Жаңалықтар

КIСIЛIК БЕЛГIСI

ашық дереккөзі

КIСIЛIК БЕЛГIСI

Ақын Лайық Тоқайұлы туралы үзiк сыр

Жаңа туған нәрестеге ат қоюға келгенде қазақ алдына жан салмайды-ау. Қазақ үшiн қазақ тiлiнiң сөздiк қорындағы барлық сөз ат, есiм бола алады. Ол аздай қазақ басқа жұрттың да ат, есiмдерiн мән мағынасына қарамай қоя салатын кездерi де болады. Үйiне қонып жатқан қонақтың не болмаса жаңа төлдеген малға байланыстырып, сондай-ақ сол кездегi қандайда бiр ерекше уақиғаға қатысты да ат қойылады. Ең бастысы қазақ атты ырымдап қояды. Жаңа туған нәрестенiң ертеңгi күнi бақытты болып, жырғаулы тұрмыс кешсiн, елiнiң бiр айдарлы мықты азаматы болсын деп үлкен үмiт жүктейдi. Осындай үмiт тiлектi ақтаған адамды “атына заты сай” деп жатады. Сондай адамның бiрi, бiздiң кейiпкерiмiз — Лайық.

“Қазақ сегiз қырлы, бiр сырлы” деп Лайық сынды ағаларды айтқан болу керек. Бiз соның бiр қырын ғана баян еткiмiз келедi.

Iлекең еңбекпен көркейген адам. Ол еңбек жолын егiншiлiктен бастап, өмiрдiң барлық баспалдақтарын басып, табалдырықтарын аттап, табан ет, маңдай тердiң арқасында игi жетiстiктерге жеттi. Ауыл шаруашылығының үздiк маманы, ғылым кандидаты, ҚР-на еңбек сiңiрген қайраткер. Оның еңбек жолының ең бiр атаулы шақтары кеңестiк маман ретiнде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына барып қызмет еткен жылдары едi. Бұл шетелдегi кiлең қазақтар мекен еткен аймақ болатын. Туадан ұлтшыл Iлекең үшiн жат жұрттың қол астындағы қандастарымен бiрге қызмет ету бiр жағынан тағдырдың берген сыйы болса, екiншiден өзгенiң қас-қабағына қарап отырып өзiнiң тiл, дiлiн айырықша сақтап қалу мен қатар айтуға тұрарлықтай дамытып отырған елде қызмет ету оның творчествосына жаңа серпiн, қанат бiтiрдi. Боранды жылдарда үйiрiнен бөлiнiп қалған қандастарымызды ата-жұртымен байланыстыруда арада алтын көпiр болды. Жергiлiктi жұрт Iлекеңдi Қазақ Елiнiң қазақ аймағындағы елшiсiндей сыйлаушы едi.

Лайық — ақын адам. Сондықтан да болар ол өзiнiң қызмет еткен ортасынан тыс жергiлiктi жердiң әдебиетшi қауымымен жиi араласып, олармен жақсы қарым-қатынаста болды. Моңғолиядағы қазақ ақын-жазушыларының еңбектерiмен терең танысып, өзi де сол өлке туралы, сол жердiң халқы жөнiнде көптеген жырлар жазды.

