Жаңалықтар

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: ШЫНДЫҚ ТА ТЕҢIЗ ТYБIНДЕ ЖАНАТЫН ШАМ СИЯҚТЫ

ашық дереккөзі

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: ШЫНДЫҚ ТА ТЕҢIЗ ТYБIНДЕ ЖАНАТЫН ШАМ СИЯҚТЫ

Ақұштап апамен ара-тұра елден келгенiнде кездесiп, әңгiмелесiп тұрамыз. Турашыл ақынның айтар ойы да, мұңы де көбiне ел жайлы, бүгiнгi қоғам туралы, ұлттық тәрбие төңiрегiнде өрбидi. Аздап сырқаттанып жүргенiне қарамастан, елдiң сөзiн айтамын деп, редакцияға арнайы келген Ақұштап апа бұл жолы да ауылдың тыныс-тiршiлiгiнен бастады әңгiмесiн…

ДАЛАНЫҢ БАЛА САНЫ АЗАЙҒАНЫМЕН, БЕЙНЕТI АЗАЙМАЙ ТҰР 

– Ақұштап апа, елден келiпсiз? Елдiң жағдайы қалай? Қаржы дағдарысы елге керi әсерiн тигiзiп жатқан жоқ па?

– Иә, елден келдiм. Келiп тұрам. Қала тұрғыны болсын, дала тұрғыны болсын, ортақ өмiр кешiп жатыр. Қаланың көрiктi үйлерi көбейгенiмен, адам санасы төмендеп тұр. Даланың бала саны азайғанымен, бейнетi азаймай тұр. “Ауыл жылы” деп едiк. Ештеме көрiнген жоқ. Ауылдардың көшiп жатқаны рас. Ауылдық жерлерге барғысы келетiндер аз. Өйткенi, жұмыс жоқ. Биыл шүкiр, егiн жақсы шықты. Мал бар. Бiрақ малды баққысы келетiн адам жоқ. Бiз осынша жыл жұрттың бәрiне ала дорба арқалауды үйреттiк. Ала дорбамен арқалағанын сатып, күнiн көрдi де, бала тәрбиесi айдалада қалды. Бiз сондай ұрпақты өсiрдiк. Ал ендi байығандарға қарасаң, балаларын сыртқа тасып жатыр. Шет елдерде оқиды. Мүмкiн, олар Қазақстанның болашағынан үмiт күтпейтiн шығар. Ал орташа, барар жер, басары жоқтардың балалары сол қала мен даланың ортасында жүр. Бiрақ, көбiнiң әке-шешесiнiң жұмысы жоқ. Осындай күн кешiп жатқанымыз шындық. “Қалаға бала сыймай жатыр” дейдi. Есесiне, қалада балабақша жоқ, жетпейдi. Ендеше бала санын қалай өсiремiз? Анда-санда “үшем келдi” деп алақайлап жатқанымыздың өзi iлуде бiреу ғана. Оның өзi жарнама үшiн керек. Шын мәнiнде, кеше ғана Президентiмiз оңтүстiкке барғанында айтты, “ана мен баланың денсаулығы қорғаусыз” деп. Ауылдағы бала туатын әйелдiң аузында тiсi сауын көрген жоқпын. Ендеше одан қандай сау бала туады? Мен ауылдағы әйелдiң бала тапқандағы алатын жөргекпұлын оп-оңай алғанын көргем жоқ. Неге перзентхана да бермейдi, сол азғантай ақшаны. “Үйiнiң коммуналдық ақшасын төлеген қағазыңды алып кел, ата-анаңның қарауында неше сиыр бар, соның қағазын алып кел” дейдi. Бұл не деген сұмдық? Мiне, осыдан кейiн баланы кiмдер туады? Жағдайы жасалғандар ғана. Қос-қостан әйел алып жүргендер кiмдер, байшiкештер. Оның екiншi жасырын әйелi де туып отыр. Некесiз баланы. Оларға жаман емес. Солардың есебiнен көбейемiз деп айтуға болмайды. Ауылдағы салтты бiлетiн, дәстүрдi бiлетiн ұл мен қыз үйлене алмай жүр. Сондықтан, неге бiз ипотеканы дұрыстап жолға қоймаймыз? Оны да сыбайластықпен беремiз. Неге бiз соларға жатақхана салмаймыз?. “Балаларын тастап кеттi” деп айқайлаймыз. Қайда апарады ол баланы? Сүйдi, алданды, туып қалды. Тастамағанда қайтедi. Жұмысы жоқ, баратын жер, басатын тауы жоқ. Мiне, осындай нәрселер бiздiң қоғамымызда әлi жүрiп жатыр. Бiзде идеология тәрбиесi жоқ. Мен неғып жүрмiн елде… “Қызым кiндiгiмдi жап, туған балаңды тастама” деймiн. Оны