Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ: ҰЛАНБАТЫРДАҒЫ ҚАЗАҚТАР ҚАЗАҚ АҚПАРАТЫН АЛА АЛМАЙДЫ

Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ: ҰЛАНБАТЫРДАҒЫ ҚАЗАҚТАР ҚАЗАҚ АҚПАРАТЫН АЛА АЛМАЙДЫ

Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ: ҰЛАНБАТЫРДАҒЫ ҚАЗАҚТАР ҚАЗАҚ АҚПАРАТЫН АЛА АЛМАЙДЫ
ашық дереккөзі

Филология ғылымдарының докторы, Еуразия университетi “Күлтегiн” орталығының жетекшiсi Қаржаубай Сартқожаұлы Моңғолияда Ұлы Құрылтайдың (Парламент) депутаты болған. Жақында Моңғолияға барып қайтқан Қаржаубай Сартқожаұлы ондағы саяси жағдай туралы өз ойымен бөлiскендi жөн көрген едi.

— Қаржаубай аға, жақында Моңғолияның астанасы Ұланбатырда болып қайттыңыз. Онда жазда саяси толқулар болғаны белгiлi. Қазiргi саяси жағдай қалай екен? — Мен Моңғолияның саяси жағдайын сөз етпес бұрын, ондағы демократияға өз үлесiмдi қосқаным жайында айта кеткiм кеп тұр. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Моңғолияның Ұлы Құралында 432 депутат болды. Осының 16-сы қазақ депутат едi. Сол кездегi саяси-демократиялық өзгерiстерге орай, Конституцияны қайта қабылдауға тура келдi. Оны қабылдамас бұрын, демократиялық даму жолындағы мемлекеттердiң iс-тәжiрибесiн зерттедiк. Батыс елдерi мен Жапонияның тәжiрибесiн көп зерттедiк. Сөйтiп, Моңғолияның Конституциясын (Негiзгi заң) Жапония Конституциясына негiздедiк. Бұған бiздiң өзiндiк үлесiмiз болды. Соның нәтижесiнде Моңғолияда демократия жоғары дамыды. Моңғолияның жаңа Конституциясы қабылданған 1992 жылдан берi 16 жыл өттi. Содан берi Конституцияның мүлтiксiз орындалуын қатты қадағалап жүрдiк. Қазiр де байқағаным, онда билiк халықтың 100% бақылауында екен. Неге десеңiз, бiздегiдей қазба байлық Моңғолияда да бар. Инвесторларға қатал талап қоя бiлгенiнiң арқасында, мемлекеттiң қазба байлығы өз елiне қызмет етiп, пайда әкелiп отыр екен. Айталық, онда мыс, вольфрам, кокс, молибден өнiмдерiн өндiретiн iрi өнеркәсiптер бар. Сондай iрi өндiрiс орнының бiрi Өмнөговь аймағында орналасқан. Онда кокс, мыс және молибден өндiредi. Канаданың үлкен бiр үлкен холдингi келiп, Моңғолия мемлекетiмен келiсiм-шарт жасасып, инвестиция құюға келiседi. Канадалықтар оны iске асыруға кететiн шығынның бәрiн өз мойнына алып, Моңғолияға түскен пайданың 37%-ын берiп, өздерi 63%-ын алуға ұсыныс жасайды. Моңғолия үкiметi бұл ұсыныспен келiсiп, келiсiм-шарт жасасады да, оны халыққа жариялайды. Дәл осы келiсiм-шарттың жасалуына халық тiкелей қарсы болады. Бiрiншiден, мемлекет пен инвестор арасындағы келiсiм-шарт ашық түрде, халыққа жария жасалып отыр. Халық бұл ұсынысқа келiсе алмайтындықтарын бiлдiрiп, қарсылық акцияларын ұйымдастырып, шеруге шықты. Өйткенi, өндiрiстiң 63%-ын инвестор иеленетiн болса, оның патентi Канадаға кетiп қалатын едi. Сөйтiп, халық наразылығының салдарынан, келiсiм-шарт бұзылып, канадалықтар Моңғолиядан кетiп қалады да, үш айдан кейiн қайта оралып, халықтың талабына келiсетiндiктерiн бiлдiредi. Қазiр канадалық инвестор таза пайданың 49 пайызын, Моңғолия үкiметi 51 пайызына иелiк етiп отыр екен. Сондай-ақ, әр маусым сайын таза пайда халыққа жарияланып отырады екен. — Жазда Моңғолияда саяси толқулар болды ғой. Ал бұл Моңғолия халқының алғаш бас көтеруi. 