Жаңалықтар

Бердiбек САПАРБАЕВ: МАҚСАТЫМЫЗ – КӨШI-ҚОНДЫ ЖҮЙЕЛЕУ

ашық дереккөзі

Бердiбек САПАРБАЕВ: МАҚСАТЫМЫЗ – КӨШI-ҚОНДЫ ЖҮЙЕЛЕУ

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi дайындап, Үкiмет пен Парламентте мақұлданған “Нұрлы көш” мемлекеттiк бағдарламасы қоғамда бiраз талқыға түскенi мәлiм. Бiз Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаевпен арнайы жолығып, осы бағдарламаны халыққа егжей-тегжейлi түсiндiрiп беруiн сұраған едiк.

ХАЛЫҚТЫҢ САНЫН КӨБЕЙТУ – БАСТЫ СТРАТЕГИЯМЫЗ

– Бердiбек Машбекұлы, Соңғы кезде “Нұрлы көш” бағдарламасы халық арасында кеңiнен талқыланды. Өзiңiз бас болып, оны былайғы жұртқа түсiндiру жұмыстарын да жүргiздiңiздер. Дегенмен, қарапайым оқырмандарға бұл бағдарламаның түсiнiксiз тұстары әлi де жеткiлiктi. Сол себептi де бiз түсiндiру жұмыстарын жүргiзудi мақсат тұтып отырмыз. Жалпы, бағдарламаның өмiрге келуiне не түрткi болды?

– “Нұрлы көш” бағдарламасына түрткi болған – Елбасы. Ол кiсi Оңтүстiк Қазақстан облысында iс сапармен болған кезiнде, Шымкент қаласының жанында тұрғызылып жатқан “Асар” мөлтек ауданында болды. Онда Өзбекстаннан көшiп келген жастарымыз өздерi өз қаржыларына “Ақ ордасы” деген корпорация құрған. Қаладан 300 гектар жер алған. Сол жерге 1700-ге жуық коттедж салынуда. Оншақты коттедж дайын. Оны салу үшiн олар өздерiнiң құрылыс индустриясын жасаған. Онда өздерiнiң зауыттарын ашқан. Құрылыс материалдарының барлығын өздерi жасап шығарады. Сондай-ақ, көкөнiс егiп, жылыжай салып, өз күндерiн өздерi көруге бекiнген. Елбасы осы мөлтек ауданына арнайы атбасын бұрып, жасалып жатқан iстермен танысқаннан кейiн, “осылардың iстеп жатқан жұмыстарын зерттеп, көшi-қон жөнiнде жаңа бағдарлама дайындаңдар, елiмiзге сыртта тұратын қандастарымызды көбiрек әкелу үшiн Үкiмет қандай жұмыс iстеуi керек? Келешекте ол жұмыс қандай бағытта дамиды? Осыны сарапқа салыңдар” деген тапсырма бердi. Сол тапсырмаға сай бiз осы “Нұрлы көш” бағдарламасын жасадық. Оның “Нұрлы көш” аталуының себебi, келген қандастарымыздың жолы нұрлы болсын, деген ниеттен туындап отыр.

– Бұл бағдарламаның артықшылықтары неде?

– Қазақстан тәуелсiздiгiн алғаннан берi миллионға жуық қандасымыз көшiп келдi. Дегенмен, әлi күнге дейiн баспана, жұмысқа орналасу, елге тезiрек сiңiп, халықпен араласып кетуге байланысты проблемалар жетiп артылады. Солардың барлығын зерттей келе, мемлекетiмiздiң демографиялық жағдайын жақсарту мақсатында, халықтың санын көбейту әрi өңiрлердiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайын дамытуды көздегеннен туындаған идея болатын. Қазақстанның экономикасы дамып келедi. Жылдан-жылға салынып жатқан құрылыс нысандары, өнеркәсiп орындары өсе түсуде. Оған бiздiң өз елiмiзде жұмыс күшi жетiспей жатыр. Әсiресе, кәсiби мамандар жетiспейдi.

