiсiлер әкеммен танысып, Қазақстанға келгеннен кейiн “Жұлдыз” журналында Қытай қазақ әдебиетiн таныстырып тұңғыш мақала жазыпты. Сол мақалада әкем туралы арнайы тоқталған. Содан бастап аздап-аздап таныстырыла бастады. 1970 жылдары Жәрдем жазған мақала негiзiнде “Шынжаң қазақ әдебиетi” деп “Қазақ Советэнциклопедиясына” енгiзiлген. 1980 жылдары екi елдiң жағдайы жақсара бастағанда әкемнiң “Тарихи дерек, келелi кеңес” деген кiтабы “Жұлдыз” журналында “6-дәптер” деген айдармен толық берiлдi. Қазақстан егемендiк алғаннан кейiн қазақтың ұлттық энциклопедиясының бiрiншi томында әкемдi арнайы таныстырған. Жақында Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының “Атажұрт” баспасынан “Ел қорғаны — Абылай” деген кiтабын шығарып бердi. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен еске алу шығармашылық кешi болып өттi. — Көбен аға, әңгiмеңiзге рақмет, iсiңiз iлгерi болсын!   Құрманбек ӘСКЕРМАНҰЛЫ