Жаңалықтар

ҚҰРЛЫҚ АСҚАН КӨШ: ТАРИХ ЖӘНЕ ТАҒДЫРЛАР

ашық дереккөзі

ҚҰРЛЫҚ АСҚАН КӨШ: ТАРИХ ЖӘНЕ ТАҒДЫРЛАР

Алматыда Алаш ардақтысы, Шығыс Түркiстанның азаттығы жолында бел шешпей күрескен, кейiн үдере көшкен елдi бастап, Тибеттiң күн сүйген жоталарын басып, Гималай асып, Үндiстан, Пәкiстанды басып өтiп, Түркияға жеткен қайраткер Қалибек Хакiмнiң 100 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция болып өттi. Төменде Қалибек Хакiм жайында зерделi әңгiменi ұсынып отырмыз.

«Түгенделдiм.

Алақай, түгенделдiм.

Азаттықтың келбетiн түгел көрдiм.

Ендi менiң келмейдi бұғауланғым,

Ендi менiң келмейдi жүгенделгiм» – деп Жәркен Бөдешов ақын жырлағандай тәуелсiздiктiң арқасында бiз ұлт ретiнде түгенделе бастадық. Тек басымыз ғана емес, рух, салтымыз, тiл мен әдебиетiмiз, тарихымыз түгенделiп келедi. Шетелдегi қазақтардан шыққан Алаштың ардақты ұлдарын ұлықтау осыдан бiрнеше жыл бұрын Дүниежүзi қазақтары қауымдастығында басталған болатын. Бүгiн бұл дәстүрдi ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi жалғастырып отыр. Бұл да бiр құптарлық iс болды.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бiр топ тарихшылары, бiздер, жақында ғана осыдан 446 жыл бұрын дүние салып, сонда жерленген Мұхамед Қайдар Дулаттың өмiрiнiң соңғы кезеңi мен жерленген орынын iздеп Кашмирге барып бiрер жайға қанық болып қайттық. Тарихтың iзiн документальдық лентаға түсiрдiк. Тағдырдың мына бiр қиылысқан жерiн қараңыздаршы. Бiз қатысқан “Ұлы Жiбек жолының” тарихына арналған халықаралық конференция қарашаның 26 күнi Синагарда басталды. Сөйтсем, осыдан 57 жыл бұрын, дәл осы күнi Қалыбек Хакiм бастаған қазақ көшi Кашмирге келген екен.

Бiр үзiлiсте бiздi Кашмирге жақын жердегi Гул Марк (Гүл дала) деп аталатын Гималайдың бiр биiк қыратына шығарды. Шығып бара жатып Баркөл — Құмылдан басталған Қалибек көшi ат, түйемен қыран ұшқан қиядан қалай өткенiне таң қалып, көшпендi ата-бабаларымыздың ерлiкке толы тағдырына риза болдым.

Қалибек хакiм бөгденiң жерiнде қиын-қыстау күй кешiп жүргеннiң өзiнде Кашмирдегi 298 қазақтың тiзiмiн жасап олардың атынан Үндiстан, Пәкiстан, Түркия үкiметi мен әлем Мұсылмандары серкелерiне талай мәрте хат жолдағанын Хасекеңнiң кiтабынан бiлетiнмiн. Ол жерде де талай адамның шейiт болғанын естiгенмiн.

Мұхаммед Қайдар Дулаттың жатқан жерiн iздеп Махмуд Сар бейiтiне барғанымда қазақтың бейiтi бар ма екен деп қарастырып көрдiм. Таппадым. Бiрге жүрген жергiлiктiлердiң бiрi “1950 жылдары Қытай төңкерiсiнен кейiн бiзде Мұхажирлар (Мұсылманнан адалдық iздеушiлер) болған. Бiрақ олардың iшiнен шейiт болған адамдардың қайда жерленгенiн бiлмеймiн” деп жауап бердi.

Иә, бұл – Алтайдан басталып, бiрнеше мемлекеттiң шекарасынан өтiп, құрлық асқан тарихи көш едi. Ғұн, Батыс түрiк қағанаты дәуiрi немесе ХI-ХII ғғ. қыпшақ-қазақ даласынан Қара теңiзге дейiн жеткен Қай (каi) топтарының көшiнен кейiнгi уақытта қазақ тарихында мал жанымен құрлық асқан көш болған емес. Көштiң тууына 1940-1950 жылдары Шығыс Түркiстанда орын алған Ұлт-азаттық қозғалысының шырғалаң оқиғалары түрткi болды. Егер 1889-1903 жылдары орын алған Бөке батыр көтерiлiсi және басқадай кiшi-гiрiм қақтығыстарды айтпағанда 1940 жылдарға дейiн Алтай, Тарбағатай, Бұлғын, Шiңгiл бойындағы қазақтар бұрынғы төрт би төрелiк билiгiн сақтап ру-ру, ауыл-ауылы мен малын бағып, отын жағып, ұлттық салт-дәстүр, тiл мәдениетiн тұнық күйiнде сақтап, жайына жатқан қауым болатын. Барлығы да Шың Шы Сай билiгi кезiнде Шыңжан өлкесiнiң iшкi iсiне қызыл орыстардың араласуынан басталды.

