ЖЕТIСУДА ҚҰС ФАБРИКАСЫ АШЫЛДЫ
ЖЕТIСУДА ҚҰС ФАБРИКАСЫ АШЫЛДЫ
Өткен аптада ТМД-да теңдесi жоқ, жылына 29 мың тонна сапалы әрi бiрден тұтынуға дайын өнiм шығаратын, 126 гектар жерге орналасқан “ҚазРосБройлер” құс фабрикасының тұсауы кесiлдi. Жетiсу жерiнiң шалғайдағы аймақтарының бiрi болып саналатын Ұйғыр ауданында тұрғызылған құс фабрикасының iске қосылуына арналған салтанатты рәсiмге ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң орынбасары Марат Оразаев пен Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов қатысты.
Салтанатты рәсiмдi ашқан аудан әкiмi Қ.Омаров Елбасы тапсырмасына орай елiмiзде халықтың бiрiншi кезекте тұтынатын өнiмдерiн шығаратын отандық өндiрiс орындары көптеп iске қосыла бастағанын, соның бiрi – осы шалғай ауданда бiрнеше жыл бойы тұрғызылып, бүгiн толыққанды пайдалануға берiлiп отырған құс фабрикасы екенiн айта келе, жалпы ауданның әлеуметтiк-экономикалық жағдайына тоқталды. Қазiргi кезде ауданда жергiлiктi мүмкiндiктердi толыққанды пайдалану және сол арқылы елдiң бiрiншi кезектегi мұқтаждықтарын қамтамасыз ету үшiн үлкен iстер атқарылып жатқан көрiнедi. Осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталған аудан басшысы облыс әкiмiнiң тиiмдi бастамасы арқасында Жетiсу жерiнде ауыл шаруашылығы дамуда екенiн, оның iшiнде қайта өңдеу саласының қарқын алып отырғанына назар аудара келе, салтанатты рәсiмнiң алғашқы құттықтау сөзiн облыс әкiмi Серiк Үмбетовке бердi. Ауыл шаруашылығының қыр-сырын өте жақсы бiлетiн облыс басшысы осы саланы өркендетудi табысты жалғастыра бiлсек, экономикалық дағдарыстың бiздiң аграрлы облысқа керi әсерi аз болатынын дәлелдi түрде айтып өттi. – Осыдан бiраз бұрын бiр күнде Алматы облысында екi бiрдей су электр стансасының тұсауы кесiлдi. Ақсу ауданында көршi Қытай елiнде кеңiнен қолданылып, өзiн-өзi ақтап отырған технологиямен жұмыс iстейтiн жылыжайлардың ашылғанына аптадан ендi асып едi, күнi кеше осындай жылыжайлар Панфилов ауданында да өз жұмысын толыққанды бастады. Ондағы жұмыспен танысуға облыстағы барлық қалалар мен аудандардың басшылары, ауыл шаруашылығының және тағы басқа салалардың басшылары шақырылды. Ондағы мақсат – тәжiрибе алмасу, үйрену. Амандық болса, сондай өнiмдiлiгi мол, технологиясы қарапайым жылыжайларды облыстың барлық аудандары мен қалаларында тұрғызамыз және соның арқасында сырт елдерге, басқа облыстағы көкөнiс тәуелдiлiгiнен құтыламыз. Өздерiңiзге мәлiм, бiздiң елде ет мол дегенiмiзбен, бағасы басқаларға қарағанда арзандау, ал, денсаулыққа пайдасы мол құс етiне деген сұранысты толық қанағаттандыруға әлi қолымыз жетпей келе жатыр. Әзiрге қандай жағдайда өсiрiлiп, дайындалғаны белгiсiз, сапасы күмәндi шетелдiк өнiмдердi тұтынып келгенiмiз де шындық. Сол күмәндiлiктен арылып, экологиялық жағынан қауiп төндiрмейтiн, сапасы да жоғары құс етiн молынан шығарудың алғашқы адымдары сәтiмен аяқталып отыр. Бүгiнгi мынау әрi құс етiн дайындаудың құсты өсiруден бастап, сойып, сатуға дейiнгi барлық сатысы атқарылатын құс фабрикасының ашылуы сондай шешушi iстердiң бастапқы нәтижесi екенi сөзсiз. Айына 2 мың тонна құс етiн өндiретiн фабрикалар бiздiң елде жоқ, басқа мемлекеттерде де тым сирек – дедi Серiк Әбiкенұлы. Салтанатты ашылу рәсiмiне қатысушылар құс фабрикасының нысандарын түгел аралап, жұмыс барысының барлық ерекшелiктерi мен артықшылықтарын өз көздерiмен көрдi. Аралары бiрнеше шақырымдық қашықтықта орналасқан нысандардың әрқайсысының арнаулы мақсаты бар. Бiр жерде балапандар орналасса, екiншi жерде мекиендер жұмыртқалауда. Тағы бiр тұста тауықтар сойылып, тазалануда. Ең соңында дайын болған ет пен қосалқы өнiмдердi, жұмыртқаны сату орнына жөнелтетiн желi орналастырылған атшаптырым ғимарат бар. Барлық нысандардағы жұмыстар автоматтандырылған. Дегенмен қол күшiнсiз жүзеге аспайтын шаруалар да кездеседi. Оларды жергiлiктi жерден қабылданған жұмысшылар атқаруда. Қызметшiлер жұмыс орнына арнайы автобустармен тасылады. Осында бiр мезгiл тегiн тамақпен қамтамасыз етiлген. Барлық қауiпсiздiк және тазалық шаралары ойластырылып, оларды сақтауға қолайлы жағдайлар жасалған. Жұмысшылардың айлық жалақысы 35-45 мың теңге аралығында. Құс фабрикасының негiзгi инвесторы – қазақстандық “ҚазРосБройлер” ЖШС компаниясы. Компания 2004 жылдың желтоқсанында құрылған, негiзгi капиталға салынған инвестиция көлемi – 56 млн. евро немесе 9 млрд. 128 млн. теңге. Компания елiмiздегi құс етi мен жұмыртқаға деген сұранысты қанағаттандыру үшiн Алматы облысы аумағынан аса iрi және осы заманғы озық технологиялармен жұмыс жүргiзетiн құс фабрикасын салуды 2005 жылдың сәуiрiнде бастаған болатын. Сол кезден берi жоғарыда айтылған қаржының 8 млрд. теңгесi игерiлiп, негiзгi жұмыстар толығымен аяқталыпты. Қазiргi кезде мұнда тоғыз жүзге жуық адам жұмыс iстейдi. Толыққанды iске қосылғанда жұмыс орнының саны үш мыңға жетiп жығылмақ. Аса үлкен аумақты алып жатқан құс фабрикасында барлығы 120 нысан орналасқан. Едiге БЕКТАС