айтатын ана бар ма? Анасы табыссыз, әкесi жұмыссыз. Қыздың тәрбиесiмен кiм айналысады? Ақшасы бар ғана барлық мәселенi шешедi. Бар билiк ақшасы бардың қолында. Бiр ақшасы бар бiр ақшасы бардың, бiр мөрi бар екiншi мөрi бардың сөзiн сөйлеп жүр. Елбасымыздың “сыбайлас жемқорлықпен күресемiз” деп отырғаны сол емес пе? Күрескенде кiммен күреседi? Мықтымен күресе алмайды. Мықтының үстiнде “крыша” деген бар. Оған тiсi батпайды. Мысалы, бiздiң ауылда таңертеңнен кешке дейiн жалаңаяқ, жалаңбас жүгiрiп жүрген ауыл мектебiнiң, бала жетпейтiн кiшкентай мектебiнiң директорын жемқор қылып қойды. Менiң оған жүрегiм ауырды. Одан гөрi үлкенiрек жемқорға әлi келмеген соң, әлгiнi жемқор жасады. – Сыбайлас жемқорлықпен күресу де науқанға айналып бара жатқан сияқты. Байқайсыз ба, қазiр сыбайластықпен ұсталу деген жиiлiп кеттi.. – Бұл жемқорды ұстадық деп дабырлатуға керек. Ол сыбайлас жемқорлыққа жатпайды. Ол өзi кадр жетпейтiн мектепте, музыка пәнiнен мұғалiм жоқ мектепке музыкадан сауаты бар күйеуiн жұмысқа алған. Сол үшiн сыбайлас жемқор болды. Ол мектеп жыл бойы ән салмай ма, ол мектеп егемендiктiң тойын тойламай ма, ол мектеп “Менiң қазақстанымды” шырқамай ма? Алыстағы бiр түкпiрге қаладан музыканы бiлетiн маман бармайды ғой. Одан да бiр тойға барып, ән салып күнiн көредi. Күйеуiне сабақ бергiзген сол ұстаз сыбайлас жемқор болып шықты. Бұған ертең халық күледi ғой. Қырық мың теңге алғанды ұстайды да, қырық миллион бергендi ұстамайды. Мысалы, кеденде сенiң халқыңның байлығын қалтасына салып, ұшып бара жатқан, әкетiп бара жатқанды ұстамайды ғой. Халықтың көзi көрiп отырған нәрсесiн пердемен жабуға болмайды. Шындық деген теңiздiң түбiнде де жанатын шам сияқты. Бiр күнi көрiнедi ол. Бiр теңiзшi көредi ғой, теңiз түбiндегi шамды. “Сыбайлас жемқорлықпен күрес” дегендi де қолдаймыз. Бiрақ, Елбасының айтқаны, басқаша орындалып жатқанына қарның ашады. – Жүз мектеп, жүз аурухана салынып жатыр. Ауылдағы баланың саны мектепке толмай жатыр. Ауылдың адамдары қала кезiп кеттi. Ауыл қаңырап қалады деп қорықпаймыз ба? Ертең ол салынған мектепте кiм оқиды? – Жүз мектеп, жүз аурухананы халыққа керек жерде салу керек. Қай жерде халық тығыз шоғырланған, қай жерде халық көп, сол жерде орналастыру қажет. Мүмкiн, сол балаларды оқытатын жатақхана да қажет шығар. Аурухана да халықтың бара алатын, қарала алатын жерiнде болса… Аурухананы әдемi етiп салатын шығар, бiрақ, оған бiлiктi дәрiгер бара ма? Сондықтан, ауылға мәдени құрылымдар да керек. Сол жерде жұмыс iстейтiн, ауылға бейiмделген дәрiгердi табу керек. Газы жоқ, клубы жоқ ауылға жастарды қалай апарасың? Ол дәрiгер ауылдың көп ауруына төтеп бара ала ма? Соны ойлау керек. Ол үшiн ақшаны құры шашпау керек. Онсызда халықтың ақшасы шашылып кеттi ғой. Халықтың ақшасын қалтасына салып, шетте жүрген байлар қаншама? Олардың баласымен қазақ ұлты көктемейдi. Олар балаларын ағылшынша оқытады, қыздарын ағылшынға күйеуге бередi. Ал, қалған кедей қазақтар ол мектептi қалай ұстайды? Кедей мұғалiм ол мектепте қанша жыл жүре алады? Бiз ауылдан жұрты шошытып алдық. Ауылдың бәрi тозып кеттi. Құлаған үйлер, құлатып алып кеткен