Жаңалықтар

АУЫЛЫМ — АЛТЫН БЕСIГIМ

ашық дереккөзі

АУЫЛЫМ — АЛТЫН БЕСIГIМ

Елге барсам, Жамбыл облысындағы Жамбыл ауданы тұрғындары ауданның 80-жылдық мерейтойына қауырт дайындық жасап жатыр екен.

Зымырап өтiп жатқан күндер мен жылдар десеңшi! Сәл де болса артқа қарай ой жүгiртсем, аудан құрылған жылдары қазiргi ақ шашты әжелер мен асқар таудай аталар, кезiнде 12-13 жастағы жеткiншектер екен. Сол елдiң топырағында өмiрге келген мен де, мiне, 70-тi алқымдап қалыппын. Соғыстың ар жақ бер жағында өмiрге келген менiң замандастарымның аса қиын және күрделi кезеңдердi басынан кешкендерi белгiлi. Бүгiнгi сол ағаларынан үлгi алған жастар қандай тамаша десеңшi. Әсiресе, ислам дiнiнiң нәрiн бойына сiңiрген, адал қызмет атқарудың символы болып жүрген жастарға ардагер аға-әжелердiң алғысы шексiз. Бiрақ мысал, сол ауданның түлегi, Алматы тұрғыны Қырықбаев Арқабек атты азамат бiрнеше елдi-мекендi қамтитын мешiт салып, жасөспiрiмдердi имандылыққа шақырып, жанынан медресе ұйымдастырып бердi. Бiрнеше гектар жердi жабдықтандырып, сумен қамтамасыз етiп монша, балабақша салып берiптi. Бүгiнде аудан әкiмi Дүйсенбаев Махамбет басқаратын ауданның күн өткен сайын гүлденуiн, көркеюiн көргенде тұрғындардың көкiрегiн қуаныш кернейдi. Анда-санда елге барғанда аудан тынысын өз кеудемнiң тынысындай, өз жүрегiмнiң тықылдаған соғысындай қабылдап барлық өзгерiстерiн ой елегiнен өткiзiп жүрем.

Ел-жұрт бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып “жұмыла көтерген жүк жеңiл” деген қағиданы ұран тұтып, белгiлi деңгейдегi жетiстiктермен мерейтойға дайындалып жатқан қарқындары осы қанатты сөздердiң кепiлi iспеттi. Тарихы терең өзi әсем, өзi тамаша Аса өзенiнiң жағасында орын тепкен елдi-мекендер тұрғындары бақытты, келешегi жарқын! Әлемге әйгiлi, аты шулы Ұлы Жiбек жолы осы топырақпен өзендi басып өткенi баршаға мәлiм бiр ғанибет емес пе?! Ары, берi өткен сансыз керуендер осы топыраққа тағзым етiп, өзен суынан қанша рахат, ләззат алғаны не тұрады?! Осы өңiрдiң “Әулие-Ата” деген аты кiмнiң болса да жүрегiн тебiрентпей қоюы мүмкiн емес. Әлде бiреулер: “Қай жақтан қызысың?” деп сұрай қалса, мен: “Әулие-Ата топырағынанмын!” — деп үлкен ықыласпен шаттана жауап қатамын.

Ел басқарған Ер-азаматтар әрқаша амандықта, үлкен iс-шараларға мұрындық болып, халқын табыстан табысқа жетелей берсiн!

Өзифа Жатқанбайқызы, “Мемлекеттiк тiлге құрмет”

бiрлестiгiнiң хатшысы