Мұрагер САУРАНБАЕВ: ӨЗIМДI ДОМБЫРАШЫМЫН ДЕП ҚАНА ЕСЕПТЕЙМIН”
Мұрагер САУРАНБАЕВ: ӨЗIМДI ДОМБЫРАШЫМЫН ДЕП ҚАНА ЕСЕПТЕЙМIН”
Жастарымыз батыстың рок және поп музыкасына елiктеп жүрген мына заманда, қолына домбыра алып күй өнерiн дәрiптеп жүрген жастар саусақпен санарлықтай. Қос iшектi домбыраны жанына серiк етiп жүрген Мұрагер Сауранбаев 9-сыныпта Голливудты тамсандырған жас дарын. Мұрагер де Нұрғиса Тiлендиев аға сияқты солақай күйшi. Сонымен қатар, ол ҚМЭБИ университетiнiң, Құрманғазы атындағы консерваторияның студентi, “Жас Отан” жастар қанатының Алматы қалалық филиалының директорының орынбасары. 28 қарашада Мұрагердiң “Атадан мұра” атты шығармашылық кешi өтетiнiн естiп, жас дарынмен жүздескен едiк.
– Мұрагер күйшiлiк өнерге қалай келдiң? – Үйде домбыра бар едi. 3-4 сыныптарда сол домбыраны қолыма алып тартып үйрендiм. Содан кейiн қызығушылығым оянап, Тараздағы музыка мектебiнде бiраз оқыдым. Алматы қаласына жанұямызбен көшiп келген соң, Алмалы ауданындағы балалар шығармашылық үйiрмесiне қатыстым. Осылай домбыраның қыр-сырын үйрендiм. Көп ұзамай “Көкiл” мектебiне қабылданып, күйлердi орындауды кәсiби деңгейде меңгере бастадым. – “Ұлытау” тобынан кейiн Голливудты сен тамсандырдың. Шетелде бағыңды сынап көру оңай болмаған шығар? – Голливудтағы орындаушылар байқауына қатысқан кезiмде домбыра тартуды кәсiби деңгейде орындағаныма 2-3 жыл болған едi. Қазақстаннан бишiлер, әншiлер күйшiлер қатысу керек болды. Домбырада орындаушы ретiнде менi сайлады. Ол кезде мен ағылшынша бiрауыз сөз бiлмеймiн, оның үстiне шетелге алғаш шығуым болғаннан соң бiраз қобалжу болды. Дегенмен, бұл байқаудан кейiн қазақтың қара домбырасын одан әрi тереңiрек меңгергiм келiп, қызығушылығым одан әрi арта түстi. Шетелге қазақта домбырадай ғажайып аспап барын, сол аспапта ешбiр ұлтта жоқ күй атты сыры терең шығармалар орындалатынын көрсету мен үшiн үлкен мақтаныш болды. – “Атадан мұра” атты шығармашылық кешiң алғашқысы ма, әлде бұған дейiн шығармашылық кеш өткiзiп көрдiң бе? – “Көкiл” мектебiн тәмамдаған жылы ұстаздармен достарыма деген құрмет ретiнде және Әмiре Қашаубаев атындағы мектептiң 70-жылдығына орайластырып Ықылас атындағы ұлттық аспаптар музейiнде кiшiгiрiм концерт өткiздiк. Ал “Атадан мұра” университет бiтiруiме орай есеп беру ретiндегi шығармашылық кешiм болмақшы. – Жасарал ағамыз күй өнерiне қазiргi заманға сай “Дэкко” бағытын енгiздi. Өзiңнiң орындауларыңда осы бағыт бар ма? – Шетел музыкаларын әрлеп домбыраға сәйкестендiрсе және оны эстрада жанрында орындаса қазiргi жас тыңдармандарға жағымды естiледi. Ал аға-апаларымыз дәстүрлi күйдi тыңдағанды жөн көредi. Сондықтан дәстүрлi күйдi де, түрлi аранжировкалар жасалған жаңа бағыттағы күйлердi де орындауға тырысамын. – Шығармашылық кешiңнiң “Атадан мұра” деп аталу себебi неде? – Бiрiншiден, “Атадан мұра” – өзiм пiр тұтатын Нұрғиса Тiлендиев ағамыздың күйi. Екiншiден, ата-бабамыздан келе жатқан күй атты өлмейтiн мұраны әрi қарай жалғастырып, дәрiптеп жүрейiк деген оймен концерт осылай аталды. – Бұл концерт басқа өнер кештерiнен несiмен ерекшеленедi? – Концертке “Отырар сазы” ұлттық аспаптар ансамблi, сонымен бiрге менiң өнердегi ұстаздарым, достарым қатыспақшы. Концерт өзiм қызмет етiп жүрген “Жас Отан” жастар ұйымының халықтық дәстүрдi насихаттау бағдарламасы аясында өткiзiлмекшi. Күйдi тыңдауға әуес барлық өнерсүйер қауым концертке тегiн кiре алатынын айта кетсем деймiн. – Әншi болсын, мейлi күйшi болсын, қазiр жастар сахнада бiр рет жарқ етсе болды өздерiн “жұлдыз” санайды, емделмейтiн жұлдыз ауруына шалдығады. Өзiң шоу-бизнесте белең алған осы “сырқатқа” қалай қарайсың? – Өзiмдi әлi “жұлдызбын” деп есептемеймiн. Тек қос iшектi домбыраны жаныма серiк тұтып, күй өнерiн ары қарай дамыту – басты арманым. – Негiзi бiз күй шығаратын адамды күйшi деп атаймыз. Ал күйдi орындаушы адам домбырашы немесе орындаушы болу керек деген пiкiрлердi жиi естимiз. Осы пiкiрге қалай қарайсың? – Иә, ол дұрыс, күйдi шығаратын адам күйшi атанады. Ал күйдi орындайтын адам орындаушы атанады. Көптеген ағаларымыз күйдi орындаушы адамды да күйшi деп атау керек деп жатады. Мен өзiмдi күйшi емес, домбырашымын деп қана есептеймiн. – Әңгiмемiздi елiмiздiң жастар саясаты турасында жалғастырсақ. Жастар саясатына өзiң де араласып жүрсiң. Қазiргi кезде аға буын өкiлдерi жастар ұлтжанды емес деп кiнә артып жатады. Өзiң белсендi мүшесi болып табылатын “Жас Отан” осы орайда қандай iс-шаралар атқарып жатыр? – Өзгелерге патриоттық сезiмдi дәрiптеместен бұрын өзiмiз патриот болуымыз керек деп ойлаймын. Жастардың бәрiне бiрдей патриот емес деп тас лақтыру да қиянат. Бiздiң “Жас Отанда” елiм, жерiм деген ұлтжанды азаматтар баршылық. Бiрақ орысша былдырлап жүрiп, тек батыстық үлгiнi өзiне шамшырақ еткен жастар табылады, өкiнiшке қарай. Барынша ұмтылып, жастардың бойында елiне, жерiне деген құрмет сезiмiн, сүйiспеншiлiгiн арттырғымыз келедi. Бiздiң шалқар теңiзге құйған титiмдей тамшымыз iспеттес қой. Жалпы жастардың бойында патриоттық сезiмдi ояту үшiн бiр ұйым емес, барлық қоғам болып жұмыс атқаруымыз керек. – Жастар саясатына белсендi араласуыңа қарағанда, болашақта саясаткер атануың да ғажап емес сияқты, жоқ әлде сен домбыраңды ғана жаныңа серiк етiп, күй өнерiн одан да тереңiрек дамытуға ұмтыласың ба? – Саясат атты әлемнiң қыр-сырын бiлуге қызығушылығым туғандықтан жастар саясатына белсендi араласып жүрмiн. Болашақта елiмiздiң мәдениетiне, саясатына өзiндiк үлесiмдi де қосқым келедi. Дегенмен домбыраны әрқашан өзiммен бiрге алып жүремiн. Қолымнан тастамаймын. – Өзiңдi үйреткен ұстаздарды да естен шығаруға болмас…. – Ұстаздарыма деген құрметiм шексiз. Ұстаздар болмаса, жаңа шәкiрттер өсiп жетiлмес едi. Күй өнерi тоқтап, тоқырар ма едi, бәлкiм?! Ең алғаш қолыма домбыра ұстатып күй әлемiне ендiрген Райқұл Молдыбековке, “Көкiл” мектебiнде дәрiс берген Гүлжанат апайға шексiз ризамын. Ал қазiргi таңда Айгүл Үлкенбаевның студиясында тереңдетiп дәрiс алып жатырмын. Адамның үйренерi өмiр бақи таусылмайды ғой… – Әңгiмеңе рақмет. Шығармашылық кешiңнiң сәттi өтуiне тiлектеспiз. Әңгiмелескен Әйгерiм ДОСЫМ