Жаңалықтар

kaspi bank: “ТАБЫСҚА БIРГЕ ЖЕТЕЙIК!”

ашық дереккөзі

kaspi bank: “ТАБЫСҚА БIРГЕ ЖЕТЕЙIК!”

Қаржыгерлер күнi мерекесiнiң қарсаңында kaspi bank-iнiң топ-менеджментi өзiнiң жаңа брендiн ұсынып, ұстанатын басты қағидалары мен банктi дамыту жоспарларымен бөлiстi.

Қазақстанда ғана емес, ТМД аумағы брйынша заманауи әрi соны жаңалық болып табылатын kaspi bank қазақ тiлiндегi “Каспий банкi” деген түбiрмен астасып жатыр. Осыдан екi жыл бұрын банкке халықаралық “Бэринг Шығыс Кэпитал Партнерс” тiкелей инвестициялау қоры арқылы халықаралық инвесторлар қаржы салды. Жаңа басқару командасы айқындалып, ең үздiк технологиялар енгiзiлдi. Қазақстандық қаржы нарығында күштiлер қатарынан көрiнетiн және алғашқы ондықтағы Каспий банкi 400 млн. доллардан астам қаражат тартып, жаңа бизнес-үлгi мен жалпыхалықтық бiрегей өнiмдер ұсынылды. Жаңа брендке ие болған kaspi bank ұжымы өзгерiс енгiзбес бұрын жаңа атауды киленттер қалай қабылдайды деген мәселенi де егжей-тегжейлi зерттеген көрiнедi. Келешегiнiң жарқын болатынына және өсiп-өркендей беретiнiне сенiмдi kaspi bankтiң басшылары да жас, жаңашыл, iзденiмпаз әрi iскер. “Соңғы 2 жылда бiз банк технологиясының өзгеруiне және жаңа өнiмдер әзiрлеуге 10 млн. доллардан астам қаржы инвестицияладық” деп мәлiмдеген kaspi bank Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе осы аптада көпшiлiкке арналған револьверлiк несие картасын iске қосатындықтарын жеткiздi. Бұл өнiмнiң тиiмдiлiгi сол, өтеу кестесi ыңғайлы әрi ай сайынғы төлемi аз.

kaspi bankiн әлемдiк қаржылық дағдарыстың дауылы да қорқытпайды. Өйткенi, Каспий банкiне сенiм артатын халықаралық инвесторлар қатары едәуiр артқан, клиенттер саны 1,5 есеге көбейген, бөлшектi депозиттер өсiмi қазақстандық банктер арасында ең жоғарғы көрсеткiш боп табылады: 12 ай iшiнде 40 пайызға жуық. 2008 жылдың басынан берi қарапайым азаматтар мен шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiне 250 мыңнан астам несие берген: “Бiздiң стратегиямыз қарапайым қазақстандықтардың тұтынушылық қажеттiлiктерiне негiзделмек. Тiптi, банк атауының өзi кiшi әрiптермен жазылуы клиентпен қарым-қатынас жасауда кiм басшы деген мәселе туындамайды” деп ағынан жарылған kaspi bank Директорлар кеңесiнiң төрағасы Вячеслав Ким клиенттерге қызмет көрсетуде қарапайымдылық мәселесi аса маңызды екендiгiн айтады.

Уақыт өткен сайын құлашын кеңге сермеп келе жатқан kaspi bank ұжымы өткен аптада Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы Орталық стадион ғимаратының жанынан (Абай даңғылы, 46) заманауи технологиямен жабдықталған жаңа қызмет көрсету залын салтанатты түрде ашты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