Одан кейiн бұл бағдарлама шетелде жүрген қандастарымызды ғана емес, бұрын Қазақстанда тұрып, басқа мемлекетке кетiп қалған, қазiр қайтып келуге ниеттi адамдарды да қамтиды. Сонымен қатар, бiздiң iшiмiздегi бiр өңiрден екiншi өңiрге көшушi елдiң де жағдайын ескеремiз. Жалпы, Қазақстандағы iшкi және сыртқы көшi-қон үрдiстерiн бiр ретке келтiру үшiн туындаған бағдарлама. Мысалы, бiзде 2015 жылғы дейiн даму стратегиясы бар. Ауылды жерлердi дамытудың 2010 жылға дейiн жасалған бағдарламасы бар. Елбасының Жарлығымен бекiтiлген Көшi-қон тұжырымдамасы бар. “Нұрлы көш” бағдарламасы осылардың барлығының бiр бөлiгi. Негiзi бағдарламаны дайындау барысында осы бағдарламаларға сүйендiк. Соның негiзгi бағыттарын алдық. Ең негiзгiсi – осы бағдарламада қазiргi таңда елiмiздегi көшi-қон саясатындағы кемшiлiктердi жою көзделдi. Сондай-ақ, iшкi-сыртқы көшi-қонды бiр-бiрiнен бөле жармау. Ең бастысы – елiмiзге көшiп келуге ниеттi қандастарымыз бен отандастарымызға жағдай жасау.

– Негiзiнен қандастарымызды қай өңiрлерге әкелудi жоспарлап отырсыздар?

– Бiз барлық облыстармен жұмыс жасап жатырмыз. Облыс әкiмдерiнiң орынбасарларымен осы мәселемен айналысатын басқармалардың басшыларымен осы министрлiкте талай кездестiк. Үкiметте осы бағдарламаны мақұлдағаннан кейiн, бiздiң қызметкерлер ауылшаруашылығы, қаржы, бiлiм, денсаулық, индустрия министрлiктерiмен бiрге барлық облыстарда болды. Бiздiң болжамымыз бойынша, көшiп келушiлердi орналастыруға болады-ау деген елдiмекендерге бардық. Ондағы мақсатымыз, қандастарымызды елiмiзге әкелерден бұрын бiз олардың қайда тұратынын, қайда жұмыс iстейтiнiн, балаларының қай мектепке баратынын, қайда емделетiндiгiн зерттеп алу едi. Содан кейiн ғана оларды әкелуiмiз тиiс. Осы жұмыстардың барлығын аяқтауға жақын қалдық. Республика көлемiндегi елдiмекендердiң бәрiн зерттедiк. Қай жерге, қанша адам әкелетiндiгiмiздi анықтадық.

Келетiн азаматтардың барлығы квота негiзiнде болады. Қазiргi болжам бойынша, бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңiнде, келесi жылдан бастап үш жылдың iшiнде 60 мың отбасын алып келмекпiз. Оларды негiзiнен Солтүстiк облыстарға орналастыру көзделуде. Одан кейiнгi орында Орталық облыстар тұр. Себебi, келiп жатқан адамдардың көбi оңтүстiкке – Алматы, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облысы және Маңғыстау облыстарына барғысы келедi. Қазiргi таңда жұмыс күшiнiң жетiспей жатқан, экономика қарқынды дамып келе жатқан өңiрлер солтүстiк өңiрлер. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстiк Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе облыстарына адам ресурсы көбiрек қажет. Бiз қандастарымызды осы өңiрлерге көбiрек тартуымыз қажет.

Тағы бiр мәселе – қандастарымыз тұрып жатқан мемлекеттермен жұмыс жасау, ондағы елшiлiктер, қазақ мәдени орталықтары арқылы қазақтардың ахуалымен танысу. Келесi жылдың негiзгi жұмысы осы болуы керек. Бiз әрбiр мемлекетке барып, ол жақтан қанша отбасы келедi, қандай мамандықтары бар, қайда барып орналасатын болады, қандай жұмыс берiледi, осының бәрiн айқындап алуымыз шарт. Сөйтiп, келетiн адамдар алдын-ала қайда баратынын бiлiп алуы тиiс.

– Бағдарламаны қалай қаржыландырасыздар?

– Қаржыландыруы республикалық бюджеттен. Парламентте қаралып жатқан 2009-2011 жылдарға арналған бюджетте бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында тиiстi ақша қаралған.