1945 жылы қыркүйекте Шығыс Түркiстан Республикасы құрылды. Халық, басында, «бұл үкiмет халыққа еркiндiк әпередi» деп сендi. Қазақтың игi жақсылары республика билiгi құрамына ендi. Бiрақ Кеңестер одағының көмегiне сүйенген Республика басшылары алғашқы қадамынан бастап революциялық шұғыл шараларға бет бұруы салдарынан алғашында берген ант, көп болып келiсiлiп қол қойылған мәмiлелердiң шарты бұзыла бастады. Қазақтарды шеттету қайта басталды. Ұлт серкелерiн бақылауға алды. Ақыры қазақтардың өзi екiге жарылды. Дәлелхан Сүгiрбаев, Әлихан төре бастаған топ Қазақстан, Моңғолия арқылы келiп жатқан Кеңестер одағының көмегi мен коммунистiк жүйенi қабылдау арқылы халқын тығырықтан алып шықпаққа әрекеттендi. Оспан батыр, Жанымхан қажы, Қалибек Хакiм бастаған топ қызылдарға түбегейлi қарсы тұрып қазақтың ұлттық дербестiгi үшiн ашық күреске шықты. Екiншi майданның бас батыры Оспан Iсләмұлы да, көштiң саяси көсемi әрi идеологы Қалибек хакiм болатын. Мен тарихшы ретiнде айтарым, бұл екi топтың iс әрекетiне тарихи-саяси баға бергенде бiржақты қарауға болмайды. Бұлардың қай-қайсы да ұлтын жан тәнiмен сүйген жандар. Бiрақ ұлтының келешегi үшiн күресте екi топ екi түрлi жолды таңдады. Екi бүйiрден екi қызыл держава қысып қазақ iшкi бiрлiгiнен айырылған қысылтаяң заманда саяси таңдау жасау оңай шаруа емес едi. Немiс фашистерiн жеңiп, айы оңынан туып тұрған Кеңестер одағы, жаңа ғана жеңiске жеткен Қызыл Қытайдың күш қуатына сүйенiп жоғарыда аталған бiрiншi бағытты таңдау кезiнде әрине төте жол болатын. Ал екiншi жол нағыз тыңнан шалғы салған, аса қиыр, нағыз “Тар жол тайғақ кешу” едi. Ол кезде алып Ресей, қаптаған Қытайға қарсы тұру деген “Аспанға шабуыл жасаған мен” бiрдей ерлiк, бiрақ орындалмайтын арман болатын. Күрескерлер бұлай боларын бiле тұра алға қойған мақсат, алған сертiнен қайтпады. Оспан батыр, Нұрғожа, Аббас батыр, Қалибек Хакiм, Жанымхан қажы бастаған қазақ қолы ұлт жауларымен талай мәрте айқасты. Қайсы бiрi күрес жолында шәйiт болды. Ақыры көтерiлiс жеңiлiске ұшырады. Бiрақ олардың бұл жолғы жеңiлiсi саяси мазмұны, келешекке қалдырған сабағы тұрғысынан жеңiс пен бара-бар едi. Атажұртында өздерiне орын қалмағанын сезген олар ендiгi жерде ұрпағының қамы үшiн шарасыздықтан ел-жерiнен босып кетуге мәжбүр болды. Бiрақ ол кезде қазақ ауылдары батысы Ресей, Шығыс, Оңтүстiк Шығысы Қызыл Қытай, Батыс солтүстiгi Кеңес одағының ықпалындағы Моңғол елiнiң құрсауында тұрғандықтан “Ұшарға қанат, қара жерде қалқан жоқ” күйде едi. Бұл құрсаудан ел-жұрт, ауыл-аймағын аман алып шығу деген ердiң ерiнiң қолынан ғана келетiн, қара басын бәйгеге тiккен аса қауiптi де қатерлi жол болатын. Алда 1889 жылы Бөке батырдың Тибетке дейiн көшкен iзi жатты. 1940 жылдары Елiсхан, Зайып ауылдарының осы сүрлеу мен бiрер қадам жасағаны бар. Тарихтың осы сабақтары да ескерiлсе керек, 1951 жылы Қалибек хакiм, Жанымхан қажы, Сұлтаншәрiп ел жұртын бастап атқа қонып жоғарыдағы сүрлеумен солтүстiкке бет бұрды. Бұл туралы осы көштi көзiмен көрген Халифа Алтай, Хасан Оралтай, Дәлелхан Жаналтай және басқадай авторлар жазды. Мен оларды қайталамай, осы көштердiң тарихтан алатын орнына байланысты кейбiр пiкiрлерiмдi ортаға салып көрейiн.