8 адам қаза болып, бiраз адам жараланды. Осы орайда Үкiметке бiрталай шығын келдi, соны бағалаған сарапшылар, бұл — демократия емес, тәртiпсiздiк, бейберекетсiздiк дейдi. Сiз не дейсiз? — Мен бұған келiсе бермеймiн, себебi билiк деген үлкен күш, яғни машина, машинаның рулiн кiм ұстайтын болса, билiк тiзгiнiн кiм ұстайтын болса, күш соның қолында. Сонда халыққа күш бермей кетедi. Халықты жаншып жiберуге де бар. Онда сайлау қарсаңында махинация орын алғаны айқын. Үкiметтi басқарып отырған Революцияшыл партия екi үлкен империяға сүйенген. Бiреуi — Қытайдан ақша алса, екiншiсi — Ресейден сайлау технологияларын үйренген. Онда наразылық акциясын ұйымдастырушы топ билiк партиясының осындай лас технологияларға бой ұрғанын сезген. Оның үстiне Революцияшыл партия өкiлдерi сайлаушыларды ақшамен сатып алуға әрекет жасаған. Бұл Моңғол халқы, елi үшiн ардың iсi. Өзiн ақшаға сатып жiберсе моңғолдар үшiн бұл ұлттың ұяты. Бiздiң қазақтар қазақы болмысынан айырылып қалған халық. Ресейде де дәл солай. Ал моңғолдар табиғи болмысымен сақталған халық. Олар — намысшылдық аршылдық, адалдық дегендi ылғи алға қояды. Сол себептi де олар намыстың боданымен алаңға шығып отыр. Халық егер билiкпен келiсе алмаса, сесiн көрсету керек. Ал сесiн көрсете алмаған халық, ол халық емес. Әрине осыдан кейiн Үкiметтiң басына кiм келетiн болса да, халықтан қорқатын болады. Дегенмен, демократ боламыз деп, анархияға жол берiп қоятындар да кездеседi екен. Кейбiр топтар қисынға келсiн, келмесiн билiктi күшпен шешiм қабылдауға мәжбүрлейдi екен. — Қазақстанға келiп, қызмет еткелi де бiраз жыл болды. Жалпы, Моңғолиядағы халықтың жағдайы қалай екен? — Моңғолияда халықтың жағдайы бiраз көтерiлiп қалған. Алматы мен Астанада 2005-2006 жылдар аралығында құрылыс керемет қарқынды жүрiлдi ғой. Қазiр онда да сондай қарқынмен құрылыс жүрiп жатыр екен. Жапония, Корея және Қытайдың инвесторлары бұл салада жақсы қаржы құйып, кiрiсiп жатыр екен. Әдейi аралап көрдiм. Ендi әрбiр қабатына, бөлмесiне арнайы бейне бақылау қойылған екен. Бұл құрылыстың сапалы болуына әсерiн тигiзедi. Сосын бағасы да қарапайым — 1 шаршы метрi — 550-650 доллар көлемiнде болады екен. Шет елдермен ашық байланыста болуды қалайды екен. — Бұлар сонда қымбат үйлерге жатады ғой? — Жоқ бұл орташа баға, ал арзаны — 350-450 доллар болып келедi. Қымбат үйлер — 850 доллар көлемiнде. Ал сұраныс өте күштi екен. Өйткенi, баспанасыздардың көптiгi сондай, қала маңында киiз үйлер көбейiп кеткен екен. Тiптi, “киiз үйлi қала” деген атау да берiлген бiр кездерi. Ал бұл жердегi кемшiлiк — қала архитектурасы бiр жобаға келтiрiлмеген. Кез-келген ашық жерге құрылыс сала берген, тiптi бала ойнайтын орын қалмаған. Ал бiзден артықшылығы олардың телекоммуникациясы ерте дамыған. Мысалы, бiздiң ұялы телефонға 1000 теңгеге алатын бiрлiгiмiздi олар 100 теңгемен алады. Ендi бiр ерекшелiгi — монғолдың ауылдағы адамдары жазда үнемi көшiп-қонып жүредi. Бiрақ, соған қарамастан қай жерде де электр тогымен отыр. Күн энергиясы мен жел энергиясын пайдаланып, ток көзiмен iстелетiн дүниенiң бәрi жұмыс iстеп тұр. Ал халыққа бұдан артық өркениеттiң керегi де жоқ. Алғашында күн энергиясын үкiмет тегiн тартып берген. Хангай деген аймақта болдым. Бұл аймақтағы халықтың тiрлiгi Батыс пен Оңтүстiктегiлерден де анағұрлым жақсы екен. Әрбiр дәулеттi малшылардың астында бiр-бiр Джип т.с., мәшинелердi үй-үй басы ұстап отыр. Бiр фермерде қонақта болдым. “5000 мың қойым, мың жылқым, сегiз жүздей сиырым бар” дейдi. Сөйтiп отыз отбасын асырап отыр. Сол отыз отбасының балаларының оқуын өзi төлеп, оқытып отыр. Ол кiсi бiраз жастағы адам екен. Кезiнде есепшi болған, кейiн мал шаруашылығымен айналысып кеткен екен. Колхозды таратқанда, оның мүлкiн бөлуге үкiмет араласпаған, байлықтың бәрiн колхоз мүшелерi теңдей бөлiп алған. Ал, бiзде колхоз мүлкiнiң 70%-ын колхоз директорларына тиесiлi еткен жоқ па? Сондай-ақ, шағын және орта бизнестiң дамуына жақсы жол ашылған екен. Оларда ертең бизнесiмнен айрылып қалам-ау, деген үрей жоқ. Сосын оларды бiреу тексерiп әуреге салмайды. Тек