Күнi бүгiнге дейiн мемлекеттiк көшi-қон квотасымен келгенде төленетiн төлемдер – жол шығыны, әкелген мүлiктерiне төленетiн кедендiк баж салығы, келгеннен кейiнгi берiлетiн жәрдемақы секiлдi көмектерiнiң бәрi сақталады. Алғашқы кезде баратын жерi болмаса, бейiмдеу орталықтарына орналастыру көзделуде.

Баспана мәселесiне келетiн болсақ, үй мемлекет тарапынан берiлетiн тұрғын үй несиесi арқылы салынады. Несиенiң өсiмақысы 4%-дан аспайтын болады. Бiздiң болжамымызша әрбiр отбасында екi кiсi жұмыс iстейтiн болса, (оларға жұмыс тауып беру көзделуде) олардың күнделiктi iшiп-жем және басқа да қажеттiлiктерiнiң сыртында ай сайын төлеп отыратын 4%-дық өсiмге жетедi деп отырмыз. Сондай-ақ, көшiп келудiң екi түрiн ойластырып отырмыз. Бiрi – шоғырландырып орналастыру, екiншiсi – қазiргi ауылдық мекендерге барып орналасу. Шоғырланып орналасатын елдiмекендердi де қарастырып отырмыз. Келетiндердiң 50%-ы шоғырланып орналасуға ықыласты. Ол жерлерге бiз мектеп, аурухана салып, негiзiнен барлық инфрақұрылымдарды жасауымыз керек. Жол, жарық және сумен қамтамасыз ету басты нысанада. Әрбiр елдiмекенмен жұмыс iстеп жатқандағы мақсатымыз осы. Жалпы, бұл бағдарлама келесi жылдан бастап жүзеге аса бастайтын болады. Әуелi “Асар” мөлтек ауданын бiтiруiмiз керек. Бiздiң жоспарымыз бойынша, онда ең кем дегенде 2000 отбасы орналасатын болады.

– Бiздiң мемлекетiмiздiң негiзгi мақсаты – халықтың санын көбейту. Соның iшiнде қазақтың санын көбейту. Бiз мына “Нұрлы көш” бағдарламасында “Отандастар” деген категорияны қосып отырмыз. Олар – 1991 жылы ел басына қиындық туған заманда отанын тастап кеткендер. Мен “Нұрлы көш” бағдарламасына орай, бiраз адамның пiкiрiн бiлген едiм. Олардың көбi отандастарға неге оралманмен бiрдей деңгейде мәртебе беремiз дегендi жиi сұрайды. Сондай-ақ, бұл кiсiлерге көрсетiлетiн жәрдемақы қандай болмақ?

– Бiздiң негiзгi стратегиямыз – Қазақстан халқының санын көбейту. Бұл кiсiлер түрлi себептермен Қазақстаннан көшiп кеткен адамдар. Олар сол мемлекеттердiң жағдайының ауыр екенiн, Қазақстанның болашағының алда екендiгiн түсiнiп, оның қадiрiн сезiнiп келемiн деп жатқандар. Оларды бiз қабылдауымыз керек. Оның үстiне бiз көп ұлтты мемлекетпiз. Бұдан да қиын сәттерде талай халықтың өкiлiне құшағымызды кең ашқан қазақпыз. Сондықтан да бiз бұл саясатымыздан танбауымыз керек. Қанымызға сiңген қасиетiмiз бен кеңдiгiмiз арқылы, елдiгiмiздi таныта бiлуiмiз керек.

Ал, бұл кiсiлерге көрсетiлер жеңiлдiктерге келетiн болсақ, қандастарымызға төленетiн жеңiлдiктен әлдеқайда өзгеше. Жолына, мүлкiн кеденнен баж салығынсыз шығаратын, жан басына төленетiн төлемақылардың ешқайсысы төленбейдi. Олар қажет деп тапса, бейiмдеу орталықтарына орналастырамыз, өсiмақысы төмен несие берiледi. Басқа ешқандай жеңiлдiктерге ие бола алмайды.

– Iшкi көшi-қонды реттеу мәселесi де көзделiп отыр ғой. Депрессивтi аймақтардан бақуатты ауылдарға көшiру және шекара аймақтарды халықпен толтыру негiзгi меженiң бiрi болып отыр. Алайда, бұл аудандар немесе елдiмекендер қаңырап бос қалмай ма? Оған өз аумағына сыймай отырған көршi мемлекеттер көз алартып жүрмей ме?

– Бiз бұл мәселенi де ескеретiн боламыз. Мәселен, Қостанай облысы шекара аумақ, оны бос қоюға болмайды. Екiншiден, ол жерлерге бiз өз қандастарымызды орналастырамыз. Шығыс Қазақстан облысына Қытайдан, Павлодарға Моңғолиядан, Қостанайға Ресейден келген ағайындар орналасатын болады. Iшкi көшi-қонға келер болсақ, мысалы, Қызылорда облысының Арал ауданындағы тұрғындар Жамбыл немесе Павлодар облыстарына қоныс аударуға ықылас танытса, бiз оларға көмектесуiмiз керек. Олардың жол шығынын төлеймiз. Өсiмi төмен несие алуына көмектесемiз. Басқа көмектер көрсетiлмейдi.

– Бағдарламадағы басты назар аудартатын бiр мәселе – бейiмдеу орталықтары. Қазiр Ақтауда салынып жатқандығынан хабарымыз бар. Осы орталықтардың тиiмдiлiгi қандай? Бұл қай елдiң тәжiрибесiне сүйенiп жасалып жатыр?

– Менiңше, бейiмдеу орталықтары керек. Әсiресе, Қытайдан, Ираннан және басқа елдерден келетiн қандастарымыз үшiн. Себебi, бiрiншiден, олар бiздiң алфавитiмiздi бiлмейдi. Екiншiден, Қазақстанның көп ұлтты мемлекет екенi айдан анық. Орысша сөйлейтiндер көп. Олар орысша бiлмейдi. Үшiншiден, заңдарымызды бiлмейдi. Осының барлығын тез үйренiп, сiңiсiп кету үшiн бейiмдеу орталықтары қажет. Қазiр барлық облыс орталықтарында ондай орталықтар бар. Бiрақ, олардың көбiсi – қазiргi талапқа сәйкес келмейдi.

Биылғы жылдың өзiнде үшеуiн салдық. Бiреуi – Қарағандыда, екеуi – Оңтүстiк Қазақстан облысында. Қазiр Ақтауда шетелдiк стандартқа сәйкес, құны 3 миллиард теңге тұратын жақсы орталық салып жатырмыз. Келешекте осындай тағы 5 орталық салатын жоспарымыз бар. Барлық облыстарға оны салудың қажетi жоқ. Мысалы, Жамбыл мен Қызылордада оның қажетi жоқ. Оларға негiзiнен Өзбекстан мен Түркiменстаннан қазақтар келедi. Олар бiздiң тiлiмiздi, заңымызды жақсы түсiнедi.

Израильдiң, Германия мен Польшаның тәжiрибелерiн зерттедiк. Менiңше, бейiмдеу орталықтары тiл мен заңды ғана үйретiп қоймауы керек. Сонымен бiрге, бiз келушiлердi мамандық пен кәсiпке үйретуiмiз керек. Бiздiң Ақтауда салып жатқан орталығымызда қосымша цехтары мен техникалық жабдықтары болады.

– Оралмандарды жұмыс күшi ретiнде пайдалану мәселесi “Нұрлы көш” бағдарламасында айтылған. Оралмандардың интеллектуалдық қуатын пайдалану iсi бiзде әлi дұрыс жолға қойылған жоқ. Сондай-ақ, көптеген мемлекеттердiң дипломдары бiзде жарамсыз. Сiздер шетелдiк мамандарды қалай пайдалануды жоспарлап отырсыздар?