шаңырақтар. – Бiлiм алған жастар дипломын қалтасына басып, қалада базарда жүрген жоқ па? Не үшiн бiлiм алды, диплом неге қажет онда? – Ауылдың баяғы даңқын қатты көтерсе, жастар барады. Ауылда зейнетақыны өсiрсе, шаруашылық нысандарын көбейтсе, балабақшасын салса, мектебiн көтерсе, жастар баратын мәдени үйлерi болса, онда барады. Экономикалық тығырыққа тiрелдiк деп жатырмыз. Соны сылтауратып тағы жүремiз. Жастар ауылға барады. “Жастар ауылға барсын” деген ұран тастау керек. Ол үшiн жастардың бойында өз ауылын, өз туған жерiн сүйетiн рухани негiзi болуы керек. Ұлттық сана, ұлттық рухты жоғалтып алдық. Қалада жүрген қыздар селкiлдеп, жеңiл өмiрге үйренiп алды. Жеңiл жүрiске неге түсiп отыр? Ауылға барып, сиыр саумау үшiн, от жақпау үшiн… Шын мәнiнде, ауылын сүйгендер баратын едi, ауылын сүйгендер тұратын едi. Қазақ даласын сүйем, қазаққа қызмет етем дегендер жоқ емес, бар.. Бiрақ оларға жағдай жасау керек. Бiзде мұғалiм мен дәрiгердiң еңбекақысы адам қызығатын деп айта алмаймын. Сондықтан, ол қалай барады? Мынадай қымбатшылық кезде. Үйiн салса, табысын төлесе, сонда барады. – Оның идеологиясын жасау керек сияқты. Қалтасында ақшасы жоқтар ғана мұғалiм болып жүрген сияқты көрiнедi маған. Әйтпесе, қазiр екiнiң бiрi заңгер, екiнiң бiрi экономист болуды көксейдi.. – Бiзде кiмнiң қайда оқуы керек деген мәселе жоқ. Бiзге неше заңгер керек, соны оқытуымыз керек емес пе? Бiзде кiшi медбикелер жетпейдi. Оқуға түсе алмағандарды сонда бағыттауы керек. Оның әрқайсысының отырған министрлiгi бар емес пе? Солар зерттемей ме? Ұстаз дегендi кiнәлайды. Ұстаздың ақшасы аз, оларға барып оқыған балалардың бәрi бай-манаптың балалары. Оның мiнiп жүрген машинасы ұстазда жоқ. Дүниенiң желi, қалтадағы ақшаның желi мұғалiмге бағындырмайды. Ұстаздың алдына келмейдi. Мiне, сондықтан, бiлiм бiзде түсiп кеттi. Академик кез келген бола алады. Кез келген кандидаттық қорғап жатыр. Кез келген журналистi жалдап, кiтап шығарып жатыр. Бұл не деген сұмдық? Ақша керек екен деп сұмдықтың бәрiн тападық қой. Ақшасын төлесе болды, кiтап шығарамыз. Адамзатқа сана деген, парасат деген, құдайдан қорқу деген, ұялу деген керек қой. Ақша-ақша деп, болдық ғой. О дүниеге ақшаны ешкiм алып кетпейдi. Қарасартов дегеннiң Шәкәрiмдi атқанын жұрттың бәрi естiдi. Халық оның ұрпағының бетiне түкiргiсi келiп отыр. Бұл не деген нәрсе? Бүгiнгi сүрген өмiрiңе ертең жауап бересiң деген нәрсе. Сенiң ұрпағыңа “атаң кiм?” болды дегенде, құдайға керегi жоқ кiтап шығарған баспагер болған деп айтамыз ба? Азамат деген ел алдындағы, киелi топырақ алдындағы, ата тек алдындағы жауапкершiлiгiн сезiнбеген уақытта қоғам оңалмайды. Бiз соған жеттiк. “Сатылсаң да ақша тап, бiреу сенiң үстiңнен тапап жатса да, ақша тапсаң болды” – дейдi. Бұл дегенiңiз адамның өз бет-пердесiн жоғалту деген сөз. Бұл адамда қандай қадiр-қасиет болады? Ол да тауар сияқты ғой. Сатылғаннан кейiн. Солай емес пе? АҚША БЕРСЕ, БIЗДIҢ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ ДА ШЕТ ЕЛГЕ ӨТIП КЕТЕДI 

– Жақында ғана комсомолдар туған күнiн тойлады. Коммунистер ереуiлге шықты. Бұл не? Өткендi аңсау, өткенге қайта оралуды көксеу ме?