1. Тарихта үлкен болсын, кiшi болсын елеусiз, ескерусiз қалатын оқиға деген болмайды. Геродот айтқандайын тарих деген өмiрде болып өткен деректер. Оған көз жұмып қарау мүмкiн емес. Өкiнiшке орай Шығыс Түркiстандағы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан екiншi жақтың (Оспан батыр, Халибек Хакiм т.б.) атқарған қызметi, олардың көксеген ұлттық идеалы коммунистiк идеология тұрғысынан жоққа шығарылып келдi. Ал бүгiнгi кезең комуннистiк идеология құлдырап, Алаш азаматтары, Халибек Хакiмдер аңсаған ұлт-азаттық идеологиясы жеңiске жеткен заман. Бiз ендiгi кезекте бұрынғы коммунистер сияқты қарсы тараптың атқарған еңбегiн жоққа шығармай отырып ұлтының азаттығы үшiн күрескен Алаш арыстарының өмiрi мен күресi тарихын жазуымыз керек. Бұл бүгiнгi жастарды отансүйгiштiкке, ұлтжандылыққа шақырып тұрған аса келелi тақырып.

2. Бұл жолғы көш қозысын маңыратып, құлынын кiсiнетiп, ботасын боздатып, қоңырауын сылдырлатып сән салтанатымен көктемнен жайлауға көшкен көш емес, еркеккiндiктiлерi қолына қару алып соңынан өкшелей қуған жауының бетiн қайтарып отыруға тура келген ата-бабалардың өткендегi ерлiк жолын ХХ ғасырда қайталаған халықаралық көш. Мысалға Манас-Сауаннан шығып, Қаратау-Көкiлiктi басып әйгiлi Такла-Макан шөлiн кесiп өткен Қалибек Хакiм ауылының көшiн алайық. Такла-Макан аумағы 300 мың шақырым, ұзындығы 1000 шақырымға созылып жатқан әлемдегi iрi құмды шөлдердiң бiрi. Бұл сусыздықтан талай керуен күйреген өлке, Шыңғыс хан 1209, 1226 жылдары бұрынғы Си Ся жұртын шабу алдында Такла — Маканнан өту үшiн алдын-ала үлкен дайындық жасатқаны тарихтан белгiлi. Ал 1951 жылғы қазақ көшi соңынан қуған, алдынан тосқан жауына дес бермей құмды-құм, белдi-бел демей тәуекелге бел буған көш. Бұл тарихта сирек кездесетiн (уникальный) құбылыс.

Көш бiрнеше лектен тұрады. Әр лектiң өз серкелерi, өз батырлары, басынан кешiрген шытырман оқиғалары бар. Олардың әр қайсысы өз кезегiнде көпшiлiктiң назарына ұсыныла жатар. Ал бүгiнгi жиынға арқау болып отырған, Қалибек Хакiмге келсек ол ұлтым, елiм деп елжiреген Алаш қаһармандарының бiрi. Менiмше ол тек бiлiмдар, көреген күрескер ғана емес, салихалы дипломат адам екен. Оның Пакистан, Түркия өкiметiне, мұсылман қайраткерлерiне халқының атынан жазған хаттарынан дипломатиялық салиқалы ой-пiкiр, ситуациялық анализ, тығырықтан шығу жолдарын аса ұқыптылықпен ашып көрсете алғанын көре аламыз. Қалибек Хакiм бiлiмi мен қоса аса қажырлы, алған сертiнен қайтпайтын, сенiмiне берiк көп қырлы тұлға.