салығын уақытымен төлеп тұрса болғаны. — Моңғолия экономикасына қазақ қаржыгерлерi де мүдделiлiк танытып жатқан сияқты ғой. — Бiздiң бизнесмендер темiр өндiрiсiне, уран, алтын, көмiр өнеркәсiптерiне инвестиция салуды жоспарлап қайтты. Екi ел арасындағы сауда айналымын жақсартып, инвестициялық климатты жөндеу үшiн бiзге кедергi болып тұрған бiр мәселе бар — ол шекара. Биылғы тамызда Елбасымыз Моңғолияда болғанында, Моңғолияның президентi де, премьер-министрi де шекара мәселесiн сөз еттi. Бiр кездерi Баян-Өлгийден тiке мал айдап тұрған Көкадыр мен Қатонқарағайдың арасын қосса, ол екi ара — 45 шақырым. Осы екi аралықты жалғау туралы мәселе жоғарыдағы кездесуде келiссөздiң арқауы болды ғой. Егер, бұл мәселе шешiлсе Моңғолия мен Қазақстан арасындағы бизнес күшейедi. — Бiздi негiзi ондағы қазақтардың жағдайы толғандырады ғой. Сiз Ұланбатырдағы қазақтардың тұрмыс-тiршiлiгiмен қаныға алдыңыз ба? — Қазiр Моңғолияның Ұлы Құрылтайында (Парламентiнде) 3 қазақ депутаты бар. Олар — Баян-Өлгий аймағынан сайланған. Ұланбатырда бұрынғыдай емес, зиялы қауым өкiлдерi азайып қалыпты Көбi осында көшiп келдi. Жастар өте көп екен. Тек Ұланбатырдың өзiнде 2500 қазақ студентi оқиды екен. Оның сыртында жас бизнесмендер де баршылық. Одан ары Шарынгол, Селенгi, Дархан, Эрдэнэт, Налайх, Чандаган деген жерлерде қазақтар көп. Осыдан екi жыл бұрын Темiрхан деген азамат осы қалаларда жүрген қазақтардың басын қосып, кендi қала Шарынголда Қазақ өнерiнiң фестивалiн өткiзiптi. Биылғы жылы ол Налайханда өткiзiлдi, онда мен болдым. Мұндағы Шыңғысханның ескерткiшiнiң алдында бiрiншi тойды қазақтар өткiздi. Премьер министрдiң орынбасары бар, депутаттар да бар, моңғолдың зиялы қауым өкiлдерi де қатысты. Фестиваль өте жақсы өттi. Себебi — онда отырғандардың бәрi жетiк бiлiм алған. Жоғарғы оқу орындарын бiтiрген азаматтар. 2010 жылы үшiншi реткi фестивальдi Ұланбатырда өткiзетiн болды. — Ал, мемлекеттiк қызметте iстейтiн қазақтар бар ма екен? — Министрлiктерде жұмыс iстеп жүрген бiздiң бiраз қыздар бар екен. Табиғи орталық қорғау министрлiгiнде бiр департаменттiң бастығы қызметiнде Болат деген қазақ қызмет iстейдi екен. Сол министрлiктiң тағы департаментiнiң бастығы Ақанбай деген доктор екен. Кезiнде Ленинградта бiтiрген, осы жуықта ғана докторлық диссертациясын қорғапты. Бiр кездерi министрлер көп едi ғой. Қазiр ондай жоқ. Ол кезде қазақтан оқыған, жеткеннiң көбi осы жаққа кетiп қалды. Сөйтiп осында келiп қойшы болып кеттi. Ал ол буын кеттi, ендi жаңа буын келдi. Қазiр Түркия, Корея, Жапония, Америкадан оқып келiп жатқандар көп екен. Моңғолияның iшкi өлкелерiндегi қазақтардың рухани мәдениетiн дамыту мәселесi тым ауыр. Сонда Айнагүл Сарайқызы өз қаржысымен “Арулар” дейтiн журнал шығарып жатыр екен. Ұланбатыр қаласында қазақ мәдени орталығын ашу жоспарлануда. Бұл мәселе Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхамед бастаған делегация Қазақстанның Ұланбатырдағы мәдениетi күндерi қарсаңында шешiлдi. Сондай-ақ, ондағы Қазақстан елшiлiгi Ұланбатыр маңайындағы қазақтармен қоян-қолтық араласып тұрады екен. Ондағы Қазақстанның төтенше және өкiлеттi елшiсi Орман Кәрiмұлы өте ұлтшыл, халқына жақын адам екен. Оның көмекшiсi Даниал да елгезек, халықтың тiлiн таба бiлетiн азамат көрiндi. Сондай-ақ, Ұланбатырда қазақ тiлiнде жұмасына бiр рет 30 минуттық телехабар таратылады екен. Ондағы қазақтың қазақ тiлiнде тыңдап отырған ақпараты осы ғана. Өйткенi, олар Баян-Өлгийдегi қазақтар секiлдi Қазақстанның барлық телеарнасын көре алмайды. Баян-Өлгийде күнiне бiр сағат хабар тарататын қазақ радиосын ести алмайды. — Рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