– Мен коммунист болған жоқпын. Әжемнiң тәрбиесi коммунист болмауыма көп ықпал еттi. Өйткенi, қарт әжем коммунистердiң келген кезiнде халықтың асылдарын халық жауы жасағанын, адал пиғылдағы шындығын бұрғанын көзбен көрген ғой. Коммунистердiң келiп, елдiң бүтiн дiлiн, дiнiн ұстап отырған ақсақалдарын қорлағанын көрген әжем оларға өле-өлгенше қарсы болды. Содан мен партияға қате алмадым. Менiң барлық мүмкiншiлiгiм болды. Ал ендi бiрақ комсомолдардың тойын тойлауы қазiргi ұрпақтың көзiмен қарағанда ерсi болғанымен, ал олардың сенiмi, көзi көрген тарихы. Оларды да кiнәлауға болмайды. Көзiн ашқаннан “сен комсомолсың” деп, отансүйюiн де, ерлiк iстердi де соған қосты. Ол сол кезеңнiң сенiмi. Сол кездердi еске түсiрiп тойласа, туған күнiн тойлауы деп қарастыру керек те, қою керек. Ол жалпы, мәңгiлiк нәрсе емес, ол өмiршең нәрсе емес. Комсомолдардың өзi ғана бiлетiн, өзiмен кететiн нәрсесi. Оның қазiргi ұрпаққа, бiздiң немере-шөберемiзге текке керегi жоқ. Қазiр бiздiң немерелер Лениндi бiлмейдi. Олар Шәкәрiмдi оқып отыр. Қайта тiрiлген батырларымызды Абылайды, Қабанбайды оқып жатыр. Осының өзi шүкiрлiк қой. Комсомолдың тарихы өзiнiң ғасырымен, өзiнiң адамдарымен кететiн тарих. Мен оған күйiнбеймiн де. Себебi, комсомолға өту үшiн сабағымды жақсы оқуға тырыстық, беске оқыдық. Бiр кездегi сол кезеңнiң идеологиясы ғой. Сондықтан, онда болғандар, соған сенгендер. – Кеңестiк идеологияның мықтылығы да осында жатқан жоқ па? Адамдардың оған құдайдай табынуында… – Кеңестiк идеология табындырып қана қойған жоқ қой, табынбағандарын атты ғой. – Қазiр бiз неге өзiмiздiң тәрбиемiзге, өзiмiздiң ұлттық дүниелерiмiзге сондай идеологиямен табынбаймыз? – Ұлттық иедологияны жасайтын ұрпақ әлi өсiп жетiлген жоқ деп ойлаймын. Әлi сол құлдық психология, әлi күнге сол күндi ұлылық тұтатындар, әлi күнге қазақ болмай өмiр сүретiндер, әлi күнге жалтақтайтындар Сол ұрпақ өтiп кетпей, ештеңе болмайды. Балабақшадан келе жатқан ұрпақты жақсы тәрбиелесек, келесi ұрпақ жақсы болар деп ойлаймын. Оларға да көлеңкесiн түсiрiп отыр – кеңестiк идеология. Рух десе қорқады. Ұлы даланың ұлы мәдениетi десек, тағы қорқады. “Сен ұлтсың, сен еркiн елдiң ұрпағысың” десең, соған белiн сүйенiп, бiлегiн таянып шығып отырғандар кемде-кем. Бәрi жалтақтайды, бәрi жалпақтайды. Баласына өзiнiң ата-бабасы жайлы айтып тұрып, өзге ұрпаққа қалай болар екен деп алаңдап отырады. Бiздiң тiлiмiздi олар түсiнедi. Өзiмiздiң жалтақтығымыздан осылай күн кешiп жүрмiз. Әлi күнге Астанада бiр қазақ бiр қазақпен қазақша сөйлеспейдi. Екi ағылшын басқа тiлде сөйлеспейдi. Өзiнiң күлкi болып отырғанын түсiнбейдi. Сен неше жерден басқа тiлдi бiлгенiңмен, ол ұлт сенi төбесiне көтермейдi ғой. Сен бәрiбiр осы даланың, осы