Калибектер кешегi өткен А.Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатовтарды оқып, олардың рухынан тәлiм, өнеге алып өскен көзi ашық адамдар. Олардың ұлтым деп ұран салған даусы 1950 жылдары Алтайдан естiлдi. Алаштың ондағы iзбасарлары ұя салар шыңын iздеген қыран, үйiрiн iздеген құлындай шарқ ұрып жанкештiлiкпен күрес жүргiздi. Бiрақ ол кезде кеңестiк жүйе, коммунистiк идеологияның бұғауындағы отаны ұлт арыстарына пана болуға қауқарсыз едi. Дүйiм қазақтан шыққан алғашқы генерал, даңқты ұшқыш, Моңғолияның әуе қарулы күштерiнiң бас қолбасшысы болған генерал М.Зайсанов 1951 жылы өз ортасын iздеп мұнда келiп жар соғып керi қайтқанын бiлемiз. Замана оларға кезiнде ырық бермедi. Отаным, ұлтым деген арыстар ол кезде тiптен көз түрткi болып көрiнетiн. Сөйте тұра олар отанына, қазағына деген iзгi үмiтiн үзбей дүниеден өттi. Бiрақ олардың рухы бiздi тәуелсiздiкке жетеледi. Тағдыр бүгiнгi көзi тiрi бiздерге тәуелсiз елде өмiр сүру бақытын жазғаны болмаса, бiздiң бүгiнгi жеңiсiмiз Алаш ардақтыларының жеңiсi.

1950 жылғы көштi бастаған әке, аталардың бiр үлкен ерлiгi табаны мен от кешiп жүрiп ұрпағын ата шаңырақтың бiр отауы Түркия жерiне жеткiзуi. Бүгiндер сол қилы көшпен Түркия жерiне жеткен ұрпақтың iшiнен Халифа Алтай, Хасан Оралтай, Дәлелхан Жаналтай, Мұстафа Өзтүрiк, Мұртаза Бұлұтай қатарлы белгiлi азаматтар өсiп шықты. Олар бүгiнгi ел боламын деген қазақтың рухына — рух, бiлiмiне — бiлiм, жiгерiне — жiгер қосып отыр.

Солардың бiрi – Хасан Оралтай, бүгiн мiне, ортамызда отыр.

Мен Хасекеңнiң өткен өмiрi, атқарған қызметi, адамгершiлiгi, қазағына деген пәк жүрегiн оның “Елiмай-лап өткен өмiр” деп аталатын естелiк еңбегi арқылы таныспын. Бұл қазақ тарихы үшiн деректемелiк, информациялық мағлұматы зор, аса құнды еңбек. Еңбектi сынай қарайтын адамдарды да кездестiрдiм. Алғаш оқығанда менiң де “әттеген-ай” деп қалған тұстарым болғаны рас. Бiрақ автордың басынан кешiрген өмiрi, батыстық информациялар арқылы қазақтың қайғы-қасiретiн бiзден әлде қайда бұрын түсiнiп iшқұса болып жүрген азамат коммунистiк идеология, Кеңестiк тәлiм-тәрбиенiң құрсауынан арыла қоймаған Қазақстанға, қазағының ортасына келгенде iштегi шерiн бұлайша тарқатпаса қалай тарқатпақ деп ойлап барлығына да кешiрiмдiлiкпен қарайтын болдым. Автор өз еңбегiнде жеке адамдар жайлы айтқан кейбiр пiкiрлерiн азаматтың назы деп түсiнген жөн сияқты. Өйткенi, Хасан Оралтай басынан кешiрген өмiрi, қазағына еткен еңбегi, төккен терiне қарағанда қазағына еркелеуге лайық азамат. Автордың еңбегiндегi көптеген құнды дүниелердiң iшiнен “Туған жермен қоштасқан” және араға 35 жыл салып қайта оралу” сәтiн көрсеткен тұстары аса сәттi де әсерлi шыққан. Кейбiр тұстарын оқып отырып көзiме жас үйiрiлдi. Туған жерiн сүю, ұлтын сүю деген осындай-ақ болар.

1950 жылдардағы Көш, ондағы тұлғалар туралы жоғарыда аталған азаматтар жазды, жазып та жүр. Ендiгi кезек бiздерге, ғылымға, әдебиетке келiп тiрелiп тұрғандай. Естелiктердi сараптай отырып, көштiң iзiн шалып, Қытай, Үндiстан, Пәкiстан, Түркия, Германияның архивiн қазған ғылыми монография жазылып, диссертация қорғалуы керек сияқты. Қазақстан тарихының бес томдығының V томына шағын болса да деректi материал ендi. Кiтап келесi көктемге дейiн жарық көрiп қалар деген ойдамыз.

Осы көштiң хикаялары қазақ әдебиетi үшiн де бiр атанға жүк боларлықтай оқиға сияқты. Гималайдың қарлы шыңынан құлаған көш Галивудтық киноның да тақиясына тар келмесi анық. Кашмирдегi Гулмаркада жүргенде маған осындай да ой келдi, ойымды өздерiңiзге жеткiзуге асықтым.

Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ, Тарих ғылымының

докторы, профессор