Жаңалықтар

“НҰРЛЫ КӨШ” БАҒДАРЛАМАСЫ ӘЛI ДЕ НАҚТЫЛАЙ ТҮСУДI ҚАЖЕТ ЕТЕДI

ашық дереккөзі

“НҰРЛЫ КӨШ” БАҒДАРЛАМАСЫ ӘЛI ДЕ НАҚТЫЛАЙ ТҮСУДI ҚАЖЕТ ЕТЕДI

“Нұрлы көш” бағдарламасы жайында көптен берi естiп жүр едiк. Бағдарлама қоғамда көп талқыланды. Оған пiкiрлерiн бiлдiргендер де көп болды. Жақында “Түркiстан” газетiнде Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаевтың “Мақсатымыз — көшi-қонды жүйелеу” атты сұхбаты жарияланды. Министр мырза мұнда бiраз нәрсенi талқылап, “Нұрлы көш” бағдарламасын егжей-тегжейлi түсiндiруге тырысқан екен. Соған орай мен де өз пiкiрiмдi бiлдiргiм келiп отыр.

Бағдарламада менiң ең көкейiме қонғаны — шоғырландырып орналастыру идеясы. Бiрақ, өкiнiштiсi ол әлi нақтылана қоймаған екен. Егер, Моңғолиядан болсын, Қытайдан болсын 100-150 отбасы бiр жерге шоғырлана орналасқысы келедi дейiк. Сонда ол адамдар жердi қайдан және кiм арқылы алады? Ол жердiң берiлетiн тетiгi қалай? 2009-2011 жылдар аралығында 60 мың отбасын әкелу жоспарланып отыр дейдi. Сонда оның қаржыландыру көзi қайда? Министрдiң айтуынша, бюджетте қаржы көзi қарастырылған көрiнедi. Бiрақ, нақты қанша сома екенi айтылмаған.

Менiңше, жалпы, бағдарлама жалпылама жасалған. Қағаз жүзiнде қалып қалмасына кiм кепiл?!

Сондай-ақ, қай мемлекеттен қанша отбасын әкелемiз деген де жоспар жоқ. Әлде келгендерiн қабылдай берудi көздеп отыр ма, ол да белгiсiз. Бағдарламада жұмыс күшiн әкелу жайында айтылады. Бiрақ, оны iрiктеу жұмыстары қалай жүргiзiлетiндiгi де анық емес. Мәселен, Моңғолияға алдын-ала барып, арнайы анкета жүргiзiп, ол жақтан қандай мамандарды тартуға болатындығын алдын-ала бiлуге болмас па едi. Өнеркәсiпте қанша адам iстейдi, олардың қаншасы қайда барғысы келедi, мал шаруашылығымен айналысатындардың қаншасы келуге ниеттi? Осылай алдын-ала сұрыптап алмай тұрып, шетелдiк қазақтардан қанша жұмыс күшiн тартатындығымызды бiлмеймiз ғой. Айталық, Қытайдан атом физигi Бақыт Дуамет деген бауырымыз келген екен. Жапонияда атом физикасынан докторлық диссертация қорғаған. Соны орысша бiлмегенi үшiн арнайы қызметке алмаған. Сонда, шетелден аттай қалап, арнайы шақырып әкелген маманы орысша бiлiп тұр ма? Бақыт Дуамет ағылшынша, қытайша, жапонша бiледi. Қазақша сайрап тұр. Демек келгендердiң арасындағы бiлiктi мамандар жұмыссыз жүргенде, ендi келетiндердi жарылқай қоямыз дегенге сене алмай отырмын.

Қазақстан қазiр сүт өнiмдерiн Қырғыз бен Қытайдан алады екен. Бұл естiген құлаққа ұят. Жаңағы шоғырлана орналастырудағы мақсат Қазақстанның өндiрушi секторын дамыту болу керек. 100 отбасын сиыр фермасында жұмыс iстейдi деген мақсатпен алып келiп, сүт өнiмдерiн өндiретiн зауыт ашуға неге болмасқа.

