ШЫМКЕНТТЕГI ЖЕР ТАЛАПАЙЫ
ШЫМКЕНТТЕГI ЖЕР ТАЛАПАЙЫ
Қазiргi күнде Шымкенттiң экс әкiмi Ғ. Жұмжаевтың iсi сотта жариясыз, жабық есiк жағдайында өтуде. Сот осылай шешiптi. Әкiмнiң былық-шылығының жария болмауына мүдделi топтар бар көрiнедi. Жұмжаевтың сотта өз абыройын қорғап қалуы үшiн Шымкентте орын алған жер талапайына байланысты тiрлiктердiң бiраз құпиясын ашып жiберуi де мүмкiн. Дегенмен, билiкте отырып алып, заңсыз тiрлiктер iстеген әкiмдер қолымен жасағанды мойынымен көтерер.
Шымкенттегi әкiмдердiң тiрлiгiне қарап, қойды қасқырға бақтырып, аузымыз аңқайып жүргендеймiз. Себебi, мыңдаған адам тағдырына жауап беретiн билiк өкiлдерi қызмет бабын асыра пайдаланып, құлқындарын толтыра алмай жатқандай. Оларға әйтеуiр миллион да, миллиард та қаржы, зәулiм сарайлар да, гектар-гектар жер де жетпей жатыр. Ана жаққа алып кететiндей…
Сыбайлас жемқорлықпен күресуге белдi бекем буған облыс әкiмi Нұрғали Әшiмовтiң жолына бөгет болушылар өте көп. Алғашында Мақтарал ауданында қала әкiмi жер сатам деп 16 мың доллар көлемiнде парамен ұсталғанда аудан әкiмi Омарбек Нұржановты осы жағдайға байланысты тықсыртып, сөгiс берген едi. Ауданның бiрiншi басшылары мұндай келеңсiздiктерге жол берсе қызметiнен босатылатын. Дегенмен бұл ауданда одан кейiн де бiр ауыл әкiмi парамен ұсталып қалды. Нұржанов қызметiнен ендi кететiн шығар деген үмiт ақталмады. Әшiмов Нұржановты қызметiнен босатпақ түгiлi, салқын қабақ танытып тұрып, ескерту де айта алмады. Зейнеткерлiкке шықпай, бұл әкiм Оңтүстiкте орынтағынан айырылмайтынына көз жеттi.
Оңтүстiк Қазақстан облысының басқа аудандарында да парақорлық пен сыбайлас жемқорлық кең етек алып жатыр. Әшiмов бұл үшiн бiрде-бiр билiк өкiлiн қатаң жазалай алмады. Тек қана кейбiр аудан әкiмдерiнiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қанағаттанарлықсыз жұмыс iстеп жатқанын атап өттi. Бұл аудан әкiмдерiн басынан сыйпағандай әсер қалдырды. Сыбайлас жемқорлармен облыс басшылары принциптi түрде күреспесе, кiм күреседi?
Ең сорақысы, Созақ ауданының әкiмi Әлiбек Бектаев, одан кейiн Кентау қаласының әкiмi Жарылқасын Тұрабаев пара алу үстiнде құқық қорғау органдарының құрығына түстi. Алдыңғы әкiм 8 жылға бас бостандығынан айрылды, екiншiсi де қатаң жазаға тартылуы мүмкiн. Оңтүстiкте халық сенген ел басшылары осындай “үлгi” көрсетiп кеттi. Жұрт осыдан кейiн әкiмдерге қалай сенедi.
Әшiмов кезiнде “жекешеленiп кеткен саябақтарды мемлекет меншiгiне қайтару керек” – деп жар құлағы жастыққа тимеген едi. Қазiр мысы басылып, тыныш отыр. Өйткенi, кәсiпкерлер мен депутаттар баспасөз арқылы шабуыл жасап, бiраз шу көтерген. Айтыс-тартыстан абыройымды төгiп алам ба деп әкiм де қорқатын секiлдi.
Шымкентте жер талапайына кең жол берiлдi. Бұл жағдайды прокуратура органдары анықтап отыр. Әкiмдер жердi әкесiнен мұраға қалғандай таратты. Бұл бұрынғы қала әкiмi Ғалым Жұмжаев билiкте отырған кезiнде орын алды. Қалада “қызыл сызықтарға” (мүлдем iрге тасы қаланған құрылыс жүргiзуге болмайтын жерлер) көптеген әртүрлi нысандар салынды. Тiптi құрылыстар көше бойларына шығып кеттi. Билiк бұл заңсыздықтарды бiлмедi деп айту қисынсыз. Бұл жерде “қолдан келсе, қоншыңнан бас” деген қағида орын алды. Бұл жағдайға да кейiннен прокуратура органдары заңдылық жағынан баға берген.