қаракөздердiң арасына керексiң. Мысалы, Олжас орысша жаза берсiн. “Ресей ақыны едi” деп, ертең ескерткiш қойып, туған күнiн тойламайды ғой. Оны қазағы тойлайды. Кiм iздейдi? Тек қазағы iздейдi. Кезiнде керек болған шығар, бiрақ соны ұғыну керек. Бiз соған жете алмай отырмыз. – Ол үшiн мектептерде ұлттық тәрбиенi, ұлттық намысты, патриоттықты оқыту керек емес пе? – Бiр үлкен жұмыстар жүру керек. Намысы жоқтар әлi түсiнбейдi. Тегiн бiлмейтiндер, қайда бара жатқанын бiлмейтiндер бар. Олармен күресу тап менiң қолымнан келедi деп ойлап отырғам жоқ. Ұлы Абайды жылатқан тобыр әлi келе жатыр ғой. Оның арасынан азғантай күрескерлер шығады. Оларды ортасы түсiне бермейдi. Оларды түсiнбейтiн орта, былығып жатқандар күн көрсетпейдi. өзiңнен туған балаң өз анаңның тiлiңде сәлем бере алмаса, сен кiмге керексiң? – Алаш қайраткерлерi шыққан кезде үлкен бiр шоғыр болды. Елiмiздiң қай түкпiрiнен шықса, бәрiнiң ортақ идеясы – ұлт болу, ұлт мемлекетiн құру едi. Мақсаттары да ортақ болды. Осындай ұлттық идеяны мақсат тұтқан топ бүгiнгi қазақ жастарынан арасынан шығады деп ойлайсыз ба? – Жоқ. Қазiр ұлт дегендер аз. “Қайтсем байимын, қайтсем үй салам, қайтсем дүние жинаймын” деген сондай бiр ашкөз, сондай бiр жағымсыз ниеттi байқаймын. Ұлтым, жұртым дегендер аз. Себебi, қай жерге барсаң да, құлақтың тынышы керек деп ойлайтындар. Өзi отырған жұмсақ тағы үшiн ұлтын да, намысын да сататындар көбейiп кеттi. Оның үстiне, ақша берсе… Ақша берсе, бiзге керегi жоқ кiтаптар да келедi кеденнен. Ақша берсе, бiздiң ұлттық құндылықтарымыз да шет елге өтiп кетедi. Ақша берсе… Азаматтардың намысының жоқтығы. Ашкөздiк, тойымсыздық, ол жаңағы дүниеқоңыздық хайуандыққа алып келедi. Парасат сөзiн тыңдауды қойды. Таң атады кеш батады, жәндiктер сияқты өмiр сүрiп жатқандардан ұлттық бiрнәрсенi жоқтаймын деген шықпайды. – Бұл дегенiңiз санамызды ақша биледi деген сөз емес пе? – Тұрмыс сананы билесе, тәуiр тұрғандар одан сайын ұлтын ойлауы керек едi ғой. Бұл – ақшаға сатылған ашкөздiк, тойымсыз, қомағай, парасатты, обал-сауапты ұмытқандардың көбейiп тұрған кезеңi. Мүмкiн өтпелi кезең осылай болатын шығар. Кейде мен өзiм өкiнем. Мықтылардың ығында жығылып, соның сөзiн жазып, соның қасында кетпегенiме. Неғып ұлтым, елiм, қазағым, қызым деп шырылдаймын деп ойлаймын. Табиғатың осылай жаратса, одан алыстап кете алмайсың ғой. Мен табиғаттың жаратылысынан асып қайда барам? Кейде пенделiк ой келедi. Анау қандай жақсы? Анадай жағдайларға өтiрiк сөйлеп, анадай жерлерде жүр деп ойлаймын. Мен не таптым, шындықты айтам деп. Далаға барам, мектепке барам. Құртақандай бала-бақшаға барам. “Жарыстарға кетем де, Мен чемпион боламын, Көтеремiн шетелде, Қазақстан жалауын” деп, былдырлаған балаға жаттатқаныма