Маған бiраз адамдар хабарласты. Бiреуi Өзбекстаннан, бiреуi Қытайдан ендi бiреулерi — Франциядан. Францияда жаңадан Мұстафа Шоқай атындағы қор құрылған екен. Сол қордың президентi Яшар Динж «Францияда 250 отбасының көшiп келгiсi келедi. Бiрақ, олар алдын болжай алмай отыр» дегендi айтады. Қазiр бүкiл әлем Түркияның қырым тондарын киiп, терi бұйымдарын пайдаланады. Ал, соны жасауды алғаш қолға алғандар Түркиядағы қазақтар екен. Сол Түркия қазақтарын әкелiп жеңiл өнеркәсiптi дамытуға күш салуға неге болмасқа? Қазiр мал өнiмдерiн жүзеге асырудан бiз тағы да артта қалып отырмыз. Малдың жүнiн пайдаланып Моңғолияда жүн бұйымдарын шетелге экспортқа шығарады. Ол кәдiмгiдей сұранысқа ие. Ал, бiздiң экспортқа шикiзаттан басқа шығаратын немiз бар. Малдың жүнi де, терiсi де өтсе Қытайға мардымсыз бағаға өтедi де, өтпесе далада қалады.

Баяғыда Қазақстанға қарашекпендiлер келгенде әр отбасына 10 десятинадан жер берген екен. Ол дегенiңiз 10 гектар жер. Егер, қазiр келiп жатқан оралманға он сотықтан жер берсе де, талай қордаланған проблеманың шешiмi табылар едi. Сондай-ақ, соғыс жылдарында Қазақстанға жер аударылғандарды әрбiр қазақ өз үйiне кiргiзiп алып, қиын-қыстау кезеңде бiрге өмiр сүрген жоқ па? Ал, қазiр оралмандар “масыл” деген пiкiр қалыптасқан. Бiрақ, олар ешкiмнiң үйiне барып тамақ сұрап жатқан жоқ қой. Бiздiң қазақтың бiр мiнезi – өзi десе көкiректен тебедi де, өзге келсе жастығын төсейдi. Бұл Ресейдiң салқындығының салдары секiлдi, империялық көзқарастан айырыла алмай отырмыз.

Тағы да, айтарым — Моңғолия мен Қазақстан арасын тiкелей жалғайтын 45 шақырымдық жол бар. Сол жолды салып, iске асырып, Моңғолияның қазағын малымен көшiрiп алатын болса, онда оларға квотаның да қажетi жоқ, жәрдемақының да қажетi жоқ боп қалады. Ресей мен Қазақстан президенттерi Моңғолиямен арадағы жолды қысқарту мақсатында жаңа жол салуға келiстi. Онда қандастарымыздың жүрiп өтетiн жолы тағы да 400 шақырымға қысқарады екен. Бiрақ, қазақтар Ресей территориясын басып өтетiндiктен, олар малымен келе алмайды. Ол үшiн бiз Ресей аумағынан ада болуымыз керек. Бұрын қазақтар осы жол арқылы Қазақстанға мал айдап әкелетiн.

Қазiр Көшi-қон басқармалары квота таратып беретiн мекемеге ғана айналды. Ал, квота – бизнес көзi болып барады. Квотаға бөлiнген қаржыны банкiге аударса, жемқорлыққа тыйым салынар едi, әрi баспана тұрғызуға ниеттiлердiң алғашқы жарнасы болар едi. Қолға бергеннен ол жәрдемақы желге ұшып кетiп жатыр. Әрi квота жүйесi қазақтардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға кедергi болып отыр. Өйткенi, оралманның көбi бiр реткi жәрдемақыны алу үшiн көшi-қон квотасына кезекке тұрады. Квотаға қол жеткiзбей азаматтық алуға болмайды. Егер, азаматтық алса азын-аулақ жәрдемақыдан қағылады. Сол себептi де, квота жүйесiне өзгерiс енгiзетiн кез келдi.

Сөзiмнiң тоқ етерiн айтсам, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон басқармалары оралмандардың үкiметтiк емес ұйымдарымен келiсiм-шартқа отырып, “Сiздер биыл Моңғолияға барып, көшетiн адамдардың толық тiзiмiн алыңыздар. Қай облыстың атынан барасыздар сол облыс туралы толық мәлiмет берiңiздер. Мәселен, қысы осындай, жазы осындай, климаты бұндай, бұнда осындай iспен айналысуға болады. Сiзге үй берiледi, жұмыс берiледi. Сiз ол жерден 3 жылдың iшiнде кететiн болсаңыз, онда, сiзге берiлген жәрдемақының бәрiнен ада боласыздар” деген үгiт-насихат жүргiзсе. Бұл әуелi iшкi көш-қонды реттеуге септiгiн тигiзетiн болады. Сондай-ақ, үкiмет пен үкiметтiк емес сектордың бiрiгiп жұмыс iстеуiне мұрындық болар едiк. Бұл министрлiк пен халықтың арасын жақындата түсетiн алтын көпiр болмақ.

Ерлан ҚОЙЛАН, “Керуен” қоғамдық қорының президентi