– Өкiнiшке қарай, кейбiр басылымдарда “оралмандардың көбiсi масыл, бiлiмдерi таяз, олардан бiзге түсер пайда жоқ” деген пiкiрлер жиi кездеседi. Ол дұрыс емес. Бұл жөнiнде бiз кейiнгi кезде кейбiр басылымдар арқылы мәлiметiмiздi берiп келемiз. Орайлы сәттi пайдаланып, сiздерге де айтқым келiп отыр. Келiп жатқан оралмандардың орта бiлiмдi қоса есептегенде, 96%-ының бiлiмi бар. Екiншiден, келiп жатқандардың көбiсi зейнет жасындағы адамдар деген пiкiрдi де жиi естимiз. Бiрақ, бұл да жаңсақ айтылған пiкiр. Келушiлердiң 96%-ы жұмысқа жарамды адамдар. Оның iшiнде қазiр жұмыс iстейтiндер 56%. 40%-ы 18 жасқа толмаған жас жеткiншектер. Демек, бұлар бiздiң болашақ жұмыс күшiмiз.

Оның үстiне келген оралмандардың арасында 60-қа жуық ғылым докторы, 300-ге тарта ғылым кандидаты бар. Осы интеллектуалдық қуатты пайдалану мәселесiн бiз қолға алып жатырмыз. Елбасының берген тапсырмасы бойынша, шетелде жүрген бiлiмдi азаматтарымызды тартуымыз керек. Қазiр бiз Дүниежүзi қазақтары қауымдастығымен бiрге жұмыс iстеп жатырмыз. Әрбiр мемлекеттегi қазақ мәдени орталықтары арқылы, ондағы бiлiмдi қазақтарды, әсiресе жастарды тауып, оларды елге әкелудi көздеудемiз.

Ал, дипломға келетiн болсақ, бiз бұл тарапынан Бiлiм және ғылым министрлiгiмен жұмыс жасаудамыз. Тәртiп бойынша, Бiлiм министрiнiң қасында комиссия бар. Келген адам дипломын сонда өткiзедi. Комиссия дипломды сараптан өткiзiп шешiм қабылдауы тиiс. Негiзiнен келiп жатқандар арасынан жарамсыз деп табылған диплом жоқ.

– Келiп жатқандардың арасында 4% зейнеткерлер бар екенiн айтып өттiңiз. Көптеген зейнеткерлер өздерiнiң зейнетақысының төмен екендiгiн айтып шағынады.

– Әрбiр мемлекеттiң зейнетақы туралы өзiнiң заңы бар ғой. Қазақстанның да зейнетақы төлеу жайында заңы бар. Егер, Қытайдан келген адамның Қытайда алатын зейнетақысын сақтауымыз үшiн немесе Қытайдағы алған жалақысына сәйкес зейнетақы төлеу үшiн Қытай мен Қазақстан арасында келiсiм-шарт болуы керек. Өкiнiшке қарай, қазiргi таңда осы мемлекет арасында арнайы келiсiм-шарт жоқ. Бiз бiр емес, екi рет Сыртқы iстер министрлiгi арқылы Мемлекеттiк келiсiм-шарттың жобасын жiбердiк. Бiрақ, әлi олар жағынан ешқандай жауап жоқ. Осы мәселенiң шешiмiн тездету мақсатында елшiлiк арқылы шықтық. Бұндай келiсiм-шарт болмаған жағдайда бiздiң заңымызға сәйкес ол кiсiлер ең төменгi зейнетақы алады.

– Ресейде “Русская карта” деген заң жобасы қаралып жатыр. Онда шетте жүрсе де, үштен көп бала туған әрбiр орыс және орыстiлдi азаматтардың балаларына жәрдемақы төлеу мәселесi қарастырылған.

Ал, шетте жүрсе де қазақ мүддесi үшiн қызмет етiп жүрген адамдар болады. Қазақ музыкасын зерттеген, рухани мұрасын жинаған, әдеби еңбектер жазған. Соларға Атамекенiне оралғаннан кейiн дербес зейнетақы тағайындауды қолға алуға болмас па екен?

– Сыртта жүрсе де қазақ мүддесiне жұмыс iстеген адамдарға дербес зейнетақы төлеу туралы бiздiң заңда қарастырылмаған. Бұны бiз келешекте ескеруiмiз керек. Мәдениет және ақпарат министрлiгiмен бұл мәселенi бiрлесiп шешуге болады. Сонымен қатар, кәсiпкерлiктiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi дегендi пайдалануымыз керек. Екiншi кезекте заңға өзгерiс енгiзуiмiз керек.

– Шетелдiк қандастарымызға арналған екi пайыздық бiлiм квотасы бөлiнедi. Алайда, соңғы жылдардағы тәжiрибе көрсетiп бергенiндей, бұл сан өте аздық етедi екен. Олар шетте жүрген, қазақ мемлекетiнде бiлiм алғысы келетiн дарынды балаларға мемлекеттiк бiлiм грантын бөлдiрiп берсе деген тiлек айтады. Олар кейiн атажұртында қалып, барлық ынта-жiгерiн осында арнамақшы.

– Бұл мәселенi де егжей-тегжейлi зерттеу қажет екен. Бiлiм және ғылым министрлiгiмен жұмыс жасай отырып, оның да оңды шешiлуiне ықпал ететiн боламыз.

– Қазақтың шетте қалған рухани мәселелерiн пайдалану, әдеби-рухани мәселелердi ел игiлiгiне жарату жағына қалай көңiл бөлуге болады?

– Бұл мәселемен Мәдениет және ақпарат министрлiгi айналысады. Бiрақ, бiз де осы мәселенi қолға алуымыз керек. Қазiр мен құзырлы органдарға осыған орай тапсырма бердiм. Келешекте бұл жұмыс та шешiмiн тауып қалар деген ойдамын.

– Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрiсiз. Алайда, “Нұрлы көш” бағдарламасымен айналысқаннан берi “Көшi-қон министрi” секiлдi әсер қалдырып жүрсiз. Сiздiңше, көшi-қон мәселелерiн реттейтiн арнайы министрлiк қажет пе?

– Мәселе – арнайы министрлiктiң болуында емес. Жеке министрлiк жасауға болады. Алайда, ол ештеңе бiтiрмесе, одан не пайда? Мәселе – көшi-қон проблемаларын түбегейлi шешуге ат салысуда. Менiң мақсатым, бiздегi көшi-қон комитетi арқылы осы мәселелермен айналысу. Егер, “Нұрлы көш” бағдарламасының жүзеге асуына тек бiздiң министрлiк ғана емес, сондай-ақ, бұған құзырлы барлық мемлекеттiк органдар жұмылдырылатын болса, жергiлiктi әкiмшiлiктер мен сырттағы елшiлiктер бiрлесе жұмыс iстейтiн болса онда ол нәтижелi болады.

“Нұрлы көш” бағдарламасы республикалық деңгейде қабылданды, ендi әрбiр облыстың, ауданның ерекшелiгiн ескере отырып, жеке-жеке бағдарламалар жасалуы тиiс. Осыған орай, ақпараттық бағдарлама қабылдауымыз керек. “Нұрлы көш” бағдарламасы жұмыс iстеуi үшiн ақпараттық-талдау және түсiндiру жұмыстарын көбiрек атқаруымыз керек.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘРБIР ТҰРҒЫНЫ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI МЕҢГЕРУГЕ МIНДЕТТI

– Мен сiздiң министр ретiнде емес, азамат ретiнде пiкiрiңiздi бiлгiм келiп отыр. Жалпы, Қазақстанға қазақтардың көптеп келiп жатқаны өзге ұлт өкiлдерiн қорқытатын тәрiздi. “Қазақстан – қазақтардың мекенi болып кетедi” деген үрей байқалады. Сiздiң ойыңызша, бiздiң қоғамда “қазақстандық ұлт” жасақталуы керек пе? Жоқ, қазақ ұлтының төңiрегiнде өзге ұлт өкiлдерiнiң топтасқаны жөн бе?

– Бiрiншiден, Қазақстан мемлекетi болғандықтан, Президент айтқандай, ең негiзгiсi – қазақ ұлты. Мемлекет басшысы басқа ұлттарды осы қазақ ұлтының төңiрегiнде топтасуға шақырып отыр. Сонда ғана бiз алға жүре аламыз. Ал, тек қана қазақтың мүддесiн ескеруiмiз керек десек, ол да дұрыс емес. Бiздiң жерiмiз ұлан-ғайыр екенi мәлiм. Iшкi-сыртқы рынокты игеру үшiн, әлемдегi бүкiл қазақты жинап әкелсек те, халық саны аздық етедi. Сырттағы қазақ пен iштегi қазақты қоса есептегенде, 15 миллион қазақ бар. Сол себептi де, басқа ұлттарды өз ұлтымыздың төңiрегiнде топтастыра отырып, өз мемлекетiмiздi жасауымыз керек.

– Бiрақ, мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi болуы керек қой?

– Ол тек Қазақстанға ғана тән мәселе емес. Қай мемлекеттi алып қарасаңыз да, мемлекеттi құраушы ұлттың тiлi мемлекеттiк мәртебеге ие бола алады. Қай мемлекет болсын, өз ұлтының құндылықтарын дамытуға мүдделi. Сол құндылықтардың бiрi – тiлi. Бiзде “Қазақстанның мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi” деген арнайы заңымыз бар. Мемлекеттiк тiлдi дамытуымыз керек. Елбасы айтқандай, әр Қазақстанның азаматы кемiнде үш тiлдi меңгеруi керек.

– “Тiлдердi дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы” бойынша, Қазақстанда ресми iс қағаздарын 2010 жылы мемлекеттiк тiлге көшiру жоспарланған. Сiз басқарып отырған министрлiк iс-қағаздарын қай тiлде жүргiзедi?

– Егер, бiз Қазақстанда қазақ тiлi мемлекеттiк тұғырға тезiрек көтерiлсiн десек, әрқайсымыз бұны өз отбасымыздан бастауымыз керек. Әрбiр қазақ өзiнен бастауы тиiс. Өзi қазақша бiлуi тиiс, балаларын қазақ мектебiнде оқытып, отбасылық тiлi қазақ тiлi болуы керек. Бұл менiң – азаматтық позициям. Айта бергеннен ештеңе өнбейдi.

Бiздiң министрлiк негiзiнен қазақша келген құжаттардың барлығына қазақша жауап қайтарады. Бiз келесi жылдан бастап, iс-қағаздарын қазақ тiлiне толығымен көшiрмекпiз. Қазiр де құжат айналымының көбiн қазақ тiлiне көшiрдiк. Жиналыстарды да қазақша өткiзуге тырысамыз. Бiрақ, арамызда әлi де қазақ тiлiн бiлмейтiндер, өзге ұлт өкiлдерi бар. Сондықтан, мемлекеттiк тiлге iс-қағаздарын өткiзу үшiн тағы аз уақыт керек. Келешекте барлығы мемлекеттiк тiлдi бiлетiн болады, заман талабы солай. Ал, ең негiзгiсi бұны әрбiр тұрғын түсiне бастады. Кеңес үкiметi кезiнде бiз орыс тiлiн бiлуге мәжбүр болдық қой. Сол секiлдi Қазақстанда тұрғаннан кейiн, әрбiр адам қазақ тiлiн меңгеруге мiндеттi.

– Бiлiм және ғылым министрi Қазтест жасап шығарды. Болашақта қызметкерлерiңiздi осы тест арқылы қабылдайтын боласыздар ма?

– Бiз соған орай, мемлекеттiк тiлдi бiлуi керек деген мамандықтардың тiзiмiн жасап жатырмыз. Барлық мемлекеттiк органдар оған қатысады. Бiз сол тiзiмдi жасап аяқтап қалдық. Премьер-министр басшылық ететiн мемлекеттiк комиссия ол тiзiмдi қарап, бекiткеннен кейiн, Үкiмет пен Парламенттiң қарауына жiберiледi. Бұл тiзiм заңдастырылғаннан кейiн, оны бiз хабарлаймыз. Онда “мынандай мамандықтар үшiн мемлекеттiк тiлдi бiлу мiндеттi” делiнетiн болады. Бiрақ, оны бiрден жүзеге асыруға тағы болмайды. Ол да кезеңмен iске асуы керек. Мысалы, мынандай мамандыққа жарты жылдан кейiн немесе бiр жылдан кейiн мемлекеттiк тiлдi меңгерген азаматтар қабылданады деймiз. Екiншi, қазiр жұмыс iстеп жүрген өзге ұлт өкiлдерi бар. Оларды мемлекеттiк тiлдi бiлмегенi үшiн жұмыстан шығарып жiберуге тағы болмайды.

– Рахмет.

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