мәз болып жүрем. Осылай күн көрем. – Қазiр қазақ қыздарына тәрбие берiп жүргенiңiздi бiлемiз… – “Қазақ қызының ұлттық тәрибесi” деген тақырыпта Жаһанша Досмұхамедов атындағы колледжде жүрмiн. – Сол қыздарыңыздың бойынан ұлттық намысты байқайсыз ба? – Сирек кездеседi. Көзi жанып тұрғандары сирек. Бiртiн-бiртiн оларды қаладағы намыссыздар ертiп кетедi. “Қойшы, сол саған не керек, түнгi клубқа барайық” деп, өзiнiң ығына алып кетедi. Намыстыдан намыссыз, тәрибесiз көбейiп кеткен заман ғой бұл. АТАҚ – ТIРIҢДЕ ДӘРIГЕРГЕ ҚАРАЛУҒА КЕРЕК 

– Биылғы жылы екi бiрдей ақын Мемлекеттiк сыйлықты беретiн комиссияның шешiмiнен өтпей қалды. Лайықсыз деп танылды. Сыйлыққа лайықты шығарма жоқ па, әлде әдебиеттi сыйлықтан шеттету ме?

– Әдебиеттi оқуды қойды. Әдебиетшiнi қорлады. Ақын-жазушы деген табиғи таланттарды өз өзiне мұқтаж қылып, тапады. Талантты қолдан жасауға болмайды. Кез келген шенеунiктi ауыстырып қоя беруге болады. Ал ендi бiр жерден тапсырыс берiп, ақын-композиторды жасатып алуға болмайды. Кешегi Мемлекеттiк сыйлыққа қол көтеруге барған комиссия жөндi қазақша бiлмейдi. Негiзiнен, олар қазақша оқымайды. Олардың өздерiнiң балалары шетел деп жүргендер. Қазақтың әдебиетiн, бiздiң ұсынылған екi ақынымыздың өлеңдерiн түсiнбейдi. Бiрақ оларды сауатты, салауатты ұрпақ бүгiнде оқиды. Ертең де оқиды. Олар тасқа басқан әдемi жырларымен тарихта қалады. – Жалпы, өзiңiз атаққа қалай қарайсыз? – Жалпы, мен атаққа немқұрайлы қараймын. Атақ бар ма, жоқ па, бәрiбiр. Ол атақ саған тiрiңде дәрiгерге қаралуға керек. Мен содан қорлық көрiп жүрмiн. Кiмдi ақын дейдi, халық өзi бiледi.. Пәлен-түген деп бiр композиторды айтып тұрса, ешкiм қол соқпайды, ал Шәмшi Қалдаяқов десе, бәрi өре түрегеледi. Атағы түгiлi, онда Шәмшi Қалдаяқовтың көшеде жүретiн кезi. Бiрақ халық жақсы көрдi. Абайда атақ жоқ қой, бiрақ халық оқиды. Атақ бiр адамның көңiлiн көтерiп, қанаттандыру үшiн керек шығар. Бiрақ мына заманда сенiң атағыңа қарап жатқан шенеунiктi көргем жоқ. “Қазiр кiмде қандай лауазым бар демейдi, кiмде қанша ақша бар” дейдi. “Кiм миллиардер, кiм миллионер?” дейдi. – Ол байлыққа адамдар қалай жетедi? – Құдайдан қорықпағандар, бiр-бiрiне жалпаңдағандар, халықтың байлығын өзiне аударып алғандар жеттi ғой. Бұл менiң қолымнан келмейдi – Қаламақы мәселесiн шешемiз деген сияқты едi. – Айтылғанын бiлем. Оны қалай жасап жатырғанын мен бiлмеймiн. өзiм қаламақы алғам жоқ. “Алдым” дегендi де естiгем жоқ. – Кiтабыңызды өзiңiз шығардыңыз. Сол кiтап өзiнiң құнын ақтай алды ма? – Кiтап өзiн ақтай алмайды ғой. Адамның өзi сатқан дұрыс емес. Бұл адамды қорлайды. – Онда шығармаларыңызды оқырманға қалай жеткiзесiз? – Сенетiнiм, кезiнде тасқа басып, оншақты кiтабымыз шықты. Солар архивте тұрар. Қолы