Iлекең Баян-Өлгейде қызмет еткен жылдарда аяғы тимеген аудан, ауыл болмаса керек. Баян-Өлгейдi өз жерiндей көрiп, оның халқын өз жұртындай сүйдi, оларға бауыр басты. “Шынын айту керек, — дейдi Лайық Тоқайұлы, — Моңғолия жерiнде тұратын бауырларымыздың тұрмыс-тiршiлiгi, еркiндiгi, жағдайы ешкiмнен кем емес. Моңғолдар үстемдiк танытып, кемсiтiп, қазақсың деп қорлап жатқан жоқ. Қайта туысқандықпен iзетпен қарайды. Оны 80-жылдардың ортасында сол елде жұмыс iстегенде көзiммен көрдiм. Бiрақ соған қарамастан көзi ашық, көкiрегi ояу әр қазақ ата-бабасының туған жерiн аңсайды. Соның тыныс-тiршiлiшгiне құлақ түредi” деп алыстағы ағайынның аужайын аңдатады. (Лайық Тоқайұлы, “Тау қыраны”, 11-бет). Мiне, осының нәтижесiнде ол ақындық қырағылық, көрегендiкпен көңiлге түйiп, көкейге қонғанын өлең етiп төгiлдiрдi. Ақын-жазушы, журналистер барған ел, жүрген жерiнен жол сапарлар, публицистикалық мақалалар жазады. Ал Iлекең болса, бұлардан мүлдемге өзгеше, шығармалары жай бiр көрген көздiң таңғалысы мен тамашасын суреттеп қана қоймайды, сол табиғаттың туған құлынындай жүрген жер, iшкен су, сөйлескен адамына дейiн жан жүрегiн бере отырып, терең толғаммен аса зор шынайылықпен жырлайды. Әр бiр өлең шумақтарынан елге, жерге деген жоғары құрмет, кiршiксiз сезiмнiң адал махаббаты, адами бiтiм болмысының мұндаздай таза мөлдiрлiк иiсi аңқып тұрады.

“Қызыл тас” жатыр жадағай,

Байлықтың болар қазығы.

Жаз жайлау “Шұбар қарағай”,

“Ақсудың” жалпақ жазығы,— деп жер-суын желпiлдете суреттеп кеп, ендi бiр өлеңiнде:

“Ағыл-тегiл әнiң де сағындырған,

Аңқылдаған ақ көңiл қалпың жатыр.

Табиғатты тәкаппар бағындырған,

Баян-Өлгей еңбекқор халқың батыр”,—

деп шын жүрегiмен ақтарылады.

Л.Тоқайұлы Баян-Өлгейде қызмет еткен жылдарда өзiне жаңа достар тапты. Дос болғанда аман-сәлемнен ары аспайтын, сiз-бiздiң о жақ, бұ жағындағы дос емес, ертеңi ертегi болып қалатындай өмiрлiк, мәңгiлiк айнымас дос тапты. Ол Лайық пен Моңғолия қазақтарының көрнектi ақыны Кәкей Жаңжұңұлы арасындағы достық. Бұл достық Адамдар бiр бiрiмен iшкi жан дүниесi сәйкесiп барып табысса олардың арасындағы достық ғазиз болатындығының куәсiндей сезiледi.

Ақын Лайық Тоқайұлы қазақтың бiртуар ұлы, құдай ғұмыр жасын қысқа еткен, “сөресiне жете алмай сорлап кеткен жүйрiк, енесiне жете алмай боздап кеткен бота” (Несiпбек Айтұлы) Кәкей Жаңжұңұлы ұшақ апатынан қайтыс болғаннан кейiн оның шын мәнiндегi елiмiздегi жоқшысы, жоқтаушысына айналды. Жаңжұңұлы жайлы радио репортаж берiп, баспасөзде бiрнеше мақала жариялады. Мұнан тыс ол өз қаражат қаржысымен мұқабасына К.Жаңжұңұлының суретiн салып, Алматыда бастырған, “Тау қыраны” атты кiтабы осы шын достықтың айғағы. Осы кiтабындағы зерделi зерттеу мақаласында К.Жаңжұңұлының кейбiр өлеңдерiн талдай отырып Л.Тоқайұлы ол туралы “Бөтен елде, басқа ортада жүрмiн-ау деп именiп, кей ойларын iшке бүгiп қалып, тiлiн тiстеп отырған жоқ, Кәкей. Ешкiмнен жасқанбастан, ертеңгi күнiм не болып кетедi деп үрiкпестен, ақындық шабыт, ақындық жандүние азаматтық болмыс, туған халқына, Ұлы Отанына (Қазақстан — Б.Б.) деген махаббат пен сүйiспеншiлiк оған мол күш, жiгер мен қайрат берген” деп ақынның iшкi жандүниесiн дөп басып айта алған.

Л.Тоқайұлы бұл күнде де ақын рухымен, оның ел жұртымен қарым қатынасын үзген жоқ. Бұл да пендеде сирек кездесетiн кiсiлiк белгiсi болса керек.

Бақытбек Бәмiшұлы