Жаңалықтар

“Ана тiлi” аруы - 2008”: СҰЛУЛАР СЫНЫ

ашық дереккөзі

“Ана тiлi” аруы - 2008”: СҰЛУЛАР СЫНЫ

Өткен аптада Мемлекеттiк қуыршақтар театрында “Ана тiлi аруы” – 2008 байқауының ақтық сайысы өттi. Қазақтың биязылығы мен салт-дәстүрiн бойларына дарытқан 30 сұлу бойжеткеннiң iшiнен сыннан сүрiнбей өткен сегiзi ақтық сында бақ сынасты.

Биыл алтыншы рет өткiзiлген бұл байқауға қатысушылардың тек сұлулығы мен сыртқы пiшiнi ескерiлетiн басқа байқаулардан ерекшелiгi көп-ақ. “Қызға қырық үйден тыйым” болмай тұрған мына заманда қазақ аруы деген атына заты сай қыздар бағын сынайтын мұндай байқау елiмiзде жоқтың қасы екенiн де мойындау керек. Содан болар “Ана тiлi аруы” исi қазақ қауымының қолдауына ие. Бұл жолғы “Ана тiлi аруына” әдеттегiдей бүкiл Қазақстанның емес, әсем қала Алматының жоғары оқу орындарының студенттерi және мектеп оқушылары қатысты. Қарашаның 11-iнде 30 ару iрiктеу кезеңiне сақадай сай дайындықпен келдi. Әрбiр кезеңде сұлулар бар ынтасымен өз өнерлерiн ортаға салды. Мәселен, таныстыру кезеңiнде қыздардың сөз саптауларына қарап таң қалдық. Әлбетте оларды керемет ақын дей қою қиын, дегенмен “құйынды сөзден, құнарлы ой түйген” сөзге шешен қазақтың қыздарының сөз саптаулары осындай болу керек. Ал байқаудың екiншi кезеңiнде жанары, жаны жаздай қыздарымыздан әдемi әншi, бiтiмi келiскен бишi, ешқандай жасандылығы жоқ актриса шығатынын аңғардық. Байқаудың ең қызықты сәттерi үшiншi кезеңде болды. Үшiншi кезеңнiң талабына сәйкес арулар қазақтың әрбiр салт-дәстүрiнен миниатюралық көрiнiс көрсетуi тиiс едi. “Жар-жар”, “Беташар”, “Тұсау кесу”, “Бесiкке бөлеу” сияқты ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерiмiздi көргенде тура бiр ауылдағы той-домалақта отырғандай сезiндiк өзiмiздi. Әрине байқаудың кемшiлiктерi де болмады емес, болды. Мәселен шешушi кезеңде мақал-мәтелдiң жалғасын таба алмай аруларымыз iркiлiп, жаңылып қалған сәттер болды. Дегенмен бұл сайыстың балы есептелмегенiн әдiл-қазылар iрiктеу кезеңiнiң қорытындысын жариялау барысында атап өттi. Мiне, осындай сынақтардан өткен аруларымыздың iшiнен 8 қыз ақтық сынға өттi. Олардың iшiнде Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының, Қыздар Педагогикалық университетiнiң, Қазақ-Британ техникалық университетiнiң, Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттерi бар. Байқаудың ақтық сыны және гала-концертi 12 қарашада өттi. Екi күн бойы қуыршақтар театрын қазақ салт санасының көрмесiне айналдырған байқау нәтижесiнде жүлделi үшiншi орын Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттерi Шолпан Смайылова мен Нұршат Аралбай және Қазақ-Британ техникалық университетiнiң студентi Сәния Жорабековаға бұйырса, екiншi орынды Қыздар Педагогикалық университетiнiң студентi Ақбөпе Мүсәпiрова және Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студентi Гүлбаршын Өнiмбай иемдендi. Ал бiрiншi орын Қыздар Педагогикалық университетiнiң студентi Кәмшат Жолдыбаеваға бұйырды. Ал Құрманғазы атындағы консерваторияның студентi Бибiгүл Сауытова 2008 жылдың “Ана тiлi” аруы атанды.

Мiне, осылай дәстүрлi “Ана тiлi аруы” байқауы өз мәресiне жеттi. Қазақтың дiлi мен тiлiн, салт-санасы мен дәстүрiн, мәдениетi мен нақышын насихаттайтын байқауға “Тұран Әлем Банкi” АҚҚ және Қазақстан Республикасының Парламент мәжiлiсiнiң депутаты Нұртай Сабилянов демеушiлiк еткенiн де атап өткен жөн.

Әйгерiм ДОСЫМ