Қазiргi кезде қаланың Бас жоспары бекiтiлуге таяу. Дегенмен, қала маңындағы жерлердiң көбiсi сатылып кеткен болып шықты. Бұл күнде қалада 53 мыңға жуық азамат жер телiмiн алуға кезекте тұр. Олардың арман-тiлектерi таяу жылдарда орындалуы тiптен қиын. Жер телiмдерi бөлiнгенмен онда су, газ, жол жоқ. Айдаладан отау тiккен отбасылардың тозақ отына түсуi ғажап емес.
Бұрындары жер телiмдерi қалталы азаматтарға аяусыз берiлген. Олар салған қымбат котедждер мен тұрғын үйлерге жағдайы жоқ қарапайым халық бара алмайды. Билiктегiлер халыққа келгенде сараң, қалталыларға келгенде жомарт.
Шымкент қаласы әкiмiнiң 2005 жылдың 1 желтоқсандағы қаулысымен Е.Көлiбаев деген азаматқа Шымкент дендропаркiнен он гектар жер бөледi. Котедж үйлер салу үшiн. Бұл азамат бес гектар жер сұраған екен. Әкiм қалталыға жомарттық жасап, он гектар жер берген. Бұл жердi 18,1 миллион теңгеге сатып алып, 117 миллионға қайта сатып жiбередi. Салыққа да Көлбаев 10 миллион теңге төлемеген болып шықты. Мұндай алыпсатарлықпен Ю.Бердiметов деген азамат та айналысқан. Бұған да қала әкiмi өз қаулысымен (4 қазан, 2005 жыл) жағдай жасаған. Ол 50 гектар жерге 2,5 миллион теңге төлеген. Бұл азамат жердi 21 миллион теңгеге қайта сатып жiберген. Салыққа Ә.Бердiметов 4,3 миллион теңге төлемей iзiм-ғайым жоғалған. Ш.Қозыбақов деген азамат та осындай жолмен жер сатып алып, қайта миллиондаған ақшаға сатқан. Бiр таңқаларлығы, бұл азаматтың қала әкiмдiгiнде жер телiмi тiркелмеген болып шықты.
– Мұндай iс әрекетке қаланың бұрынғы әкiмi Ғалым Жұмжаев саналы түрде барған, – дейдi облыс прокурорының бiрiншi орынбасары Ержан Ералиев. Қызметiнен босауға екi күн қалғанда ол 250-ден астам қаулыға қол қойған. Соның көбi жер телiмдерiне қатысты.
Прокуратура қазiргi күнде 200-ден астам салық төлемеген жер телiмдерiн анықтап отыр. Осы жағдайдың кесiрiнен 141 миллион теңге қазына қалтасына түспегенiн анықтады.
Алматы – Ташкент трассасы бойынан кәсiпкер Р.Жұмановқа өте арзан бағаға 60 гектар жер заңсыз сатылған. Ол мемлекет меншiгiне қайтарылды. Бұл да прокуратураның арқасында. Жер былығының “жыры” Шымкентте таусылмайтын әңгiмеге айналды.
Ауыл шаруашылығына арналған жерлердi Оңтүстiкте оңды-солды таратуда орын алған. Бұл жағдай әсiресе Сайрам ауданында көрiнiс тапқан. Бұрынғы әкiм Өмiрзақ Әмет пен қазiргi әкiм Мұхит Әлi осындай келеңсiздiктерге жол берген. 2006 жылы Сайрам ауданының әкiмдiгi “Жаңа тау” ЖШС-нiң меншiгiне 137 гектар ауыл шаруашылығы жерiн жеке тұлғаға берген. Жер қожайыны 1206 жер телiмiне бөлiп, осы прокуратура органдары араласқанға дейiн сатып, “қызығын” көрген.
Сайрамның бұрынғы әкiмi Өмiрзақ Әмет 100 гектар жердi жеке тұлғаға берсе, одан қалыспайын дегендей қазiргi әкiм Мұхит Әлi 300 гектар ауыл шаруашылығына қатысты жердi жеке тұлғаларға үлестiрген. Ал Сайрамда 8000-нан астам азамат жеке жер телiмiне мұқтаж екен. Оларды ойлап жатқан әкiмдер жоқ. Тiптi, Сайрам ауданының әкiмдiгi ауыл шаруашылығы жерлерiн қойып, қоршаған ортаны қорғау, аң шаруашылығына қатысты мемлекеттiк маңызы бар 11 гектар жердi кәсiпкер Р.Жұмановтың иелiгiне берген. Прокуратура бұл келеңсiздiктi де тоқтатты.
Қазiр қаланың Бас жоспарына байланысты оңды iстер атқару қиын. Әлгi қалталыларға сатылып кеткен жерлердi қайта нарық бағасымен сатып алуға тура келiп тұр. Бұл мемлекетке миллиондап шығын болуы да ықтимал. Шымкентте жер талапайына нүкте қойылатын түрi жоқ.
Балтабек ТYЙЕТАЕВ