жеткендер оқиды. Осылай! осылай газет беттерiне сұхбат берем. Халықтың арасында айтамыз. Танитындар таниды, танығысы келмегендерге қалай танытасың? Қазақта ақын қыз көп емеспiз ғой. Саусақпен санарлықтай қана. Фариза, Марфуға, Күләш, Гүлнәр Салықбаева. Әрқайсысымыз жайлы берiп отырса, бiздiң тағдырымыз туралы айтып отырса… Бiз ана болдық, жыр жаздық, әнiмiздi айтып жүр. Оны да ешкiм жарияламайды. Мәнi жоқ сөздердi былдырлап айтып, ән қып жүр. Соның бәрiн қадағалау керек қой. Сөйтiп, бiз талғамды да өлтiрiп жiбердiк. Қазақ қызының ұлттық тәрбиесi сияқты түрлi түрлi тақырыптарға әңгiме айтар едiк ғой. Бiздей адамдарды көргiсi келедi, сөйлескiсi келедi. Бiз күнде туып жатқан жоқпыз. Атырауда Фариза – бiреу. Одан асып туған, көрiнiп жатқан ешкiм жоқ.. Сондай хабарларды берсе, бiреу тыңдар едi, бiреу естiр едi. Атып жатқан, соғысып жатқан киноларды қояды. Кiсi зорлаған, ұрлық қарлықты қояды. Пәлен жасқа келгенде телеарнаны бiрге көруге өзiңнiң балаңнан ұяласың. Тiптi болмаса, баланың ертегiсiн неге көрсетпеймiз? Монстрды көрiп шаршадық қой. – Елден қалаға қайта оралу, әдеи ортаға оралу ойыңызда бар ма? – Әдеби ортаны сағынам. Бiрақ елде де жасалатын шаруа көп. Азғантай тұрып кеткен Шолоховтың музейi бар. Бiрақ әдеби мұражай жоқ. Сол жерде тым болмаса, кiтапхана үйiн салуға көмектессе деп ойлаймын. Қазақтың кiтаптарын сатқызып қойсақ, сол жерде жастардың кездесетiн орны болса… Елдегi iзi барларды жинап, сондай бiр әдеби орын қалса деген арман едi. Ендiгi оның қаншалықты iске асатынын бiлмеймiн. Қоғамнан, басшылардан көмек болу керек. Ондай болып жатса, құба-құп. Әдебиетке келем деп жүрген жастарға қал-қадiрiм келгенше, ақылымды айтам. Депутатқа келмейтiн жоқ-жұқаның бәрi маған кеп зарын айтады. Менi пана көредi. – Ақын ретiнде сөзiңiз шенеунiкке өте ме? – Ендi кейбiр ақындықты сыйлап, өзiмдi танып жататындарға сөзiм өтедi. Кейбiр тiл бiлмейтiндерге бармаймын да. Тiл бiлмейтiн, әдебиеттi бiлмейтiндерге ештеңе айтпаймын да. Адамдық борыш атқарып жүрмiн ғой деп, өзiмдi-өзiм жұбатып жүрген жайым бар – Ал түптiң түбiнде Алматыға келу ойыңызда бар ма? – Олардың бәрi маған ыстық. Бiрге өскен ағаларымды, әдеби ортамды сағынам. Бәрiмiз өзiмiзге жайлы жерде жүре берсек, қалай болады? Кейде керек жерiнде де тұрған дұрыс қой. Елiм деп барып қалған соң, жаңағыдай iз қалса екен деп ойлаймын. – Ақынға өлең жазу үшiн жайлы орын керек пе? – Жайлы орын iздегем жоқ. Коммунизм құрам деп жүгiрген, бала баққан, сондай кезеңнiң өзiнде өлең жаздық. Өз басым жағдай таңдап көргенiм жоқ. Мен өлеңдi ас үйде де жазғам. Балаларым ойнап қоймасын деп, керуетiмнiң астына тығып қойып та жаздым. Осылай жүрiп өлең жазып келем.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА