Жаңалықтар

YРIМЖIДЕ ВИЗА АЛУ ҚИЫНДАП ТҰР

ашық дереккөзі

YРIМЖIДЕ ВИЗА АЛУ ҚИЫНДАП ТҰР

Қытайда қазақ тiлiнде тұрақты 6 журнал шығып тұрады. Соның бiрi — «Алтай аясы» журналы. Жақында осы журналдың бас редакторы Болат Ғазизбен жолығудың сәтi түскен едi.

— “Алтай аясы” журналы үш айда бiр шығатын маусымдық журнал, — деген ол оның Шыңжаң өңiрiне түгелдей тарайтындығын айтады. Журналдың таралымы — 4000 дана. — Журнал бөгенайы бөлектеу, тарих және шежiрелер жариялауымен өзге журналдардан ерекшеленедi, — дейдi ол.

Журнал алғаш рет 1935 жылы “Таң шолпан” деген атпен жарық көрiп, елдегi тарихи-саяси оқиғаларға байланысты 1959 жылы тоқтап қалған екен. 1979 жылдан қайта жанданып, алғашқы нөмiрi 1980 жылы шығады. Содан берi тұрақты оқырманымен маусымына бiр рет жүздесiп келедi.

Журналдың негiзгi бағыт-бағдары — қоғамдық әдеби, дегенмен негiзiнде малшы, дихан, қала жұрты деген үш бағытты ұстанады.

Қытайдағы бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы мемлекеттен арнайы қаржыландырылады деген ол, сондай-ақ, оның шет елдерге ашық таратылатындығын жеткiздi. Журналды қазақстандық оқырмандар да жаздырып ала алады екен, оның жазылу құны тым арзан дейдi. Журналға бiр жылға 16 юаньмен жазылуға болады екен. Бұл дегенiңiз — шамамен 300 теңге.

— Жалпы, Шыңжаң өңiрiндегi әдеби һәм мәдени орта жайлы мағлұмат бере кетсеңiз.

— Ауылдық жерлерде мәдениет үйлерiнiң айналасында өнер адамдары шоғырланған. Арнайы қызметкерлерi бар. Бiрақ олардың жұмысы атқа шапқандай деп айта алмаймын. Аудандардың да халi сол деңгейде. Бiздегi қалыптасқан бiр нәрсе, “ақындар айтысы” жақсы жолға қойылған. Аймақта екi жылда бiр, облыста үш, ал автономияда бес жылда бiр рет өтiп тұрады. Оның көлемi үлкен, ең бiр мақтанышпен айтар өнерiмiз осы. Сондай-ақ, әдебиетшiлер, ақын, жазушылар арасында жылына не екi жылда бiр рет түрлi жарыс, бәйгелер, мүшәйралар ұйымдастырылып тұрады. Ақын жазушылардың мерейтойлары өтедi.

— Қазақтiлдi қанша газет журнал бар?

— Шыңжаң бойынша саны 38. Партиялық саясат аясында қызмет етемiз. Алтай аймағында қазақтар басым тұрады. Одан кейiнгi орынды ханьзу, сiздерше қытай ұлты иеленедi. Жиырма шақты ұлт өкiлi тiрлiк етедi.

Қазақтың тұрмыс ахуалы, Шыңжаңның даму қарқынымен қатар оңалу үстiнде. Дихан мен малшылардан салық алмайтын болды, бұл халықтың жағдайын жақсы көтердi. Электр, жол, құбыр сулары шешiлген қыстақтар салынуда. Онда тiрлiк етем деушiлерге түрлi жеңiлдiктер қарастырылған.

Алтай аймағындағы қазақ мектептерiне келетiн болсақ, қазiрде мемлекеттiк бағдарлама бойынша “қос тiл ағарту жолы” жолға қойылып жатыр. Қытай және ана тiлiнде үйрену деген мағынада. 1995 жылдан берi қарай аралас мектептер пайда болды. Бұрын қытай мектептерi мен қазақ мектептерi жеке-жеке болатын. Бастауышта ана тiлi, тарих, әдебиет т.б. бiрнеше сабақтар қазақ тiлiнде жүргiзiледi, басқасы ханьзуше.

— Қазақстанмен байланыстарыңыз ше?

— Құдайға шүкiр, мiне мен де келiп отырмын, көшiп келемiн деушiлерге ешқандай қарсылық жоқ. Туысшылап, қыдырып қайтам десе ол да бөгетсiз, бәрiне жол ашық.

— Үрiмжiдегi Қазақстан елшiлiгiнде виза алу мәселесi күрделi деп естимiз.

— Ол ендi үлкен әңгiме, бұрыннан берi айтылып келе жатыр, бiз жақта да көп жазылды, машақатты жұмыс, елшiлiк маңында сеңдей соғылысқан қалың адам, алдына алыс 2000 км жердегi елдiмекендерден келiп, 20-30 күн болған виза күткен адамдар бар, арада әлекендей жаланып делдалдар жүр, бұл Қазақстан үкiметi шешетiн мәселе ғой.

— Өзiңiз қанша уақытта алдыңыз?

— Мен күнi бұрын, бiрнеше ай бұрын тiзiмдетiп қойғанмын, кезегiм келген күнi еш қиындықсыз визамды алдым. Бұрын визаны алу үшiн бiр адам бiрнеше адамның паспортын әкелiп, алып кете беретiн едi. Қазiр визаны әрбiр адам өзi алуы керек.

— “Eurazianet” деген сайттан Қанастағы қазақтарды ықсырып жатыр деп оқып едiм.

— Қанас қаны жерге тамбас сұлу өлке. Курорттық жер. Соны туризмдi дамыту үшiн iшкi өлкенiң байлары сатып алып жатыр. Ақшалы болса қазақ та сатып ала алады.

— Қазақстанға қандай мақсатпен келдiңiз?

— Шыңжаң қазақтарындағы үлкен тұлға, тарихшы, жазушы ағамыз Асқар Татанайұлының 100 жылдық мерейтойы аталып өтiлмек екен, осыған қатысу, түсiмiзде көрiп, өңiмiзде арман болған Алматымызды көрiп, атажұртпен дидарласу.

— Алғаш келiп отыр екенсiз, әсерiңiз қандай?

— Ұлттық рух тұрғысынан айтсам өте қуаныштымын, Астана да әсем қала болып көркейiп келедi екен. Адамның шымбайына тиетiн нәрселердi кезiктiргем жоқ. Ақпаратқа қатысты орган, одақтарда болдым. Бәрiнен алған әсерiм жақсы, әдеби орта менi қызықтырды. Естуiме қарағанда, әлдеқайда қазақыланып қалыпты.

Қымбатшылық басым сияқты. Көшiп келiп жатқан ағайындарға назар аударылып жатыр ғой, оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесiн нақты шешiп тастау керек деп ойлаймын. Өзi ауып келсе, өзi панасыз болса, ол қайтiп тiршiлiк етiп, қатарға қосылады. Орта жас адамдарының бiр-бiрiмен орысша сөйлесуi басым екен.

— Рахмет!

Әңгiмелескен Есен БАЙНҰР